заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерінен тұрады.
2. Еңбекті қорғау, экологиялық қауіпсіздік, ғарыш кеңістігін пайдалану, химиялық және ядролық қаруды жою, оқ-дәрілерді пайдалану және кәдеге жарату кезіндегі қауіпсіздік, автомобиль жолдарымен және теміржолдармен жүру қауіпсіздігі, ішкі су көлігі жүрісінің қауіпсіздігі, энергетика объектілерінің қауіпсіздігі, әуе көлігінің ұшу қауіпсіздігі, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігі, сондай-ақ әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы құқықтық реттеу Қазақстан Республикасының арнайы заңнамасымен жүзеге асырылады.
3. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
2-тарау. АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУДЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЖҮЙЕСІ
3-бап. Азаматтық қорғаудың негізгі міндеттері мен
қағидаттары
1. Азаматтық қорғаудың негізгі міндеттері:
1) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою;
2) төтенше жағдайлар туындаған кезде бейбіт уақытта және соғыс уақытында авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу арқылы адамдарды құтқару және эвакуациялау;
3) азаматтық қорғау күштерін құру, оларды даярлау және ұдайы әзірлікте ұстап тұру;
4) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың мамандарын даярлау және халықты оқыту;
5) қорғаныш құрылыстарының қажетті қорын, жеке қорғану құралдарының запастарын және азаматтық қорғаныстың басқа да мүлкін жинақтау және әзірлікте ұстап тұру;
6) төтенше жағдай туындау қатері туралы болжам болған кезде күні бұрын және (немесе) төтенше жағдай туындаған кезде жедел халыққа, азаматтық қорғаудың басқару органдарына хабар беру және құлақтандыру;
7) азық-түлікті, су көздерін (шаруашылық-ауыз су мақсаттары үшін су жинау орындарын), тағамдық шикізатты, жемді, жануарлар мен өсімдіктерді радиоактивтік, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) зарарланудан, эпизоотиядан және эпифитотиядан қорғау;
8) өнеркәсіптік қауіпсіздік пен өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
9) құлақтандыру және байланыс жүйелерін құру, дамыту және ұдайы әзірлікте ұстап тұру;
10) қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың қауіпті факторларының әсер етуін азайту немесе оларды жою жөніндегі іс-шараларға мониторинг жүргізу, оны әзірлеу және іске асыру;
11) мемлекеттік резервті қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Азаматтық қорғаудың негізгі қағидаттары:
1) аумақтық-салалық қағидат бойынша азаматтық қорғау жүйесін ұйымдастыру;
2) төтенше жағдайлардан азаматтар мен қоғамға төнген қатерді және нұқсанды барынша азайту;
3) азаматтық қорғау күштері мен құралдарының төтенше жағдайларға жедел ден қоюға, азаматтық қорғанысқа және авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге ұдайы әзірлігі;
4) жариялылық және халық пен ұйымдарға болжанып отырған және туындаған төтенше жағдайлар, олардың салдарларын жоюды қоса алғанда, олардың алдын алу және жою жөнiнде қолданылған шаралар туралы хабар беру;
5) авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезіндегі ақталған тәуекел және қауіпсіздікті қамтамасыз ету болып табылады.
4-бап. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі
1. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі аумақтық және салалық кіші жүйелерден тұрады.
Аумақтық кіші жүйелер облыстық, қалалық және аудандық деңгейлерде өздерінің аумақтары шегінде төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою, азаматтық қорғаныс іс-шараларын орындау үшін құрылады және осы аумақтардың әкімшілік-аумақтық бөлінуіне сәйкес келетін буындарынан тұрады.
Салалық кіші жүйелерді орталық атқарушы органдар өз құзыреті шегінде азаматтық қорғау іс-шараларын орындау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін құрады.
2. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің үш деңгейі бар: республикалық, аумақтық және объектілік. Объектілік деңгейді қоспағанда, әрбір деңгейге:
азаматтық қорғаудың басқару органдары;
басқару пункттері, жедел-кезекшілік қызметтер;
консультациялық-кеңесші органдар – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар;
азаматтық қорғаудың күштері мен құралдары;
байланыс, құлақтандыру және ақпараттық қамтамасыз ету жүйелері кіреді.
3. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесіне басшылықты:
1) республикалық деңгейде – Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) аумақтық деңгейде – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдері;
3) объектілік деңгейде – ұйымдардың басшылары;
4) салалық кіші жүйелерде – орталық атқарушы органдардың басшылары жүзеге асырады.
4. Азаматтық қорғаудың басқару органдары:
1) республикалық деңгейде:
уәкілетті орган;
салалық кіші жүйелерде Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары;
2) аумақтық деңгейде:
жергілікті атқарушы органдар;
уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері;
салалық кіші жүйелерде Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының аумақтық бөлімшелері;
3) объектілік деңгейде – ұйым басшылары болып табылады.
5. Азаматтық қорғау жүйесінде мемлекеттік басқару азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің барлық деңгейлерін тарту арқылы жүзеге асырылады.
Бейбіт уақытта азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің мынадай жұмыс істеу режимдері белгіленеді:
1) күнделікті қызмет режимі – төтенше жағдайлардың туындау қатерінің болмауымен сипатталатын, ведомстволық бағынысты аумақта азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің, оның аумақтық және салалық кіші жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі.
Күнделікті қызмет режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдары мынадай іс-шаралар жүргізеді:
төтенше жағдайларды болжау;
халықты, объектілерді және аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау туралы ақпарат жинау, өңдеу және алмасу;
төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын әзірлеу;
төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі шараларды әзірлеу және іске асыру;
азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің іс-қимылдарын жоспарлау, дайындығын ұйымдастыру және олардың қызметін қамтамасыз ету;
халықты төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарға дайындау;
азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттау;
төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою үшін материалдық ресурстардың резервтерін құру, орналастыру, сақтау және орнын толтыру;
өз өкілеттіктері шегінде азаматтық қорғау саласында мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүргізу;
2) жоғары әзірлік режимі – төтенше жағдайлардың туындау қатері төнген кезде енгізілетін азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің, оның жекелеген кіші жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі.
Жоғары әзірлік режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдары мынадай іс-шараларды жүргізеді:
төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының туындауын болжау;
төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын түзету;
қажет болған кезде азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің басшылары мен лауазымды адамдарының басқару пункттерінде тәулік бойы кезекшілік етуін енгізу;
болжанатын төтенше жағдайлар туралы деректерді жинау, өңдеу және азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштеріне беру, мемлекеттік органдар мен халыққа олардан қорғану тәсілдері туралы хабар беру;
төтенше жағдайлар туындауының алдын алу және оларды жою, олар туындаған жағдайда нұқсан мен шығындар мөлшерін азайту, сондай-ақ төтенше жағдайларда объектілердің жұмыс істеу орнықтылығы мен қауіпсіздігін арттыру жөнінде жедел шаралар қолдану;
төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою үшін құрылған материалдық ресурстардың қажетті резервтерінің орнын толтыру;
қажет болған кезде эвакуациялау іс-шараларын жүргізу;
3) төтенше жағдай режимі – төтенше жағдай туындаған кезде және оны жою кезінде енгізілетін, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің, оның жекелеген кіші жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі.
Төтенше жағдай режимінде азаматтық қорғаудың басқару органдары мынадай іс-шараларды жүргізеді:
төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын қолданысқа енгізу (іске асыру, орындау) және оларды түзету;
туындаған төтенше жағдайлардың өршуін және олардың салдарларын болжау;
орталық және жергілікті атқарушы органдар, ұйымдар басшыларын, сондай-ақ халықты төтенше жағдайлардың туындауы және олардың салдарлары туралы құлақтандыру;
төтенше жағдайларды жою, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының іс-қимылдарын жан-жақты қамтамасыз ету, оларды жүргізу барысында қоғамдық тәртіпті ұстап тұру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың күштері мен құралдарын, қоғамдық бірлестіктер мен халықты туындаған төтенше жағдайларды жоюға тарту жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
төтенше жағдай аймағындағы жағдай мен оны жою жөніндегі жұмыстардың жүргізілу барысы туралы ақпарат жинау, талдау және алмасу;
орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыру және қолдау;
төтенше жағдайларда халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүргізу.
5-бап. Азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі
1. Азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі:
1) республикалық деңгейде – Қазақстан Республикасының аумағын қамти отырып, республикалық құлақтандыру жүйесі;
2) аумақтық деңгейде – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумақтарын қамти отырып, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құлақтандыру жүйесі;
3) объектілік деңгейде – адамдар жаппай болатын объектінің, қауіпті өндірістік объектінің аумағын және төтенше жағдай таралатын есепті аймаққа жататын халықты қамти отырып, жергілікті құлақтандыру жүйесі ұйымдастырылады.
2. Республикалық құлақтандыру жүйесі:
1) Қазақстан Республикасының халқына;
2) азаматтық қорғаудың басқару органдарына;
3) азаматтық қорғаудың күштеріне;
4) уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне құлақтандыру сигналдарын және ақпаратты жеткізуді қамтамасыз етеді.
Республикалық құлақтандыру жүйесін ұдайы әзірлікте ұстап тұруды уәкілетті орган қамтамасыз етеді.
3. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құлақтандыру жүйесі:
1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің өкімі бойынша облыс (облыс аумағының бір бөлігі), республикалық маңызы бар қала, астана халқына не аудан, облыстық маңызы бар қала, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ халқына;
2) жергілікті атқарушы органдарға және өзге де мемлекеттік органдарға;
3) шұғыл және авариялық қызметтерге;
4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы азаматтық қорғау күштеріне құлақтандыру сигналдарын және ақпаратты жеткізуді қамтамасыз етеді.
Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құлақтандыру жүйесін ұдайы әзірлікте ұстап тұруды уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі қамтамасыз етеді.
4. Жергілікті құлақтандыру жүйесі:
1) төтенше жағдай таралатын есепті аймаққа жататын халыққа;
2) қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйым жұмыскерлеріне;
3) адамдар жаппай болатын объектінің аумағындағы жеке тұлғаларға;
4) қауіпті өндірістік объектілерге қызмет көрсететін авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарына;
5) төтенше жағдай таралатын есепті аймақта орналасқан заңды тұлғалардың басшыларына және кезекшілік-диспетчерлік қызметтеріне құлақтандыру сигналдарын және ақпаратты жеткізуді қамтамасыз етеді.
Жергілікті құлақтандыру жүйесін ұдайы әзірлікте ұстап тұруды адамдар жаппай болатын объектіні, қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын заңды тұлға қамтамасыз етеді.
5. Құлақтандыру жүйесін іске қосуға өкімді:
республикалық деңгейде – жаһандық ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бастығы – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайлар, республикалық құлақтандыру жүйесін техникалық тексеру және азаматтық қорғау бойынша республикалық оқу-жаттығуларды өткізу кезінде – уәкілетті органның басшысы;
аумақтық деңгейде – жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің халқын құлақтандыру үшін – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі не төмен тұрған әкім, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құлақтандыру жүйесін техникалық тексеру және азаматтық қорғау бойынша оқу-жаттығулар өткізу кезінде – уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің басшысы;
объектілік деңгейде – адамдар жаппай болатын объектіні, қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымның басшысы немесе ол уәкілеттік берген тұлға береді.
6. «Баршаның назарына!» құлақтандыру сигналы іске қосылған кезде құлақтандыру жүйесі халыққа төтенше жағдайдың туындау қатері немесе туындауы туралы және қалыптасқан жағдайда адамдардың әрекет ету тәртібі туралы ақпаратты бір уақытта және бірнеше рет қайталап жеткізуді қамтамасыз етуге тиіс.
7. Республикалық және аумақтық деңгейде құлақтандыру жүйесін құру және пайдалану жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.
Жергілікті құлақтандыру жүйесін құру және пайдалану жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру адамдар жаппай болатын объектіні, қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын заңды тұлғаның қаражаты есебінен жүргізіледі.
6-бап. Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметі
1. Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметі уәкілетті органның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы, аудандағы, облыстық маңызы бар қаладағы аумақтық бөлімшелерінде құрылады.
2. Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметін қалыптастыруды, дамытуды және оның жұмыс істеуін уәкілетті орган қамтамасыз етеді.
3. Мемлекеттік органдар, оның ішінде олардың аумақтық бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар, адамдар жаппай болатын объектілерді, қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын заңды тұлғалар ақпараттық-коммуникациялық желілер мен автоматтандырылған мониторинг жүйелерінің бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметімен өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастырады.
4. Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметінің өз құзыреті шегінде авариялық және шұғыл қызметтердің, байланыс операторларының, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау қызметтерінің дерекқорларында бар ақпаратты пайдалануға құқығы бар.
5. Жеке және заңды тұлғалардан хабарламаларын қабылдауды және өңдеуді қамтамасыз ету мақсатында «112» бірыңғай телефон нөмірі жұмыс істейді.
6. Байланыс операторлары төтенше жағдайлар қатері төнген немесе туындаған кезде қоңырау шалушы абоненттің тұрған жерін анықтау және халықтың ұялы байланыс телефондарына қысқаша мәтіндік хабарламалар жіберу бойынша көрсетілетін қызметтерді бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметіне өтеусіз негізде ұсынуға міндетті.
7-бап. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою
жөніндегі комиссиялар
1. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесіндегі консультациялық-кеңесші органдар болып табылады және азаматтық қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясат қалыптастыру және жүргізу жөнінде ұсыныстар әзірлеу мақсатында құрылады.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің республикалық және аумақтық деңгейлерінде құрылады.
2. Республикалық деңгейде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылады.
3. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия өз өкілеттіктерін орталық және жергілікті атқарушы органдармен, ұйымдармен, қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырады.
4. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның негізгі міндеттері:
1) азаматтық қорғауды дамытудың және одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттары;
2) азаматтық қорғау саласында құқықтық, экономикалық, ұйымдық-техникалық және өзге де шаралар жүйесін қалыптастыру;
3) азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарын құру және дамыту;
4) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, авариялар, апаттар, дүлей және өзге де зілзалалар салдарынан зардап шеккен азаматтарды, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға қатысқан адамдарды әлеуметтік-экономикалық және құқықтық қорғау, медициналық оңалту мәселелері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметтерін үйлестіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
5. Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның:
1) орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ғылыми ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің азаматтық қорғау саласындағы іс-қимылдарын үйлестіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
2) азаматтық қорғау саласындағы іс-шараларға қатысты мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың басшылары мен лауазымды адамдарын тыңдауға;
3) орталық және жергілікті атқарушы органдардан, ұйымдардан өз жұмысына қажетті олардың қызметі туралы ақпаратты сұратуға;
4) орталық және жергілікті атқарушы органдардың азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды орындауына талдау жүргізуге;
5) азаматтық қорғау мәселелері бойынша талдамалық, сараптамалық және басқа да жұмыстарды орындау үшін ұйымдардың мамандарын (олардың басшыларымен келісу бойынша) тартуға;
6) Қазақстан Республикасының Премьер-Министріне табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін бекітілген нормалар негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы ұсыныс енгізуге құқығы бар.
6. Аумақтық деңгейде жергілікті атқарушы органдардың шешімдерімен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялар құрылады, олар өз қызметін оларды құру туралы шешімдермен айқындалатын өкілеттіктер мен міндеттерге сәйкес жүзеге асырады.
Жергілікті атқарушы органдардың басшылары – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиялардың төрағалары, уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия төрағаларының орынбасарлары болып табылады.
8-бап. Азаматтық қорғау қызметтері және эвакуациялық
органдар
1. Азаматтық қорғаудың арнайы іс-шараларын орындауды қамтамасыз ету және осы мақсаттарда күштер мен құралдарды дайындау үшін республикалық, облыстық, қалалық, аудандық азаматтық қорғау қызметтері құрылады.
2. Республикалық азаматтық қорғау қызметтерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйелерінің азаматтық қорғау қызметтері тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімдерімен құрылады.
4. Эвакуациялық іс-шараларды орындауды ұйымдастыру мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдарда, азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған ұйымдарда эвакуациялық органдар құрылады.
9-бап. Азаматтық қорғау құралымдары
1. Азаматтық қорғау құралымдары бейбіт уақытта және соғыс уақытында авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге арналған.
2. Азаматтық қорғау құралымдары орталық және жергілікті атқарушы органдарда, ұйымдарда құрылады.
3. Азаматтық қорғау құралымдарына бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектерді, жүкті әйелдерді, сегіз жасқа дейінгі жастағы балалары бар әйелдерді және соғыс уақытында – жұмылдыру нұсқаулары бар әскери міндеттілерді қоспағанда, еңбекке қабілетті еркектер мен әйелдер қабылданады.
10-бап. Уәкілетті органның білім беру ұйымдары
1. Уәкілетті органның білім беру ұйымдары уәкілетті органмен келісу бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын мамандықтар бойынша жоғары білімі бар мамандарды даярлау мақсатында, сондай-ақ азаматтық қорғау саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында құрылады.
2. Уәкілетті органның білім беру ұйымдарының басты міндеттері:
1) азаматтық қорғау саласындағы мамандарды даярлау;
2) азаматтық қорғау саласындағы мамандардың кәсіби өсуі және біліктіліктерін арттыру үшін жағдайлар жасау;
3) мамандар даярлау бейініне сәйкес қызметті жетілдірудің өзекті проблемалары бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, зерттеулердің алынған нәтижелерін оқу процесі мен практикаға енгізу болып табылады.
3-тарау. АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ
11-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң азаматтық
қорғау саласындағы құзыретi
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi бағыттарын, оны жүзеге асыру жөніндегі стратегиялық және тактикалық шараларды әзiрлейдi;
2) мемлекеттік резервті құрады;
3) жалпы басшылықты жүзеге асырады және мемлекеттік резервті дамытудың бірыңғай саясатын айқындайды;
4) Қазақстан Республикасының аумағындағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға, сондай-ақ басқа да мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсетуге Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервiнен қаражат бөледi;
5) азаматтық қорғау саласындағы техникалық регламенттерді бекітеді;
6) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың сыныптамасын белгілейді;
7) азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру және оның қызметі қағидаларын бекітеді;
8) бейбіт уақытта және соғыс уақытында төтенше жағдайлар кезінде азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесін ұйымдастыру қағидаларын және халықты, мемлекеттік органдарды құлақтандыру қағидаларын бекітеді;
9) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасын және сақтау көлемін бекітеді;
10) азаматтық қорғаныс мүлкін сатып алу, құру және пайдалану қағидаларын бекітеді;
11) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттерінің тізбесін бекітеді;
12) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарымен операциялар жүргізу қағидаларын бекітеді;
13) қауіпті өндірістік объектілерді иеленетін және (немесе) пайдаланатын ұйымдардың, кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қызмет көрсету қағидаларын бекітеді;
14) су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларын бекітеді;
15) өрт қауіпсіздігі қағидаларын бекітеді;
16) өнеркәсіп салаларының қауіпті өндірістік объектілері үшін, сондай-ақ атом энергиясын пайдалануға, магистральдық құбырлар мен қауіпті техникалық құрылғыларды пайдалануға байланысты қызмет түрлері үшін, оларға қойылатын өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын белгілейтін, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді;
17) қауіпті өндірістік объектілерді сәйкестендіру қағидаларын бекітеді;
18) қауіпті өндірістік объектілерді декларацияланатын объектілерге жатқызу критерийлерін айқындайтын қағидаларды және қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын әзірлеу қағидаларын бекітеді;
19) қауіпті өндірістік объекті қауіптілігінің жалпы деңгейін айқындау қағидаларын бекітеді;
20) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;
21) азаматтық қорғау құралымдарын құру, ұстау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, дайындау және тарту қағидаларын бекітеді;
22) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды мемлекеттік есепке алуды жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;
23) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын есептен шығару және кәдеге жарату (жою) қағидаларын бекітеді;
24) республикалық азаматтық қорғау қызметтерінің тізбесін бекітеді;
25) міндетті түрде мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет құрылатын ұйымдар мен объектілердің тізбесін бекітеді;
26) төтенше жағдай аймағындағы халықтың ең төменгі тіршілігін қамтамасыз ету нормаларын бекітеді;
27) құтқарушыларды кезекшілікте болған кезде, сондай-ақ авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезеңінде кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын ұстауға бөлінетін қаражат есебінен шығыстарын төлей отырып, тамақ өнімдерімен қамтамасыз ету нормаларын бекітеді;
28) азаматтық қорғаныс іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекітеді;
29) азаматтық қорғауды бейбіт жағдайдан соғыс жағдайына көшіру, эвакуациялық іс-шараларды жүргізу қағидаларын бекітеді;
30) бейбіт уақытта азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін қолдану қағидаларын бекітеді;
31) азаматтық қорғаныс объектілерін құру және пайдалану қағидаларын бекітеді;
32) мемлекеттiк резервтiң материалдық құндылықтарын сақтау пункттеріне шығындарды өтеу, сондай-ақ мемлекеттiк резервтiң төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою, нарыққа реттеушiлiк ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету үшiн пайдаланылған материалдық құндылықтары үшiн шығындарды өтеу қағидаларын бекітеді;
33) мемлекеттік резервтің дебиторлық берешегін есептен шығару қағидаларын бекітеді;
34) жаңарту және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығару қағидаларын бекітеді;
35) еңбек сіңірген жылдарына пайыздық үстемеақылар төлеу үшін кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары құтқарушыларының өтілін есептеу қағидаларын бекітеді;
36) авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары құтқарушыларының сыныптылығына үстемеақылар төлеу қағидаларын бекітеді;
37) халыққа және азаматтық қорғау саласындағы мамандарға хабар беру, білімді насихаттау, оқыту қағидаларын бекітеді;
38) нарыққа реттеушiлiк ықпал ету үшін мемлекеттiк резервтi пайдаланған жағдайда, сауда қызметiнің субъектiлерi – материалдық құндылықтарды алушылардың тiзбесiн, сауда үстемеақысының көлемiн, бағасын және мөлшерiн бекітеді;
39) ірі ауқымды авариялар, апаттар мен дүлей зілзалалар кезінде авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін азаматтық қорғаныстың жекелеген әскери бөлімдерін өрістету туралы шешім қабылдайды;
40) республикалық және аумақтық кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын басқа жерге орын ауыстыру, авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстардың басқа түріне қайта бейіндеу немесе тарату туралы шешім қабылдайды;
41) Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тыс жердегі төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жоюға кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын тарту туралы шешім қабылдайды;
42) төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды қолдану үшін материалдық құндылықтарды шығару жағдайларын қоспағанда, қарызға беру және броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын шығару туралы шешім қабылдайды;
43) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтауға арналған объектілерді орналастыру және салу жөнінде шешімдер қабылдайды;
44) жаңартуға жататын мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын басқа мемлекеттік органдардың балансына беру туралы шешім қабылдайды;
45) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының орнын ауыстыру туралы шешім қабылдайды;
46) мемлекеттік резервке бюджет қаражаты есебінен белгіленген көлемдерден тыс материалдық құндылықтарды қосымша салу туралы шешім қабылдайды;
47) төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, зілзалаларды, апаттарды тергеп-тексеру қағидаларын бекітеді;
48) адамдарды құтқару үшін және аса қажет болған жағдайда төтенше жағдайлар аймағындағы ұйымдардың байланыс, көлік құралдарын, мүлкі мен өзге де материалдық құралдарын пайдалану тәртібін белгілейді;
49) авариялық-құтқару қызметтерін, құралымдарын және құтқарушыларды, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді аттестаттау және қайта аттестаттау қағидаларын бекітеді;
50) авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарына қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;
51) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерге қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;
52) медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидаларын бекітеді;
53) жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өртке қарсы бекеттер құру, оларды материалдық-техникалық жарақтандыру қағидаларын бекітеді;
54) дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрттерді сөндіру қағидаларын бекітеді;
55) кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін жарақтандыру және кинологиялық қызметтерді қамтамасыз ету нормаларын белгілейді;
56) мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің нысанды киім мен арнайы киім-кешек үлгілерін және тиесілік нормаларын белгілейді;
57) уәкілетті органның білім беру ұйымдарының курсанттарын тамақпен қамтамасыз ету жөніндегі нормаларды белгілейді;
58) мемлекеттік өртке қарсы қызмет өрттерден қорғайтын аса маңызды мемлекеттік меншік объектілерінің тізбесін бекітеді;
59) уәкілетті органның жедел резервінің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен көлемін айқындайды;
60) Қазақстан Республикасының аумағында кезекшілік-диспетчерлік қызметтердің қызметін үйлестіру қағидаларын және бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметінің өкілеттіктерін бекітеді;
61) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды бекітеді;
62) табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу қағидаларын бекітеді;
63) жаһандық және өңірлік ауқымдардағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын бекітеді;
64) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының бар-жоғы және қозғалысы туралы есептерді дайындау және ұсыну қағидаларын бекітеді;
65) қажет болған кезде шет мемлекетке, халықаралық ұйымға Қазақстан Республикасының аумағындағы төтенше жағдайды жоюға көмек көрсетуге өтініш білдіреді;
66) сүңгуірлік жұмыстарын жүргізу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын бекітеді;
67) мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің саны нормативтерін бекітеді;
68) жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беру қағидаларын бекітеді;
69) өзіне Конституциямен, осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де функцияларды орындайды.
12-бап. Уәкілетті орган
1. Уәкілетті орган мынадай өкілеттіктерді жүзеге асырады:
1) азаматтық қорғау іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу кезінде азаматтық қорғау күштеріне басшылық етеді;
2) өз құзыреті шегінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдар мен азаматтардың орындауы үшін міндетті азаматтық қорғанысты дайындау және жүргізу мәселелері бойынша шешімдер қабылдайды;
3) уәкілетті органның жедел резервінің материалдық құралдарын бөледі және пайдаланады;
4) уәкілетті органның жедел резервінің материалдық құндылықтарымен операция жүргізу, олардың орнын ауыстыру, пайдалану, толықтыру қағидаларын бекітеді;
5) уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің, азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің және мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің жауынгерлік және жұмылдыру әзірлігін қамтамасыз етеді;
6) өз құзыреті шегінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерін және әскери қызметшілерді қызметке қабылдауды, қызмет бойынша ауыстыруды, қызметтен шығаруды, әскери және арнайы атақтар беру мәселелерін шешуді жүзеге асырады;
7) ведомстволық наградалармен наградтайды және мемлекеттік наградалармен наградтауға ұсынады;
8) мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен сақтау көлемдері жөнінде ұсыныстар әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге енгізеді;
9) Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын қалыптастыру және сақтау кезіндегі шығыстардың көлемі, құрылымы жөнінде ұсыныстар енгізеді;
10) мемлекеттік резервке материалдық құндылықтарды қоюға тапсырыстарды орналастырады;
11) халыққа, азаматтық қорғаудың басқару органдарына төтенше жағдайдың туындау қатері туралы болжам болған кезде күні бұрын және (немесе) төтенше жағдай туындаған кезде жедел хабар беруді және оларды құлақтандыруды қамтамасыз етеді;
12) авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстар жүргізуді жүзеге асырады;
13) азаматтық қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
14) мемлекеттік резерв жүйесін басқаруды жүзеге асырады, мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын орналастыру, сақтау, орнын ауыстыру, жаңарту және нысаналы пайдалану кезінде осы Заңның және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтауды қамтамасыз етеді;
15) мемлекеттік резерв жүйесінің материалдық құндылықтарын сақтауды және жаңартуды ұйымдастырады;
16) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған мұнай өнімдерін беру жөніндегі бірыңғай оператордан мұнай өнімдерін сатып алады, оның ішінде мемлекеттік резервке сатып алады;
17) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттерінде сақталатын материалдық құндылықтарды түгендеуді жүзеге асырады, түгендеуді жүргізуге тиісті мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары мен мамандарын тартады;
18) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарымен жүргізілетін операцияларға қатысушылармен жасасылған шарттардан туындайтын талаптар бойынша борыш пен тұрақсыздық айыбын өндіріп алу жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады;
19) өз өкілеттіктері шегінде өрттерге байланысты қылмыстар туралы істер бойынша анықтау жүргізуді жүзеге асырады;
20) өртке қарсы қызметтердің қызметін үйлестіреді;
21) өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
22) азаматтық қорғаныс саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
23) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырады;
24) азаматтық қорғау саласында ғылыми зерттеулерді, білімді насихаттауды, халықты және мамандарды оқытуды ұйымдастырады;
25) елді мекендердегі және объектілердегі өрт сөндіру бөлімшелерінің өртке қарсы күреске әзірлігін бақылауды жүзеге асырады;
26) азаматтық қорғаныс жоспарларының және төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларының құрылымын айқындайды;
27) Қазақстан Республикасының, облыстардың, қалалардың, аудандардың азаматтық қорғаныс жоспарларын әзірлейді және оларды тиісті азаматтық қорғаныс бастықтарына бекітуге ұсынады;
28) жаһандық және өңірлік ауқымдардағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларын әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсынады;
29) азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерін дайындау жөнінде іс-шаралар жоспарын әзірлейді және бекітеді;
30) азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті айқындайды;
31) азаматтық қорғаныс мүлкін сақтау, есепке алу, есептен шығару және кәдеге жарату қағидаларын бекітеді;
32) азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын есепке қою және есептен шығару қағидаларын бекітеді;
33) авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын тіркеу қағидаларын бекітеді;
34) өз құзыреті шегінде азаматтық қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің, нормативтік актілер мен стандарттардың жобаларын әзірлейді, бекітеді және келіседі;
35) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, міндетті ведомстволық есептіліктің, тексеру парақтарының нысандарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін, тексеру жүргізудің жартыжылдық жоспарларын әзірлейді және бекітеді;
36) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің мамандарын даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі өрт қауіпсіздігі саласындағы мамандандырылған оқу орталықтарына қойылатын біліктілік талаптарын бекітеді;
37) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің мамандарын арнайы даярлау бойынша оқыту курстарының бағдарламасын бекітеді;
38) азаматтық қорғаныстың инженерлік-техникалық іс-шараларының көлемі мен мазмұнын бекітеді;
39) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау нормативтерін бекітеді;
40) авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқарушыларын даярлау бағдарламаларын бекітеді;
41) ерікті өрт сөндірушілерді бастапқы даярлаудың оқу бағдарламасын бекітеді;
42) төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстар туындаған кезде немесе осы қақтығыстар салдарынан қорғану тәсілдері мен іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің басшыларын, мамандарын даярлаудың, халықты оқытудың оқу бағдарламасын бекітеді;
43) республикалық азаматтық қорғау қызметтері туралы ережені бекітеді;
44) ұйымдардың жұмыскерлері мен халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту тәртібін және өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту жөніндегі оқу бағдарламаларының мазмұнына қойылатын талаптарды бекітеді;
45) жаңарту тәртібімен мемлекеттік резерв жүйесінің материалдық құндылықтарын шығару туралы, сондай-ақ броньнан шығару тәртібімен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнінде шаралар қолдану үшін мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын шығару туралы шешім қабылдайды;
46) Қазақстан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарының орнын ауыстыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
47) мемлекеттік резерв номенклатурасын толықтыру мақсатында жұмылдыру резервінің броньнан шығарылған материалдық құндылықтарының орнын ауыстыру туралы шешім қабылдайды;
48) объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын құру, орнын ауыстыру, қайта бейіндеу немесе тарату туралы ұйымдар басшылығының шешімдерін келіседі;
49) жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органмен және Қорғаныс министрлігімен келісу бойынша мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау пункттерінің тізбесін әзірлейді;
50) азаматтық қорғау күштерінің қызметін қамтамасыз етеді;
51) мемлекеттік резервтің материалдық құндылықтарын сақтау және пайдалану тәртібінің бұзылуына кінәлі тұлғаларды жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін құқық қорғау органдарына түгендеу материалдарын жібереді;
52) Қазақстан Республикасының Үкіметіне төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою үшін мемлекеттік және жұмылдыру резервтерінің құрамындағы қолда бар материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да ресурстар запастарын пайдалану туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен бөлінетін қаражатты пайдалану туралы ұсыныстар енгізеді;
53) өз құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, аварияларды тергеп-тексеруді ұйымдастырады және жүргізеді;
54) төтенше жағдайларды жою кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұйымдардың материалдық-техникалық ресурстарын жұмылдырады;
55) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына заңды тұлғаларды аттестаттауды жүргізеді;
56) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді ұйымдардағы, елді мекендердегі және объектілердегі өрттердің алдын алу және сөндіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттауды жүргізеді;
57) азаматтық қорғау саласында мемлекеттік есепке алуды жүргізеді;
58) азаматтық қорғау органдарының және уәкілетті органға ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері мен өзге де жұмыскерлері үшін арнайы нысанды киім үлгілерін белгілейді;
59) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды, қауіпті техникалық құрылғыларды қолдануға рұқсат береді;
60) жарылғыш заттар мен олардың негізінде жасалған бұйымдарды ұдайы қолдануға, жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат береді;
61) мемлекеттік инспекторға қызметтік куәлік, омырауға тағатын белгі, нөмірлік мөртабан мен пломбир беру қағидаларын бекітеді;
62) мемлекеттік инспектордың қызметтік куәлігінің, омырауға тағатын белгісінің, нөмірлік мөртабан мен пломбирдің үлгілерін белгілейді;
63) мемлекеттік инспекторлар актілерінің нысандарын бекітеді;
64) елді мекендер мен аса маңызды мемлекеттік меншік объектілерінің аумақтарын өрттерден қорғауды қамтамасыз етеді;
65) қауіпті өндірістік объектілерді салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, жаңғыртуға, консервациялауға және жоюға жобалық құжаттаманы келіседі;
66) қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттерін құруды қамтамасыз етеді;
67) азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің корпоративтік ақпараттық-коммуникациялық жүйесінің, ахуалдық-дағдарыс орталықтарының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
68) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша құтқарушылардың денсаулық жағдайының сай келуіне және оларды медициналық куәландырудан өткізуге қойылатын талаптарды бекітеді;
69) төтенше жағдайлар аймағындағы халықтың ең төменгі тіршілігін қамтамасыз ету нормаларын әзірлейді;
70) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою кезінде халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөледі;
71) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
2. Уәкілетті органның жалауы мен нышаны болады.
Уәкілетті органның жалауы мен нышанының сипатын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
13-бап. Орталық атқарушы органдардың азаматтық қорғау
Достарыңызбен бөлісу: |