18. Заңды тұлғаның тұрған жері дегенді түсіндіріңіз
39-бап. Заңды тұлғаның тұрған жерi
1. Заңды тұлғаның тұрақты жұмыс iстейтiн органы тұрған жер оның тұрған жерi болып танылады.
2. Заңды тұлғаның тұрған жерi оның құрылтай құжаттарында почталық толық мекен-жайы жазылып, көрсетiледi.
3. Үшiншi тұлғалармен қарым-қатынастарда заңды тұлға нақты мекенжайының Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiміне енгiзiлген мекенжайына сәйкес келмейтiнiне сiлтеме жасауға құқылы емес. Бұл ретте, үшiншi тұлғалар заңды тұлғаға почталық және өзге де хат-хабарды Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiне енгiзiлген мекенжайына да, нақты мекенжайына да жіберуге құқылы.
19. Заңды тұлғаның құқық қабілеттілігін көрсетіңіз
35-бап. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi
1. Заңды тұлғаның азаматтық құқықтары болып, өз қызметiне байланысты мiндеттердi осы Кодекске сәйкес мойнына алуы мүмкiн. Мемлекеттiк кәсiпорындарды қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың азаматтық құқықтары болуы және заң актiлерiнде немесе құрылтай құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызмет түрiн жүзеге асыру үшiн қажеттi азаматтық мiндеттердi атқаруы мүмкiн.
Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда белгiлi бiр қызмет түрiн жүзеге асырушы заңды тұлғалар үшiн басқа қызметпен айналысу мүмкiндiгi болмауы немесе шектелуi мүмкiн.
Заңды тұлға тiзбесi заң актiлерiнде белгiленетiн жекелеген қызмет түрлерiмен лицензия негiзiнде ғана айналыса алады.
2. Заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi ол құрылған кезде пайда болады және оны тарату аяқталған кезде тоқтатылады. Айналысу үшiн рұқсат алу қажет болатын қызмет саласында заңды тұлғаның құқық қабiлеттiлiгi осындай рұқсатты алған кезден бастап пайда болады және ол алып қойылған, қолданыс мерзiмi өткен немесе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгiленген тәртiппен жарамсыз деп танылған кезде тоқтатылады.
20. Заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерін көрсетіңіз
43-бап. Заңды тұлғаның филиалдары, өкілдіктері және өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелері
1. Заңды тұлғаның тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның функцияларының бәрiн немесе бiр бөлiгiн, оның iшiнде өкiлдiк функцияларын жүзеге асыратын оқшауланған бөлiмшесi оның филиалы болып табылады.
2. Заңды тұлғаның тұрған жерiнен тыс орналасқан және заңды тұлғаның мүдделерiн қорғауды және өкілдік етуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, оның атынан мәмiлелер мен өзге де құқықтық әрекеттер жасайтын оқшауланған бөлiмшесi оның өкiлдiгі болып табылады.
3. Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлғалар болып табылмайды. Оларға өздерiн құрған заңды тұлға мүлік бөліп береді және олар оның бекiткен ережелері негiзiнде әрекет етеді.
4. Заңдарда белгіленген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғалар өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелер құруға құқылы.
Заңды тұлғаның функцияларының бір бөлігін орындайтын, өзінің орналасқан жері бойынша стационарлық жұмыс орындары жабдықталған аумақтық оқшауланған бөлімше заңды тұлғаның өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі болып танылады. Егер жұмыс орны бір айдан асатын мерзімге құрылса, ол стационарлық жұмыс орны болып есептеледі.
Мемлекеттік мекеменің өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшесі заңдарда тікелей көзделген жағдайларда құрылады.
5. Қоғамдық бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшылары қоғамдық бiрлестiктiң жарғысында және оның филиалы немесе өкiлдiгi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады.
Дiни бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) басшылары дiни бiрлестiктiң жарғысында және оның филиалы немесе өкiлдiгi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады не тағайындалады.
Өзге нысандағы заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң басшыларын заңды тұлғаның уәкiлетті органы тағайындайды және олар оның сенiмхаты негiзiнде әрекет етеді.
21. Шаруашылық серіктестік ұғымы және түрлерін көрсетіңіз
: 58-бап. Шаруашылық серiктестiк туралы негiзгi ережелер
1. Жарғылық капиталы құрылтайшылардың (қатысушылардың) үлесiне (салымдарына) бөлiнген коммерциялық ұйым шаруашылық серiктестiк деп танылады. Құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдары есебiнен құрылған, сондай-ақ шаруашылық серiктестiк өз қызметi үрдiсiнде өндiрген және алған мүлiк меншiк құқығы бойынша серiктестiкке тиесiлi болады.
2. Шаруашылық серiктестiктер толық серiктестiк, сенiм серiктестiгi, жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiк, қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiк нысандарында құрылуы мүмкiн.
3. Толық және сенiм серiктестiгiнен басқа, шаруашылық cepіктестікті бiр тұлға құра алады, ол оның жалғыз қатысушысы болады.
Толық серiктестiктiң қатысушылары және сенiм серiктестiгiндегi толық серiктер азаматтар ғана бола алады.
4. Құрылтай шарты мен жарғы шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаттары болып табылады.
Жарғы бiр адам (бiр қатысушы) құрған шаруашылық серiктестiктiң құрылтай құжаты болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |