Қазақ тіліндегі интернеттің даму мүмкіндіктері
Касимов И.Р., аға оқытушы, техника ғылымдарының магистрі
Кожахметова Р.Н., оқытушы
Алдамжарова М.М., «Информатика» мамандығы, 3-ші курс студенті
Дәуірханқызы А., «Ақпараттық жүйелер» мамандығы, 2-ші курс студенті
Аңдатпа
Ертеректе қазақ тілді интернеттің дамуы жайында сөз болғанда көп жағдайда оның контент сапасының төмендігін айыптайтын немесе қоғамдық процеске қандай да бір ықпалы жоқ қоғамдық-саяси сегмент ретінде санап келген болатын. 25 жыл өткеннен кейін, қазіргі уақытта интернеттің қазақ сегменті барынша жинақылана түсті, жасқаншақтықтан арыла бастады. Бір сөзбен айтқанда, ол қалыптасты әрі тұтас көрінеді.
Интернетке қосылу мүмкіндігі болған жағдайда, білім беру мекемелері, мемлекеттік ұйымдар, коммерциялық кәсіпорындар және жеке адамдар сияқты миллиондаған қайнар көзінен ақпарат алуға болады.
Қазіргі кезде Интернет сөзін пайдаланғанда, физикалық желінің өзін емес, Дүниежүзілік желі және ондағы ақпаратты айтамыз.
Егер бұл терминді енгізген ағылшын тіліндегі RFC құжатына сүйенсек, онда бұл термин екі түрде жазылып, сәйкесінше екі мағынаға ие болады.
Егер Интернет сөзі кішкентай әріптен басталса, онда бұл термин мәліметтер пакетін маршрутизациялау арқылы желілерді байланыстыру ұғымын білдіреді. Бұл кезде ауқымды ақпараттық кеңістік туралы айтылмайды. Көбінесе, бұл екі түсінікті бір-бірінен ажыратып жатпайды.
Интернет – кез келген компьютерлермен бүкіл әлем бойынша ақпарат алмасу мен беру мүмкіндігі, желілер жүйесі. Интернет – байланыс араларын өзара біріктіретін, тораптардың жиынтығы.
Әрбір топтарда көбінесе UNIX операциялық жүйесін басқару арқылы жұмыс істейтін бір немесе бірнеше қуатты компьютер-сервер болады. Мұндай торапты кейде хост деп атайды.
Торапты оның иесі – провайдер деп аталатын ұйым немесе Интернет қызметін жабдықтаушы басқарады.
Интернет әр түрлі ережемен жұмыс істейтін желілерді біріктіреді. Бұл ережелерді үйлестіру үшін шлюз құрылғысы қызмет етеді. Шлюз – басқаша тәсілмен үйлеспейтін желілерді қосатын құрылғы. Шлюз әр түрлі желілердің бірлескен жұмысын қамтамасыз етуге арналған мәліметтерді өзгертпейді.
Интернет желісіне әр түрлі операциялық жүйелерді басқару арқылы жұмыс істейтін компьютерлер кіреді . Алайда, ақпарат алмасу кезінде барлық ЭЕМ хабар беру тәсілдері туралы бірыңғай келісімдер қолданылуы тиіс. Сонда ЭЕМ-ның қай-қайсысыда басқа кез келген ЭЕМ-нан алынған ақпарат түсінуге қабілетті болады.
Электронды почта немесе е-mail (electronic mail – электронды почта), адамдар арасындағы байланыс тәсілдерінің бірі болып табылады. Электронды почтаның Интернеттегі негізгі функциясы – планетаның қай нүктесінде болса да, Интернеттің кез келген екі пайдаланушысы арасында электронды хаттармен – мәтіндік хабарламамен оперативті және өте тез алмасуды жүзеге асыру. Электронды почтаның қосымша мүмкіндіктеріне мыналарды жатқызуға болады: дыбыстық хабар, құжаттарды, сызуларды, фотосуреттерді, бейнематериалдарды беру; ғылыми журналға, сирек кітаптарға, жарнамаға жету жәнә әр түрлі тауарларды жолдау немесе сату; сонымен қатар, ұжымдық іс-әрекеттерді программалық қамтамасыз ету; мекемелер мен ұйымдарда құжат қолдану; ұжымдық жұмысты жоспарлау. EFT хаттамалары бойынша электронды почтаның жаңаша пакеттері (Electronic Funds Transfer – ақшалай қаражатты электронды аудару) және EDI (Electonic Funds Data Interchange – мәліметтермен электронды алмасу) желі бойынша іс жүзінде қамтамасыз етілетін ақша, шоттар және басқа қаржылық құжаттарды аудару.
Қазіргі уақытта кез-келген информациялық технологияның жаппай техникалық компоненті компьютер болып табылатыны белгілі.
Компьютерлік телекоммуникацияны пайдалану – алыстағы компьютермен диалогтық режимде немесе электрондық почта режимде жұмыс істеуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, электрондық почта өте қолайлы жене аса қымбат емес.
Қазақстандағы интернеттің дамуы
1998 жылы наурыз айының басында Республика телекоммуникациялық компанияларының басқаруымен телекоммуникация ассоциациясы деген жаңа ұйым пайда болды.
Коммерциялық емес құрылымның шығу мақсаты – кәсіпорынның іскерлігін байланыстыру, желілер телекоммуникациясының дамуын, ақпараттық технологияны пайдалану және байланыс қызметін ұсыну.
Ассоциацияның негізгі сан есебінде: отандық және шетелдік операторлар арасындағы құжат қатынастарын құруға практикалық көмек көрсету көзделген. Осыған орай – тұтынушылар мен қолданушылар арасындағы қызметті де қамтиды.
Мұнда электрондық World Wide Web- тің өсуімен қоса, көптеген қызықты және арнайы сайттар пайда болуда. Соңғы уақытта әртүрлі анықтамалар, каталогтар және мәліметтер қоры (солардың ішінде неше түрлі керекті тақырыптар ақпараты бар ) кіре бастады. Мысалы, сайтта өзіңізге керекті Голливудта түсірілген фильмді таңдап алып, сол фильм туралы толық анықтама алуға болады. Оның жанрын, актерлік, режиссерлік бөлімін және фильмнен бірнеше кадрларын көрсетіп шығарады. Сол жерден сізді қызықтыратын кино актерлері, режиссерлері және дауыс операторлары жайында толық мәлімет ала аласыз.
World Wide Web – қазіргі заманғы Интернеттің ең танымал қызметі. Оны көбіне Интернетпен теңдестіреді, бірақ шын мәнінде бұл оның көптеген қызметтерінің бірі. Бір Web-серверде бірнеше сайттар болуы мүмкін. Электронды Web – құжаттарды принтерде басу үшін емес, компьютер экранында қарап шығуға арналған. Web-парақтарды қарап шығуға арналған программалар браузерлер деп аталады .
World Wide Web түп-түгел гипермәтіндерден тұрады. Гипермәтін – мәтінің дара блоктарымен байланысты ассоциациялық түрде ұсынылған мәтін.
Бізге кенеттен бір файл керек болып қалды делік, оның қай жерде екенің бізге белгілі болсын. Енді сол файлды өз компьютерімізге қалай әкелу жолын қарастырайық. Мұндай мақсат үшін файлды тасымалдау протоколы деп аталатын жүйе қолданылады (File Transfer Protocol-FTP).
FTP-серверінің мәліметтерімен қатынас жасау үшін әркім стандартты кіру сұхбатын орындау керек. Оның бір мысалы мынадай болу керек: Open named password-FTP -серверге кірердегі сұраныс тізбегі, мұндағы:
Open FTP-сервермен қатынас жасауды сұрау,
Қажетті информациямен толықтырылған аты немесе anonymous,
Password – сұраушы адамның паролі немесе оның почталық адресі.
Қазнет деген ұғым қазіргі лексиконымызда әбден қалыптасып бітті. Бірақ осы Қазнет деген сөздің өзі әлі күнге дейін тартысты. Бұл қазақша интернет пе, қазақстандық интернет пе, әлде жалпы kz доменіндегі сайттар ма?.. Бұған жауап беру біздің құқықтағы шаруа емес. Бастысы, қай Қазнет болса да, қазақ тілінің үлес салмағы артып келеді. Бұл бұлжымас факт. Енді мынаған келісіп алсақ, Қазнеттегі қазақ тілінің мәртебесі дегеніміз – сол тордағы қазақ тіліндегі ақпараттардың өзектілігі, мағлұматтардың көптігі, контенттің барынша сапалылығы және оқырманға қызықтылығы.
Бүгінде интернеттегі қазақ халқының, соның ішінде қазақтілді қазақтың саны әжептеуір көбейді. Бірақ, олардың бәрі контент жасау ісіне араласып жатыр деп айта алмайсың.
Блогқа немесе сайтқа материал жазғаннан гөрі оны Фэйсбукке пікір ретінде жаза салғанды өзіне жеңіл санайды. Бұл бергі жағы, қарапайым уеб-чат пен мэйл-агенттің деңгейінен асып интернет қолдануды білмей жатқан қаншама контингент бар. Демек, біріншіден, ақпараттық сауаттылықты көтеру бойынша жұмыстарды еш дамылдатпау керек. Негізі, Қазақстандағы интернетте қазақ тілділерге үлкен мүмкіндіктер ашылып тұр. Себебі, енді игеріліп келе жатқан кеңістік болғандықтан, қаншама жылда мәртебесіне жете алмай жүрген қазақ тілін дамытудың техникалық жолдары өте көп. Тек соны жүйелі де сауатты дамыту үшін қазақ тілді аудитория тарапынан белсенділік жеткіліксіз болып отыр. Қазақ тілі дегенде негізі қазақша ақпараты, мағлұматы бар сапалы ресурстарды айтамын. Өкінішке қарай, бізде мұндай сайттар өте аз. Әрі Қазақстандағы қазақ тілді интернет қолданушы мен орыс тілді интернет қолданушының арасындағы ерекшелік сол, қазақша қолданушылар кем дегенде қос тілді, кейде үш тілдегі (ағылшын, қытай) ақпаратты тұтынады. Сондықтан, қазақша ақпаратты басқа тілдегі дереккөздерімен салыстыра отырып оқиды. Бұл әрине, теориясында. Әйтпесе, алдымен өзге тілдегі (көбіне орыс) дереккөзден оқып алған соң, оның қазақша аудармасын оқу қажетсіз болып қалады.
Осы ретте біздің қоғамның билингвальды екенін ешқашан естен шығармау керек. Өзі біздегі біраз сайттар, әсіресе мемлекеттік, қазақ және орыс тілдерінде қатар ақпарат ұсынады. Қазақ тілді қолданушы қазақша беттен бастағанмен, орысша бетке өтіп кетеді. Себебі, қазақша жазуда міндетті түрде қате болады. Осы 23 жылда біз осыған үйрендік. Оның үстіне, қазақша ақпарат өзіндік, оригинал емес, көшірме, аударма деген ұғымды да өзіміз енгіздік. Сондықтан, қазақшасы тұрса да, орысшаға өтіп кететін қолданушыларды еш кінәлай алмайсыз. Керісінше, сол кінәларды енді барынша түзеудің жолын қарастыру керек.
Негізі, интернеттен адамдар контент іздейді. Сондықтан, Үкімет қазақша ресурстардың бизнес тұрғысынан дамуына қолайлы жағдай жасау үшін қазақтілді интернеттің мүддесін күйттейтін үкіметтік емес ұйымдар қалыптастыруы керек. Үкімет мұндай ақпарат, мәліметтер құралдарын қолдан жасамай, керісінше, қазір энтузиастардың қолында бар ресурстардың коммерциялануына мүмкіндік тудыратын заңдар әзірлеп, қолдау беруі қажет. Әрі арнайы зерттеулер нәтижесіне көз жүгіртсек, мысалы, 1 аптада Mail.ru сайтын қазақстандық интернет қолданушылар 5 миллион рет қарайды. Өкініштісі, әзірге қазақ тіліндегі интернет трафикті қарау мұндай көрсеткішке жетпей отыр. Әрі қазақстандық қолданушылардың 68 пайыздайы отырады деген Mail.ru-да әлі күнге қазақша қаріптерді қолдамайды. Сонымен, қазақ тіліндегі ресурстар танымал емес, ақша салынбаған, ақпараты жұпыны. Сондықтан, оларды жарнамалау, жұрттың санасына сіңіру мәселелерін де ойлану керек.
Қазір қазақтілді сапалы ресурстардың көшін «WikiBilim» қоғамдық қорының жобалары бастап тұр. Оның ішінде әрине орны бөлегі, 2011 жылы Кәрім Мәсімовтің қолдауымен жүзеге асырыла бастаған «Қазақша Уикипедиа» жобасы оқырман ықыласына бөленіп үлгерді. Бұдан бөлек www.iKitap.kz – «Қазақстанның ашық кітапханасы» және кітапхана аясында жұмыс істейтін «Қазақ тілінің әмбебап онлайн сөздігі» секілді жобалар да Қазнетке сіңісті болып кетті. Сонымен бірге, әлемдегі 64 тілде аударма жасайтын Google Translate тегін қызметіне қазақ тілін енгізу мәселесі қазір қаралып жатыр. Бірақ, оған таныстың немесе басқаның керегі емес – тек сол тілдегі контентіңіз бай болса болғаны. Ол үшін қарапайым интернет пайдаланушылар өздері білетін тілдерден, мысалы, ағылшын тілінен қазақшаға немесе орыс тілінен қазақшаға қатесіз аударылған мәтіндерді көп жүктеулері керек. Ал біз сол бай деңгейге жете алмай келеміз… Маған кейінгі кездері Қазақ интернетін дамыту үшін меценаттардың қоры құрылғаны ең тиімді тәсілдей көріне бастады. Неге десеңіз, Қазнеттегі белгілі әрі беделді ресурстардың басымы – қоғамдық-саяси, ұлттық-мемлекетшілдік бағыттағы портал немесе интернет-газеттер. Бұл жобаларды телеарна не газет секілді идеологиялық құрал ретінде пайдалануға болатынын салмақты күштер әлі сезінбей отыр. Жарнама нарығы шектеулі, энтузиазммен басталған жобалардың кәсіби деңгейге көтерілуіне басқа тетіктер қарастырылмаған. Сондықтан да меценаттар қоры құрылып, арнайы жиналған ақшадан қоғамдық-саяси сайттарға бөлініп отырса деген ұсыныс бар. Дәл осы меценаттық ой болмаса да, биыл өз атымнан 1 миллион теңге жүлдесін тағайындап, Ұлттық интернет қауымдастықпен бірлесе отырып «Сапалы контентке миллион» байқауын жариялап отырмыз. Мұндағы мақсат, жоғарыда тізгенімдей, қазақ тіліндегі контенттің сапасын барынша жоғары көтеру, байыту. Бұл мақсаттың үдесінен шығу үшін Қарағанды блогқұрылтайында қолдарына сертификаты тапсырылған 32 блогер жыл бойы түрлі тақырыптар бойынша блог жазысады. Олардың апта сайынғы жазбасын беделді әділқазы алқасы бағалап отырады. Бұрын-соңды болмаған бұл жоба арқылы жазарман қауымның сапалы контент жазуға деген ынтасын оятқымыз келіп отыр. Және ол ынтасы оянып та жатыр. Оған байқауға қатысуға түскен өтініштердің көптігі мен қоғамдық резонанстың пайда болғандығы куә.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді», – деп мәлімдеген болатын. Айтқандай-ақ, қазіргі Қазнеттің даму барысы осы сөзді барынша дәлелдеп отыр. Сондықтан, Интернетте де сөзуарлыққа салына бермей, қазақ тілін дамытуға деген ниетімізді нақты жобалармен көрсетуіміз керек.
Қазақ интернетінің дамуы және оған қазақ жастарының қосқан үлесі
2000-2007 жылдары Қазақстанда интернет әлемінің нағыз даму кезеңі басталды. Халықтың интернеттің не екенін түсініп, оны қолдануды кеңінен үйрене бастады. Жаңадан келген әр жас бар ақпарат тек орыс, ағылшын тілдерінде болады деп ойлады. Көпшіліктің ойына интернет әлеміне қазақ тілді ақпаратты енгізу өзінен басталатыны ойландырмады...
Ең алғашқы қазақ тілді жастарға арналған сайт ретінде «керек инфо» сайты құрылды. Ол сайт көбіне форум түрінде жұмыс жасап, кейінен өз жұмысын тоқтатты. Одан кейін ашылған қазақ тілді ең үлкен портал – «Мәссаған» құрылып, қазақ интернетінің кеңінен дамуына көп үлес қосты. Екі сайтты да шет елде оқып жүрген қазақ жастары өз елін сағынған кезде қазақша ақпарат алмасып, қазақ тілінде сөйлесетін адамдар табу мақсатында жасады. Кейіннен 2006-2007 жылдардан бастап қазақ тілді форум тектес сайттар көптеп жасала бастады. Атап айтатын болсақ «Солай де», «Жастар біз», «казах.ру» сияқты сайттар жұмыс істей бастады. Бірақ оларда ақпараттың көбі қысқа түрінде беріліп нақтылығы дәлелденбейтін.
2006 жылдары шет ел де оқып жүрген көп жастар өздері оқып жатқан мемлекеттер туралы, өздерінің елге деген сағыныштарын қазақ тілінде блог ретінде жаза бастады. Оған қызыққан жастар блог жазуды қолға алды. Ең алғашқы блогтұғырлар ретінде «блогпост», «вордпресс.ком» сайттары қолданылды. Блог тұғырларды қолданған жастар қазақ интернетіне қазақша ақпарат керек екенін түсініп, бар ақпаратты қазақша жазып өз уақытында тарата бастады. Халыққа керек деген ақпаратты басқа тілдерден аударып, қазақ тілді интернетті дамуға өз үлестерін қоса бастады. Ең алғаш блогтың мақсаты не, оны қалай қолдануға болатыны жайлы Асхат Еркімбай өз блогтарында жазып, өзі танитын қызығушы блоггерлерге түсіндіріп, қазақ тілді интернетке өз үлесін қоса алатынын жеткізді.
2008-2011 жылдары қазақ тілді блогтардың ең өркендеп тұрған кезеңі болды. Вордпрес.ком сайтында тіркелген блогтардың саны 500-ге жеткен еді, сол кезде тұрақты блогтарын жаңартып, кез келген ақпаратпен қазақша бөлісіп тұратын 300-ге тарта блогшы ерікті түрде жұмыс жасады. Олардың әр жазған материалдары интернетте қазақ тілінің бар екенін көрсетіп, қазақ тілінде ақпаратты көбейте түсті. Тіпті ақпарат таратын орталықтар, баспалар қазақ блоггерлерінің ақпараттарын кеңінен пайдалана бастады. 2011 жылы қазақ тілді блоггерлер жиналып өздерінің алғашқы «BlogCamp» атты құрылтайларын өткізді. «BlogCamp» ағылшын тілінен аударған да «Blog» -блог, «Camp» – бір істің маңайында жүрген, қызығушылығы бір жандардың бас қосуы. Осы құрылтай интернет әлемінде қазақ тілінде ақпаратты жазушылардың басым көбі осы блогшыларға тиесілі екенін дәлелдеді. БАҚ туралы ҚР-ның 1999 жылғы 23-шілдедегі №451-1 заңының (2009.10.07 берілген өзгерістер мен толықтырулар) бойынша блог ақпарат тарататын құрал ретінде танылып, заңды түрде қорғалады. Сондай-ақ, блоггер өз тарапынан жазылған ақпараттың растығына өзіне жауап береді.
2011 жылы вордпресс.ком сайтының Қазақстанда жабылуы көптеген қазақ тілді сайттардың ашылуына себеп болды. Қазіргі таңда кез келген ақпаратты қазақ тілінде табуға болады. Қазіргі кезде қазақ тіліндегі арнайы тақырыптық сайттарға деген сұраныс өте жоғары...
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 «Глобальные сети: информация и средста доступа» — издательство ПГТУ.
2 Қазақ интернетінің дамуы және оған қазақ жастарының қосқан үлесі, http://old.el.kz/blogs/entry/content-3177
3 Қазнет, http://www.wikiwand.com/kk/Қазнет
Достарыңызбен бөлісу: |