1. Біз шешуге тиісті міндеттер парадигмасы сапалық тұрғыдан өзгерді.
Жаңа сын-қатерлерді лайықты қабылдау үшін ендігі жерде 2030 Стратегиясының аясы жеткілікті емес. Біз жоспарлау көкжиегін кеңейтіп, 15 жыл бұрынғыдай кезекті дүниетанымдық серпіліс жасауымыз керек.
Біріншіден, Қазақстан - қазіргі заманғы мемлекет. Біздің мемлекетіміз кемелдікке жетті. Сондықтан да бүгінгі күн тәртібі мемлекеттің қалыптасуы кезеңіндегіден өзгеше.
Дүниеде болып жатқан өзгерістердің сипаты мен тереңдігі, жаһандық өзара іс-қимыл ұзақ мерзімді дамуды талап етеді. Көптеген елдер қазірдің өзінде 2030-2050 жылдардың арғы жағына көз жіберуге тырысады. «Басқарылатын болжамдау» қазіргі тұрақсыз кезде мемлекеттер дамуының маңызды тетігіне айналуда.
Екіншіден, «Қазақстан-2030» Стратегиясы біздің мемлекеттілігіміздің қалыптасу кезеңі үшін жасалған болатын. Өзінің базалық өлшемі бойынша ол орындалды.
Үшіншіден, біз жаңа шындық тудырған сынақтар мен қауіп-қатерлерге кезігіп отырмыз. Олар жалпылық сипат алып, барлық елдер мен өңірлерге әсерін тигізуде.
Біз «Қазақстан-2030» Стратегиясын тұжырымдаған кезде нәтижесінде жаңа, мүлдем күтпеген, экономикалық және геосаяси жағдаяттар туындайтын, өз көлемі жағынан теңдесі жоқ әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс төнеді деп ешкім күтпеген еді.
2030 стратегиясы 1997 жылы ашық құжат ретінде жасалды. Біз о бастан-ақ оған түзетулер енгізу мүмкіндігін ескердік.
Әлемдегі жағдай өзгеретінін және өмір өз түзетулерін енгізуі мүмкін екенін түсіне отырып, менің тапсырмам бойынша жаңа жағдайдағы біздің орнымыз бен біздің мүмкіндіктерімізді ой елегінен өткізе отырып жұмыс істейтін жұмыс тобы құрылды.
Олардың талдау жұмыстарын ескере отырып, мен ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытын жасауды ұсынамын, оның ішінде 2030 Стратегиясының міндеттерін орындау жалғасын табатын болады. Уақыт пен жағдай 2030 бағдарламасы сияқты біздің жоспарларымызға түзетулерін енгізетінін нақты түйсінуіміз керек.
2050 жыл - жай бейнелі дата емес.
Бұл бүгінде әлемдік қауымдастық бағдар ұстап отырған нақты мерзім.
БҰҰ-да 2050 жылға дейінгі өркениеттер дамуының жаһандық болжамы әзірленді.
2050 жылға дейінгі болжамдық баяндаманы Дүниежүзілік азық-түлік ұйымы жариялады.
Қазір елдердің дені осындай ұзақ мерзімді стратегиялар әзірлеп, қабылдауда. Қытай өзі үшін дәл осындай стратегиялық жоспарлау көкжиегін айқындап алды.
Ірі трансұлттық компаниялардың өзі алдағы жарты ғасырға даму стратегияларын әзірлеуде.
Он бес жыл бұрын, 2030 Стратегиясы қабылданғанда біздің жаңа мемлекетімізде дүниеге келген қазақстандықтардың жаңа буыны енді ғана мектепке баруға даярланып жатты.
Бүгінде олар еңбек етуде немесе жоғары оқу орындарын аяқтауда.
Енді екі-үш жылдан соң Тәуелсіздіктің екінші буыны дүниеге келе бастайды.
Сондықтан қазірдің өзінде оларға дұрыс бағдар нұсқау туралы ойланғанның маңызы зор.
Біздің басты мақсатымыз 2050 жылға қарай Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру.
Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс.
Біздің жетістіктеріміз бен қазақстандық даму үлгісі Жаңа саяси бағыттың негізі болуға тиіс.
«Қазақстан-2050» Стратегиясы - «Қазақстан-2030» Стратегиясының жаңа кезеңдегі үйлесімді дамуы. «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап осы. Жас ұрпақтың нақ осыған мүдделі екеніне сенімдімін.
Осыған орай, ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын. Бұл менің Қазақстан халқына жолдауым болады.
***
2. Біз қайда бара жатырмыз?
Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |