ҚАЗАҚ ТІЛІ
(қазақ тілінде оқытылатын сыныптарға)
Жалпы білім беретін мектептерге. І нұсқа
Төменде берілген екі мәтінді оқып, тапсырманы орындаңыз.
А мәтіні: газет мақаласынан үзінді
Экологиясыз болашақ – келешегі кемел болашақ
«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовпен болған сұхбат.
- Бүгінде сіз басқарып отырған «Табиғат» экологиялық одағы қандай іс-шара
атқарып жатыр?
- Табиғатты қорғау бір адамның қолынан келетін шаруа емес. Біз мәселені көтерген кезде, бүгіннен бастап келер ұрпаққа не қалдыратынымызды, қалай жасау керек, не істеу керек екенін және оны шешу жолдарын да бірге ұсынамыз. Сондықтан табиғи байлығымызды қорғап қалу үшін бақылап отыратын бекеттер аштық. Іске қосылғанына көп болмаса да, төңірегінде тұратын азаматтар тек алғыстарын білдіруде. Шарында біздің ұсынысымызбен ұлттық саябақ құрылды. «Медеудің» маңынан
«Жас жұбайлар» паркін де аштық. Балқаш атом стансасынан шығатын қалдықтың адам денсаулығына тигізер зиянын дәлелдеп, өнеркәсіп жұмысын біржолата тоқтаттық.
- Еліміздің экологиясын жақсарту үшін не істеу керек?
- Біріншіден, Заң жағы реттелу керек. Ең бастысы, қаражат, ынта, тәрбие болса,біраз мәселе шешіледі. «Бір тал кессең, он тал ек» демекші, көктем мезгілінде ағаш егуді әдетке айналдыру керек. «Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ, мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ» демекші, табиғатты қорғау - әрбір азаматтың парызы екенін үнемі естен шығармауымыз тиіс.
Елдос Өмірзақұлы. (168 сөз)
Ә мәтіні: ғаламтор мақаласынан үзінді
Қазақстанның экологиялық мәселелері
Қазақстанның табиғат жағдайлары алуан түрлі. Қазақстанның жалпы ауданы (2,7млн. шаршы км) Франциядан бес есе артық. Қазақстан халқы 16 млн-нан астам адамды құрайды. «Адам баласының алдында бүгінде үлкен екі мәселе тұр: бейбітшілікті және табиғатты қорғау - екеуі де болашақ өмір сүрудің шарты,» - деп белгілі жазушы Л.Леонов айтқандай, Қазақстандағы қалыптасқан экологиялық жағдайды қанағаттанарлық деп айта алмаймыз.
Қазақстандағы экологиялық аймақтар: А аймағы – Каспий маңы, мұнай өндіру мен өңдеу салаларына маманданған облыстар кіреді. Бұл аймақтағы өзекті мәселе – табиғи ортаның мұнаймен ластануы.Каспий теңізінде бекіре мекен етеді. Ол ең жоғары сапалы уылдырықтың 95%-ын береді де, оның
табысы 10 млн.долларды құрайды. Бекірені шектен тыс аулаумен қатар, теңіз суының мұнаймен ластануы оның санын кемітуде. Сондықтан биокөптүрлілікті сақтау мәселесіне көңіл аударылуы керек.
В аймағына Қазақстан Республикасының өнеркәсібі жоғары дамыған шығыс облыстары жатады. Онда ірі түсті және қара металлургия, энергетикалық комплекс шоғырланған. Бұл аймақтағы мәселелер – қоршаған ортада өндірістік қалдықтардың жиналуы, урбанизацияланған (қалалық) территориядағы атмосфералық ауаның ластануы, ормандардың деградациясы (біртіндеп нашарлап тозуы), ерекше қорғауға алынған территориялардың жеткіліксіздігі. Экологиялық мәселелердің халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен денсаулығына әсері орасан зор: жыл сайын улы қалдықтардан келетін шығын 300 млн. доллар, ауаның ластануы – 266 млн. долларды құрайды. С аймағына оңтүстік аймақтар жатады. Оңтүстік аудандардағы негізгі экономикалық мәселелер – су ресурстарының жетіспеуі, су көздерінің шайынды сулармен ластануы, жайылымдардың деградациясы, табиғи және мәдени ескерткіштердің бұзылуы.Кеңінен белгілі аймақтық экологиялық мәселе - Арал теңізі. Арал теңізінің кеуіп қалған түбінен, сарапшылардың мәліметтері бойынша, 50-70 мың тоннадан астам тұз көтерілуде. Қазір су ресурстарына деген қажеттілік 50 % ғана орындалып отыр. (245 сөз)
Тапсырма:
Екі мәтіндегі ақпарат пен өз пікірлеріңізді пайдаланып, «Табиғаты таза болашақты қалай жасауға болады?» деген тақырыпта эссе жазыңыз. Эсседегі сөз көлемі 170-200 сөз болуы қажет
Әрбір сабақ барысында оқушыларға эссе жазу ерекшелігі туралы түсіндіріп, эссе жазуға дағдыландыру жұмыстары жүргізілуде
Достарыңызбен бөлісу: |