Қазақ тілінің коммуникативтік грамматикасы: коммуникативтік сана туралы мәселелер Құрман Н. Ж., педагогика ғылымдарының докторы, ЕҰУ профессоры, «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал»



Дата08.06.2018
өлшемі62,42 Kb.
#41806
Қазақ тілінің коммуникативтік грамматикасы:

коммуникативтік сана туралы мәселелер

Құрман Н.Ж.,

педагогика ғылымдарының докторы,

ЕҰУ профессоры,

«Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал».

Халық даналығы
Қазақ тілінің коммуникативтік грамматикасының осы кезге дейінгі бір арналы жүйеге түсірілмей, сан салаға бөлініп қарастырылып келе жатқандығы белгілі. Бірақ, қазақ тілінің иегерлері халқымыздың тілдік санасының берік қалыптасқандығын, тілдік норманы қалай қолдану керектігін бай қазынамыз – мақал-мәтелдер арқылы бізге жеткізгені де белгілі. Тілдік қарым-қатынасты зерттеу барысында «тіл қатысу», «тіл қағысу», «тіл табысу», «тілін тапты» деген ұғымдардың қызметтерін ғылыми тұрғыдан анықтап, оларды «қазақ тілінің коммуникативтік грамматикасы» саласында, «тілдік қатысым» (общение) саласында терминдік жүйені қалыптастыру әлеуеттерін зерттеп, қалыптастыру және «коммуникативтік сана» туралы ұғымды орнықтыру және қолдану мәселелерін жолға қою керек.

Мұндай және әлі де түйткілі танылмаған коммуникативтік грамматиканың көптеген маңызды мәселелері – психолингвистиканың, нейролингвистиканың, когнитивтік лингвистиканың түйіскен нүктелерінде қарастырылғаны дұрыс.


«Коммуникативтік сана» мәселесі – «сана» ұғымын зерттейтін барлық дерлік гуманитиарлық ғылымдармен де байланысты болады.

Сонымен қатар «тіл философиясы» саласында да «сана», «тілдік сана», «коммуникативтік сана» - өзекті мәселе болып табылады. Ойлау мен сананың байланысы туралы сөз етілетін барлық жерде «коммуникативтік сана» мәселесі алдыңғы орынға шығарылады. Бірақ солардың барлығында «коммуникативтік сана» деп аталмағандықтан, осыған қатысты мәселелерді қарастыру, талдау, «екінші деңгейде» қалып қоятын сияқты. Сананы оның танымдық қызметіне сүйене отырып, когнитивтік деп атау бар екені белгілі.

Тіл – ойлаудың жемісі екендігін негізге алатын болсақ, ойлау үдерісінің қозғалыстағы болмысына және сананың белгілі бір дәрежедегі тұрақты/статикалық болмысына да назар аудару керек. Ғалымдар сананы – мидың сыртқы дүниені сезімдік және рационалдық бенелер арқылы сәулелендіру қасиеті деп, ал ойлауды - мидың санамен байланысты қызметі деп таниды. Сана адамның мақсатты іс-әрекетін анықтап, өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауын реттейді.



Сананы зерттеген ғылымдардың мәліметтері бойынша сананың мынадай түрлері анықталған.

Сананың түрлері өз ішінде адам өмірінің барлық қызметіне жауап беретін тетіктері осы сана түрлерінің ішінде жіктеле орналасады. Атап айтатын болсақ, адамның тұрмыстық, әлеуметтік, саяси, қоғамдық, жеке тұлғалық, діни, экономикалық, кәсіби, прогрестік, дамымаған, ұлттық, халықтық, реакциялық, техникалық, продуктивтік, репродуктивтік, шығармашылық тағы басқа көптеген қызметіндегі сананың түрлері деуге болады. Әрине, бұларды шартты дей отырғанымызбен, сананың адам миының ерекше қасиеті екендігін мойындай отырып, адамның қай қызметі болса да, сана оны сәулелендіретін қасиеті бар екеніне баса назар қойылады. Сонымен бірге сананың тілмен тығыз байланыстылығы мәселесіне коммуникативтік грамматика тұрғысынан қарастыру мақсат етіледі.

Сананың «ұлттық сана» деп аталатын түрі тілмен тікелей байланыста қарастырылғанда «тілдік сана» мәселесі алдыңғы орынға шығарылса, «тілдік сана» мен «когнитивтік сананың» өзара қарым-қатынасын тану барысы ендігі орынға «коммуникативтік сана» деген мәселені жарыққа шығарды. Бұл ретте сонау В.фон Гумбольдт, Э.Сепир, Д.Уорф еңбектерінен бастап, қазіргі қазақ тіліндегі Ә.Қайдаровтың еңбектерінде «сана», «тілдік сана», «ұлттық сана» ұғымдарының біртұтастықта, тіпті кей ретте синоним ретінде қарастырылып келгені байқалады.

ХХІ ғасырдағы қазақ тіл білімінде мұндай тұрғыдан келу – қазақ лингвистикасының өөзекті мәселелерінің дамуына кедергілер туғызады. Сондықтан, 2000 жылдардан бастан «тілдік сана», «ұлтық сана» мәселелері белгілі бір даму сызығынан өтіп, сөйлеу мен психиканың өзара байланыстылығы тұрғысынан өзіндік бір «референттік өріске» ие болып келе жатыр деуге болады. Әрине, психикадан тікелей сөйлеуге немесе кері қарай жол болмайтыны белгілі. Адам баласының санасы бастапқы кезеңінде тіл арқылы қалыптасады. Тіл таңба ретінде санада концептілер пайда болу үдерісінде топтастырулар жасаудың материалдық тірегі қызметі атқарады-дағы, санадағы кодталған ақпараттардың сыртқа шығарылу қажеттілігі туындаған заманда-ақ тілдің барлық тетіктері өзінің дыбысталу, лексикалану, грамматикалану, дискурстық т.б. маңызды қызметін іске қосады. Осы арада көз алдымызға ғаламат тетіктердің өзара тамаша үйлескен нәтижелі қозғалыс/қызметін келтірсек, ми – сана - тіл – ойлау – сөйлеу – тыңдау желісінің коммуникативтік мақсатқа жету жолындағы керемет программаланған жұмысын сезінер едік.

Қалған кезекте сол жұмыстың нәтижесі арқылы тыңдаушы сөйлеп тұрған адамның жоғарыда «сананың түрлері» деп көрсеткен тұрмыстық, әлеуметтік, саяси, қоғамдық, жеке тұлғалық, діни, экономикалық, кәсіби, прогрестік, дамымаған, ұлттық, халықтық, техникалық, продуктивтік, репродуктивтік, шығармашылық болмысы мен олардың даму деңгейін, ойлау ерекшеліктері мен тілдік ерекшеліктерін тани алар еді. Осыдан келіп, қазақтың «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» қағидасының ғылыми танымнан жасалғанын білер еді.

«Тілдік сана» ұғымы адамның сөйлеу қызметін мүмкін ететін сөйлеу тетіктерін және олардың іс-әрекетін танып-талдауға негіз қалай алмай келеді. Өйткені «тілдік сана» - дәстүрлі тіл білімі мәліметтеріне сүйеніліп қалыптастырылды. Дәстүрлі тіл білімін негізгі алған «тілдік сана» тілдік нормалардың қолданысын, санадағы реттелген тілдік жүйені сипаттай отырып, олардың психологиялық тұрғыдан нақты жүзеге асу үдерісін нақтыламайды. Әрине, «тілдік сана» ұғымының алғашқы қалыптасқан кезеңінде қол жеткен нәтижелердің өзі жеткіліктілік танытып келді.

Бірақ заман дамуымен тіл білімінде ашылған жаңалықтар, коммуникативтік грамматиканың, тіл біліміндегі антропологиялық бағыттардың іштей саралай дамуына байланысты және «тілдік сана» туралы статикалық мәтіндер мен сөздіктерге сүйеніп алынған лингвистикалық мәліметтер тілдесу, сөйлесу барысындағы түрлі динамикалық қызметтердің табиғатын түсіндіріп бере алмайтыны анықтала бастады.

Осыдан келіп, тіл мен тілдік қарым-қатынастың, тілдік коммуникацияның, адамдардың сөйлеу-тыңдау үдерісіндегі ішкі психологиялық тетіктерді терең және жаңаша қырынан тану қажеттілігі туындап отыр. Адамдардың өзара тілдік-қарым-қатынасқа түсу барысында яғни сөйлеуді туындату, сөйлеу (кодтау) және тыңдау (кодты шешу) өзінің білімдік базасын қолданатыны және көрсететіні осылай танылады.

Тілдік сананы эксперименталдық тұрғыдан зерттеген ғалымдардың айтуынша, ассоциативтік эксперимент сөйлеуші мен тыңдаушы адамдардың санасында тіл бірліктерінің түрлі байланысқа түсуі мен оларды түсінудің түрлі ерекшеліктерін анықтауға негіз болады. Осылай тілдік сана сөйлеу қызметінің тетіктерін орталықтандырушы қызметін атқара отырып, сөйлеу операцияларына «керекті материалдарды» дұрыстықпен әрі ретімен «тауып» беріп отырады. Бұл қызмет адамда өмір бойы қалыптасады және санада білімнің әр кезде толығып отыруына байланысты жетіліп отырады. Тіпті шет тілін үйрену де осы қызмет арқылы жүзеге асырылады.

Адамның коммуникативтік қызметі кең арналы және кең аялы болып келеді. Ал сөйлеу қызметі – сол үлкен қызметтің құраушы бір бөлшегін құрайды. Осымен де байланысты коммуникативтік сананы терең зерттеу қажеттілігі туындайды.

Адамның коммуникативтік қызметін тұтастай қамтамасыз етіп тұратын коммуникативтік білім мен коммуникативтік тетіктердің жиынтығы – коммуникативтік сананы құрайды. Коммуникативтік сананың құрамын қазақ ұлттық менталдық коммуникативтік ұстанымдар, коммуникативтік категориялар, қазақ қоғамында қазақша сөйлесу нормалары мен талаптары құрайды. Қазақстандықтардың қазақша сөйлеу-сөйлесу барысында ұстануы тисі қазақша коммуникативтік құзыретті қалыптастыру – қазақ тілін үйрету/оқыту үдерісінде ұсталынатын басты бағдар.

Осындай талдаулар негізінде «тілдік сана» мен «коммуникативтік сананың» өзара айрықша белгілерінің бір үлгісін көрсетуге болады:


Қазақша тілдік сана

Қазақша коммуникативтік сана

Қазақша сәлемдесу үлгілері туралы ақпарат болады: Асссалаумағалейкүм! Уағалейкүмассалам! Сәлем бердік! Бақытты бол! Сәлеметсіз бе! Сәлеметсіз бе!


Қазақша сәлемдесу үлгілерін қалай, кіммен қалайша, қандай интонациямен, қандай ара қашықтықта тұру керек, қолдану керектігі туралы, кімге «сіз», кімге «сен» деу керектігі туралы ақпарат болады.

Сонда «тілдік сананы» коммуникативтік сананың құраушы маңызды компонентті тану керектігін осылай көруге болады.

Қазақша коммуникативтік сананың құрылымы қазақша коммуникативтік категориялар мен қазақша коммуникативтік концептілерден тұрады. Қазақша коммуникативтік категориялардың міндеті – қазақша «тіл қағысудан» бастап өрбіген тілдік қарым-қатынастың «тіл табысуға» дейінгі өрлеген жолына қажетті қазақы тілдесу нормалары мен талаптарының реттілікпен санада сақталуы, адамдардың қазақша сөйлесуі барысында қазақы коммуникативтік мәдениет өрісінен шығып кетпей, олардың сөйлеу барысын ұйымдастыру және қамтамасыз ету.

Қазақша коммуникативтік сананы зерттеп-тану қажеттілігі тек сөйлеудің психологиялық заңдылықтарын анықтау үшін ғана керек емес. Қазақша коммуникативтік сананы зерттеу - қазақ тілінің коммуникативтік грамматикасы, қазақ онтолингвистикасы, қазақ этнолингвистикасы, қазақ психолингвистикасын, қазақ тілін үйретудің жаңа жүйелерін қалыптастырып, дамыту үшін де аса маңызды.

Қазақша коммуникативтік сананы зерттеуде қазақы тұрмыс болмысы, өзін-өзі ұстау мәнері, қазақы сөйлеу мәнері сияқты мәселелер де шет қалмай, түптеп келгенде, «Қазақ ұлттық психологиясының» ХХІ ғасыр ілімдері тоғысқан нүктеде жаңа бедермен танылуына сенімді негіз қалайды.

Әдебиеттер:




  1. Языковое сознание и образ мира. - Москва, 2000.

  2. Стернин И.А. О понятии коммуникативного поведения // Kommunikativ-funktionale Sprachbetrachtung. Halle, 1989, S. 279-282.

  3. Құрман Н.Ж., Мухлис К. Текст теориясы және тексті талдау әдістемесі. – Алматы, 1999.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет