Қазақ тіліндегі физикалық ЖӘне техникалық терминологиялық СӨздіктердегі үйлесімсіздік



Дата15.09.2017
өлшемі95,17 Kb.
#33957
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ФИЗИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ТЕРМИНОЛОГИЯЛЫҚ СӨЗДІКТЕРДЕГІ ҮЙЛЕСІМСІЗДІК
Интернеттегі әлеуметтік желіде оқырмандардың бірі былай деп жазған: «Кітапханадан керекті қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық әдебиетті табу қиын. Оқытушылардың нұсқаған әдебиеттерінің басым көпшілігі орыс тілінде. Интернетте де солай. Оларды орысша-қазақша сөздік арқылы аударып оқу көп уақыт алады. Кейбір аудармалар бар. Бірақ олардың мәтінін түсіну мүлде ауыр. Техникалық терминдердің бірі орысша, бірі қазақша» [1]. 1990 жылдардан бері қарай ұлттық ғылыми терминологияны дамытудың жаңа принциптерін жасау күн тәртібіне қойылды. Көптеген жаңа терминдер жасалып қолданысқа ене бастады. Жасалып жатқан терминдердің бәрін бірдей мінсіз деп айта алмаймыз. Олардың ішінде терминологиялық жүйе мен терминдерге қойылатын талаптарға жауап бере алмайтындары да бар.

Төмендегі 1 – кестеде физика мен техниканың терминологиялық сөздіктерінен [2,3,4] алынған бірдей ұғымдарды білдіретін сөздердің – терминдердің ғылымның аталған екі саласында әртүрлі қолданылуы келтірілді.



1-кесте



Физика терминдері

Техникалық терминдер

1

Активность – активтік

Активность - белсенділік

2

Активное вещество – активті зат

Активное вещество – белсенді зат

3

Активное сопротивление – активті кедергі

Активное сопротивление – белсенді кедергі

4

Аномалия – аномалия

Аномалия – қалыпсыздық

5

Аномалия силы тяжести – ауырлық күшінің аномалиясы

Аномалия силы тяжести – салмақ күшінің қалыпсыздығы

6

Биение - соғу

Биение – ауытқыма, соғылмалылық

7

Буравчик – бұранда*

Буравчик - бұранда

8

Вещества поверхностно-активные – беттік белсенді заттар

Вещества поверхностно-активные – беткейлік белсенді заттар

9

Винт – бұранда*

Винт - бұрама

10

Влажность – ылғалдық

Влажность – ылғалдылық

11

Зона – аумақ

Зона – белдем

12

Газообразное состояние – газ тәрізді күй

Газообразное состояние – газ тәрізді жағдай

13

Идеальный газ – идеал газдар

Идеальные газы – мінсіз газдар

14

Критическое давление – сындық қысым

Критическое давление – сындарлы қысым

15

Критическая температура – сындық температура

Критическая температура – сындарлы температура

16

Ловушка – қақпан

Ловушка – тұтқыш

17

Неметалл – металл емес

Неметалл – бейметалл

18

Парообразование - булану

Парообразование – бу түзілу

19

Поверхностное натяжение - беттік керілу

Поверхностное натяжение - беткейлік тартылыс

20

Основные законы газового состояния – газ күйінің негізгі заңдары


Основные законы газового состояния – газдық жағдайлардың басты заңдары

21

Подвижность - қозғалғыштық

Подвижность - қозғалмалылық

22

Отражение света – жарықтың шағылуы

Отражение света – жарықтың шағылысуы

23

Сверхпроводимость –асқынөткізгіштік

Сверхпроводимость – асқын өткізгіштік

24

Тяжелая жидкость– ауыр сұйық

Тяжелая жидкость– тығыз сұйық

25

Тяжесть – ауырлық, жүк

Тяжесть – ауырлық, салмақ, жүк

26

Удельный вес – меншікті салмақ

Удельный вес – сыбағалы салмақ

27

Узел - түйін

Узел - буын

28

Фазовый переход – фазалық ауысу

Фазовый переход – тарамдық ауысу

Мұндағы 1-3 техникалық терминдер дұрыс, ал физикалық терминдер дұрыс емес. Физикалық сөздікте «активность» термині қазақшаға аударылмаған. Бұл сөз көпшілік пайдаланатын қазақша-орысша (орысша-қазақша) сөздіктердің өзінде «белсенділік» деп айтылады және жазылады. Мұның дұрыстығын берілген терминге этимологиялық талдау жасап, орысша «активность» пен қазақша «белсенділік» сөздерінің мағанасы бір екендігінен білуге болады. 4 термин (аномалия-қалыпсыздық) техникалық сөздікте дұрыс. Физикалық терминологиялық сөздікте «аномалия» алдыңғыдағыдай аударылмай алынған. Жаратылыстану мен техника ғылымдарында қолданылатын «белсенділік» пен«қалыпсыздық» және т.б.терминдер көптеген басқа терминдердің құрамына енуі мүмкін. Мысалы, физикалық терминологиялық сөздікте «белсенділік» терминімен 17 термин байланысқан.Ал «аномалия» терминімен 9 термин байланысқан. Демек, терминком бекітіп, қазір көпшілік пайдаланып жүрген жоғарыда аталған ғылыми-техникалық терминологиялық сөздіктердегі жүздеген терминдерде кемшілік бар.Біз мұндатек физикалық және техникалық терминологиялық сөздіктерде кездесетін кемшіліктердің кейбіреулерін ғана атадық.5 термин (Аномалия силы тяжести – салмақ күшінің қалыпсыздығы) техникалық сөздікте физикалық тұрғыдан қате. Өйткені салмақтың өзі күш. Сонда бұл термин қазақша былай жазылуы тиіс еді: «ауырлық күшінің қалыпсыздығы».

6 физикалық термин (биение – соғу) дұрыс. Өйткені ол техникалық емес, физикалық термин, оның мәні физикада ашылады, ал техникалық ғылымда қолданылады. Осы тәсілмен 8, 12-15, 18-22, 24-28 физикалық терминдердің де дұрыс, ал техникалық терминдердің дұрыс еместігін көрсетуге болады.

7 термин (буравчик – бұранда) екі сөздікте бірдей, екеуінде де дұрыс. Бірақ бұл термин физикалық сөздікте орысшасы «винт» болатын екінші ұғымды да белгілеп тұр. Бұл термин жасау принципітерінің біріне – бір ұғымға бір ғана термин сәйкес келеді деген принципке қайшы келеді. Сондықтан физикалық терминологиялық сөздіктегі орысша «винт» терминінің қазақшасын «бұранда» демей техникалық сөздіктегідей «бұрама» деп алған жөн.

10, 23 терминдер екі сөздікте бірдей, бірақ жазылуы әртүрлі: ылғалдық, асқынөткізгіштік (физикалық сөздікте), ылғалдылық, асқын өткізгіштік (техникалық сөздікте).

Физикалық сөздікте зона аумақ (11 термин) деп алынған. Ол физикада екінші бір физикалық терминмен қосарлануы керек. Мысалы, «өткізгіштік аумағы», «сәулелену аумағы» және т.б. физикалық терминдер. «Зона» техникалық термин болу үшін де осындай шарт орындалуы тиіс. Әрі бұл термин техника ғылымының әр саласы үшін әртүрлі ұғымды білдіруі мүмкін.

16 физикалық термин орысша «ловушка» қазақша «қақпан» болып аударылса, техникалық сөздікте «тұтқыш» болып аударылған. Мұнда қазақша физикалық термин «қақпан» дұрыс сияқты. Өйткені, уикипедиядан ( ашық энциклопедия) алынған мәлімет бойынша «қақпан» сөзі түркі тілінде «ұстап алу», «шап беріп ұстау» мағыналарында айтылады. Бұл сөз орысша «ловушка» - құсты немесе аңды ұстауға арналған техникалық құрылғы деген түсіндірмесіне сәйкес келеді. Бірақ жоғарыда аталған техникалық сөздіктегі «тұтқыш» сәйкес ұғымның мағанасын ашпай тұр. Өйткені ашық энциклопедия бойыншатұтқыш  қазан ұстағанда қолға киетін киіз дорба, қолғап. Ол киізден немесе қалың матадан жасалады. Сондықтан орысша «ловушка» терминін қазақша «қақпан» немесе «тұзақ» деп аударып, осы екуінің тек біреуін ғана алуға болады. «Қақпан» жеке өзі техникалық термин болғанымен, физикалық термин бола алмайды. Бірақ онымен қосақталған мынадай сөздер физикалық терминдер бола алады: «магниттік қақпан», «иондық қақпан» және т.б.Термин жасауда кеткен кемшіліктерді саралап талдай келе қазақ тіліндегі ғылыми-техникалық терминдер талапқа сай сәтті жасалу үшін оны жасауға қатысқан авторларда мынадай сапалар болуы керектігін анықтадық (терминком іріктеп алатын термин жасаушыларға қойылатын талаптар):

1) терминдердің жүйесін жасайтын авторда ғылымның немесе техниканың берілген саласы және оның басқа ғылым салаларымен байланысы бойынша жан-жақты және терең білімнің болуы;

2) ғылым мен техника бойынша терминология саласында ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуі (ғылым кандидаты немесе докторы дәрежесінің, монографиясының немесе оқулығының, мақалаларының, конференцияларда жасаған баяндамаларының болуы және т.б.);

3) терминология мен анықтамалар теориясы бойынша арнаулы білімінің болуы;

4) ғылым мен техника бойынша термин жасау тәжірибесінің болуы;

5) басқа ғылым салаларының термин жасаушысымен бірлесіп жұмыс жасай алуы.

Осы талапқа сай келетін Қазақстанда үш адамның аты-жөнін айта кетейік: Елден Аққошқаров (физика саласы, терминдерді оқыту бойынша педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор), Қалыбек Қонысбаев (техника саласы, техникалық терминдер жүйесі бойынша зерттеу еңбегін– монография жазған, техника ғылымдарының кандидаты, профессор), Спандияр Ақаев (химия саласы, химия терминдерінің жүйесін жасау бойынша филология ғылымдарының докторы, профессор). Мұндай адамдарды термин жасау жұмысына тартуға немесе басқалар жасаған терминологиялық сөздіктерге сыни пікір беру немесе сараптама жасау жұмыстарына қатыстыру керек. Тек сонда ғана терминдер сапалы жасалады.

Физика барлық жаратылыстану және техникалық ғылымдардың теориялық іргетасы, сондықтан барлық оқу орындарында аталған ғылымдарға сәйкес оқу пәндері физика пәнінен кейін оқылатындықтан физиканың терминдері ғылыми терминология талаптарына сай жасалуы тиіс. Өйткені физикалық терминдер кейін басқа жаратылыстану және техникалықоқу пәндерінде қолданылады. Бұл ғылымды қазақшаландыруға, оқушылар мен студенттерге пәндерді қазақ тілінде сауатты оқытуға кедергі келтіреді. Ал іс жүзінде термин жасаушы авторлар да, ғылыми еңбек жазатын мамандар да, мұғалімдер мен оқытушылар да мұны ескере бермейді.

Терминологиялық мәселелер туралы мақалалар негізінен «Ана тілі» газетінде көтеріледі. Бірақ бұл газетке жазылатындар және оқитындар негізінен қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің мұғалімдері. Барлық ғылымдар мен оқу пәндеріндегі білімдердің алғашқы элементтері терминдерге ұғымдар, заңдар, принциптер мен идеялар сияқты басқа білімдер де сүйенетіндіктен жоғарыда аталған газетті оқып, онда терминдерге қатысты дәлелді пікір жазып отыру – баршаның ісі.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. http://alashainasy.kz/society/3277/.

2.Қазақша – орысша, орысша – қазақша терминологиялық сөздік: Физика және астрономия. – Алматы: Рауан, 1999. – 415 б.

3. Мұнай және газ геологиясы терминдерінің орысша – қазақша түсіндірме сөздігі. – А.:APHgroup, 2007. – 361 б.



4. Құдайбергенов Р. Техникалық көптілдік сөздік.- Астана, 2008. – 128 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет