Қазақстан археологиясы


Хунну (сюнну) көне атрибуциясының сауалдары



бет18/28
Дата11.01.2017
өлшемі7,26 Mb.
#6641
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   28

Хунну (сюнну) көне атрибуциясының сауалдары
Көшпенділер мәдениеттеріне жататын белгілі бір материалдардың ерекшеліктерін зерделеген кезде көптеген авторлар хунну археологиялық ескерткіштерінің сауалдарын да қарастырды, жекелеп алғанда Сырдарияның орта ағысындағы, Ферғана мен Солтүстік Қырғызстандағы оба астында жерге көмілген (катакомбалы) кешендердің тұрғындарына тән жайттар қозғалды. Олардың ғұндарға тән екендігіне қатысты – бірде біздің заманымыздың алғашқы ғасырларындағы жарқын кешендердің ерекше белгілері бойынша анықталса, келесіде этникалық көрсеткіштері ретінде жерлеу ғұрпының жекелеген бөліктері (оба астында жерге көму), енді бірде ІV-V ғасырларға жататын заттық материалдар жиынтығы (қару-жарақ, зергерлік бұйымдар, қазандар) мен жерлеу ғұрпының белгілері (оттың, жылқы сүйектерінің болуы) алынып отырды (А.Н.Бернштам).

Хунну ескерткіштерінің атрибуциясы солқылдақтау екендігі арнайы зерттеулерде айтылған. Мәселен, С.С.Сорокин Ферғана мен Талас аңғарындағы оба астында жерге көмілген (подбойно-катакомбные) қабірлердің басым бөлігі жергілікті мәдениеттерден бастау алатындығын біршама дәлелді түрде айтып кеткен.

Ғылыми айналымға жетіасар мәдениеті мен оралдық-қазақстандық ғұн-сармат кешендері материалдарының енуі Батыс Азия даласындағы ортаазиялық халықтың миграциясына байланысты этномәдени үрдістердің археологиялық бейнесін қайта қарастыруға алып келді. Бұл туралы археологтар С.Г.Боталов пен С.Ю.Гуцалов жазып жүр. Б.з.б. І ғасырдың екінші жартысындағы қытай хроникасы Сун-шу шаньюй Чжи-Чжи кангюйлермен бірге усуньдерге қарсы одақ құрып, өз тайпасын Кангюй иелігінің шығыс шекарасына алып келеді деп жазады.

Осы уақыттарда жетіасар некропольдеріндегі шикі кірпіш сағаналарымен қатар көшпелілердің солтүстікке бағытталған тік бұрышты шұңқыры мен бүйірлі қуысты обалары, хунну пішінді қазандар, керамикалық ыдыстар мен Ерте Хань дәуіріндегі қытай айналары пайда бола бастайды. Томпақасар, Алтынасар қорымдарындағы топырақ оба астындағы иықты және қуысты шұңқырдағы жерлеу кешендерінің Ильмовая Падьтағы Көкел (Кокэль) хунну және хунну-сармат кешендерімен ұқсастығы байқалған, әсіресе олардың Солтүстік Қытайдағы Даодуньцзы кенті жанындағы қорым материалдарына жақын екендігі анықталған. Қуыстардағы мал сүйегі ұқсастықтың жарқын элементі мен этномәдени белгісі болып табылады, сондай-ақ қабірлерде сиыр бас сүйегінің болуы хунну мәдениетінің маңызды көрсеткіші ретінде белгіленген. Жетіасар екі құрауышты керамикалық кешені ыдыстардың екі тобынан тұрады, Бірінші топқа көшпелілердің ашық бейнедегі, «еден үстінде» күйдірілген, дөрекі иленген әрі біркелкі араластырылмаған, сұр түспен көмкерілген ыдыстары жатады. Бұл ыдыстардың түбі жалпақ, ұзынша пропорцияда, тұрпатының профилі жатық, мойыны ауыз қуысы тәрізді болып келеді. Екінші топтың ыдыстары құмырашы айналмасында дайындалған және көрікпен күйдіру әдісімен отқа қақталған. Олар: түрлі тұрпаттағы ыдыстар, хумдар, құмыралар, т.б. Л.М.Левина пікірінше, ыдыстардың бұл түрлері бұрын қалыптасқан жергілікті дәстүрді жалғастырады не болмаса Сырдарияның орта ағысы, Ферғана мен Тянь-Шань өңірі секілді іргелес этномәдени орталықтардың ықпалынан қалыптасқан. Бұлардың қатарына, ғұн типіндегі керамикалық қазандар енетіндігі сөзсіз.

Б.з. ІІ ғасырында хуннулар маусымдық миграцияның дәстүрлі аймағы болған Орал-Арал өңірін белсенді түрде игере бастаған сияқты.

Сөйтіп, осы кезден бастап, зерттеушілердің топшылауынша, хуннулар Оңтүстік Оралдың орманды-далалы жиегінде пайда болады.

Батыста хунну ІІ-ІV ғасырлардағы сармат-алан тайпаларымен шектесті және қарым-қатынасқа түсті, бұл Лебедев қорымындағы шеткі некропольдар материалдарынан да көрінеді. ІІ-ІҮ ғасырларда далалы Еуропаның шығыс шекарасында хунну мемлекетті қалыптасып жатты және сарматтар мен аландар күйрей бастады.

С.Г.Боталов пен С.Ю.Гуцалов пайымдауына қарағанда, хуннулардың ғұн-сармат мәдени кешені Солтүстік Қытай аумағындағы провинцияларда (Шанси, Шэнси, Ганьсу, Хэбэй), ішінара Ішкі Моңғолия мен Оңтүстік-Батыс Маньчжурияда қалыптасқан. Оның негізгі белгілері: мүрденің басын батысқа қаратып, шалқасынан жатқызған; қуысы, бүйір қуысы, кертпесі бар тік бұрышты шұңқыр жасалынады; ғұрыптықтар үй малдарының басы түрінде. Бұл кешеннің тағы мынадай белгілері бар еді: дөңгелек тас үйінділері; тар тік бұрышты шұңқырлар; қатардағы қабірлердің солтүстікке бағытталуы және күрделі көп секциялы, тік бұрышты дәліз-дромосты (оңтүстікке қарай) сағана тұрғызу; түбіне қима салынып, ішіне басы солтүстікке қаратылған ақсүйектер сағанасы іспеттес терең шұңқырлардың қазылуы. Хунну мәдени кешенінің түпкілікті унификациясы Моңғолияда, Байкалдың сыртқы жағында (кокэль мен шурмак мәдениеттерінің ескерткіштері) б.з.б. ІІ-І ғасырларда қалыптасты. Аталмыш кешен Оңтүстік және Батыс Қазақстан шебінде трансформация ұшырайды. Ол орал-қазақстандық далаларда ІІ-ІV ғасырлар аралығында болған.



Хуннулардың археологиялық ескерткіштері Қазақстан аумағынан көп кездеспейді. Хуннулар дәл солардікі деп нық сеніммен айтатын ірі қорымдар мен обалар қалдыра қойған жоқ. Ескерткіштердің жоқ болатын келесі бір себебі жерлеу ғұрпының сипатына да байланысты. Хуннулар оба тұрғызған жоқ, жерлеу орнын тас қоршаумен ғана белгіледі.

Әйтсе де бірқатар авторлар Қазақстан аумағындағы кейбір ескерткіштерді, айталық құлажорға мәдениетін (Шығыс Қазақстан), қанаттас типіндегі нысандарды (Орталық Қазақстан) хуннуларға тиесілі деп есептейді. Алайда бұл археологиялық нысандардың хронологиялық шегі жоғарыда айтылған уақыттан (ІІ-ІV ғасырлар) сәл-пәл ертерек кезеңдерге жатады. Мұны аумақтық ерекшеліктермен, миграциялық үрдістермен де түсіндіруге болатын сияқты. Сірә, хуннулардың Қазақстанға келуі, жергілікті мәдениеттермен араласуы, мәдениеттерге тигізген әсерінің отандық тарихнамада әлі ұзақ уақыт түпкілікті шешімін таба қоюы екіталай. Бұл «ақтаңдақты» кешенді археологиялық ізденістер ғана толықтыруы мүмкін. Хуннуларға көптеген халықтардың бағынуы, олар құрған мемлекет құрамында сан алуан ұлттардың болуы мәдениеттердің жай-жапсарына өзіндік әсерін тигізгендігі анық. Екі тарап та бір-бірінің мәдениетін бойына сіңіре білді, нәтижесінде хуннулардың өзіндік мәдени келбеті қалыптасты.

Оңтүстік Сібірден белгілі болған хунну қорымдарындағы бай қабірлер қимаға (лақыттарға) салынып, алдын-ала қазылған қазаншұңқырға жерленді. Қазаншұңқырдағы астау-лақытқа мүрде мен қабір саймандары қойылды. Қайтыс болған адам денесі сырты жәшікпен жабылған ішкі жәшікке салынды. Мүрде жанына тұрмыстық заттар, қару-жарақтар, киімдер, кәнизактар мен құлдар қойылды. Ақіреттік ас ретінде ірі мүйізді қараның еті пайдаланылды.

Хуннулармен салғастырылатын заттар Қазақстан аумағынан сирек әрі кездейсоқ қана ұшырасып қалады. Хуннулармен ерекше биік конструкциядағы ерді, құс мамығына (жүніне) ұқсастырылған қабыршақты өрнекті, қола қазандарды кеңінен байланыстырады. Алайда хуннулардың жарқын бұйымдары – ерекше конструкциядағы садақ пен әшекейлер болып табылады. «Халықтардың ұлы қоныс аударуы» дәуіріндегі көптеген қабірлерден түрлі-түсті тастар орнатылған әшекейлер табылған. Хунну қабірлеріндегі қару-жарақтар, бас киімдер, белбеулер, аяқ киім, ер мен жүгендер алтынмен апталған, инкрустацияланған. Ерекше салтанаттылық пен байлық байқалады. Дегенмен алтыннан жасалған ірі көлемдегі заттар сирек әрі көп емес. Әдетте бұлар алтын қаңылтыршамен (фольгамен) қапталған немесе алтын жалатылған күмістен және қоладан жасалған заттар болып табылады. Металл қондырғыға салынған қызыл және жасыл түсті тастар да аса бағалы емес.

Хунну типіндегі классикалық садаққа жеті сүйек жапсырма орнатылған: екі шетіне екі-екіден сүйек жапсырма орнатылды, олардың әдетте ұзындығы біркелкі емес; ал орта тұсына үш жапсырма қойылған, олардың жалпақ келген екеуі садақтың ағаш негізінің екі бүйіріне, ал ұш жақтары аздап кеңейтіліп, өзі тарлау жасалған үшіншісі олардың ортасына, садақтың сыртқы жағына қойылған. Садақтың иық тұсындағы бөлік қосымша сүйек пластиналармен бекітілді. Бір басындағы жапсырмалар айырмашылығынан хунну садағы асимметриялы болып келді.

Әйел адамдардың қабірлерін ерекше сипатта жасалған диадемалар, сонымен қатар белбеу айылбастары, бас киімді әшекейлеп тұрған бөлшек түріндегі моншақтар дараландырады. Тері аяқ киімдерден көбіне айылбастар мен белбеу ұштары сақталған.

Қазақстан көне заманын зерттеушілер хуннулармен екі ескерткіштерді нақты байланыстырады. Бұлардың бірі Л.М.Левина қазған Ақтөбе қаласының жанындағы қабір. Аталмыш жерлеу орны су шайған құмды-сазды қабатта орналасқан. Археологиялық ізденістер барысында ағаш табыт конструкциясын анықтаудың сәті түскен. Кірпіш құландысымен тығыз жабылған су шайған шөгінді қабатындағы ағаш үгінділерінің қалдықтарынан табыт-астау тұрпаты (пішіні) орны нақты анықталған. Тіпті бос кеңістік пен су шайындысынан табыттың қиысқан жігінің нақты көрінуі, оны толық қалпына келтіруге мол мүмкіндік берген болатын.

Табыт бөлме ішіндегі батыс қабырғаны бойлай, солтүстік қабырғаға дейін жетіп тұрды.

Ұзындығы 2,1 м, бас жағындағы ені 60 см, аяқ тұсындағы ені 42 см. Оның конструкциясы шарбақ тәріздес. Қиындысы шаршы секілді төрт бағана (5х5 см) бұрыштарына орнатылған және жоғарғы мен төменгі рамаларды байланыстырып тұрады, оған өзара байланыстырылған алты жалпақ тақтай бекітілген.

Табыт түбін дәл сондай келген ені 5-6 см жеті жалпақ тақтай құрайды, олар тігінен қойылған тіреулердің астынғы бөлігіндегі төменгі раманың қиысқан жігін көлбей орналасқан. Бас жақтан табылған ағаш фрагментіне қарағанда бұрыштық бағаналардың жоғарғы бөлігі дөңгелек секілді оймышталып келген. Орта тұсынан диаметрі 1,5 см, артқы бетінде ағашқа бекітілетін сүйірі бар әшекей табылған. Табыттың қақпағын табудың сәті түспеген, ол топырақ түскеннен кейін қираған болса керек; тек қана оның шығыс жақтағы шеткі ұзынша кеспелтегі ғана сақталып қалған.

Топырақ қабатындағы сақталған іздерге қарағанда, табыттың бүйір қабырғалары ені 7 см-ге дейін жететін төрт тері жіппен оралған. Түбінен ешқандай төсеніш табылмаған. Табытқа мүрде мен қабір саймандары қойылған. Қайтыс болған адамның басы солтүстік-батысқа қаратылған, шалқасынан жатқызылған. Басының оң жағына екі ағаш ыдыс қойылған.

Бас сүйегінің қасынан күміс пен алтыннан араластырылып құйылған, көзтана мен шыны жапсырмалармен әшекейленген алқа табылған.

Мүрде денесінің төменгі бөлігін ағаш қабығынан жасалған (қалдықтары мен іздеріне қарағанда) қорамсақ пен садаққа арналған құты жауып тұрған. Оның ұзындығы 1 м-ден кем емес, ернеуіндегі ені 38 см, ал түп жағындағы ені 28 см.

Құтының ішінде сүйекпен қапталған ұзындығы 1,2 м ағаш садақ, бір жүзді темір пышақ, қой құйымшағы мен жебе салынған қорамсақ жатқан.

Қорамсақ (ұзындығы 77 см, ені 11 см) қалдықтарына қарағанда ағаш қабығынан жасалған, ағаштан орнатылған түбінің қалыңдығы 2,4 см. Қақпағының іздері анықталмаған. Жебенің қамыс секілді ағаштарының ұзындығы 70-75 см және де ұштары темірден жасалынған (20-дан астам), бірақ олардың сақталуы өте нашар деңгейде. Жебе ұштары үш қалақты, ұзындығы 5,5 см-ден 7 см-ге дейін жетеді. Ағаш сапты екі жебе қорамсақтан алынып, мүрденің иық тұсына қойылған. Олардың бірі екі қалақты, жалпақ, қалақтың шеттері аздап жоғары қарай қайтарылған, ұшы аздап дөңгеленген. Келесі жебе ұшы ұш қалақты, оның істігі аздап төмен қарай бағытталып жасалынған.

Белбеуден төмен қаңқаның жамбас сүйегінің жанында темір қанжар жатқан. Сақталу деңгейі нашар екі жүзді бұл қанжарды сабымен қоса есептегенде ұзындығы 35 см; сабында ұштығы мен айқыштамасы (балдағы) жоқ, жүзі мен сабына өтер тұсы тік бұрышты болып кертіліп жасалған. Онда ағаш қынаптың іздері сақталып қалған. Қанжардың жоғарғы және төменгі жағынан екі темір айылбас табылған. Бірінің тілі қозғалмалы және дөңгелек қалқаншалы, ал екіншісінің тілі сақталмаған, оның пішіні тік бұрыш алаңқай сияқты.

Қаңқа үстіндегі қабырғасынан төмен күйдірілмеген саз балшықтан жасалған сұр түсті, диаметрі 8-9 см, ені 2 см-ге жуық «шелпек» жатқан.

Мүрденің тізе тұсынан екі шағын темір ілгек табылған, бұлар ағаш қабығынан жасалынған сауытшаның шеттерін бекітіп тұрса керек.

Аяғындағы жіліншік (сирақ) тұсына екі қатар дөңгелек мыс тоғалар қойылған.

Сипатталған кешенге Орта Азияда Кеңкөл (Кеңқол) қорымындағы ағаш табыттарға жерленген қабірлер өте ұқсас.

Қабірлерден алынған жекелеген заттарды салыстыра келе Л.М.Левина бұл ескерткішті ІV ғасыр соңымен және ІV-V ғасырлар шебімен мерзімдеді.

Хуннулармен байланыстырылатын тағы бір олжа – Талас аңғарындағы Қызыл-Қайнартөбе қонысындағы қабір.

Қызыл-Қайнартөбенің орталық бөлігінде күмбезді дәліз типіне ұқсас екі параллель бөлмеден тұратын құрылыс қаландысы анықталған.

Батыс бөлменің солтүстік бөлігіне қазіргі жер бетінен 3 м тереңдікте түсірілген тікқазбадан (шурфтан) шартты түрде «Жауынгер қабірі» аталған мола аршылды.

Қабір күмбез астына қарай жылжытылып, қабір шұңқырын катакомба кейпіне енгізген. Қаңқа камераны бойлай ұзына бойынан шалқасынан жатқызылған, басы солтүстік-шығысқа бағытталған, қолдары денесінің жанына қойылған.

Иық тұсының деңгейінен мөлшері 4,6х3,5 см дөңгелек сүйек пластина табылған. Ол семсердің немесе қанжардың жапсырмасы болса керек.

Мойынын алтын шынжыр әшекейлеп тұрған, ол жұқа алтын жіптермен өрілген; ұзындығы 35 см.

Мүрденің бел жағынан белбеу табылған. Ол қозғалмалы тілді қола айылбастан және қоладан жасалған фигуралы пластинка бекіткіш-құлақшадан тұрған. Белбеудің теріден жасалған сыртқы бөлігі бантик түріндегі жұқа қола пластинкалармен әшекейленген.

Белбеуден төмен бір жүзді темір қанжар жатты. Жүзінің екі жағынан да қынаптан сақталып қалған ағаш қалдықтары анықталған.

Белбеуден төменірек, сол жақтан бүтін және кейбірінің белгілі бір бөліктері сақталған 8 темір жебе ұштары табылған. Олардың барлығы үш қалақты, сапты болып келген.

Белбеуден төмен қарай, оң аяққа параллель түрде темір семсер жатты. Оның сабын есептемегендегі ұзындығы 74 см. Сабы тек 2 см болып қана сақталған.

Жамбас тұсында кезінде садақтың ағаш бөлігіне жапсырылған сүйек пластинкалар жатқан. Олардың екеуі садақтың басы жағына, үшеуі орталық бөлігіне қойылған.

Осы деңгейден, қаңқаның оң жағынан алтын қаңылтыршадан жасалған зат табылған, ол жылқы мүсінінің алдыңғы бөлігіне ұқсайды.

Бас сүйегі мен мойын тұсынан алтыннан жасалған самай сырға табылған, ол көзтанамен және қызғыш-қызыл түсті шынымен әшекейленген.

Бірқатар зерттеушілер (С.Г.Боталов, А.А.Бисембаев) соңғы жылдары Қазақстанның батыс өңірлерінен табылған кейбір ескерткіштерді (Басшилі қорымындағы №10, 11, 15, 25, 26, 42 обаларды) ғұндарға тән деп есептеп отыр. Мамандардың пікірінше, Батыс Қазақстандағы 300 астам обалары бар ескерткіштердің 16 тобын ғұн дәуіріне жатқызуға болады. Лебедевка-Қалдығайты ауданында ғұн-сармат дәуіріне жататын ескерткіштердің шоғырлануына қарап, бұл жер ерте көшпенділердің маңызды орталықтарының бірі болғандығын тілге тиек етеді.

2001-2002 жылдардағы далалық жұмыстар Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Басшилі (Басшийли) кенті маңындағы қорымнан бірнеше оба қазылады. Мұндағы топырақтан тұрғызылған №10 оба бұрыс пішінді. Жалпы диаметрі 8х10 м, биіктігі 0,12 м, ішкі диаметрі 3,5 м. Қабір шұңқыры (ауданы 0,65х2,05 м) обаның орталық бөлігінде орналасқан. Мүрденің басы солтүстік-батысқа қаратылып, шалқасынан жатқызылған, қаңқа сүйектері өте нашар сақталған. Оң жақ жамбасынан түйреуіш бөлігі алынған. №11 оба қорымның батыс жағында. Үйінді диаметрі 23,5 м, биіктігі 1 м-дей. Оба ормен қоршалған, оның жалпы диаметрі 28 м, ені мен тереңдігі әр жерінде әрқалай. Ең тар бөлігі оңтүстікте. Мұндағы ені 2 м-ге жетеді. Үйінді стратиграфиясын зерттеген кезде топырақтан тұрғызылған сағана құрылысы байқалған. Сағана тікбұрышты (13х14 м) пішінде, қабырғаларының қалыңдығы 1,5-3 м-ге дейін жеткен. Оңтүстік жағынан дәліз (шамамен ені 3-5 м) өткен. Қабырғаларына құрбандық кешендері салынған (жылқы пен қойдың 12 дана сүйегі шыққан). Мола шұңқыры сағана ішіндегі кеңістіктің оңтүстігіне қарай қазылған. Тікбұрышты келген қабір шұңқырының (3,2х2 м) түбіне 6 тақта-ағаш төселген. Тақтайлардан қызыл бояу анықталған. Қабір тоналған. Қаңқа сүйектері шашылып кеткен, тіпті деформацияға ұшыраған бас сүйек астау (табыт) сыртындағы қуыстан табылған. Қазба барысында 42 дана алтын жапсырма, қаңылтырша бөлігі, күміс айылбас пен белбеу қалдығымен бірге екі құрсау-сауыт, қоладан жасалынған стержень алынған. Күміс айылбас рамкасы (диаметрі 1,5 см) дөңгелек келген, тілі аздап қана шығыңқы әрі шеттері ішке қайырылған. Ал қорымның орталық бөлігіндегі №15 оба пішіні гантель тәрізді, екі дөңгелек үйіндіден тұрады: кішісінің (шығыс) диаметрі 9 м-дей, биіктігі 0,5 м; үлкен үйінді (батыс) диаметрі 10 м, биіктігі 0,45 м. Бұл үйінділер өзара ені 3-4 м, биіктігі 0,2-0,25 м жалмен жалғасқан. Қазба барысында олардан ешқандай материалдар алына қойған жоқ. Қорымнан осындай 7 құрылыс анықталған. Бұлардың культтық мәні болғандығы анық. Оған қарағанда №25 обадан (үйінді диаметрі 8 м, биіктігі 0,4 м) біршама заттар алынған. Обаның қабір шұңқыры 0,7х2 м. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа бағытталған. 2 м шамасында ұңғылап қазылған бөлік аршылады. Қабір түбінен басы солтүстік - солтүстік-шығысқа бағытталған әйел адамның қаңқасы аршылған. Оның оң қолы ұзынынан жатса, сол қолы білек тұсында аздап бүгілген. Сол жақ тізесінің қасынан қола айна, темір қайшы мен қабыршақтар қалдықтары, білегінен моншақтар, сол жақ қолы маңынан екі керамикалық ұршықбас, оң төсінен темір түйреуіш қалдықтары шыққан. №26 обадан (үйінді диаметрі 8 м, биіктігі 0,2 м), қола жапсырма, серіппе, қамшы табылған. №42 обадан (диаметрі 9 м, биіктігі 0,5 м) керамика қалдықтары, мал сүйектері шыққан. Обаның ортасында орналасқан (90 см тереңдіктен) тікбұрышты (0,7х2,2 м) қабір шұңқырынан түйреуіш пен тағы бір керамика бөліктері алынған. Қабір тоналған.

Қазақстан аумағында біршама түрленген хунну мәдениетін толымды түрде зерделеу үшін арнайы далалық ізденістер ұйымдастырылуы қажет. Дегенмен қолдағы материалдар ІІ-ІҮ ғасырларда Қазақстанның батыс өңірлері ғұн бірлестігі біршама тұрақты түрде толығып, қалыптасқан аймақ болғандығын көрсетеді. Мұнда бірнеше мәдениеттердің тоғысуына бірқатар объективті факторлар (географиялық, саяси, экономикалық, т.б.) өзіндік әсерін молынан тигізгендігі анық.

Савромат ескерткіштері
Савромат ескерткіштері Батыс Қазақстанда шоғырланған. Оларды кезінде М.Г.Мошкова, Г.D.Кушаев, М.Қ.Қадырбаев, Ж.Қ.Құрманқұлов зерттеген, қазіргі таңда А.А.Бейсембаев, С.Ю.Гуцалов, Ж.Смаилов, т.б. зерттеп жүр.

1-кезеңге жататын ескерткіштер қатарына мына обалар мен олардағы қабірлер кіреді: Қос-Оба қорымындағы №16 обадағы ІІ, ІҮ, Ү қабірлер; Мамай-1 қорымындығы №6 оба қабірі; Дөңгелек қорымындағы №6 оба, ІІ және ІІІ-қабірлер, №8 обадағы ІІІ-ІҮ қабірлер; Рыбное көлі жанындағы Сақрыл-1 қорымындағы №13 оба, І-қабір; Сақрыл-2 қорымындағы №2 обадағы І-қабір; Сақрыл-3 қорымындағы №7 обадағы І-қабір; Бубенцы-1 қорымындағы №9 оба, ІІІ-қабір; Шайтан-Оба қорымындағы №1 оба, І-ІІ қабірлер; қалмақ-Шабан қорымындағы №2 оба, ІІІ-қабір.

Орал өзенінің сол жағалауындағы б.з.б. І-мыңжылдық орта тұсына – Шалқар-3 қорымы, №5 оба, І-қабір; Шалқар-5 обасындағы №4 оба; Барбастау-3 қорымындағы №16 оба – І және ІІ-қабірлер; Алебастрово-1 қорымындағы №18 оба жатады.

Бұл кездегі қабір шұңқырлыра тік бұрышты, үлкен көлемді болып келеді.

Тек қана бір қабірдегі жерлеу шұңқыры сопақша пішінде жасалған (Алебастрово-1 қорымындағы №18 оба қаңқасы батысқа қарай бағытталған).

Қабірлерден қыш ыдыстары көптеп табылған. Көзелердің түбі дөңгелек келген, кейде су ағары және жалпақ түбі барлары да ұшырасады. Конус тұғырлы қола қазандықтар немесе құрбандық үстелдері де кездеседі. Бұл кездегі обаларға ұжымдық жерлеу, жылқы сүйектерінің болуы, шет жақтардан әкелінген заттардың табылуы тән. Осы шеңберге кіретін ескерткіштердің жарқын белгісі – «аң стилінде» жасалынған қолданбалы өнер туындыларының олжалары болып табылады.

Шалқар-3 қорымындағы №4 оба үйіндісінің диаметрі 24 м, биіктігі 0,8 м болған. Қабір шұңқыры шығыстан батысқа қарай бағытталған, оның ұзындығы 3,6 м, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай жатқан ені 2,35 м, шеттерінде оны оңтүстіктен солтүстікке қарай жауып тұрған ағаш қалдықтары сақталған. 3,5 м тереңдіктен екі адамның қабірі табылған: шығыс қаңқаның басы солтүстік-шығысқа бағытталған. Ол шалқасынан жатқызылған, қолдарының сүйектері денесін бойлай орналасқан, аяқтары тігінен созылған. Батыс қаңқа басы оңтүстік-батысқа қаратылған. Шығыс қаңқа әйел адамның, ал батыс қаңқа ер адамның сүйегі болса керек. Батыс қаңқадан солға қарай, қолдары мен көкірек тұсының арасынан жоны жапырылған темір пышақ табылған. Пышақтың сақталған бөлігінің ұзындығы 10 см. Қаңқаның белбеу тұсынан дөңгелек пішінді темір айылбас шыққан, ал сол жақтан дәл осыған ұқсас қола айылбас табылған. Қаңқаның оң жамбас сүйегінен сәл өменірек жерде ұзындығы 15,5 см қайрақ тас жатқан. Жамбас сүйек пен одан 20 см қашықтықтан үш қырлы және үш жиекті ұңғымалы (төлкелі) қола жебе ұштарының 19 данасынан тұратын жиынтық шыққан.

Қабірлер жатқан алаңқайды тазалау барысында қорамсақтың қоладан жасалынған көлемді ілгегі, оның қасынан керамикалық жалпақ шетен табылған.

2002 жылдан бастап Археология және тарих орталығының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясының қызметкерлері Орал өзенінің сол жағалауында зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Экспедицияның негізгі зерттеу нысандарына Қырық-Оба-2 мен Лебедевка-2 некропольдеріндегі обалар кірді.



Лебедевка қорымы Батыс Қазақстан облысының қиыр шығысында орналасқан.

Мұндағы солтүстіктегі Лебедевка ауылына дейін бірнеше километрге созылып жатқан кең байтақ Есен-Амантау үстіртіне көшпенділер жүздеген обалар тұрғызған. Лебедевка обалары ХХ ғасыр 60-жылдарынан бастап зерттеушілердің назарына түскен. Сол кездері өлкетанушы Г.И.Багриков б.з. бас кезіне жататын көшпенділер ақсүйектерінің бай қабірлерін аршыған болатын.

Үстірттің биік бөлігінде биіктігі 2,5 м-ге жететін, диаметр 25 м-ден асатын ең үлкен обалар орналасқан.

Бірінші топқа жататын обалардың көлемі – диаметрі 20 м, биіктігі 0,6 м шамасында. Олардың астына тік бұрышты келген ұзындығы 2,5 м, ені 1,5 м шұңқырлар түскен. Ақіреттік ас ретінде молаға қойдың еті (төсімен бірге алдыңғы аяғы) қойылған. Мүрделер киізге немесе қамыс төсенішке жатқызылған. Қабір саймандарына қарағанда (темір қанжар-ақинақ, тері қорамсақ пен ондағы қола жебе ұштары, кейде темірден немесе сүйектен жасалынған жебе ұштары да кездеседі), қатардағы көшпенділердің көпшлігі жауынгер болған.

Екінші топтағы обалар көлемі мынадай: диаметрі 25-40 м, биіктігі – 1,5-2,5 м шамасында.

Археологиялық ізденістер барысында жерлеу ғұрпы мен қабір құрылыстарының конструкциясын анықтаудың сәті түскен.

Олардың әрбірі күрделі архитектуралық конструкция болып табылады, оның негізін ауданы 8х16 м-ден 15х15 м-ге дейін жететін тік бұрышты немесе шаршы түріндегі алаңқайды қоршап тұрған үйінді жал құрады. Жал балшық блоктарынан құрастырылды. Жалмен пішінделген алаңқайдың ішкі бөлігінің үстігі тегіс болды және ол қылқан жапырақты ағаш қабығымен жабылды. Жалдың шығыс жағынан кірер есік орны байқалады.

Обалардың біріндегі (№9) алаңқайдың оңтүстік бұрышындағы төсенішке жүгенделген ат жерленген. Ат аяқтары бүгілген күйінде қойылған. Тағы бір аттың бас сүйегінің қалдықтары моланың ағаш жабындылары арасынан шыққан. Молаға кем бегенде бес бала жерленген. Жас өспірімдер қасына ғұрыптық малта тас пен бай құрал-саймандар қойылған. «Бұрым тәрізді» шынжырлы жібі бекітілген ілгегі және қабырғалы ромб түріндегі алқасы бар алтыннан жасалған самай сырға табылған. Сонымен қатар №8-обадан қамшының күміс құбыршасы аршып алынған. Мұның бәрі обаларда жерленген адамдардың жоғарғы әлеуметтік статусын нақты көрсетеді.



Лебедевка-3 қорымын қазған кезде обаның барлық орталық бөлігінен күл қабаттарының қалдықтары анықталған. Күл қабаты ортада орналасқан және диаметрі 30 м-дей болған ағаш конструкцияның қалдығы болып табылады.

Обаның орта тұсында қазіргі жер беті деңгейінен тік бұрышты, ауданы 6,4х7,6 м, ұзын белдеуі бойынша батыстан шығысқа қарай бағытталған қабір шұңқыры табылған. Шұңқырдың жоғарғы қабатынан тастан жасалған алтарь сынығы аршып алынған. Тереңнен екі қабір қалдығы аршылған.

№1 қабір моланың орталық бөлігінде орналасқан. Ондағы мүрденің оң қолынан батысқа қарай қола жебе ұштары, білегінен оңға қарай темір умбон мен қола жапсырма жатқан. Аталмыш қаңқадан шығысқа қарай, шұңқыр қабырғасының жанынан ішіне екі темір шпенька орналасқан қасқыр тұмсығы сияқты сүйек бұйым табылған.

№2 қабір моланың батыс жағында жатқан ересек адамның қаңқа сүйектерінің шоғыры іспеттес. Сүйектердің айналасында қола жебе ұштары шашылып жатқан. Олардың басым бөлігі қалдық сүйектердің оңтүстік-шығыс жағына шоғырланған. Бұлардан оңтүстікке қарай 40 см жерден шағын темір пышақ табылған.

Топтағы ең ірі әрі басқаларына қарағанда жақсы сақталған №6 оба болып табылады.

Обаның өлшемдері: диаметрі – 30 м, биіктігі – 2,25 м; обалар тізбегінде орталық бөлікте орналасқан. Жерлеу қабірі топырақтан тұрғызылған сағана ретінде қалпына келтіріледі, ол сыртқы және ішкі екі бөлмеден (қабырғалары шикі кірпішпен өрілген) тұрады. Сағана мөлшері – тұрпаты бойынша шаршы түрінде, - 22х24 м. Сағананың ішкі бөлігі 17х17 м және толығымен қылқан жапырақты және ақ қайың ағаштардың қабығымен жабылған, үстіне бұталар мен ағаш қабықтары төселген. Төсеніш ортасынан, қабық астынан обаның орталық бөлігіндегі қабір шұңқырын жауып тұрған ақ қайың бөренелері аршылған. Сағаны тік бұрышты жал қоршап тұрған. Қабырғаның қирандысына қарағанда, жал негіздеме ретінде пайдаланылған, оның үстіне ірі балшық блоктары қаланған, олардың араларына жұқа сары топырақ лай төселіп отырған. Жалдың ені 1 м-ден 4 м-ге дейінгі аралықта.

Өлшемі 4,2х4,6 м, тереңдігі 3,8 м моланың түбі тік бұрышты тұрпатта, оған киіз төселген сияқты. Шұңқырдың ортасынан басы батысқа қаратылып, шалқасынан жатқызылған, сақталуы нашар қаңқа шыққан, ол әйел адамның қаңқасы секілді. Қолдары денесін бойлай жайғастырылған. Қаңқаның үсті бұтақты жабындымен жабылған.

Қабірде бай құрал-саймандар болған. Бас сүйегінің артқы жағынан бай бас киім қалдықтары шыққан, мұнда конус тұрпатты алтын тоғалардың шоғыры анықталған. Олардың арасында сыртқы жағында екі ілгегі бар бұғының басы түріндегі пластинкалар, сонымен қатар түсі әртүрлі және де тұрпаты әркелкі моншақтар да болды. Қайтыс болған бұл әйел адамның жанынан көптеген әшекейлер табылды: мойын тұсынан шыны моншақтардан жасалған алқа мен дөңгелек тұрпаттағы алтын тоғалар; кеудесінен алмұрт тәрізді пішіндегі 9 алтын моншақтан тұратын алқа; самай тұсынан жіпті ілгектен, ұзындығы 20 см шамасындағы «бұрым тәрізді» шынжырдан, аяқталар тұсында сақинасы бар, оған ұзындығы 13 см екі шынжыр бекітілген, оларға 24 шарик жапсырылған екі алтын салпыншақ-алқа шыққан. Шынжырдың аяқ жағына жарты сфера түріндегі диаметрі 1,8 см тоға жапсырылған, оған геометриялық өрнектер түсірілген. Астыңғы жағынан сфераға ромб пішінді ұзындығы 2,2 см 5 алқа тағылған, олардың ұшына үш дән жабыстырылған. Көйлек етегі мен аяқ киімге моншақтар тағылса керек.

Қаңқадан солға қарай сапты қола айна жатқан, ол үш қола бекітпе арқылы жалпақ дискке бекітілген. Сабының ұшына қабан мен самұрық бейнесі түсірілген, оның дискіге жалғасқан жеріне самұрықтың басы салынған. Бас сүйектен оңға қарай қара-көк түсті шыныдан жасалған ыдыс жатқан. Оның тұрқы бірін-бірі алмастырған ақ және қоңыр түсті ирек сызықтар өрнегімен әшекейленген. Тағы бір шыны ыдыс жамбас сүйегінің сол жағынан табылған. Оның жанында меруерттей құлпырған жарқыл заттары бар қара түсті бояу шашылып жатты. Осы жерден қызыл түсті бояу толтырылған қабыршақ табылды, оның қасынан ашық қоңыр түсті сопақша малта тас алынған. Аяқ жағынан биконус тұрпатындағы қыштан жасалған ғұрыптық ыдыс аршылған.

Қаңқадан оңға қарай, кеуде тұстағы омыртқаларға қарама-қарсы жақтан қайрақ тас алынған. Қайрақ тастың қасында саз балшықтан жасалған биконус тұрпаттағы ұршықбас жатты.

Қазба жүргізілген екінші нысан Қырық-Оба-2 обалар тобы болды.

Қырық-Оба-2 тобы батыстан шығысқа қарай тізбектеле 5 км-ге созылған жиырма алты обалардан тұрады.

Қазылған №16 обаның диаметрі 29 м, биіктігі – 1,2 м. Қазба нәтижесінде күрделі архитектуралық конструкция анықталды. Периметрі бойынша жерленген қабатқа балшықтан диаметрі 38 м, ені 4 м-дей және биіктігі 0,5 м сақина жал тұрғызылған. Оңтүстік бөлігінде қабір шұңқырына өтетін ұзындығы 7,4 м, ені 5,3 м орын болды. Ұзын қабырғалары бойынша мола солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталды. Молаға кіретін жер (дромос) обаның оңтүстік табанынан басталған. Оның ұзындығы 14 м, ені 1 м, тереңдігі 1,5-1,8 м шамасында.

Мола үстіне шаршы түріндегі мөлшері 11х11 м сағана тұрғызылған. Қабырғасы 4 кірпішпен қаланған. Олардың қирандылары 0,9 м биіктікте сақталған. Қабырғаның ені 1 м-ді құрады. Өртеу нәтижесінде сағананың үлкен бөлігі қабір шұңқырына құлаған. Кірпіш қаландысының өртеліп үлгермей обаның сыртқы жағындағы балшық жалға қарай құлаған. Сағана ішіндегі кеңістік қамыспен толтырылған.

Молаға кіретін есік маңындағы жерде жылқылар өлтірілсе керек, бұл маңайданүлкен қола сақина табылған, ал жылқы қаңқасына қарама-қарсы жатқан дромос түбінен шеті самұрық басы түріндегі қола сулық шыққан. Жылқының аяқтары бүгілген, басы солтүстікке қаратылған.

Мола ежелгі замандарда-ақ тоналған. Оның түбінен шашылған қаңқа сүйектерінің бөліктері мен құрал-саймандар кездескен: темір пышақ, жапсырылған ыдыс, алтынмен және күміспен құрсауланған ағаштан жасалған ғұрыптық ыдыстар, т.б.

Жоғарыда сипатталған қабірлердің барлығы б.з.б. VІ ғасыр соңы мен б.з.б. V ғасырдың орта тұсына жатады. Жебе ұштарының кейбірі б.з.б. VІІ-VІ ғасырлармен мерзімделінеді. Алайда қорамсақтарда б.з.б. V ғасырға тән үш қалақты қола жебе ұштары басым. Қайрақ секілді ұштығы мен көбелек тәрізді айқыштамалы (балдақты) темір семсерлер, түбі жалпақ ыдыстар Орал маңындағы далалы аймақтарда б.з.б. VІ ғасырда пайда болып, б.з.б. V ғасырда кеңінен таралады. Көрсетілген уақытқа аң стилінде жасалған жылқы жүгендерінің жекелеген бөліктері де тән. Қырық-Оба-2, Лебедевка-2 қорымдарынан кездескен қалған материалдар (шыны моншақтар, алтын алқа мен тағылатын тоғалар) да жоғарыда аталған мерзіммен сәйкес келеді.

Батыс Қазақстанның тарихи савроматтармен байланыстырылатын ең жарқын әрі айқын археологиялық кешендері Елек өзенінің орта ағысы аңғарында шоғырланған. Електегі обалардың басым көпшілігі осы мәдениеттің гүлдену кезеңіне - б.з.б. VI-V ғасырлардың аяғына жатады.



Сынтас қорымындағы №1 обадан ежелгі замандардағы жер бетіне бөренелерден орнатылған шатыр конструкциясының астынан үш қаңқа шыққан, олардың басы батысқа қаратылған. Қайтыс болған адамдар жанына қойылған құрал-саймандар – қару-жарақтан (қола жебе ұштары, темір қанжарлар мен қорамсақ ілгектері), аттың жүген-әбзелдерінен (темір сулықтар, қола айылбастар, т.б.) тұрмыстық заттардан (қыш ыдыстар, темір пышақ, т.б.) тұрады. Әсіресе Сынтастан табылған сүйек қасықтарға баға жетпейді. Мұндағы қасықтарға басы арт жағына қайырылған қасқыр мүсіні, қарақұйрық басы, тау текелердің мүсіні мен жыртқыш аңдардың бастары асқан шеберлікпен бедерленген. Бұл заттар көне замандарда Қазақстанның байырғы халқы жарқын мәдениет туындыларын қалдырғандығын білдіреді.

Нагорный қорымында көп адам жерленген дромостық қабірлер тобы ерекше көрінеді. Көлемі 200-250 шаршы метрге дейін жететін орасан зор үлкен ағаш құрылыстардың астында кейде ор қазып нобайланған, 10-15 өлікті орналастыруға жететіндей көлемдегі төрт бұрышты құрылыстар бар, еліктер мазарға бөренеден жасалған арнаулы дәліз арқылы біртіндеп енгізілген. № 2-обаға он екі елік жерленген, олардың 11-і - жауынгерлер де, біреуі – жасөспірім қыз, оларға арнаулы табыну құрылысын жапқан бөренелерге салынған 12 аттың бас сүйегі мен терісі сәйкес келеді.

Елек тобы ескерткіштерінің негізгі ерекшеліктері мыналар: ағаш құрылымдар пайызының көп болуы, олар кейде әдейі өртелген; жерлеу құрылыстарының әр алуан үлгіде болуы (тікбұрышты, дөңгелек және сопақ шұңқырлар, дромостық молалар, жер бетіне жерлеу және т. б.), көп адам жерлеудің (соның ішінде - көп қабатты) көптеп кездесуі, басын оңтүстікке қаратып жерленгендер пайызының жоғары болуы.

Тұрмыс заттары арасында құрал-саймандардың ең көп кездесетіндері жапсырып істелген, жайпақ түпті ыдыстар болып табылады. Әдетте кішкене немесе керісінше, көрінеу ұзартылған, жүзі шағын темір пышақтар кездеседі. Қару-жарақтар үстіңгі жағы жалпақ және көбелек тәрізді, кейде алқымы дөңес темір семсерлер мен қанжарлардан тұрады. Б.з.б. V ғасырдан бастап Електе жүзі доға тәрізді және алқымы күрт кесілген сияқты семсерлер таралғандығы мәлім. Жебелердің екі қырлы (ертеректегі жиынтықтар) және үш қырлы ұңғылы қола ұштарынан тұратын қорамсақ кешендері ерекше көп және типологиялық жағынан алуан түрлі; олардың арасынан сапты ұштылары да жиі кездеседі. Қорғаныш жарақтарының қалдықтары өте сирек. Ат жүгендері тура немесе «S» тәрізді сулықтары бар темір ауыздықтар, қола айылбастар және түрі мен мақсаты әр алуан тоғалардан тұрады. Заттардың көбісін өрнектегенде аң стилі жиі қолданылған.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет