Қазақстан Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде (1914–1918)



бет2/2
Дата03.04.2023
өлшемі26,54 Kb.
#173635
1   2
Байланысты:
Дүниежүзілік соғыстың Қазақстанға тигізген зардабы реферат
0-14620085574 20201220 011932 0000, Статья Насекомые для детей , ТЖБ 2 химия 10 А 10Ә, ТЖБ 10 сынып 2 тоқсан Биология
1916 жылғы көтеріліс
Он алтыншы жылғы көтеріліс, 1916 жылғы Қазақстан мен Орта Азиядағы ұлт-азаттық көтеріліс – патшалық Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс. 1914 жылы басталған Бірінші дүниежүзілік соғыс Ресей империясында пісіп-жетіліп келе жатқан жалпы дағдарысты шырқау шегіне жеткізді. Көтерілістің басты себептері әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерге тікелей байланысты болды. Ол отаршылдық езгінің күшеюінен, Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халықтарының жерін тартып алудың қарқынмен жалғасуынан, салықтар мен басқа да алымдар көлемінің шамадан тыс ұлғаюынан, патша өкіметі жүргізген орыстандыру саясатының кең өріс алуы мен қалың бұқараның әлеуметтік жағдайының күрт төмендеуінен көрініс тапты. Көтерілістің басталуына Николай ІІ патшаның 1916 жылы 25 маусымдағы “Реквизициялау туралы” жарлығы тікелей себеп болды. Жарлық бойынша Қазақстан, Орта Азия мен ішінара Сібірдің “бұратана халықтарының” ер-азаматтарынан (19 бен 43 жастың аралығында) майданның тыл жұмыстарына (қорғаныс құрылыстары мен әскери қатынас жолдарын салу, окоптар қазу, т.б.) 400 мың адам (оның ішінде қазақтардан 240 мыңға жуық) алу белгіленді. Қазақстандағы көтерілістің алғашқы ошақтары 1916 жылы шілде айының бас кезінде пайда болды. Халықтың ашу-ызасына жұмысқа алынатындардың тізімдерін жасаған болыс басқарушылары, ауыл старшындары және жергілікті әкімшіліктердің басқа да қызметкерлері ұшырады, өйткені жасалған тізімдер әуел бастан жаппай парақорлық, көзбояушылық пен қиянатқа негізделді. Әкімшілік жүйе ол кезде қазақтарда тууы туралы куәліктердің болмағандығын пайдаланып, тізімге жас шамасына қарамастан кедейлерді қалауынша енгізіп, ал ауқатты әулеттерден пара алып, олардың өкілдерін шақырудан босатты. Оның үстіне патшалық өкімет орындары өлке тұрғындарының кейбір әлеуметтік топтарының өкілдерін (болыс басқарушылары, жергілікті халықтан шыққан төменгі шенді полицейлер, имамдар мен молдалар, ақсүйектер мен құрметті азамат құқықтары барлар, т.б.) майданның қара жұмысынан босатты. Көтерілісшілер болыстық кеңселерді, болыстар мен ауыл старшындарының үйлерін, жасалған тізімдерді өртеді, жекелеген болыс бастықтарын өлтірді. Стихиялы қозғалыс біртіндеп ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске ұласа бастады. Көтерілістің негізгі қозғаушы күштері – отарлық езгіден күрт кедейленген шаруалардың қалың тобы мен сол кезде қалыптаса бастаған жергілікті жұмысшылар болды. Көтеріліске, сондай-ақ қазақ халқының басқа әлеуметтік топтарының (байлар, болыстар мен билер, интеллигенция) өкілдері де қатынасты. Соңғылары кейбір аймақтарда жетекші рөл атқарды. Көтеріліске қазақтармен қатар ұйғырлар, өзбектер, қырғыздар, дүнгендер, т.б. ұлт өкілдері қатысқан оңтүстік облыстарды (Жетісу мен Сырдария) қоспағанда Он алтыншы жылғы көтеріліс құрамы жағынан бір ұлттық қозғалыс болды. Сол кездегі қазақ қоғамындағы саяси қайраткерлердің арасында көтеріліске бірыңғай көзқарас болған жоқ. Қазақ зиялыларының кейбір өкілдері (Т.Бокин, Ж.Ниязбеков, Ә.Жүнісов, Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, Б.Алманов, Ә.Жангелдин, т.б.) патша жарлығына батыл қарсы шықты және халықты қарулы қарсылыққа шақырды.
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі.
Қазақ жастарын майдандағы тыл жұмысына алу жөніндегі патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы жарлығы халықтың шыдамын тауысып, олардың отарлау езгісі мен орта ғасыр­лық қанауға қарсы көтерілуіне себеп болды. Қазақтардың тууы туралы куәлігінің жоғын пайдаланып, болыстық басқармалар мен ауыл старшындары жастарының асқандығына қарамастан кедей жігіттерді майданға жұмысқа алынатын «қара тізімге қосты», ал феодалдар балаларының жасын өз бетінше үлкейтіп, немесе кішірейтіп көрсетіп, әскерге жібер­меудің амалын жасап бақты
Майдан жұмысына қазақ жастарын алу туралы жарлық қазақ халқының зор наразылығын тудырды.

Қазақстандағы бұл қозғалыс көпшілік аудандарда ұлт-азаттық сипатта болып, патша өкіметіне, отаршылдыққа, империалистік соғысқа және жергілікті жерлерде патша өкіметіне сүйеніш болып отырған феодал-байларға қарсы бағытталды. Бұл қозғалысты еңбекші халықтың өкілдері басқарды. Торғай даласында қазақ жастарын Әліби Жангелдин мен Аман­гелді Иманов, Орал облысы мен Бөкей ордасында Сейітқали Мендешев, Ақтөбе даласында – Әділбек Майкөтов, Жетісуда – Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов, Тұрар Рысқұлов т. б. басқарды.


1916 жылғы шілде, тамыз айларында көтеріліс бүкіл қазақ даласын қамтыды. Оны басу үшін патша өкіметі жазалаушы отрядтар жіберді. Оның құрамына жақсы қаруланған әскер бөлімдері, казак-орыс шоғырлары кірді.
Көтерілісті басу үшін патша үкіметі өзінің ескі «бөліп ал да билей бер» деген тактикасын да кеңінен қолданды. 1916 жылғы 23 тамызда Түркістан генерал-губернаторы Куропат­киннің жарлығымен майдан жұмыстарына шақырылудан қанаушы таптардың бірқатар өкілдері босатылды.
1916 жылғы қазақ халқы көтерілісінің басты аудандарының бірі – Жетісу еді. Мұнда ол 1916 жылғы шілденің алғашқы күндерінде Жаркент – тараншы болысының Городское селосын­дағы тыл жұмыстарына жіберілетін жігіттердің тізімдерін жасауға қарсылық көрсетуімен басталды.
Жетісудағы көтеріліс басшыларының және қазақтың демократияшыл зиялыларының бірі – Тоқаш Бокин. Ол халықтар арасындағы үгіт жұмысына басшылық етті, соғыстың халыққа қарсы сипатын түсіндірді, үстем феодал-байлар тобының сатқындық рөлін әшкерелеп, патша жарлығын орындамауға шақырды. 1916 жылғы тамыздың бас кезінде революциялық қызметі үшін ол қамауға алынды. Түрмеде Тоқаш Бокин Ақпан төңкерісінің жеңісіне дейін отырды.
Жазалаушылармен соңғы ұрыс 1916 жылғы қыркүйектің аяғында Қапал уезіндегі Быжы өзенінің маңында жүрді. Көтерілісшілердің жасақтары жеңіліске ұшырап, қалғандары тауға кетті. Жетісудағы көтеріліс 1916 жылғы қазанда басып-жаншылды.
Көтерілістің ең бір күшті болған орталығы Торғай облысы еді. Мұнда көтеріліс ең бұқаралық, ең ұзаққа созылған, ең табанды және ұйымдасқан көтеріліс болды. Көтеріліс Торғай, Ырғыз, Ақтөбе және Қостанай уездерін қамтыды.
1916 жылғы қазанға қарай Торғай және Ырғыз уездерінде 20-ға тарта көтерілісшілер отряды құрылды. 23 қазанда Амангелді Иманов бастаған 15 мың көтерілісшілер Торғай қала­сын қоршап алды. Бірақ олар қаланы ала алмай, қоршау бірнеше күнге созылды. Амангелді бастаған көтерілісті басу үшін патша үкіметі генерал А. Д. Лаврентьев басқарған 10 мың әскер жіберді. Лаврентьев әскерлерінің келе жатқанын естіп, көтерілісшілер Торғайды қоршауды қойып, оған қарсы аттанды. Жазалаушылар көп шығынға ұшырап, көтерілісшілер қатарын әрең бұзып өтіп, 16 қарашада Торғай қаласына келіп кірді. Қарашаның екінші жартысында көтерілісшілердің негізгі тобы Торғайдан 150 шақырым жерге қашықтап шегініп, Батпаққараның төңірегіне жиналды. Мұнда соғыс қимылдарына басшылық ететін кеңес құрылды. Амангелді Имановтың басшылығымен осы жерде жазалаушыларға қарсы көтерілісшілердің партизандық күрес әдістерін кеңінен пайдаланды.Бірақ қыстың ерте түсуі көтерілісшілердің қимылын қиындатты. Көтерілісшілер өздерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, алыс жерлерге жертөлелер салды, киіз үйлер тікті. Сөйтіп, 1917 жылдың басынан бастап, А. Иманов күресті әрі қарай жалғастыруды көздеді.Патша жазалаушылары мен Амангелді Имановтың көтерілісшілері арасындағы соғыс қимылдары 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін де жалғаса берді.
Торғай облысында Амангелді Имановпен бірге көтеріліске басшылық етіп, оның дүниетанымын қалыптастыруға зор ықпал жасаған большевик Әліби Жанкелдин еді. Ол 1884 жылы Торғай уезінің Қайдауыл болысында кедей семьясында туған. 1902 жылы орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін, ол Қазан семинариясына оқуға түсті. 1905 жылы Қазақ студент­терінің революциялық қозғалысына қатысқаны үшін, семинариядан шығарылды. 1906 жылы революциялық қызметі үшін, оны осының алдында ғана оқуға түскен Мәскеу семинари­ясынан шығарды. 1915 жылы большевиктердің Петроград ұйымы оны партия мүшелігіне қабылдады. Көтерілістің бірыңғай басшылығы және ұйымдастырушы орталығы болмаса да, Қазақстанда болып жатқан оқиғалар басқа аймақтарға ықпал жасап, өзара байланысты болып отырды. Көптеген аудандарда көтеріліс антифеодалдық сипат алды. 1916 жылғы көтеріліс қазақ еңбекші бұқарасының таптық сана-сезімін арттыруда зор рөл атқарды. Көтеріліс патшаның малайлары ретінде феодалдық рулық жоғары топтың шын сиқын қазақ шаруаларына айқын көрсетіп, ауылдағы тап күресін жаңа сатыға көтерді. Көтерілістің негізгі қозғаушы күші ұлттық шаруалардың қалың топтары, сондай-ақ жаңадан туындап келе жатқан жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілері еді. Оған қазақ халқының өзге топтарының, сонымен бірге демократиялық интелегенцияның өкілдері де қатысты. Жалпы алғанда, Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақтар­мен қатар ұйғырлар, өзбектер, дұнғандар және кейбір өзге халықтардың өкілдері қатысқан тұтас бір ұлттық сипатқа ие болды. Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы — Ресей империализмі дағдарысының бір көрінісі еді. Бұл қозғалыс Ресейдегі азаттық күресінің жалпы тасқынына ұласты. Ол империядағы саяси және әлеуметтік дағдарыстың одан әрі асқына түсуіне себепші болды, әскери-феодалдық және әскери отаршылдық басқару жүйесінің іргесін шайқалтты.

Пайдаланылған әдебиеттер:


1. Первая мировая война // https://ru.wikipedia.org
2. Сергеев Е. Ю. Новые подходы к исследованию Первой мировой войны // http://hero1914.com/sergeev-e-yu-novye-podxody-k-issledovaniyu-pervoj-mirovoj-vojny
3. Жүгенбаева Г.Мұхамеджан Тынышбаевтың өмірі мен қызметі. А., 2000. -31-52 бб.
4. Брайнин С., Шафиро Ш. Очерки по истории Алаш-Орды. А-А., 1935. -99 с.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет