Дін, культ және өнер. Қола дәуірі тайпаларының өмірі мен жақсы тұрмысы табиғатқа тәуелді болды, сондықтан да адам оған табынды. Әрине, ең алдымен күнге, отқа, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне табынған болатын. Күн құдай нышанын жан-жаққа шашырап тұрған күн сәулесі түрінде берілген әшекейлік тоға-жапсырмалардан, ыдыстардағы меандр өрнектерінен көруге болады.
Қола дәуірі тайпаларында отқа табыну культы орын алды, мұны осы дәуірде кеңінен таралған мүрдені өртеу ғұрпынан көруге болады. Өртелген сүйек қалдықтары қола дәуірінің түрлі кезеңдеріндегі жерлеу орындарынан кездеседі. От, ежелгі адамдардың түсінігінше, мүрдені зұлымдықтан (сұрқиялықтан) тазалады және өлген адамды жындардан қорғады. Қола дәуірі тайпаларында ата-баба әруақтарының культы мен о дүниедегі өмірге сенім болды.
Қола дәуірінде құрбандық шалу ғұрпы келіп шығады. Құрбандық шалатын арнайы орындар қоныстардың жанында орналасты.
Күнге, отқа, айға, жұлдызға, сонымен қатар қорғаушы-әруақтарға құрбандық шалынды.
Адам ой-танымының дамуы оның өзі мен табиғат туралы түсінігін күрделендірді, діни көзқарастарының қалыптасуына жағдай жасады.
Қола дәуіріндегі діни түсініктер мен культтар, ежелгі адамдардың өнері туралы маңызды ақпаратты жартас суреттері – петроглифтер береді. Олардың шоғарлануы рудан тайпаға дейінгі қоғамдық бірлестіктер пайдаланған түрлі деңгейдегі ғибадатханаларды білдіретіндігі анықталған.
Петроглифтерде адамның әлем құрылымы туралы түсінігі жарқын көрініс тапқан. Көптеген сюжеттер мифтермен тікелей байланысты, сондықтан да қазіргі заман адамына оны түсін қою қиын. Құйрығынан асылған, аң терілерін жамылған адамдардың, күн басты құдайлардың және түрлі жабайы хайуанаттардың көптеген бейнелері кездескен. Жартастарда қолын жоғары көтерген немесе жекпе-жекке шығуға даярланып тұрған кейіптегі екі ер адамның бейнелері жиі ұшырасады. Андроновтықтардың жартасқа салынған сурет өнері ежелгі адамның Әлем құрылысы жайындағы мәжусилік (пұтқа табынушылық) түсініктермен тікелей байланысты болды.
Мұндай бейнелердің мифологиялық сипаты ең алдымен бөлшектерді тым асыра суреттеу бойынша анықталынады. Қазба материалдары, және де петроглифтер бойынша шынайы ұрыстарда қола балта, найза мен садақ негізгі қару-жарақ түрлері болғанымен суреттерде соңында тас шары бар үлкен күрзілер (шоқпарлар) көрсетілген. Мифологиялық сюжеттерде басты кейіпкер пайдаланған қару-жарақтың архаикалық немесе ирреалды сипаты әрдайым көрсетіліп отырады. Әдетте тек қару-жарақ қана емес, кейіпкердің ер адамдық күші де айқын көзге түсерлік түрде беріледі. Қаһарманның жоғарғы әлеуметтік топтағы арбалы жауынгерлер қатарына кіретіндігін білдіретін асылып тұрған құйрық суреті де жиі кездеседі.
«Арқа тұстарын» бір-біріне беріп, зұлымдық күштерімен соғысып жатқан немесе бірігіп қандай бір құбыжықпен алысып жатқан екі кейіпкерді суреттеген сюжет өте кең таралған. Көптеген зерттеушілер мұндай көріністерді ежелгі заманда таралған ағайынды-егіздер культымен байланыстырады.
Қола дәуірінде кең таралған басқа тағы бір маңызды сюжет арба болып табылады. Оларды ежелгі адамдардың түсінігінше тек бахадүрлер ғана емес, арбамен құдайлар да жүрген, және де ең алдымен Күннің өзі арбаны пайдаланған. Кейде арбалар қарапайым түрде бедерленді, дегенмен әрбір терте, доңғалақ, белағаш, т.б. бөлшегі мұқият суреттелгендері де ұшырасады.
Құрбандық шалу, би билеу, ғұрыптық жекпе-жек, аң терісін жамылу секілді ғұрыптық жосын-жоралғы мен салт-дәстүр бейнеленген көріністер де ерекше қызығушылық оятады. Мұндай сюжеттер әдетте ғибадатхананың орталық бөлігінде, ғұрыптық іс-әрекеттер атқарылуы мүмкін жазық алаңқайлар алдында орналасады.
Орталық Азия ғибадатханаларында немесе мінәжат орындарында ғұрыптық жекпе-жек суреттері жиі кездеседі. Жетісуда айбалтамен жекпе-жекке шығу көрінісі Таңбалы, Құлжабасы, Қарақыр секілді барлық ірі ғибадатханаларда ұшырасады. Қарақыр суреттерінде тек жекпе-жек қана емес, сонымен қатар жеңімпазға арналаған сый да берілген сияқты. Айталық, айқасып жатқан екі адам суреті жанында екі аттың шылбыр ұстап тұрған адам бейнеленген. Сюжеттердің бұлайша сәйкес келуі бірнеше жерлерден ұшырасып отырады. Бәлкім, мұндай күрделі сынақтан кейін адамдар айрықша құқық иемденген арбалы-жауынгерлер тобына өткен де шығар. Көріністе бедерленген аттар мұндай жағдайда соғыс арбасына арналды.
Жартас суреттерінде қару-жараққа қатысты басқа да ғұрыптық іс-әрекеттер де кездеседі. Таңбалы мен Құлжабасыдан айбалта ұстап билеп жүрген адамдар ұшырасатындығы белгілі. Мұндай би кезінде билеуші адам бірден көршісіне қарай қисайған, егер ол одан секіріп кетпесе, онда оған балта тиген. Осындай ғұрыптарды одан кейінгі уақыттарда ежелгі авторлар сипаттап жазып кеткен.
Өңірдегі Құлжабасы мен басқа ғибадатханаларда бейбіт би билеп жүргендер бейнесі, қару-жарақсыз адамдардың, кейде кебенек кигендердің де суреттері бар. Мұндай билер мен ғұрыптар ең алдымен құнарлылық культына арналған. Хайуанаттар терісін жамылған, маска мен костюмдер киген адамдар ежелгілердің түсінігінше жер асты күштерімен және әруақтармен байланыстырылды. Кебенек кигендердің биі жабайы аңдар әруақтары, жер асты күштері секілді түнек пен зұлымдыққа қарсы қайырымдылықтың күресін бейнеледі.
Үйлесімділік пен хаос арасындағы күрес жартас суреттерінде адам мен алыптар арқылы бедерленген. Алып, дәу немесе жын әрдайым стихиялық күш, оларды қаһарман жеңуі керек немесе билігін мойындатуы тиіс.
Мифологиядағы немесе шынайы тарихты бейнелейтін маңызды құбылыстарды сипаттайтын көптеген көріністер сан алуан таңбалармен бірге қосақталынып жүреді. Әсіресе «көз секілді» таңбалар жиі ұшырасады. Мұндай таңбалар күйме мен арбаны қарапайым етіп көрсетуден шығуы да мүмкін. «Көз секілді» таңбаның мәні қозғалыс, кеңістік не болмас уақыт бойынша орын ауыстыру, яғни тірі адамдардың құдайлар аспаны мен жер астындағы әруақтар әлемі арасындағы байланыс.
Петроглифтерде әлі зерттеушілерге түсініксіз таңба-белгілер көп, олар – тор, баспана жоспары, ирек сызықтар, т.б. Доңғалақты бейнелеген таңбаның мәні белгілі, ол дәстүрлі түрде Әлемді, Дүниені, уақыттың жүрісін бейнелейді.
Ғибадатханалардағы ежелгі суреттердің маңызды қабаты өгіз, жылқы, тау теке, жабайы аңдарды құрайды. Шөппен қоректенетін аңдарды аулау көрінісі жиі кездеседі.
Құнарлылық символы болған жыланның (тау теке де) бейнесі де жиі ұшырасады. Жылан тек құнарлылық қана емес, сонымен қатар даналықтың, мәңгілік өмірдің, құпия сақтаудың және де өлімнің символы болды. Жылан әруақтар мен өлілердің жер асты әлемінде, жер бетіндегі адамдар әлемінде де өмір сүре беретіндіктен, ежелгі адамдар оны екі әлемді байланыстырушы күш ретінде қабылдады. Жыланның қабығын шешіп қалдырып кетуі мәңгілік өмір мен оның даналығы туралы мифтердің келіп шығуына алып келді. Сондай-ақ, жыланның шағып алуы өлім әкелді, яғни адамды ол жер бетінен жер астындағы әлемге апарды. Тау теке мен жыланның біріккен суреті мүйізі жылан секілді ешкі бейнесінде кездеседі. Мұндай бейнелер Орталық Азиядағы ғибадатханалардан, соның ішінде Саймалы-Таштан (Қырғызстан) белгілі болған, бірақ олар Құлжабасы мен Қарақыр тауларынан да табылған.
«Күн басты» құдайлардың бейнесі сирек кездескенімен, олар өте маңызды туынды ретінде саналады. Олар ірі ғибадатханаларда және міндетті түрде орталық бөлікте ұшырасады. Бәрінен көп кездескен жері – Таңбалы, Ешкіөлмес, Құлжабасы таулары, Қарақыр ғибадатханасы.
Антропоморфты құдайлардың бейнесі қола дәуіріндегі адамдардың діни түсініктері өзгеріске ұшырай бастағандығын айғақтайды. Шаруашылық пен жеке меншіктің дамуы әлеуметтік топтардың, өзіндік иерархияның, адам қоғамындағы бағыныштылықтың қалыптасуына алып келді. Осыған ұқсас иерархия жоғарғы күштер арасында да болмай қоймайтын еді. Жоғарғы күштердің төменгі қабатына мифтік қаһармандарды, әруақтарды, алыптарды, ал ортаңғы қабатына қасиетті хайуанаттарды, жоғарғысына – антропоморфты құдайларды жатқызуға болатын сияқты. Мұндай өзіндік Әлем «қабаттарын» бедерлеген көріністер Таңбалыдан анықталған, және де орталық бөлікте орналасқан.
Қасиетті жануарлар арасынан ең алдымен өгіздің бейнесін ерекше бөліп көрсетуге болады. Өгіз бейнесін қасиеттендіру шаруашылықтағы бұл жануардың маңызына, алғашқы ата-баба мен рудың қорғаушысы болған өгізге қатысты тотемдік түсініктердің сақталуына байланысты болған еді.
Келесі бір қасиетті жануар ешкі (тау теке) болды. Бұл жануар құнарлылық символы болған еді. Құнарлылық әруақтары ешкі терісін киді. Құлжабасы тауларынан садақпен жабайы ешкіні атып тұрған мүйізді ешкі маскасын киген адам суреті табылған. Таңбалыдан ешкі терісін жамылғандар бейнесі кездескендігі белгілі. Жетісу ғибадатханаларында жабайы ешкіні аулап жатқан садақшылар суреттері кеңінен таралған.
Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан петроглифтерінде қос өркешті түйе бейнесі маңызды орын алады. Бұл жануар далалық тайпалар өмірінде үлкен рөл атқарды, өйткені дала мен шөл арқылы алыс қашықтықтарға көшуге мүмкіншілік берді. Нәтижесінде қола дәуірінде түйе культы қалыптасты. Түйелердің бейнелері ең көп кездескен Қаратау жотасы болып табылады. Ондағы Арпа-Өзен ғибадатханасындағы жартастарда айналасында жануарлардың ұсақ суреттері бар көлемі 1,5-2 м түйе бейнелері қашап салынған.
Егіншіліктің дамуы нәтижесінде Күн культы ерекше маңызға ие бола бастайды. Осыған байланысты антропоморфты фигуралардағы жоғарғы құдайлардың басы сәулесін шашып тұрған дөңгелек күн пішінінде берілуі кездейсоқтық емес.
Қару-жарақ ұстанған жауынгерлер мен арбалы сарбаздардың сан түрлі кескіндері жауынгерлік культтың қалыптаса бастағандығын көрсетеді. Арбаны жүргізіп отырған және жалғыз өзі соғысып жатқан жайынгер уақытының негізгі бөлігін әскери іске машықтануға арнауы тиіс, сондықтан да арбалы сарбаздар шаруашылық қызметтерден босатылды да, кәсіпқой жауынгерге айналды. Шаруашылық қызметтерден босатылудан басқа жауынгерлер соғыс олжасының бір бөлігін алу, әскери кеңестерге қатысу сияқты өзге де артықшылықтар иемденсе керек.
Құрбандық шалу культы, ең алдымен өгізді құрбандыққа шалу, сірә, құнарлылықпен қамтамасыз ету және әлемдік тепе-теңдікті сақтап тұру үшін жасалған сияқты. Өгізді құрбандыққа шалу культы Таңбалы ғибадатханасында өте айқын берілген. Көріністердің бірінде қозғалмай тұрған өгізді балтамен басынан ұрып тұрған адам бейнеленген. Адамның арқа тұсында солярлық таңба көрсетілген, бұл болып жатқан іс-әрекеттердің культтық мәнін көрсетеді. Оның жанындағы көрші жартасқа буаз сиыр (ішіндегі бұзауы да) қашап салынған, ал одан ары өгіз үстінде тұрған құнарлылық жоғарғы құдайы суреттелген.
Ғибадатханалардың мыңжылдықтар бойы қызмет етуін былайша түсіндіруге болады: қола дәуірінде қалыптасқан негізгі культтар өз мән-мағынасын келесі дәуірлерде, тіпті дамыған орта ғасырларға дейін де жойған жоқ. Ертедегі таным-түсінік ұшқындары аздап өзгеріске ұшырағанымен халық жадында ұзақ уақытқа дейін сақталып келді.