Ә мәтіні
Қазақ елінің азаттығын аңсап қана қоймай, ұлт тəуелсіздігі жолында күрес көрігін қыздарған Алаш ардақтыларының тіл тақырыбында жазған көсемсөз мұраларын жүйелі жинау егжей-тегжейлі зерттеу, нəтижелерін ел игілігіне жаратудың маңызы орасан зор. Ұлттық құндылықтардың ішінде өзекті саналатын тіл мәселесі қашан да маңызды болып қала беретініне ешқандай күмəніміз жоқ. ХХ ғасыр басында Алаш көсемсөзінің көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы «төңірекке қарасақ түнерген-түнерген бұлттар көрінеді» деп жазып, қауіп-қатердің қайдан келіп жатқанын дөп басып танып, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалудың жолын іздеді. Əсіресе, біртіндеп қолдану аясын қолдан тарылта бастаған қасиетті ана тіліміздің қамын ойлағанда жанын қоярға жер таппай, шыр-пыр боп араша түсті, қолы қабарғанына қарамастан, көсемсөз жазып, дабыл қақты, күрескерліктің тың даңғылын салды. Солардың бірінде былай дейді:
« ...Қазақ деген қашаннан өз алдына ұлт болып, Еділден Ертіске Оралдан Ауғанға дейін тұтас тұрған халық еді. Арамызға əртүрлі жұрт кіріскенде солармен қатар атымыз жоғалмай, қазақ ұлты болып тұра аламыз ба? Бізді төсекте дөңбекшітіп, ұйқымызды бөлетін нəрсе – осы. Басқа жұртпен араласқанда өз алдына ұлт болып, өз алдына тілі бар, өз тілінде жазылған сөзі (әдебиеті) бар жұрттарға не тұрады. Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жойылуына да себепкер болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын деген жандар әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпастың қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлауымыз керек...». Бұл сөзден соң өзіңіз, жас ұрпақ, ой түйе беріңіз!
Достарыңызбен бөлісу: |