Қазақ тілі сабақтарында сөздік жұмыс арқылы оқушылардың тілін дамыту



Дата11.01.2017
өлшемі51,9 Kb.
#6811
Қазақ тілі сабақтарында сөздік жұмыс арқылы оқушылардың тілін дамыту

Еліміз егемендік алып, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болғалы, қазақ тілін жан - жақты үйрету, мәнерлі тіл құралдарының барлық байлығын игерген болашақ жастарды тәрбиелеу міндеті болып отыр. Сол себепті бүгінгі жастарымызды қазақ тіліне деген ынта-жігерін, сүйіспеншілігін арттыру, құрметтеу, алған білімін практикада қолдана білуге үйрету міндет болып табылады.

Қазақ тілінің грамматикалық заңдылықтарын үйретуді тіл дамыту жұмыстарымен сабақтастыра жүргізу - тілді сапалы әрі жеңіл меңгертудің бірден - бір тиімді жолы.

Тіл дамытудың ең алғы шарттарының бірі - сөздік  жұмыс.



Сөздік жұмысы –тіл дамытудың іргетасы, оқушыны жаңа сөздер үйренуде, бұрын білетін немесе түсінбейтін сөздердің мағынасын анықтауда маңызы зор. Сондай-ақ, сөздік жұмысы сөйлем құрауға материал береді, сөздерді байланыстырып сөйлеуге, әңгіме айтуға, шығарма жазуға көмектеседі.
Әдіскер ғалымдар М.Т.Баранов, А.Р. Прудникова жаттығу әдісінің маңыздылығына тоқтала келіп, «Сөздік және лексикалық жаттығуларды бір-бірімен айыру қиыншылық тудырады, олар тығыз байланысты. Өйткені екеуінің де негізі – сөзбен жұмыс жасау» - дей келіп, сөздік жұмыстарға тілді сезіну мен сөзді дұрыс түсінуі, орынды қолдана білуі, сөз тіркестерін жасау, сөйлем құрау, мазмұндама, шығарма жазуды жатқызады.
Сөздік жұмысының ерекшелігі: тіл дамытудың басқа түрлері сияқты оқу-тәрбие жұмысының барлық салаларында жүргізіледі. Өлең, әңгіме, мысал, мақал-мәтелдер, т.б. білу арқылы баланың тілі дамиды. Балалар сөзді ұғу арқылы сөйлеу үстінде тілін дамытады. Ал, сөздік жұмысы оқушының ойын дамытумен тығыз байланысты. Тілді, оның грамматикалық құрылысын меңгеру оқушыларға өз пікірлерін айтуға, сұрауға, қорытынды жасауға, заттар мен құбылыстар арасындағы алуан түрлі байланыстарды аңғара білуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, сөздік жұмысы сөз арқылы оқушыны дәл ойлауға үйретеді, оның шығармашылық қабілетін арттыруға, сөйлеудің мазмұны мен формасының бірлігін қамтамасыз етуге бағытталады. «Сөз байлығы – қоғамның байлығы» және сол сияқты әр адамның байлығы. Сондықтан мектепте оқушыларға сөздік жұмысын жүргізудің маңызы зор.
Сөз байлығының аздығы оқушылардың өз ойын ауызша, әрі жазбаша, дәл, жүйелі жеткізуіне қиындық туғызады. Сондықтан сабақта сөздік жұмысын дұрыс ұйымдастыру керек.
Ең біріншіден, ол оқушының сөз байлығын молайтып кеңітсе, екіншіден, үйренген сөздерін қатесіз, сауатты жазуға бейімдейді де, ал үшіншіден, сөзді үйрену арқылы бала дұрыс сөйлеп үйренеді. Сөздік жұмысын жүргізгенде мынадай негізгі әдістемелік талаптарға сүйенген жөн:

1. Мазмұнды түрде сөйлеу

2. Жүйелі түрде сөйлеу

3. Мәнерлі түрде сөйлеу

4. Нақты түрде сөйлеу

Мазмұнды түрде сөйлеу - ойды айқын, сендіре, оқушыға немесе тыңдаушыға әсер ете білу шеберлігі. Мұнда тиісті сөздер таңдау, фразалар құрастыру, жалпы әңгімедегі көңіл-күйді білдіре алушылық үлкен қызмет атқарады.


Қазіргі қазақ тілінің сөздігі – жалпы тіліміздегі қолданылып жүрген әдеби тіліміздің лексикасы. Халық пайдаланып жүрген сөздер кәдімгі қолданып жүрген техникалық терминдер, мамандыққа байланысты сөздер, диалект сөздер, т.б. сөздерден тұрады.
Жүйелі түрде сөйлеу  – оқушы өз ойын белгілі бір ретпен, жүйелі түрде баяндап беретін болуы шарт. Бала өзі жақсы білетін материалын алдын-ала талдап, жинақтап, әуелі не жөнінде, т.б. жобалап алуға тиіс. Сөз, сөйлемді дұрыс құрмау, ойдың күрт үзіліп, байланыссыз қалуынан, бір ойдың қайталануынан сақ болған жөн, белгілі бір жүйемен баяндауға үйренген жөн.
Мәнерлі түрде сөйлеу  – оқушы әр сөздің стилистикасына, сөздің әсеріне, көркемдік жағына көңіл бөлу керек. Бастауыш сынып оқушылары сөзге мән, мағына беріп үйренсе, үлкен жетістік, өйткені сөз арқылы ғана ойды жеткізуге болады. Мәнерлі сөйлеу тілге деген талғамды, сөзге деген сезімді тәрбиелейді.

Нақты түрде сөйлеу– баланың сөйлеу тілінде нақтылық, дәлділік қажет. Әрбір сөз дұрыс айтылуды, дыбысталуды қажет етеді. Онсыз сөздің мағынасы, әсері болмайды.



Сөздік жұмысын жүргізгенде келесі міндеттерді ескерген жөн:
1. Балалардың сөздік қорын байыту, яғни белгілі бір сөздердің мағынасын түсіндіру, жаңа сөздер үйрету.

2. Белгілі және жаңа сөздерді қолдану, пайдалану аумағын, көлемін көбейту, үйренген сөздермен салыстыру арқылы пайдалану.

3. Сөздің стилистикалық рөлін және лексикалық категориясын бақылау арқылы үйрету.

4. Сауатты сөйлеуде көркем сөздерді пайдалану, оның грамматикалық тұлғаларын аңғарту, өмірмен байланыстыру.

5. Синоним, антоним, көп мағыналы сөздерге талдау жасау, астарлы сөздердің мағынасын нақтылау.
6. Сөздерді дұрыс қолдануға мүмкіндік жасау, яғни әрбір оқушы сөйлегенде, сөйлем құрағанда мүмкіндігінше жаңа сөз қосып отыру.

Сөздікті байытудың негізгі көзі – оқулықтағы мәтіндер, жаттығулар, өлеңдер, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер, жаңылтпаштар, тапсырмалар, мұғалімнің сөзі, т.б. Оқушы оқыған мәтіннің мазмұнын дұрыс қабылдау үшін, сөздік жұмыстарының мұқият жүргізілуі қадағаланады, яғни балаға түсініксіз бірде-бір сөз болмауы керек. Мәтіндегі кездесетін түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіру 3 кезеңде жүргізіледі:


1. Мәтінді оқуға дайындық кезеңінде

2. Мәтінді оқу барысында
3. Мәтінді оқып шыққаннан кейін
Ал, өлең оқу барысында сөздік жұмысы өлеңді оқымас бұрын немесе оқып болғаннан соң ғана жүргізіледі.

Қорыта айтқанда, сөздік жұмыстарының ең маңызды бөліктерінің бірі - оқушылардың үйренген сөздерінің белсенділігін арттыру. Ол үшін сабақ сайын жүйелі түрде арнаулы тапсырмалар ойластырылып отыруы керек.

Оқушы өзінің үйренген сөздерін ауызекі сөйлеу тілінде қолдана білсе, оның ақыл ойын дамытуға әсер етеді. Бұл жөнінде Л. Н. Толстой: «Балаға үйренген сөзін қолдана білуіне жағдай жасау керек, үйренген сөзін сөйлеу тілін өзінің ауызекі сөйлеуінде бір рет қолданса, ол өзінің жеке меншігіне айналады» - деп айтқан еді. Демек, сөзді орынды қолданып, оның мағынасын жетік білетін бала өз бетімен сөйлем құрап, оның мағынасын түсініп, сөйлеу тілінде шебер қолданатыны сөзсіз. Оқушыны осындай деңгейге жеткізу үшін, сабақты қызықты, тартымды өткізе білу, мұғалімнен көп ізденуді, білімділікті, қабілеттілікті, тапқырлықты қажет етеді. Осы мақсатта әр түрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланып, тіл дамыту жаттығуларын, шығармашылықты талап ететін тапсырмаларын үнемі қолданып отыру керек.

Жоғарыда аталған әдіс-тәсілдер пайдалану арқылы игерілген жаңа сөздер ауызша, жазбаша сөзде үнемі қолданылып отырғанда ғана сөздік жұмыстары нәтижелі болып, оқушыларды терең білім алуға, сөйлеу дағдысын қалыптастыруға, ізденімпаздыққа, өз бетімен білім жетілдіруге баулып, шығармашылық қабілеттерін дамытады.


 

 

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет