ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДЫҢ БҮГІНГІ ДАМУ БАҒДАРЛАРЫ
Оқытушы шеберлігі мен тіл үйренушілердің білім алу тиімділігінің тек жоғары сапаны қажет етуі – бүгінгі әлемдік білім кеңістігіне ену кезеңінің орынды қойып отырған талабы. Заманауи білім беру үдерісі жеке тұлғаға бағытталып, тіл үйренушінің іскерлігін, біліктілігі мен құзыреттілігін дамыту міндеттерімен ұштасуда. Тіл үйретудің бүгінгі бағдарларын дұрыс тану білім мазмұнын дұрыс құруға мүмкіндік береді. Тіл үйретудегі бағдар оқу үдерісінің құрылымы мен нақты жағдайларын логикалық тұрғыдан талдау, өнімді қатысымдық әрекет арқылы нәтижелі білім алудың тәсілдерін айқындау және қоғам алдындағы нақты мәселелерді шешуге негізделеді. Соған байланысты тіл үйретуде оқытушыға тіл үйрету бағдарларының мазмұнын ашатын интерактивті оқыту әдістерін қолдана білу, оқытудың тұлғалық, кәсіби, қатысымдық, функционалдық, прагматикалық, танымдық, құндылық бағыттылығы ұстанымдарын жүзеге асыру міндеттері жүктеледі.
Үшінші мыңжылдықтың әлеуметтік ортасының технократтық қоғамнан айырмашылығы - жеке тұлғаға, адамның ішкі мәнін дамытуға бағытталады. Соған байланысты тіл үйренуші тұлғаның рөлін жоғары көтеру бүгінгі қазақ тілін үйрету ісінің басты бағдарына айналып отыр. Тіл үйренушінің өзін-өзі дамытуы, өз білімін жетілдіруі тиімді жүзеге асырылған кезде оқу сапасының артуына әсер етеді, ал тіл үйренушінің тұлғалық дербестігіне баса көңіл бөлу, өзін дамытуы мен жетілдіруіне мүмкіндік жасау жеке тұлғаға бағдарланған оқыту арқылы жүзеге асады. Тіл үйрету үдерісінің басты тұлғаларының әрекетінің өзара субъект-субъектілік қарым-қатынасқа құрылуы, оқу мен тәрбиенің тілдік тұлға қалыптастыруға бағытталуы оқуды белсендіру арқылы қатысымдық құзыреттілік қалыптастыруға негіз болады.
Тіл үйренуші тұлға оқыту объектісі ғана емес, ол - оқытушымен қарым-қатынасқа түсе алатын білім берудің толық құқылы субъектісі. Жеке тұлғаға бағытталған оқыту – топтағы әрбір жеке адамның білігі, қабілеті ескеріле отырып, тілді меңгеруіне, лингвоелтанымдық өрісінің кеңеюіне қолайлы, оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ететін әдістердің, ұйымдастыру формаларының, технологиялардың жиынтығын оқытуда пайдалану дегенді білдіреді, яғни топта қанша адам болса да, олардың әрқайсысының тұлғалық ерекшелігіне қарай сабақтың барысын, әдістемелік тәсілдерді бейімдеу керек болады.
Тұлғалық қарым-қатынастың үйретуші қарым-қатынастан басты айырмашылығы – онда тіл үйренушінің өміріне, қызметіне қатысты оқудан басқа да тұлғалық маңызды ақпараттар алмасу жүргізіледі. Тұлғалық қарым-қатынас талқыланып жатқан мәселелерге қызығушылық туғызатындай жеке тұлғамен терең байланыс деңгейінде болады. Оқытушы ең басынан бастап тұлғалық қарым-қатынастың моделін тудырып, үйренушілерді сол қарым-қатынас деңгейіне көтеруге тырысады. Оқудың ең алғашқы күндерінен бастап тіл үйренуші мен оқытушы арасында бір-біріне ашық сенім білдіру, тірек болу, қайырымдылық, көмек көрсету, басқа адамның пікіріне сыйластық пен шыдамдылық таныту берік орын алуы тиіс. Тұлғалық қарым-қатынастың алғашқы сатысында-ақ оған қатысушы барлық жеке тұлғалар арасында тең дәрежелі байланыс қалыптасып, олар бір-бірін тұлға ретінде қабылдауға, өзімен тең санауға тырысулары қажет.
Бүгінгі күнде тіл үйренуші тұлғаға қойылатын біліктілік талаптарының бастысы – іс қағаздарын жүргізе алу құзыреттілігі. Егемен еліміздің әрбір азаматының мемлекеттік тілде өз мамандығына қатысты іс қағаздарын жүргізе алу мүмкіндігіне ие болуы олардың қазақ тілін жоғары деңгейде меңгеруінің көрсеткіші бола алады. Соған сәйкес қазақ тілін үйрету кәсіптік бағдарлы сипатта жүзеге асырылуда. Еліміздегі әлеуметтік-лингвистикалық талаптарға сәйкес тіл үйренушілердің басты сұранысы – мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу мүмкіндігіне ие болу. Қатысымдық құзыреттілікке ие тілдік тұлғаның қазақ тілінің ресми іс қағаздары стилін жетік меңгеруі оның жоғары деңгейде атқарылатын жазылым әрекетінен көрінеді. Қазақ тілінде қатысымдық құзыреттілікке ие тілдік тұлға өзіне қажетті кез келген салада іс қағаздарын жүргізе алуға дайын деп есептеледі, одан ары қарай кәсіптік терминдермен жұмыс істеу, әр мамандықтың өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес іс қағаздарын жүргізуді меңгеру әрбір жеке тұлғаның өз құзырындағы танымдық, ізденімдік іс-әрекетке тәуелді болады.
Тіл үйретуді кәсіптік бағдарлы жүргізу типтік іс қағаздары үлгілерінде жиі қолданылатын синтаксистік құрылымдар мен сөз орамдарын меңгертуге арналған тапсырмалар түрлерін жетілдіруді талап етеді. Іс қағаздары үлгілерін дұрыс жүргізу үшін кәсіби бағытталған лексиканы, салалық терминдерді меңгертуге басты назар аудару қажет. Тіл үйренушілерге болашақ қызметінде жиі кездесетін терминдерді меңгерту олардың кәсіби тілін қалыптастыруға негіз болады.
Шет тілді меңгертудегі негізгі әрекет - қарым-қатынас үдерісі, сөйлеу қатынасы екендігі бүгінгі күнде бұлтартпас ақиқат. Сондықтан қазақ тілін үйретуде дүние жүзінің әдістеме ғылымында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген қатысымдық бағдарды ұстану бүгінгі күннің аса өзекті мәселелерінің бірі. Тіл үйретудің қатысымдық бағдары оқу үдерісінің алдына қойған мақсаттарын айқындауға септігін тигізеді. Коммуникативтікке бағытталған ұстаным - тіл үйренушінің ауызша және жазбаша түрде қарым-қатынас жасай алуы үшін қажетті коммуникативтік мүмкіндіктерін тудыруға бағытталған оқыту. Қатысымдық бағдарлы оқыту тілдік бірліктерді құрылымдық тұрғыдан жіктеп оқытумен ғана шектелмей, олардың тілдік қатынас кезіндегі қызметін, мағынасын, мәнін, танымдық ерекшелігін, ұлттық таным мен ұлттық болмыс қалыптастырудағы ған ішкі уәжін терең таныстыра оқытуды білдіреді.
Қатысымдық әдіс дегеніміз – оқушы мен оқытушының тікелей қарым-қатынасы арқылы жүзеге асатын; белгілі бір тілде сөйлеу мәнерін қалыптастыратын, тілдік қатынас пен әдістемелік категорияларына тән басты белгілер мен қағидалардың жүйесінен тұратын; тіл үйретудің тиімді жолдарын тоғыстыра келіп, тілді қарым-қатынас құралы ретінде іс жүзіне асыратын әдістің түрі.
Дәстүрлі аударма-грамматикалық әдісте лингвистикалық негіз бірінші кезекке шығып, тіл үйрету тілді жүйелі және құрылымдық негізіне сүйене отырып оқыту арқылы жүзеге асырылатын болса, қатысымдық бағытта оқыту тіл бірліктері функционалды негізде белгілі бір сөйлеу мақсатында қолданылуына қарай іріктеледі. Тілді қарым-қатынас арқылы оқыту сөйлеуге бағыттап оқытудың функционалдық бағдарын айқындайды. Сабақта тіл жайында айтпау керек, сол тілдің өзін қолданысқа түсіру қажет. Яғни, алдымен грамматиканы оқытып, содан сөйлеуге көшу ең үлкен адасушылықтың белгісі. Ал біздің қазіргі дәстүрлі білім беру саласында осы қателік жіберілуде. Шет тілде сөйлеуге тек қана сөйлеу арқылы, тыңдауға тыңдай отырып, оқуға оқи отырып үйренуге болады. Бәрінен бұрын жаттығулар шынайы қарым-қатынас тудыруға бағытталуы тиіс. Нағыз қарым-қатынас сипаттау, мазмұндау, бір жақты монолог түріндегі айтылымда емес, топ мүшелері түгелдей қатысқан интерактивті полилогқа құрылған тілдесім кезінде жүзеге асады.
Қазақ тілінің өзгетілді аудиторияда оқытыла бастауы тіл теориясының ашылмай жатқан, академиялық грамматика мен оқулықтарда қамтылмаған жаңа мәселелерін ашты. Ол, ең бірінші, тілдік форманың қолданыстағы қызметі, оны қалыптастыратын заңдылықтар жүйесінің анықталуымен, яғни функционалды тіл білімімен байланысты мәселелер болып отыр. Қазақ тілі оқулықтары құрылымдық грамматиканың дәстүрлі ұғымдарын берумен ғана шектеліп, ал сөйлеу тілі синтаксисінің ұлттық сипаттағы құрылымдары, аспектуалділіктің берілуі және функционалды категориялардың көрінуі жүйелі әрі толық қамтылмай отыр.
Тұтас жүйені құрайтын жеке элементтер, яғни тіл бірліктері жүйеден тыс бола алмайды. Тіл деңгейлері (фонетика, лексика, морфология, синтаксис) қарым-қатынас үстінде өзара байланысқа түседі, белгілі бір мазмұн түрін беруге қызмет етеді. Әртүрлі тілдік бірліктердің өзара ұйымдасып, құрылымдық-семантикалық жағынан тұтаса жымдасып келіп, сөйлесім әрекетінде жұмсалуы арқылы тілдің коммуникативтік қызметі жүзеге асып, сөйлесім актісі орындалады. Кез келген тіл бірлігінің жұмсалымы белгілі бір мақсатқа бағытталған жұмсалымдық ортада жүзеге асады.
Функционалды лингвистика ғылымы тілдің коммуникативтік, яғни, қарым-қатынас құралы ретіндегі қызметін талдай келе, сөйлеудің грамматикалық аспектілерін қарастырады. Соған сәйкес грамматиканы коммуникативті-тақырыптық, коммуникативті-функционалдық аспектіде қайта қарап, сөйлеу тілінде жиі қолданылатын құрылым түрлерін мақсатты түрде меңгертуге үлкен көмек болады, сөйлеушінің сөйлеу кезінде белгілі бір мақсатты көздеп, ойды білдіру үшін тіл жүйесіндегі бірліктерді таңдап жұмсауын қадағалайды.
Қазақ тілін оқытудың прагмалингвистикалық бағдары тіл үйренушінің тіл арқылы ұлт мәдениетімен, халықпен тікелей байланысқа түсу барысында басқа мәдениет өкілінің мінез-құлқын, астарлы ойын түсіне алу мүмкіндіктерін саралайды. Прагматикалық бағыт – тіл біліміндегі функционалды бағыттың құрамдас бөлігі. Тілдік таңбаны жұмсалым барысында бірнеше прагматикалық ұстанымдар бойынша қарастыру сөйлеу мақсаты, тіл бірліктерінің мәні мен мазмұнының арақатынастарын анықтауға жол ашады. Прагматикалық лингвистика мәтіннің пайда болуы мен интерпретация мәселелерін шешуге бағытталып, тіл үйретуде мәтіннің қатысымдық рөлін, танымдық мәнін меңгертуді мақсат етеді. Тілдік қатынастың жүзеге асуы барысында тіл үйренушілердің өзара түсінісу мақсатына жетуі үшін сұхбаттың қатысымдық мәнділік сипатын анықтайтын түсініктілік, дәлелдеу, аяқталғандық, әсерлілік т.б. бірнеше басты қасиеттерін айқындау маңызды. Прагмалингвистика коммуникацияның табысты болуының басты шарттарының бірі болып табылатын адресат пен адресанттың өзара дәл және анық түсінісуіне әсер ететін мақсатты қолданыстарды, тіл үйренушінің тілдік құралдарды өз сөйлеу мақсатына орай әсер ететіндей етіп, түрлендіріп қолдануын қарастырады, сөйлеу тілінің түрлі өмірлік жағдаяттарда қолданылу формасын көрсететін дискурстың мақсатқа бағытталған тілдік қатынас әрекетінде жұмсалуын, әңгімелесуші адамға ритмикалық, референттік, семантикалық, эмоционалды-бағалаушылық тұрғыда әсер етуін көрсетеді.
Қазақ тілін басқа ұлт өкілдеріне оқытудың бір мақсаты – тіл үйренушінің таным үдерісінің дұрыс бағыт алуына мән беру, көркемдік танымын дамытуға көңіл бөлу. Бұл ретте тілдік тұлғаның таным мәдениетін қалыптастыру өзекті мәселенің бірі болмақ. Білімді адам парадигмасы тұсындағы оқу-тәрбие үдерісінде сезімдік және рационалдық жақтардың бірлігі сақталмады. Қазіргі заман адамының ғылыми, рационалдық танымы басым рөл атқарып, көркемдік танымының әлсірегендігі байқалады. Әлемді тану тек білімге негізделіп, сезімдік компоненті әлсіз болса, таным процесі сыңаржақ, ал таным әдістері шектеулі болады. Танымдық бағдарлы оқытуға негізделген тіл үйрету тілдік тұлғаның әлемнің тұтас бейнесін қабылдау мүмкіндігін арттыра түсуге ықпал жасайды. Қазақ тілін танымдық тұрғыдан оқытудың мақсаты – тіл біліміндегі танымдық теорияның ғылыми негіздерін меңгерту арқылы теория мен практиканы ұштастыра отырып оқыту. Танымдық лингвистиканың басты мақсаты - үйретіліп отырған тілді қолданушы ұлттың әлемді тілдік бейнелеуінің сырларын зерттеу, тіл мен таным процестерінің ара қатынастарын көрсету. Тіл үйренуші тіл арқылы ұлттың ой-арман, сана-сезім, мақсат-мүддесін, басты құндылықтарын танып, біледі. Себебі, тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның ара қатысы адам баласының интеллектуалды өмірінде құндылықтар қаншалықты роль атқаратынын белгілеп береді.
Елтанымдық бағдарлы оқыту – шет тілді ұлттық-мәдени мағыналы тілдік бірліктер арқылы оқыту және сол бірліктер арқылы елдің мәдениетімен, тұрмысымен, географиясымен т.б. таныстыру. Қазақ тілін елтанымдық бағдарлы жүргізе отырып, оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру және уәждемелерін тұрақтандыру мәселесі бүгінгі күнде өзекті болып табылады. Елтаным бағдарын ұстанған кезде әсіресе мәдени құрылымды құрайтын баламасы жоқ сөздер мен аялық лексикаға ерекше назар аударылады. Елтанымдық бағдарлы оқыту – ұлттық-мәдени мағыналы тілдік бірліктерді оқыту арқылы елдің мәдениетімен, тұрмысымен, географиясымен т.б. таныстыру. Бүгінгі күнде қазақ тілін елтанымдық бағдарлы жүргізу арқылы тіл үйренушілердің танымдық белсенділігін арттыруға және уәждемелерін тұрақтандыруға болатындығы айқындалып отыр.
Қазақ тілі сабағында тіл үйренушінің дұрыс құндылық бағдарын қалыптастырудың маңызы бүгінгі ғаламдастыру заманында ерекше өзекті мәселелердің бірінен саналады. Қазақ тілінің әрбір сабағы қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеуге бағытталуы тиіс. Елдіктің, ұлттықтың мұрат-мүдделері тұрғысынан оқыту - әрбір мұғалімнің терең кәсіби жауапкершілігі мен жоғары адамгершілік, азаматтық парызы. Қазақ тілін оқытудың аксиолингвистикалық ұстанымы - қазақстандық тілдік тұлғаның құндылық бағдарын қалыптастыру, қазақ тілі арқылы меңгерілетін ұлттық құндылықтарымызды менталитет өзегіне айналдыру. Қазақ тілін үйрету ісінде оқушылардың бойына ұлттық рухани құндылықтарды дарыту мақсаты елтанымдық, ұлттанымдық бағытқа негіздеп оқыту арқылы жүзеге асырылады.
Адамның тезаурусы арқылы түзілетін ішкі құндылықтары әлемі дара тұлға тұжырымдамасымен шешіледі. Білім берудегі ізгілендіру, дамыту ұстанымдары дара тұлғаның құндылық бағдарын қалыптастыруға қызмет етеді. Қазақ тілінің бойында сақталған құнды қазынасы тіл үйренуші санасында елтанымдық бағытта ұсынылған тілдік деректер негізінде қалыптасады. Сондықан қазақ тілін оқытудың аксиологиялық мәселелерін елтанымдық, ұлттанымдық бағытқа негіздеп оқыту арқылы шешуге болады. Осыдан келіп, лингвомәдениеттану аспектісінен қарай отырып, елтанымдық деректердің кумулятивтік қызметін қазақ тілін оқыту барысында кеңінен қолдану қажеттілігі туындайды. Тіл үйретудің аксиологиялық бағдары оқушыға үйреніп жатқан тілдің сақтаушысы ұлттың өзіндік ерекше қасиетін, салт-санасын, тарихы мен мәдениетін, сол ұлттың рухани құндылықтарын таныстыру, таныту, соның негізінде тіл үйренушінің жан-дүниесін жаңа біліммен ғана емес, жаңа таным жолдарымен де дамыту, жеке тұлғаның ішкі құндылықтары қатарын ғаламзаттық құндылықтармен байытуды көздейді. Сол арқылы үйреніп отырған тілдің тасушысы - қазақ халқына деген сыйластықты арттыру, қазақ ұлтының рухани қазынасын игеру арқылы оны дамытуға өз үлесін қосуға деген құлшынысын тәрбиелеу, қалыптастыру негізгі міндет болып табылады.
Тіл, мәдениет және этнос өзара тығыз байланыста келіп, тұлғаның негізін жасайды – оның физикалық, рухани және әлеуметтік «Менінің» түйіндесу орнын айқындайды. Құндылықтарға бейімделу, мойындау, әрбір адамзатқа көңілінен орын алатын мәдениетті қарым-қатынас жасау жүйесі жеке тұлғаның өмірлік мәні, ой-санасы, бет-бейнесі болып табылады. Адам бір объектінің құндылығын бағалауы үшін оның бойында осы қасиеттердің бар екендігін сезінуі қажет екені белгілі. Олай болса, қазақ тілін құндылық бағдарлы оқыту нәтижесінде оқушы тілдің құдіретті күші арқылы қазақ халқының рухани, мәдени құндылықтарын сезіне түседі, сол арқылы тілге, ұлтқа деген құрмет сезімі де арта түседі, тіл арқылы баға жетпес байлықты меңгеретінін саналы түрде түсінеді.
Жоғарыда аталған тіл үйретудің жаңа бағдарлары ең алдымен оқытушының кәсіби құзыреттілігіне айрықша талап қояды. Тіл үйренушіні тұлға деп танып, оның кәсібіне, қызметіне жарайтын тілдік бірліктерді қамтып, лексикалық минимумды танымдық, құндылық бағдарлы, грамматикалық минимумды функционалдық тұғыдан іріктей ұсынып, прагматикалық, қатысымдық бағдарлы мәтіндер мен жаттығуларды интерактивті әдіс-тәсілдер арқылы оқыту үлкен шеберлікті талап етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |