ҚАҒИДАТТАРЫ МЕН ЖАЛПЫ ТӘСІЛДЕРІ 1. Жастар саясатын іске асырудың базалық қағидаттары Жалпы ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейлерде мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мынадай қағидаттарға негізделеді: 1) жастар саясатын әзірлеу мен іске асыру кешенділігі; 2) салааралық өзара іс-қимыл жасау және әлеуметтік нәтижеге қол жеткізу үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігері мен ресурстарын жұмылдыру; 3) біркелкілік, атаулы және барлық нысаналы топтарды жаппай қамту; 4) жүйелі басқарушылық шешімдер қабылдау үшін жүріп жатқан үрдістердің мониторингі мен диагностикасының озық әдістерін енгізу; 5) іске асырылатын бағдарламаларды нысаналы ақпараттық сүйемелдеу. 2. Жастар саясатын іске асырудың негізі бағыттары Ескерту. 2-кіші бөлімнің орыс тіліндегі мәтініне өзгерістер енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді - ҚР Үкіметінің 08.06.2017 № 350 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). Қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету Білім мемлекеттің экономикалық қорын шешетін өндірістің түйінді факторы ретінде қарастырылады. Басты құзыреттер жүйесін меңгеруге бағытталған сапалы білім беру, функционалды сауаттылық, кәсібиліктің жоғары деңгейі жастарға бәсекеге қабілетті болуға және еңбек нарығында қажетті болуға мүмкіндік береді. Қазақстан "білім – ғылым – инновация" сияқты үштік басқаратын индустриядан кейінгі әлемге аяқ басқан бүгінгі таңда білім мен кәсіпқойлық үшінші мыңжылдыққа апарар жол болып табылатыны сөзсіз. Осыған байланысты кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі сапалы жаңғыртуды талап етеді, әрі ол нарық қажеттіліктері мен әртараптандырылған экономиканы егжей-тегжейлі есепке алуға бағытталуы тиіс. Осыны ескере отырып: 1) нарықтың қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіптік білім берудің дуальді жүйесін одан әрі дамытуды қамтамасыз ету; 2) нарық қажеттіліктерін ескере отырып, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға қайта бағдарлау; 3) оқыту бағдарламаларын функционалдық сауаттылықты дамытуға және түйінді құзыреттерге қол жеткізуге бейімдеу; 4) логикалық, сындарлы және конструктивті ойлауды қалыптастыру үшін оқытудың тиімді нысандары мен әдістерін енгізу; 5) нарық қажеттілігін қоса алғанда, білім беру жүйесін құбылмалы әлеуметтік-экономикалық конъюнктураға бейімдеп үздіксіз жетілдіруді қамтамасыз ету үшін жұмысқа орналасуға бағытталған білім беруге және кәсіптік даярлауға жәрдем көрсету; 6) жастарды ғылымға тартуды қамтамасыз ету; 7) жастар арасында білім беру порталдарын танымал ету; 8) түлектердің біліктілігін өндірістің мүдделеріне барынша жақындатуға мүмкіндік беретін жоғары оқу орындарын басқаруға ұлттық және шетелдік ірі компаниялардың қатысу жүйесін әзірлеу, сондай-ақ мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде университеттердің материалдық-техникалық базасын жетілдіру, жоғары оқу орындарының базасында зерттеу орталықтары мен зертханалар құру қажеттілігін зерделеу. Кәсіпкерлер мен ірі бизнесмендер де кәсіптік біліктілік жүйесін құруға қатысуға тиіс; 9) жұртшылыққа, ата-аналарға және білім алушылардың өздеріне білім беру процесінің мазмұнына, оқыту сапасына ықпал етуге молырақ мүмкіндік беру, академиялық еркіндікті, оның ішінде білім беру мекемелерін басқару арқылы дамыту; 10) Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесінде Болон процесінің идеяларын ілгерілету мақсатында студенттердің өзін-өзі басқаруының тиімділігін арттыру; 11) оқып жатқан жастарға консультациялық көмек көрсету бойынша әлеуметтік жастар қызметтерінің жұмысын жандандыру қажет. Салауатты өмір салтын қалыптастыру Жас қазақстандықтардың дені сау болмаса, экономикалық міндеттерді шешу мүмкін емес. Өз денсаулығы үшін ынтымақты жауапкершілік қағидаты мемлекеттік жастар саясатының ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Профилактикалық іс-шараларды назарға ала отырып, жастар зиянды әдеттерден бас тартуы, салауатты өмір салтын ұстануға ұмтылуы қажет. Спортпен және дене шынықтырумен айналысу ерекше басымдыққа айналуға тиіс. "Жастар" және "дене шынықтыру" ұғымдары жас адамның өмір салтының ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Осыны ескере отырып: 1) жастарда профилактикалық іс-шаралар мен екпелерді үнемі алып отыру дағдысын қалыптастыру; 2) салауатты өмір салты аясында отбасының, бір топ құрдастарының, оқыту мекемелерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, медициналық мекемелердің және басқа да әріптестердің қатысуымен консультациялық қызметтерді қоса алғанда, медициналық көмектің қолжетімділігі туралы мәліметтерді ұсыну бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын жандандыру; 3) ұрпақты болу денсаулығын сақтау мәселелері бойынша мәліметтердің бірыңғай ақпараттық дерекқорын құру және жастардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігін пысықтау; 4) спорт залдарын жаңарту жөніндегі және білім беру жүйесі ұйымдарын спорт мүлкімен жабдықтау жөніндегі бағдарламаларды кеңейту мәселесін қарастыру; 5) жаппай спортпен айналысу үшін спорт объектілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету; 6) белсенді өмір салтын дамыту және патриоттықты нығайту мақсатында жаңа бағыттар әзірлеп және олардың танымалдылығын арттыруға қол жеткізе отырып, отандық экологиялық туризмді насихаттауды енгізу қажет. Жастардың құқықтық мәдениетін арттыру және мемлекеттіліктің негіз қалаушы құндылықтарын құрметтеуін қалыптастыру Жастар табысты ел аға буынның қамқорлығы ғана емес, бұл – жастардың ертеңгі күні екенін анық сезінуі тиіс. Жасөспірімдер мен бойжеткендердің санасында мемлекет – жастардың демеушісі емес, өзін-өзі дамытуына жағдайлар жасайтын серік ұғымы берік орын алуға тиіс. Жастар тарапынан өзінің табанды еңбек етуі, сапалы білім алуы және оны практикада қолдануы, үнемшілдігі, болып жатқан процестерге белсенді қатысуы арқылы ғана жеке жетістікке және жалпы өркендеуге қол жеткізуге болатынын түсінуі маңызды. Сонымен бірге, жас азаматтардың құқықтарын және еркіндіктерін қорғауға кепілдік бере отырып, мемлекет құқықтық мәдениеттің жалпы деңгейін арттыратын болады және жастар арасында орын алып отырған әлеуметтік теріс құбылыстарға қарсы әрекет етеді. Осыны ескере отырып: 1) құқықтық мәдениетті арттыру бойынша барлық қажетті шараларды іске асыруды қамтамасыз ету және жастардың құқықтары мен еркіндіктерін кепілдікті қамтамасыз ететін мемлекетке құрметпен қарайтын жастарды тәрбиелеу; 2) жастар арасында құқықтық нигилизмге қарсы әрекет ету, ұсақ құқық бұзушылықтарға "мүлдем төзбеушілік" стандарттарын енгізу; 3) кәмелет жасына толмағандар арасында қадағалаусыз қалудың, қылмыстың және басқа да құқық бұзушылықтардың профилактикасына арналған шараларды нақтылап, жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, толық емес және тұрмысы нашар отбасы балаларының құқықтықтары мен мүдделерін қорғау арқылы ювенальды әділет жүйесін жетілдіру; 4) кәмелет жасына толмаған құқық бұзушылар ретінде қамауда отырған немесе түрмеде жазасын өтеп жүрген жастарды әлеуметтік жастар қызметтерін белсенді тарта отырып оңалтуды, ал қажет болған жағдайда, қоғамға қайта кіріктіруді, әсіресе білім беру мекемелері арқылы қарастыру қажет. Жастарды жұмыспен қамту үшін жағдайлар жасау Мемлекет жастарды жұмысқа орналастыруға және жұмыспен қамтуға жәрдем көрсету жөніндегі жұмысты жетілдіреді. Жастардың экономиканы үдемелі инновациялық индустрияландыру, ауыл шаруашылығын жаңғырту, шағын және орта бизнесті дамыту, мемлекеттік қызмет деңгейінің сапасын арттыру жөніндегі бағдарламаларды іске асыруға қатысуына ерекше назар аударады. Жастардың ешбір сегменті мемлекеттік жұмыспен қамту саясатынан тыс қалмауға тиіс. Мемлекеттің басты міндеті - әрбір жас азаматтың жұмысқа орналасуына көмек көрсету. Осыны ескере отырып: 1) жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша әлеуетті мүмкіндіктерді және жастардың қажеттілігін егжей-тегжей зерделеу үшін диалог алаңдары, виртуалды консультациялық қоғамдастықтардың жұмысы арқылы жастармен кері байланыс жолдарын кеңейту; 2) жастарды кәсіподақтардың қатарына белсенді тартудың тетіктерін көздеу; 3) мүмкіндіктері шектеулі жастарды жұмысқа орналастыру үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету; 4) жас мамандарды жұмысқа алу кезінде меншік нысанына қарамастан, ұйымдар мен кәсіпорындардың мүдделілігін арттыру үшін қосымша ынталандыруды пайдалану, жастарға арналған жұмыс орындарын, оларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау, өндірістік оқыту орындарын құру мүмкіндігін қарастыру; 5) жұмыс тәжірибесі жоқ жас мамандарды жергілікті жерлерде оқыту және жетекшілік ету жүйесін құру. Зейнетке шыққан мамандарды қоғамдық негіздерде тарта отырып, сол арқылы өндірістік және технологиялық мәдениеттің сабақтастығы үшін жағдай жасай отырып, өндірісте тәлімгерлік институтын дамыту; 6) мектептерде мамандық таңдау мәселелерінде жастарға арналған консультациялық қызметтердің құрылуына көмек көрсету қажет. Жастарға арналған қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту Өз тұрғын үйінің бар-жоғы жас отбасылардың ең көкейкесті мәселелерінің бірі болып табылады. Жеке меншік тұрғын үй – мықты отбасы, жемісті еңбек жолы, жанға жайлы қолайлылық және адамның өзіндік дамуының негізі. Мемлекет ұлттық экономиканың даму деңгейіне және мүмкіндіктеріне сүйене отырып, жастарға тұрғын үй алуға көмек көрсетеді. Осыны ескере отырып: 1) жас отбасыларға жеңілдікпен кредит беруге бағытталған шараларды нақтылау мақсатында тұрғын үй заңнамасын жетілдіру мәселесін пысықтау; 2) қалыптасып отырған демографиялық үрдістерге байланысты жасты ұлғайту жағына қарай тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға үміткер жас отбасылар үшін шектеулерді қайта қарау мүмкіндігін зерделеу; 3) мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде студенттік жатақханалар салу бағдарламаларын кеңейту қажет. Жастарды мәдени құндылықтарға тарту Халықтың мәдениеті, тілі, салт-дәстүрі және әдет-ғұрпы оның ұжымдық өмірлік тәжірибесін, ерекше ұлттық болмысын қамтып, халықтың мінез-құлқы мен дүниетанымынан көрініс табады. Жастардың өркендеуі және жаһандануға ұмтылысы шынайы патриоттық сезіммен, өз халқының салт-дәстүрін және мәдениетін құрметтеу, этносаралық өзара құрмет және мәдениетаралық өзара баю қағидаттарымен үйлестірілуі тиіс. Жастардың адамгершілік тұрғыдан қалыптасу және оларды азаматтық сәйкестендіру процестеріне ықпал ете отырып, мемлекет отандық бұқаралық мәдениет контентіне, тілдерді, сондай-ақ оларды сақтау мен ұлғайтуға ықпал ететін коммуникация құралдарын дамытуға ерекше көңіл бөлетін болады. Осыны ескере отырып: 1) жас адамдарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге, отбасында тұрақты моральдық-адамгершілік жағдай жасауға, егде адамдарға ерекше құрмет көрсетуге, балаларға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу; 2) мектепке дейінгі мекемелерден бастап "үш тілділікті" белсенді насихаттауды жүргізу (қазақ, орыс, ағылшын тілдері); 3) жастарға әлеуметтік мәдени тәжірибені және алдыңғы ұрпақтың даналығын меңгеруге ықпал ете отырып, халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін көпшілікке тарату тәсілдерін жаңарту; 4) "Бiлiм", "Мәдениет" білім телеарналарында қазақ және ағылшын тілдерінде деректі және көркем фильмдерді неғұрлым кеңінен көрсету мүмкіндігін пысықтау; 5) қоғамдағы ақпараттық теңсіздікті жоюға ықпал ету; 6) жастарды шоғырландыру құралы ретінде әлеуметтік желілерді пайдалану қажет. Жастардың азаматтық және патриоттық тұрғыдан өзін-өзі жетілдіруін ынталандыру Қазіргі заманда жастар өзінің азаматтық позициясын қалыптастыра отырып, қоғамдық қызмет пен мінез-құлық дағдыларын меңгере отырып, әлеуметтік-саяси өмірдің басты қатысушыларының бірі болып табылады. Мемлекеттік жастар саясатын жүргізу кезінде шоғырлану және азаматтық қағидаттарын қалыптастыруға бағдарлану маңызды болып табылады. Қазіргі қоғамда азаматтық сәйкестендіру процесі – бұл ең алдымен демократиялық құндылықтарды меңгеру, заңды сыйлау, ұлттық мәдениетке қосылу. Осындай процесс нәтижесінің идеалы саяси конъюнктура тербелісіне ұшырамаған, патриотизм мен азаматтық жауапкершіліктің ерекше рухы бар кемел азамат болып табылады. Мемлекет тұжырымдаманы ойдағыдай іске асыру мақсатында жастарды әлеуметтендірудің маңызды факторы ретінде оларды шоғырландыруды қолдайды. Жастардың бастамасына қолдау көрсете отырып, мемлекет Қазақстан жастарын олардың қызығушылықтары мен еркін таңдау қағидатын есепке ала отырып, қоғамдық бірлестіктерге шоғырлануына жәрдем көрсететін болады. Осыны ескере отырып: 1) жастардың азаматтық бастамасын қолдауға бағытталған жалпы ұлттық, өңірлік және жергілікті деңгейде мемлекеттік жастар саясатын нақты салааралық үйлестіруді қамтамасыз ету; 2) мониторинг пен диагностиканың нақты, әділ бағдарламасына негізделген жастар саясатын ғылыми зерттеулермен сүйемелдеу бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізу; 3) жастар саясатының инфрақұрылымын дамытудың кешенді тәсілдерін қамтамасыз ету; 4) жастар туралы бөлімді қосу және жас қазақстандықтардың қажеттілігін есепке ала отырып, мемлекеттік органдардың жыл сайынғы стратегиялық жоспарын дайындауды жүзеге асыру; 5) жастарды бірлескен ұжымдық қызметке тартудың әртүрлі институционалдық нысандарын енгізу; 6) жастар ұсынған жобаларды қаржыландыру және оның шығармашылық және инновациялық әлеуетін жандандыруға мүмкіндік беретін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды қолдану аясын бағдарлау мүмкіндігін зерттеу; 7) үкіметтік емес ұйымдардың жас репатрианттармен, маргинал жастармен жұмысына қолдау жасай отырып, олардың тарихи отанының жағдайына әлеуметтік бейімделіп кету мүмкіндігін қолдау; 8) еріктілер қозғалысын дамытуға қолдау көрсету; 9) әскери қызметке даярлық бойынша, болашақ отан қорғаушылардың моральдық және дене шынықтыру дайындығы деңгейін арттыруға назар аудара отырып, мектептерде және колледждерде тәрбие жұмыстарын жүргізу; 10) әскери қызметтің мәртебесін насихаттау, әскери бөлімшелерде тәрбиелеу жұмысының жаңа үлгісін енгізу қажет. Жастар ортасында моральдық-рухани бағдарлардың сабақтастығын қамтамасыз ету Адалдық, мейірімділік, әділдік, шыдамдылық сияқты дәстүрлі жалпы адами құндылықтар Қазақстан жастары үшін басымдыққа айналуға тиіс. Қазақстан – зайырлы мемлекет, ол діни бірлестіктерге жастар мен келешек өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі әлеуметтік әріптес ретінде қарайды. Сонымен қатар діндарлық руханилықпен толықтай теңестірілуге тиіс емес. Бұлай болмаса, қоғам секулярлық сипатын жоғалтады, діни қағидаларға бағына отырып, өзінің даму перспективасын тарылтады. Осыны ескере отырып: 1) жаңа адамгершілік бағдарды қалыптастыру: білім мен кәсіпқойлыққа бет алу; денсаулығына деген сындарлы қарым-қатынас; жаңашылдық пен өзгерістерді дұрыс қабылдау; экологиялық таным; табиғаттың баға жетпес құндылығы және қоршаған ортаның және т.б. ахуалына жауапкершілік; 2) Қазақстанның діни мұрасы бойынша арнайы курс жүргізу мүмкіндігін қарастыру, оның шеңберінде дін саласында жастардың сапалы білімін алуға бағытталған ағартушылық жұмысты жүргізу қажет. Ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету және мемлекеттік жастар саясатының нормативтік құқықтық базасын жетілдіру Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласын ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету инновациялық ғылыми әдістер мен тәсілдерді пайдалана отырып, жүйелі негізде жастар мәселесін тереңірек зерделеуді қарастырады. Жастар ортасында ең өзекті мәселелерді шешу жолдарын әзірлеу үшін қазіргі заманғы тәсілдерді қолдана отырып, жастар құқығын іске асыру, тұрақты мониторинг жүргізуді қамтамасыз ету: әлеуметтік зерттеулер, бақылау әдістері, халықаралық тәжірибені және т.б. бейімдеу қажет. Қазіргі уақытта жастардың жай-күйін жан-жақты зерттеу үшін, сондай-ақ әлеуметтік мәдени процестерді шынайы пайымдау үшін алғаш рет "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы жастар арасында әртүрлі зерттеулер жүргізеді, мемлекеттік жастар саясаты саласында ғылыми-зерттеу жобалары мен бағдарламаларды дайындауға қатысады, жастар мен қоғамдық жастар ұйымдарын дамытуда оның қызметін мониторингілеуді және болжауды жүзеге асырады. Ғылыми зерттеулердің қорытындылары бойынша жастардың жағдайын жақсарту үшін және олардың құқықтары мен кепілдіктерін, сондай-ақ олардың бар мүмкіндіктерін ашу үшін нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленетін болады. Дайындалған ұсынымдар жастар саясатының нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге, жаңа заман талаптарын есепке ала отырып, Қазақстанды ұзақ мерзімді кезеңге одан әрі дамыту бағытын айқындауға тұрақты негізде бағытталады. Сонымен қатар апаттылықты, бірбеткейлікті және шалағайлықты болдырмау үшін мемлекеттік жастар саясатының нормативтік құқықтық базасын әзірлеу және жетілдіру кезінде осы ұсынымдарды ескеру қажет. Осыны ескере отырып: 1) жастар арасында ең қажетті тақырыптар бойынша ғылыми зерттеулер тақырыбын кеңейту; 2) жастардың барлық деңгейінің және қазіргі заманғы заңнамалардың қажеттілігін және сұрау салуды есепке ала отырып, зерттеуді жүзеге асыру; 3) мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда ғылыми-әдістемелік сүйемелдеуді қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыру; 4) жастар мәселесін зерделеу бойынша жас ғалымдар мен сарапшылар пулын қалыптастыру; 5) зерттеулер жүргізу кезінде кешенді тәсілдерді қамтамасыз ету; 6) қоғамдық дамудың өзіндік бағалау социумы ретінде жастармен жұмыстың заң шығару бастамасының жаңа ғылыми әдістерін енгізу қажет. "Қазақстан-2050" Стратегиясын" іске асыруға жастарды тарту Жастар мемлекет тарапынан болатын қамқорлықтың объектісі ғана емес, жастар – қоғам өміріне қатысушы және оның даму сапасына, қарқынына ықпал ететін белсенді субъект. Сондықтан да мемлекет жастар ұйымдарының жұмыс істеу қабілеттілігін, бір жағынан, жастардың өзекті проблемаларын шешу және оларда жаңа позитивті қажеттіліктерді қалыптастыру, екінші жағынан, жастардың күш-жігерін 2012 жылғы 14 желтоқсандағы "Қазақстан-2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағдары" стратегиясында ел Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев алға қойған мемлекеттік стратегиялық міндеттерді шешуге жұмылдырып, бағыттау мүмкіндігімен айқындауға мүдделі. Осыны ескере отырып: 1) жастарға олардың ел үшін қосқан үлесінен ел тағдыры шешілетінін түсіндіру - жақсы оқуымен, жұмысқа деген жауапкершілігімен, белсенді қоғамдық ұстанымымен және істерімен жастар ел алдында тұрған стратегиялық мақсаттарды іске асыруға өз үлестерін қосады; 2) жастарды еліміздің жаңа бағытының қозғаушы күші ретінде, ел мен қоғам бейнесін өзгертетін дүниеге прогресивті көзқарас пен мінез-құлықты қалыптастырушы ретінде бейнелеп кескіндеу қажет. 3. Тұжырымдаманы іске асыру құралдары Осы Тұжырымдаманың ережелері заңнамалық актілерді, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын жетілдіру арқылы іске асырылатын болады. 3-БӨЛІМ. "ҚАЗАҚСТАН 2020: БОЛАШАҚҚА ЖОЛ" ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ