Қазақстан археологиясы


Көшпелілердің археологиялық ескерткіштері



бет93/138
Дата09.09.2023
өлшемі2,7 Mb.
#180568
1   ...   89   90   91   92   93   94   95   96   ...   138
Байланысты:
Учебник. Археология Казахстана

Көшпелілердің археологиялық ескерткіштері


Жетісу ескерткіштері. Жетісудың Қазақстан жағындағы аумағынан ортағасырлық көшпенділерінің бірен-саран ғана обалары қазылған, ал бұл уақыттың мәдениеті кездейсоқ табылған олжалар бойынша ғана белгілі болып отыр.
Моңғол заманына жататын ыдыстар, ІХ-Х ғасырлармен мерзімделген нефрит қапсырмалар, белдікті әшекейлеп тұрған қола қапсырмалар мен жапсырмалар ерекше қызығушылықтуғызады.
Ат қоса жерленген түркі замандағы қабірдің бірі Алматыдан шығысқа қарай 20 км жердегі Алатау кентінен қазылған, ол VІ-VІІ ғасырлармен мерзімделінген.
Мола шұңқыры 1,2-1,4 м тереңдіктен анықталған, оның ұзындығы 2,3 м, ені 1,3 м. Шұңқырдың оңтүстік бөлігінен аяғы бүгілген, бас сүйегі солтүстік-батысқа қаратылған жылқы қаңқасы аршылған.
Шұңқырдың солтүстік бөлігінде адам қаңқасы орналасқан. Жерленген адам шалқасынан жатқызылған, басы оңтүстік-шығысқа қаратылған. Моланы тазалау барысында садақтың сүйек жапсырмасы алынған. Тілі қозғалмалы, қалқаншасында адам бейнеленген қола айылбас табылған. Белбеу жапсырмалары нәзік торлы қапсырмалардан тұрады. Сонымен бірге күміс қаңылтыршамен қапталған ағаш түйме, ілгекті темір үзеңгі алынған.
VІІІ ғасырмен мерзімделінген тағы бір оба Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 км жердегі Қызыл-Қайнар қойнауынан аршылған.
Оба диаметрі 7 м, биіктігі 0,3 м. Тас үйінді астынан ұзындығы 2,1 м, ені 1,2 м қабір шұңқыры аршылған. 1,3 м тереңдіктегі текпішектен қабырғаларының астында темір үзеңгі жатқан жылқы қаңқасы аршып алынған.
Адам сүйектерінің орналасуына қарағанда, ол ұзынынан басы солтүстік-шығысқа қаратылып жатқызылған. Онымен бірге қабірге садақ (сүйек жапсырмалары ғана сақталған), ағаш қабығынан істелінген қорамсақ, үш қалақты жебе қойылған. Белбеу тұсынан рама және жүрек тәрізді қола қапсырма, сілеусін басымен аяқталатын сүйек алқа алынған.
Обаны зерттеген автор Жетісуды сол замандарда мекендеген қарлұқ тайпаларымен байланыстырады.
Кейінгі уақыттағы қабірлерге Талдықорған қаласы маңындағы Қадырбай, Алматы қаласынан батысқа қарай 160 км жерде орналасқан Қарақұдық қойнауларындағы қоршаулар мен обалар жатқызылған.
Қарақұдық қорымындағы қоршауларға жерленгендер топырақ қабатында жасалынған шұңқырға басы солтүстік-батысқа бағытталып, ұзынынан шалқая қойылған; Қадырбай қорымындағы қоршаулар – шикі кірпішпен жабылған ұңғыма қуыстан тұрады, оларға да осы жерлеу ғұрпы тән. Бұл молалардың қабірінен ислам ықпалы (бағыты, құрал-сайманның болмауы) аңғарылады. Олар ХІІІ-ХVІ ғасырлармен мерзімделінеді.
Тянь-Шань, Қырғызстан аумағындағы ортағасырлық көшпенділер жерлеу ескерткіштері (оба, қоршау, т.б.) біршама жақсы зертелінген.
Тянь-Шань көшпелілерінің обалары мен ғұрыптық ескерткіштері екі хронологиялық кезеңді қамтиды.
Ерте кезеңге (VІ-Х ғасырлар) жеке немесе топты обалар тән. Қорымға тән негізгі белгі олардың аумағында тас плиталарынан жерге қазылып, көмілген шаршы немесе тікбұрышты тұрпаттағы ғұрыптық қоршаулардың болуы. Ғұрыптық қоршаулардың батыс не болмаса шығыс жағында тас мүсіні немесе құлпытас орналасады. Сөйтіп, обалар мен ғұрыптық (еске алу) құрылыстар біртұтас кешенді құрады. Оба үйінділері топырақтан, тастан тұрғызылған; тас пен топырақ араластырып үйілгендері де бар; топырақпен көтеріліп, тас сауытпен жабылғандары да ұшырасады. Үйінділер әдетте үлкен, жоспары бойынша сопақша болып келеді, шаршы секілділері сирек. Обалардың диаметрі 3-6,5 м, тікбұрышты обалар 4х4 м-ге дейін жетеді немесе 8х5,6-5,5 м. Кейде оба үйіндісінен күл, керамика, мал сүйектері секілді берілген астың қалдықтары да табылып жатады.
Мүрде қабір шұңқырына, үңгімелерге, катакомбаларға қойылды. Адам мен жылқы арасына тастан далда жасалған ескерткіштер де ұшырасады.
Өлікті жерлеу ғұрпы жүзеге асырылған. Қайтыс болған адам шалқасынан жатқызылған.
ҮІ-Х ғасырлардағы қабірлердің басты айырмашылық белгісі жылқының адаммен бірге жерленуі болып табылады, екеуінің басы қарама-қарсы жаққа немесе бір жаққа бағытталуы мүмкін. Жылқының денесін адам денесімен бір деңгейге қойды не болмаса бір саты төмен немесе жоғары қойды.
Атсыз жерленген адам қабірі де кездескен. Жерленгендердің бағытталуы да әркелкі. Тек жылқы ғана жерленген молалар да ұшырасқан.
Аттар бүкіл әбзелдерімен бірге жерленген. Молаға кейде жылқы жүгендерінің бөлшектерімен бірге қой да қойылды. Мүрдемен бірге қабірге керамика, пышақ, айна, белдік, қару-жарақтар – жебе ұштары, сүйек жапсырмалы садақ, қорамсақ, қылыш қойылған болатын. Айылбастар, жебе ұштары, белбеу жиынтығынан алынған қапсырмалар ерекше қызығушылық туғызады. Олар біртегіс болып жасалды не болмаса жан-жануарлардың, балықтың бейнелерімен, өсімдік суреттерімен сәнделді. Жиынтық белбеулер (кісе белдіктер) әскери және әлеуметтік рәміздік қасиеттерге ие болды.
Қабірлерден әшекей бұйымдар арасынан қола сырғалар, сақиналар, жүзіктер табылған. Сырғалар көбіне жүзік секілді пішінде жасалынды. Сондай-ақ қабірлерден керамика, ағаш ыдыстар алынған. Әйел адамдардың қабірінен қола айналар шығып отырады.
Металдан жасалған қыруар заттар қалалық орталықтарда, отырықшылық аумақтарда дайындалғандығы анық.
Ал ХІ-ХІҮ ғасырлардағы көшпелі түркі мәдениетіндегі жерлеу дәстүрі біршама өзгереді.
Молаларға биіктеу жерлер, тау баурайлары таңдап алынды. Қорымдар обалардың шағын бөлігінен (25-ке дейін ғана) тұрды, жекелеген обалар да ұшырасады, оба үйінділері тастан, топырақтан көтерілді. Үйінділері дөңгелек, сопақ, тікбұрышты. Сопақ үйінділі обалар астында ислами дәстүрде жерленген қабірлер болады.
Обалардың диаметрі 4,5 м-ге, биіктігі 0,20 м-ге жетеді. Үйінділерден берілген астың қалдықтары (күл, сүйек) да аршылып алынып жатады.
Оба астына иықшалы қабір шұңқырлары салынды, оларға ағаштан немесе тас плитадан жасалынған жабынды тіреліп тұрды. Иықшасыз шұңқырлар мен тас жәшіктер де кездеседі. Мүрделердің басы солтүстікке және солтүстік-батысқа қарай бағытталған. Мүрделер қабір түбіне ұзынынан арқасымен қойылды. Жандарына қой сүйектері қойылды.
Жетісу қабірлерінен қой сүйектерінің табылуы Байкалдың сыртқы жағындағы, Моңғолиядағы қабірлермен жақындастырады. Бәлкім, бұл ғұрып моңғол мәдениетінің ықпалымен байланысты да шығар. Мүмкін, ежелгі моңғолдар бұл дәстүрді түркілерден алған да болар.
Ат әбзелдерінен ер, жүген, үзеңгі, сүйек және темір айылбастар, жүген әшекейлері, сәндік қола тоғалар көп ұшырасады.
Үзеңгілер темірден жасалынған, дөңгелек, арка және сопақ пішінде.
Ерді еркек, әйел және жас балалар пайдаланғандығын да археологиялық материалдар растайды. Жүгендердің сақиналы түбі мен ауыздықтары болды.
Жебе ұштары жалпақ және линза тәрізді, барлығы темірден дайындалды, алайда сүйектен істелінгендері де кездесіп қалады.
Садаққа сүйек жапсырма салынды.
Негізі ағаш қабығынан жасалып, терімен қапталған қорамсақ қалдығы табылған. Қорамсақтың ұзындығы 72 см-ге, мойын тұсындағы ені 12 см-ге жеткен.
Жебе ағаштарының ұзындығы 55-56 см.
Әшекейлер арасында сырғалардың бірнеше түрі (ұштары қосыла қоймаған жүзік түріндегі, сұрақ белгісі немесе сегіз секілді) анықталған.
Балық бейнесі салынған, арабша тілектер жазылған қола айналар да ұшырасқан.
Тұрмыстық заттар арасында «моңғол типіндегі» өсімдік өрнекпен әшекейленген сабы көлденең орнатылған қола тостағандар кездескен. Тері боқша қалдықтары, қайшы, пышақ ұшырасқан.
Киім қалдықтарынан «боқа» деп аталған биік бас киімдер белгілі, олардың негізі ағаш қабығынан жасалынды. Мұндай бас киімдер моңғол заманында кеңінен таралған болатын.
Бірқатар археологтар бұл кездердегі қабірлерді қыпшақтармен байланыстырады.
Осы кездері ислам дінінің жосын-жоралғылары бойынша жерленгендер көбірек тарай бастайды. Кесене-күмбездерде жерлеу де орын алады. Ақсүйектер мен бақуатты адамдардың қабірінің үстіне күйдірілген кірпіштен кесенелер тұрғызылды. Олар өсімдік және эпиграфикалық өрнектермен әшекейленді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   89   90   91   92   93   94   95   96   ...   138




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет