Қазақ тілінің сөзжасамы А. Б. Салқынбай – ф.ғ. д., профессор І. Сөзжасам – тіл білімінің жеке саласы


Туынды сөздердің құрамындағы мағыналық рең



бет13/43
Дата04.12.2023
өлшемі0,82 Mb.
#194882
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   43
Байланысты:
аза тіліні с зжасамы А. Б. Сал ынбай – ф. . д., профессор І.

Туынды сөздердің құрамындағы мағыналық реңді айқындау қажет болады. Ол үшін туынды сөздердің өзін денотаттық (заттық) және сигнификаттық (ұғымдық), коннатациялық (бейнелік) ұғымды білдіретін атаулар деп бөліп алған жөн. Денотаттық атаулардың туынды мағыналарын айқындау қиынға түсе қоймайды. Олай болуы оның заттық қасиетімен байланысты. Жаңадан пайда болған ұғым зат не құбылысқа қатысты болғандықтан, оның ерекшелігі таңбалық сипаты арқылы айқын көрінеді. Мысалы: Сары+арқа – Сарыарқа, Ұлы+тау - Ұлытау, Жеті+су - Жетісу, ақ+бөкен - ақбөкен, қой+шы - қойшы, бас+тық - бастық, бас+қарма – басқарма, т.б.
Ал сигнификаттық мағына “түйсік арқылы қабылданып, жалпыланған субъективті бейнені” (М.Оразов) білдіретіндіктер, туынды сөздің құрамында пайда болған екіншілік мағынаның белгісін анықтау оңайға түсе қоймайды. Бұл, әсіресе, кейбір сын-сапаны, қимыл-әрекетті, т.б білдіретін туынды атаулардың мағыналық құрылымына тән. Айталық, көк-көкшіл, боз-бозаң, биік-біп-биік, жасыл-жап-жасыл, көр-көру-көргіз-көрсет, көрсеткіз-көрсеткізу сияқты сөздердің мағыналық құрылымында туынды екіншілік мағына бар ма, жоқ па деген күрделі сұраққа жауап беру керек.
Сөзжасамдық мағына Кез келген тілдік бірлік
белгілі бір мағынаға ие.
Тілде мағынасыз бірлік өмір сүре алмайды. Мағынасыз бірліктер тілдің дамуы барысында өлі тұлғаға айналып кетеді. Жалпы тіл білімінде қалыптасқан қисын бойынша, кез келген тілдік бірліктің екі жағы болады. Бірі – тұлғалық жағы, екіншісі – оның ішкі мазмұны, мағыналық сипаты. Сөздің тұлғасы мен мағынасы атаудың екі түрлі сипатын танытады. Бұлар бір-бірімен тығыз байланыста, қарым-қатынаста болады.
Тілдік бірліктердің мағыналық қыры әртүрлі негізде қарастырылады. Дәстүрлі тіл білімі мен соған сәйкес жазылған грамматикалық зерттеулерде әдетте тілдік бірліктердің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасы аталады. Соңғы кезде жазылған ғылыми зерттеулерде сөзжасамдық процесс негізінде жасалған туынды сөздердің мағыналық құрылымы айқындалып, ондағы сөзжасамдық мағына туралы айтылады.
Сөзжасамдық мағына – сөзжасам процесінде пайда болатын туынды мағына. Сөзжасамдық мағынаны өзге мағына түрлерінен алғаш бөліп көрсеткен ғалым – профессор Н.Оралбаева. Автор “Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі” атты зерттеуінде сөзжасамдық мағына мен оның сөзжасам саласындағы негізгі мәселе екені туралы айтады. Сөзжасамдық мағынаның лексикалық деривация және синтаксистік деривация болып бөлінетінін жазады.
Сөзжасамдық мағына – себепші негіздер мен сөзжасамдық тұлғалардың бірігуі не қосарлануы, тіркесуі, жалғануы негізінде уәжделіп жасалатын ерекше туынды мағына.
Сөзжасамдық мағына мен лексикалық мағынаның және грамматикалық мағыналардың бір-бірінен айырмашылығы бар. Сөздің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасы туралы қазақ тіл білімінде айтылған ойларды тұжырымдап ғылыми негізді ой айтқан ғалым С.Исаев еді. Автор “Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты” (1998) деген зерттеуінде былай деп жазады: “Сөздің лексикалық мағынасына, ең алдымен, оның нақты мағынасы жатады. Айталық, көл, құс, тау, үй, көк, биік, үш, бес, келу, жүру сияқты сөздердің лексикалық яғни нақты мағынасы: табиғи су қоймасы, үстін қауырсын жапқан ұшып жүретін жануар, жердің әр түрлі тас жыныстарынан қалыптасқан биік бөлігі, адамның тұратын баспанасы, бір заттың нақты түсі, бір заттың өлшемдік сипаты, заттардың нақты сандары, қимыл, қозғалыс” (12-бет). Сондай-ақ ғалым сөздің осындай тура мағынасынан басқа ауыс, келтірінді мағыналары да болатынын жазады. Сөз бір не бірнеше лексикалық мағынаны білдіре алады. бірақ сөйлем ішінде келгенде оның тек бір ғана мағынасы болады. Ал грамматикалық мағына туралы профессор С.Исаев былай деп жазады: “Сөздің лексикалық мағынасы – нақты, ұғымдық мағына, яғни бір сөзден екінші сөзді айыратын реестрлік сөздік мағынасы болса, грамматикалық мағына – сөздің тым жалпы мағынасы, сол сөздің әр түрлі тұлғалар арқылы түрленуінің нәтижесінде немесе басқа сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсу салдарынан пайда болатын және сөздердің бір-бірінен бөлмей, керісінше белгілі бір грамматикалық топтарға ортақ қасиеттер арқылы біріктіретін жалпы мағыналары болып табылады” (Сонда, 14-бет). Сонымен бірге ғалым грамматикалық мағына арнайы грамматикалық формалар арқылы да беріле алатынын айтады. Грамматикалық форма деген ұғымға зерттеуші сөзге жалғанатын қосымшалар, префикстер мен ішкі флексия, супплетивтік тәсілдерді жатқызады. “Қазақ тіліндегі грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атау қажет” деген ғылыми ұсыныс жасайды. Грамматикалық мағына мен категориялық грамматикалық мағынаның арасында айырма бар. Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде лексикалық мағынадан туындайтын, яғни лексикалық мағынаның жалпылану арқылы, сөздік ұғымның жалпылық-абстрактылық сипатқа ие болуы арқылы пайда болады.
Ал сөзжасамдық мағына – ең алдымен, туынды мағына. Ол екі себепші негіздің бірігуі не қосарлануы немесе негізге сөз тудырушы жұрнақтың жалғануы арқылы пайда болатын, әрі осы себепші негіз мағыналары арқылы уәжделетін екіншілік мағына. Жаңадан пайда болған екіншілік мағына оны жасаушы сыңарлар мағынасының негізінде жасалып, денотаттық мағына бірлігін белгілейді де, номинативті атауды анықтайды. Демек, екіншілік мағына – сөзжасамдық мағына. Сөзжасамдық мағына жасалу үшін, ең алдымен, сөзжасамдық тұлғалардың қосылуы, бірігуі, тіркесуі негізінде сөзжасамдық процесс жүруі қажет. Сөзжасамдық процесс негізінде туынды сөз жасалады. Осы туынды сөз мағынасы сөзжасамдық мағына ретінде саналады. Ал грамматикалық мағына мен сөзжасамдық мағына арасындағы айырмашылық өзінен-өзі көрініп тұрады. Туынды сөз жеке атау ретінде танылып, негіз ретінде қарастырылғанда, оның лексикалық мағынасы мен грамматикалық жалпы мағынасы айқындала алады.
Сөздің терең мағыналық құрылымын зерттеудің теориялық та, практикалық та мәні зор. Сөз мағынасы мен мәнін айқындау арқылы халықтың қалыптастырған дүниетанымын терең білу үшін, бұрынғы сөз мағынасын дұрыстап тани білу үшін де қажет. Сөзжасамдық екіншілік мағына жасалған соң, дайын нәтиже ретінде туынды сөзге айналады. Сонда оның лексикалық мағынасы қалыптасып жасалады. Сөздің лексикалық мағынасының қалыптасуының өзіндік жолдары мен тәсілдері бар. Осы сөзжасамдық мағынаға тән деп айтуға болар еді.
Туынды сөздің мағынасы – сөзжасамдық мағына. Яғни ономасиологиялық аспектіден туынды сөздің мағынасы – деривация негізіне болған жаңа екіншілік мағына. Туынды сөздің мағынасы күрделі мағыналық құрылым екенін жоғарыда айттық. Сөзжасамдық мағынаның құрамында екі сөзжасамдық тұлғаның да негізгі семасы қатысып, жаңа ерекше семема жасайды. Айталық, қон сөзі мен қонақ, қонақжай, қоныс сөзі лексикалық мағына жағынан талданғанда, толық мағыналы сөздер. Қонақ, қонақжай, қоныс сөздерінің мағынасы қосымша мағына десек, онда қосымша мағыналы көмекші сөздерден көз ала алмай қалмаймыз ба? Бұлай ойлау ғылымда қалыптасқан шындыққа сай емес. Қонақжай, қоныс, қонақ сөздерінің құрамында екі-үш сөзжасамдық тұлға бар. Осылардың сөзжасамдық процеске түсуінің нәтижесінде жаңа толық мағыналы сөздер жасалып тұр. Ал бұл мағыналар сөзжасамдық мағына ретінде танылады. Сөзжасамдық мағына туғызуда туынды сөздің құрамындағы сөзжасамдық тұлғалар бірдей қатысады. Туынды сөзді жасаушы толық мағыналы негіз не түбір болса да, жұрнақ болса да олардың екіншілік мағынада өзіндік ерекше семалық үлесі болады. Атаудың номинативтік мағынасында олардың семалық сипаты белгілі дәрежеде көрініс тауып, номинативтік белгіні қалыптастыруға қызмет етеді. Сөзжасамдық мағынаны айқындау үшін, туынды сөздің семантикалық құрылымын талдау қажет. Бұл әсіресе денотаттық мағынаны талдаудан айқын көрінеді. Айталық, жиырма бес, кітапхана, тау ешкі, тасбақа, Ақбұлақ туынды сөздерінің мағынасы құрамындағы екі сөзжасамдық тұлғаның да семалық қосындысынан жасалғанын аңғару қиын емес. Қосынды болғанда да, жай қосынды ғана емес, мағыналардың тоғысуы нәтижесінде пайда болатын жаңа туынды ерекше мағына, номинативтік белгілердің таңбасы. Жиырма бес санының ұғымын таңбалау үшін, себепші негіз сыңарлары тек жиырма және бес сөздерінен болу керек. Басқа сөздің бірігуі бұл ұғымды анықтай алмайды. Немесе кітапхана ұғымын таңбалау үшін, кітап және хана атауларын біріктіру арқылы екіншілік мағынаны жасай аламыз. Мұнда негізгі мағынаны жасаушы тірек тұлға туынды сөздегі түбір сөз деп атауға болмайды. Өйткені кітап сөзінің мағынасы оқуға арналған құрал мағынасын береді, онда кітапхана ұғымын бере алатын мән болмайды. Тек оған -хана (парсы тіліндегі мағынасы – үй, мекен) сөзжасамдық тұлғасы жалғану арқылы ғана кітапхана – кітаптың мол жиналған жері, мекені мәнін таңбалайды.
Демек, туынды сөздің сөзжасамдық мағынасы оның құрамындағы сөзжасамдық тұлғалардың бірдей қатысуы арқылы жасалады. Мұнда біреуін тірек сыңар, бірін көмекші сыңар деуге келмейді. Сөзжасамдық тұлғалар сөзжасамдық мағына жасауда бірдей деңгейде қатынасады. Бұл тек туынды сөз құрамындағы негіздерге ғана қатысты емес, сондай-ақ, жұрнақтарға да тән деп бағалаймыз. Өйткені жұрнақ – тарихи атаудың “жұрнағы”, онда лексикалық мағына жасаушы сема сақталған. Сондықтан сөзжасамдық тұлға ретінде өзі қосылған сөздің мағынасын өзгертіп, екіншілік сөзжасамдық сема туғызуға қабілетті бола алады. Сөзжасамдық мағына – туынды сөздің семантикалық құрылымын құраушы тұлғалардың мағыналары нәтижесінде пайда болатын ерекше мағына. Жаңадан аталатын зат пен құбылысты таңбалауда, оның денотаттық және сигнификаттық мағынасы номинативтік белгілері арқылы көрініс табады. Ал бұл номинативтік белгілер туынды сөздің құрамындағы барлық сыңарлардың мағынасы негізінде туындайды.
Сонымен, сөзжасамдық мағына – күрделі әрі ерекше сема. Оның күрделілігі құрамында тұлғалардың семалық құрамымен байланысты. Денотаттық және сигнификаттық мағынаның қалыптасуында сөзжасам-дық тұлғаның барлық семалары қатысуы шарт емес. Белгіленетін зат не құбылыстың ерекше номинативтік белгілеріне байланысты түбір не негіз өздерінің ерекше семалары арқылы жаңа екіншілік семема қалыптастырады. Бұл қалыптасқан ерекше сема туынды сөздің жаңа сөзжасамдық мағынасын құрайды.
Айталық, ақ ала, ақ бас, ақкөз, ақ қырау, ақ пейіл, ақ шағала, ақ тілеу, ақ тамақ, ақ сөйлеу, ақ саусақ, ақ шашты, т.б. атаулардың мағыналық құрылымы құрамындағы негіздердің белгілі бір ерекше семасы арқылы жасалған. Ақ сөзінің мағынасы күрделі: ақ - белгілі бір түстің ақтығы, ақ - белгілі сұйық заттың қозғалысы мағынасы, ақ - белгілі қозғалыстың жылдам өтуі, ақ - шылау т.б. Ал туынды сөздің құрамында осы мағынаның тек біреуі ғана келіп, өзіндік ерекше семасы арқылы жаңа атаудың мағыналық құрамын туғызуға үлес қосады. Ақ ала сөзінде ақ сөзінің түстік семасы, ақ сөйлеу сөзінде – адал мағынасы, ақ саусақ сөзінде түс семасының ауыспалы мәні, ақ тілеу сөзінде - адал мағынасы арқылы туынды сөз жасайды. Сөзжасамдық мағынаның сипаты атаудың денотаттық және сигнификаттық мағынасының туындауына байланысты әртүрлі болуы ықтимал. Сөзжасамдық мағына сөзжасамдық тұлғалардың негізгі және ауыспалы семалары арқылы жасала алады.
Сөзжасамдық мағына көбінесе сөзжасамдық тұлғалардың метафоралануы арқылы жасалады. Сөзжасамдық мағынаның метофоралануы – туынды сөз жасаудың өнімді әдісі. Ақ сөзінің ауыспалы мағынасы арқылы сөзжасамдық мағына метафораланып, мынадай атаулар жасалған: ақ гвардияшы, ақ банды, ақ алмас, ақ безер де көк безер, ақ бата, ақ егіс, ақ жарқын, ақ жем, ақ иық болу, ақ мал, ақ сайтан, ақ кіру, ақ өлім, ақ өлең, ақ пейілді, ақ сирақ болу, ақ шалу, ақсауыт, ақ түндер, ақжолтай, т.б.
Сөзжасамдық мағынаның метафоралануы арқылы жасалған атаулар тілімізде көп. Әдетте метафора мәселесі лексикологияның, риториканың, психолин-гвистика мен когнитологияның зерттеу нысаны ретінде қарастырылады. Десек те, метафораланудың нәтижесінде метафоралық мағыналы атау сөз қалыптасады.
Метафора – номинативті атау. Метафоралық сөзжасамдық мағына болмыстағы заттар мен құбылыстардың әртүрлі қасиеттері мен белгілерін атауда кең қолданылады. Бұл танымның жоғары деңгейінде, абстрактылы ойдың жемісінде пайда болатын сөзжасамдық процесс.
Тілдегі жасалған туынды атаулардың бәрі сөзжасамдық тұлғаның негізгі мағынасы арқылы жасала бермейтіні түсінікті. Қазақ танымындағы ұғымдардың бейнелілігі мен көрнекілігі, қасиеттері, сан алуан белгілері – метафоралық сөзжасамдық мағына арқылы көрініс тауып таңбаланады. Мысалы, ақ сүйек, қара шаңырақ, ақ бата, ит көйлек, адал бақан, қара жер, атсалысу, атажұрт, алып ұшу, алып қашу, көксерек, көкжөтел, көңілашар, көзбояушылық, көзжүгірту, көзбайлаушы, көзмайы, көзкөрген, көзтаныс, көз салу, көзтұну, көзтігу, көзі жету т.б. туынды сөздер мағынасының қалыптасуы метафоралық процесс нәтижесінің жемісі.
Метафоралық негізде сөзжасамдық мағынаның қалыптасуының өзіндік жүйесі мен танымдық жолы бар. Атаулардың қалыптасуының когнитивтік белгілері арқылы кей атаулардың қалыптасу кезеңін болжауға болар еді (діни ұғымдардың метафоралануы, кеңес кезеңінде жасалған сөзжасамдық атаулар (қызыл отау, социалистік жарыс, коммунистік партия, қызылдар, еңбекшілер қоғамы), кеңес кезеңінен кейінгі жасалған атаулар (тоқырау жылдар, тоқырау кезеңі, ақтаңдақ, қара базар, т.б.). Сөзжасамдық мағынаның метафоралануы арқылы жасалған туынды сөздер негізінен күрделі сөздер, тұрақты тіркестер.
Сөзжасамдық мағынаның метафоралануы болмыстағы заттар мен құбылыстардың әртүрлі ерекше белгілерінің, қасиеттерінің бірте-бірте анықталуы, ашылуы негізінде сөзжасамдық тұлғаның мағынасына уәжделу арқылы жасалады. Бұл процесс ерекше номинативтік белгілердің:

  1. ұқсастығы;

  2. тектестігі;

  3. салыстырылуы,

  4. іргелестігі;

  5. абстрактылы қабылдануы;

  6. ұғымның байланыстылығы арқылы жасалады.

Туынды сөздің сөзжасамдық мағынасындағы метафоралық мәннің қалыптасуының басты ерекшелігі денотаттық және сигнификаттық мағыналардың ассоциациялануымен байланысты анықталады. Яғни сөзжасамдық метафоралық мағына – ассоциативтік ойлаудың жемісі. Метафоралық қолданыстар көркемдегіш құрал ретінде де бағалана алады. Метафоралық авторлық қолданыстардың көркемдегіш, бейнелеуіш сипаты болатыны айқын. Мұндай жағдайда метафоралар әлі атаулық мәнде орнықпағандықтан, туынды сөз ретінде қабылдана алмайды. Тек авторлық окказионалдық қолданыста жасалған метафоралар ретінде бағаланады. Сөзжасамдық мағына метафораланып, туынды сөз ретінде танылу үшін, ол ұғымды таңбалауымен бірге дайын қалпында қолданылатын атау ретінде қолданыста болуы шарт. Абстрактылы ойдың жемісі ретінде өзінің сигнификаттық және денотаттық мағынасын айқын таңбалап, бейнелілігі көмескіленеді. Айталық, көкжелке, көкжөтел, көкөніс, иткөйлек, жылан көз, жылы жүзді, жылы шырай, зар заман, иманжүзді, көз тігу т.б.
Сөзжасамдық мағынаның метафоралануының нәтижесінде тұрақты тіркестер легі қалыптасқан: ақ жүрек, ұзынқұлақ, жыртысын жырту, бағы жану, бағы қайту, көзі ашық, қолы ашық, шыбын жан, қолы ұзын, қолы қысқа т.б.
Күрделі етістіктер мен құранды етістіктердің сигнификаттық мағыналары да метафоралық қолданыс нәтижесінде пайда болады. Яғни құранды және күрделі етістік құрамындағы сөзжасамдық тұлғалар өзінің негізгі мағынасында емес, ауыспалы, ассоциативті мағынасы арқылы жаңа туынды атау жасайды. Құранды етістіктер: қара көбейту, қара қайыс болу, қара құлақ болу, қара қошқылдану, қара табан болу; таң қалу, ой салу, сөз салу, көз салу, жан салу; бой жасау, күн көру, жарық көру, т.б.
Күрделі етістіктер: қарап қалу, суып қалу, мұздап қалу, ашып кету, тасып кету, сиреп қалу, ойлап қалу, туып қалу, жүдеп қалу, кесіп айту, ашып айту, басып айту, айтып қалу, басып қалу, салып қалу, сасып қалу, жүріп қалу, сезіп қалу, көріп қалу т.б.
Көрсетілген туынды етістіктердің сөзжасамдық мағыналары құрамындағы сөзжасамдық тұлғалардың мағыналары арқылы уәжделгенмен, олардың тура мағынасы арқылы айқындалмай, метафоралық мәнде жұмсалған. Яғни етістіктің сигнификаттық мағынасы ассоциативтік негізде ұқсату, салыстыру, астастыру арқылы жаңа туынды мәнге ұласады. Сөйтіп жаңа сөзжасамдық мағына жасалады. Жаңа сөзжасамдық мағына мен оны құрап, негіздеп тұрған сөзжасамдық тұлғалар арасында семалық айырмашылық бар. Мысалы: кесіп айту туынды сөзінің сигнификаттық мағынасы – белгілі бір жағдай туралы субъектінің өз ойын тура айтуы. Ал сөзжасамдық тұлғалар кез және айт сөзінің мағынасында жекелей алғанда жоғарыдағы сөзжасамдық мағына болмайды. Кес – белгілі нысанды ортасынан не шетінен бөлшекке бөлу, кесу; айт – нысанның белгілі жай туралы пікірін білдіруі, сөйлеуі; демек, кесіп айту сөзінің сөзжасамдық мағынасы өзінше ерекше мағына. Атаудың сөзжасамдық мағынасы құрамындағы сөзжасамдық тұлғалардың негізгі мағынасы арқылы емес, метафоралану арқылы қалыптасқан. Кесіп айту туынды сөзінің нақты мағынасы өзге тұлғалар арқылы беріле алмайды. Осы ұғымның таңбасы тек кесіп айту деген туынды сөз арқылы ғана берілуі мүмкін. Мұның өзі халықтық таным арқылы қалыптасып пайда болған концепт. Кесіп айту сөзінің номинативтік белгісі – бір оқиға не жағдай туралы пікірін тура, тап басып айтуы. Осы номинативтік белгі арқылы туынды сөздің ерекше семасы қалыптасады. Ал сөзжасамдық мағынада сөзжасамдық тұлғалар мағынасымен ортақ сема мен өзек сема сақталады. Тек ерекше семасы өзгеше қалыпқа ие болады. Атаудың сигнификаттық мағынасы құрамындағы сөзжасамдық тұлғалардың семалары арқылы уәжделеді де, өзіндік жаңа екіншілік мағынаға ие болады. Ортақ сема мен өзек сема сөз астарында сақталады. Кез келген туынды етістіктің мағынасы абстрактылы ойдың жемісі болғандықтан, оның сөзжасамдық мағынасын айқындау оңай бола бермейді. Етістіктің сөзжасамдық мағынасының пайда болғандығын айқындау үшін оның семантикалық құрылымына талдау жасау керек. Туынды етістіктің сөзжасамдық мағынасы атаудың номинативтік ерекше белгілері арқылы айқын көрініс табады.
Сонымен, сөзжасамдық мағына сөзжасамдық тұлғалардың семасы арқылы уәжделе келіп, өзіндік ерекше арнайы семаға ие болатын екіншілік жаңа мағына. Сөзжасамдық мағына заттар мен құбылыстардың ерекше белгілері мен қасиеттерін таңбалау үшін халықтық таным арқылы қалыптасады. Ұғымда танылған денотаттың белгісі мен қасиетін таңбалау үшін, туынды сөздер жасаудың қажеттілігі болады. Туынды сөздердің мағынасы – сөзжасамдық мағына делінеді. Сөзжасамдық мағына сөзжасамдық тұлғалардың негізгі не ауыспалы семасы арқылы уәжделе келіп, өзіндік ерекше семаға ие болады. Сөзжасамдық тұлғалардың мағынасы мен сөзжасамдық мағына бір-бірінен ерекше болады. Әйтпесе екіншілік туынды мағына жасала алмайды. Десек те, олар бір-бірінен мүлде бөлек емес. Сөзжасамдық тұлға мен сөзжасамдық мағына арасында ортақ сема мен өзек сема бірлігі, сабақтастығы сақталады. Сөзжасамдық мағына – атаудың номинативтік белгісі арқылы анықталады. Номинативтік белгі – болмыстағы танылған зат не құбылыс белгілерінің, қасиеттерінің ерекше айқын сипаты.
Сөзжасамдық мағына құрамындағы сөзжасамдық тұлғалардың нақты тура мағынасы арқылы да ауыспалы мағынасы арқылы да жасала береді. Мұның өзі халық танымымен, менталитетімен, психологиясымен тығыз байланысты. Туынды сөздің ауыспалы мағына арқылы уәжделуі ассоциативті ойдың жемісі ретінде танылады. Сөзжасамдық мағына екіншілік туынды атаудың мағынасы. Сөзжасамдық мағына мен лексикалық және грамматикалық мағына арасында жақын байланыс, сабақтастық бар. Сөзжасамдық мағына тілдік бірлік ретінде танылып, жаңа атау ретінде лексикалық бірлік ретінде ұғынылып, лексикалық мәнге ие болады. Тек туынды сөздің ғана емес, негіздің де, түбірдің де лексикалық мағынасы болады. Сөзжасамдық мағына кез келген негізде айқын болмайды, көптеген негіз сөздің мағынасы этимологиялық зерттеудің нәтижесінде ғана айқындалатыны шындық; ал түбір сөзде сөзжасамдық мағына болмайды. Сөзжасамдық мағыналы туынды сөз сөйлемде, мәтінде әртүрлі грамматикалық қолданысқа түсіп, грамматикалық категориялық мәнге ие бола алады. Сөзжасамдық мағыналардың бұлайша бір-бірімен ұштасуы, сабақтасуы тілдің жүйелі құрылым болуымен байланысты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   43




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет