Жүргізуші: – Біздің студиямызда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты – Фазылжан Анар Мұратқызы. Анар ханым, келесі сауал – «өкінішке қарай» «өкінішке орай» деп жатамыз



Дата17.06.2018
өлшемі18,8 Kb.
#43118
Жүргізуші: – Біздің студиямызда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты – Фазылжан Анар Мұратқызы. Анар ханым, келесі сауал – «өкінішке қарай» - «өкінішке орай» деп жатамыз. Осының ара-жігін ажыратып берсеңіз.

Анар ханым: – Самат, бұл екі қолданыста да ешқандай ара-жік жоқ. Енді қарсыластарым айтуы мүмкін, «өкінішке орай» деуге болмайды, себебі «орай» деген сөз қазақта жағымды, дұрыс, жақсы құбылысқа қатысты айтылады деп. «Бақытына орай, бағына орай» деген сияқты. Енді осы жерде өкінішпен тіркестірмес үшін орнын ауыстырып, «қарай» деген сөзді қолданайық дейді. Дегенмен де қазақ тілінде өкінішті білдірудің өзінің дәстүрлі формасы бар. Өкінішті білдіру сөздері бар ғой, модаль сөздер дейді ғой. Сондай бір өзінің дәстүрлі формасында «бір өкініштісі», «жақсысы», «бір қызығы» деп келетін формалар бар. Нағыз қазақша сөйлеймін десеңіз, «бір өкініштісі», «бір қуаныштысы», «бір қызығы» деген қолданыстар осы айтып тұрған ақпаратқа қатысты өзінің эмоциясын білдіретін сөздер. Дәстүрлі тілде қалыптасқан, дәстүрлі формалар. Сондықтан «өкінішке қарай» да, «өкінішке орай» да дұрыс емес.

Жүргізуші: – Мхм. «Жұмыс істеу» деген дұрыс па, «жұмыс жасау» деген дұрыс па?

Анар ханым: – Біз өзі «Дұрыс сөйлейік» деген бағдарламамыз ауызша қазақ сөзінің формаларына, дәстүріне арналған. Сондықтан ауызша сөздің ерекшелігін есімізге түсірсек, ең алдымен ауызша сөзде ешқандай ереже жоқ, өйткені ол көзбе-көз қарым-қатынаста жүзеге асады. Адам өзін еркін сезінеді. Бұрыннан білетін адаммен ғана ауызша тікелей көзбе-көз қатынасқа түседі. Басқа да жағдаяттар болады, танымайтын, бейтаныс адаммен ауызша қарым-қатынасқа түскен кезде оның шарттары басқаша болады. Дегенмен, көбінесе ауызша сөйлеу екі жақсы таныс адамның арасында жүзеге асады. Ондай кезде «жұмыс жасадым», «жұмыс жасаймын» деген сөзді айтпа, ол дұрыс емес деп, біз адамға қақпақ қоя алмаймыз. Ал жазба тілде міндетті түрде әдеби тілдің нормалары сақталуы керек. Жазба тілде сөйлейтін болсаңыз немесе ресми қарым-қатынастағы ауызша тілде сөйлейтін болсаңыз, яғни кітаби тілдің ауызша стильдік формасында сөйлейтін болсаңыз, онда сіз «жұмыс істеу» деген тіркесті қолданғаныңыз дұрыс.

Жүргізуші: – Ал «қазіргі таңда», «бүгінгі күні», я болмаса «қазіргі кезде» деп жатамыз. Осылардың қайсысы дұрыс?

Анар ханым: – «Қазіргі таңда» да, «бүгінгі күні» де, «қазіргі кезде» де – бұл қолданыстардың барлығы да дұрыс. Дегенмен біз енді ауызша қарым-қатынастағы сөз қолданысы туралы айтып отырған соң, мысалы, сіз дүкенге немесе күнделікті отбасыңызда сөйлескенде бұлардың ешқайсысын қолданбайсыз. Өйткені бұлар жазба тілдің, жазба кітаби тілдің қолданыстары. Кітаби тілдің ауызша формалары болып жатса, ресми қарым-қатынастағы ауызша тілде сөйлеп тұрсаңыз, онда сіз «қазіргі таңда», «бүгінгі күні», «қазіргі кезде» дегеннің бәрін қолданасыз. Ал енді қарапайым ауызша, ауызекі тілде, тұрмыстық деңгейде, бейресми қарым-қатынаста сөйлесетін болсаңыз, онда сіз «қазір», «бүгін», «кеше» дейсіз. Нақты оның уақытын айтасыз. Ай бұрын, апта бұрын деп айтасыз.

Жүргізуші: – «Осындай жағдай орын алды» деп жатамыз, «орын алды» демей-ақ, оны қысқа ғана «осындай жағдай болды» дей салса да болады ғой?

Анар ханым: – Бұл сұрақ жалғыз сізді ғана мазалап жүрген жоқ. Қаншама біздің тіл тазалығы үшін күресіп жүрген журналистеріміз бар, қоғам қайраткерлеріміз бар, халық ішінен шыққан тіл білгірлері бар – осылардың бәрінің айтып жүргені орыс тілінің калькасынан құтылу мәселесі. Бұл жерде «орын алды» деген таза орыс тілінен алынған калька. «Имеет место» деген тіркесті дәл тура апарып солай аудара салған. Енді бұл ресми қарым-қатынас тілінде, кітаби тілде естіліп жатса, біздің құлағымызға түрпідей тисе де, әйтеуір қабылдаймыз. Ал енді ауызша сөзде естіліп жатса, тіпті күлкілі болып тұрады. Жалпы қай қолданыста болмасын, кітаби қолданыста болмасын ресми қарым-қатынастағы, бейресми қарым-қатынастағы тұрмыстық деңгейдегі қатынаста болмасын, осындай калькалардан қашқан абзал. Оларды қолданбаған абзал. Сондықтан «орын алды» деген тіркесті білдіретін қазақ тілінде басқа да етістіктер жетіп жатыр. «Оқиға болды, болып өтті, бастан кешірді» деген сияқты адамға қатысты оқиға болса, әйтеуір қазақ әртүрлі басқа формаларын қолдану керек. «Орын алдыдан» қашу керек. Дегенмен осы калькалардың барлығына жау көзбен қарауға болмайды. Кейбіреуі біздің тілімізге сіңіп кетті, тіліміздің өзіне емес, оның бір жекелеген стиліне. Мысалы, ғылыми стильде «болып табылады» деген тіркес бар. «Болып табылады» деген тіркес қазір ғылыми стильден көшіп публицистика стилінде де қолданылып жүр. Бұл орыс тіліндегі «является» деген сөзге балама ретінде қаза тіліндегі қолданыс. «Осы дұрыс емес, осыдан қашу керек, осы керек емес» деп айтып жүрген мамандарға тілтанушылардың да қарсы пікірі бар. «Болып табылады» бұл көптен бері біздің ғылыми көпшілік, ғылыми публицистикалық жанрдағы әдебиетте жиі қолданылып, қазір сол жанрдың бір ерекше тілдік клишелерінің біріне айналып отыр. Сондықтан қазақ тіліне жат осындай қолданыстардан түгел құтылуымыз керек, одан айырылуымыз керек деген жаппай бәріне бір көзқараспен қарайтын көзқараста болмау керек.

Жүргізуші: – Кейде естіп қалып жатамыз, «мен ойлаймын» деп айтып жатады. Егер оны жас бала айтып жатса, оны мектеп жасына жетпеген жастықпен айтты деп, тілді дұрыс білмейді деп түсіністікпен қарайсың. Ал үлкен кісілердің аузынан естіп жатқан ыңғайсыз. Осы сөздің дұрысы қалай?

Анар ханым: – Бұл жаңа біз айтқан калька ғой. «Мен ойлаймын» деп бастайды да, сосын не ойлайтынын айтады. Қазақ тіліндегі сөйлемнің синтаксистік құрылысы орыс тілімен бірдей емес. Ол мүлде бөлек. Ойлайтыны туралы ақпарат, яғни қимыл субъектінің әрекеті әрдайым сөйлемнің соңғы жағында тұрады. «Мен осындай... осындай... осындай... болады деп ойлаймын», «Мен осындай... осындай... деп ойлаймын» деп соңында тұру керек. Оны тіпті, соңына қоя алмаймын десеңіз, онда «Менің ойымша, ол былай...», «Менің ойымша, ол былай болу керек» деп «менің ойымша» деген өзіміздің дәстүрлі қолданысымызды соған орын берген дұрыс. Сондықтан «мен ойлаймын» деген тіркестен сақ болу керек. Егер сіз осы формада ауызша сөйлейтін болсаңыз, бұл, бірінші, сіздің орысша ортада өскендігіңізден хабар береді, екіншіден, егер ондай болмасаңыз, онда сіздің қазақ тілін тамырынан сусындамай, соңғы кездегі әдебиеттерден ғана үйреніп жүргеніңізден хабар береді.

Жүргізуші: – Жақсы, Анар Мұратқызы. Көп рақмет. Құрметті тыңдармандар, біз бұл жолы мынандай сөздерді дұрыс сөйлеуді үйрендік: «өкінішке орай», «өкінішке қарай» деп емес, «бір өкініштісі» деп айту керек екен, я болмаса «жұмыс жасау» емес, «жұмыс істеу», «орын алды» емес, жай ғана «болды» және де «мен ойлаймын» емес, «менің ойымша» деп айту керек екен.



Басқа да подкасттарды тыңдау үшін Мемлекеттік тіл порталы tilgov.kz сайтынан тыңдай аласыздар. Сұрақтарыңыз болса, info@kitap.kz почтасына жолдай аласыздар.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет