С. К. Бексеитов



Дата25.12.2016
өлшемі236,49 Kb.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті
Патриоттық тәрбие беру ҒЗИ

Н.М. ӘУБӘКІРОВ

С.К. БЕКСЕИТОВ

ӘЙТЕКЕ БИ БАЙБЕКҰЛЫ –

әділ сөздің алдаспаны

Қарағанды 2014

АЛҒЫ СӨЗ


XVII ғ. аяғы және XVІІI ғ. басындағы Қазақ хандығының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің күрделі тарихи кезеңі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің қызметімен байланысты. Қазақтардың қоғамдық өмірінің осы кезеңінде олар өте үлкен роль атқарды. Билер Тәуке хан кезінде «Жеті жарғы» жоғары заң шығарушы кеңесіне кірді. Олар үш жүздің мүддесін қорғады, оларды «Орда би» деп атады. Әр руда ақсақалдар кеңесі сенім білдірген басшы-билер болған.

Қазақтардың этникалық құрамында барлық түркі тайпалары және моңғол тегінен шыққан тайпалар болған. XV-XVII ғасырлардағы шиеленіскен халықаралық жағдайға қарамастан, қазақтар ұлттың айқын құрылымын қалыптастыра алды. Этникалық организмнің негізін генеалогиялық өзара туыс болып келетін тайпалар құрады. Ұлыс билері басшылық еткен үш этно-саяси бірлестік болды.

Ұлы үш бабамыз қазақ халқы тарихының ауыр кезеңінде халықты ұлы ақиқатқа сендіре білді: «Тарихтың қиын белеңінде бірлігінен айрылған өмірінен де айрылады». Бұл көрнекті тұлғаларға қазақтардың бірлігі туралы бірінші айту жазылды. «Бұдан былай келісім мен бейбітшілікте өмір сүрейік» — деп үндеді Орта жүздің Қаз дауысты Қазыбек биі.

Әрине, қазақтардың әдеттегі құқығы бойынша билер қылмыстық істерді де шешкен. Бірақ азаматтық істерді, руаралық қатынастар, өзге халықтармен байланыс жасау мәселелері басым маңызға ие болды. Билер қазақ халқының құқықтық мәдениетінің қорғаушылары болып саналды. Олардың негізгі ұстанымдары адамгершілік, парасаттылық, әділдік болған. Олар үшін хан, сұлтандар құқығының нормаларын білу маңызды болды. Ол үшін билердің зерделері жақсы болуы және өткен уақытта болған әртүрлі істерді шешу үлгілерін білуі керек болды. Билер өздерінің дәлелдерін фольклормен анықтауы қажет болды, ал тараптардың бәсекелестігі жағдайында өздерінің орақ тілдерімен, өткір сөздерімен өз шешімінің дұрыстығын сендіру керек болды. Міне, билердің осындай біртума қасиеттерге ие болуы керек болды.

Қазақстан Республикасының 2014 жылғы айтулы күндерінің қатарында қоғам қайраткері, қазақ халқына өзінің тапқырлығымен, шешендігімен, әділ де дұрыс шешімдерімен әйгілі болған, Кіші жүздің көрнекті биі Әйтеке Байбекұлының 370 жылдығын атап өтетін боламыз.
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,

Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін. Егер бай болып, елге пайдаң тимесе,

Батыр болып, жауға найзаң тимесе, Елден бөлек үйің күйсін».

Әйтеке би
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында Тәуелсіздік жылдарында барша қазақстандықтарды біріктіріп, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар қатарында тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығын айта келіп, «Жаңа Қазақстандық Патротизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр» [1] – деп, атап көрсетті.

Тарих түгенделсе, қазіргі толқын қария ғасырлармен еркін тілдесетінін, өткен кезеңдердегі ерлік бүгінгі өрлікке ұласатынын, қаһармандық та, даналық та тамырлас екенін, бағзыда базарлы болғанын білген ел бүгінде ажарлы болуға асығатынын, бабасы зор болғанын сезген ұл заманыда нар болуға ұмтылатынын зерделеген бүгінгі ұрпақ халқымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтауды қасиетті парыз санайтыны анық. Соның жарқын мысалы – ҚР Тұңғыш Президентінің білім ордасында, яки ҚарМТУ-да «МӘҢГІЛІК ЕЛ» ұлттық идеясының ажырамас бөлігі ретінде Жаңа Қазақстандық Патриотизмді қалыптастыру үлгісін жасау шеңберінде жоспарланған іс-шаралар легінде лайықты аталып өтуі белгіленген келесі айтулы күн.

Қазақстан Руспубликасының 2014 жылғы нақты айы мен күні анықталмаған атаулы күндерінің қатарында дүйім Алаш жұртына яки үш жүзге озық, алғыр және терең ақылмен, тапқыр да ділмәр шешендігімен, әділ және түзу билігімен белгілі болған қоғам қайраткері, Кіші жүздің биі Әйтеке Байбекұлының туғанына 370 жыл (1644-1700) толу датасы бар [2].

Әйтеке би (23.03.1644, Өзбекстан, Қазбибі тауы, Қызылша м. – 1700, Өзбекстан, Нұрата ауд. Сейітқұл қорымы) – қазақ халқының бірлігін нығайтуға үлкен үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері. «Тобықты Әнет бидей баталы бол, Кіші жүз Әйтекедей аталы бол» деп Сегіз серінің батасында айтылғандай, Әйтеке би аталы тұқымнан. Әлім тайпасының төртқара руынан шыққан. Әмір Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы. Бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ, құрама жұрты «Синессоф буа» (жаны пәк жан) атаған Сейітқұл әулиенің – үшінші ұрпағы. Әйтеке Қоқанға (1622-35) хан болған ақшаның немересі, Самарқан өмірі (1622-56) Жалаңтөс баһадүрдің немерелес туысы. Әйтеке бес жасында ауыл молдасынан сауатын ашқан. Шешендік қасиетінің ерте танылуына әкесі Байбек пен Қосуақ бидің айрықша ықпалы тиеді. Алайда жеті жасынан бастап аталары Ақша хан мен Жалаңтөс баһадүр Әйтекені өз тәрбиесіне алады. Ол әуелі Самарқандағы Ұлықбек медресесінде, кейін Жалаңтөс баһадүр салдырған, сән-сәулетімен әйгілі «Тіллә-кари» (Алтынмен апталған), «Шердор» (Арыстанды) медресесінде оқиды. Дін, құқық, аспан әлемі, жағырапия, тарих, математика пәндерін, араб, парсы, шағатай, өзбек тілдерін меңгеріп шығады. Әйтеке Ақша атасынан ел басқару, елшілік байланыстар жасау жолдарын үйренсе, Жалаңтөс атасынан әскери қолбасшылық дәстүрлер мен дағдыларға жаттығады. Баланың он екі жасында Жалаңтөс атасы, он бес жасында Ақша атасы дүниеден озады. Әйтеке медресені бітірісімен туған ауылына оралып, әкесі Байбекпен, ұстазы Қосуақпен бірге ел басқару істеріне араласады. Сөйтіп жиырма бір жасында бүкіл Бұқара мен Самарқан төңірегіндегі қазақ, өзбек, қарақалпақ, құрама жұртының бас биі болды. Ал жиырма бес жасында барша Кіші жүз халқы оны бас би етіп сайлайды.

«Қазақ ұлттық энциклопедиясы» мен «Елтұтқа» кітабында және басқа да кітаптарда Әйтеке би 1644 жылы дүниеге келіп, 1700 жылы 56 жасында дүниеден өткен деп көрсетіледі. «Ұлттық энциклопедия» мен «Елтұтқа» кітабында Төле би 1663-1756, Қаз дауысты Қазыбек 1665-1765 жылдар арасында өмір сүрген деп көрсетіледі. Бұған қарағанда Әйтеке бимен 1700 жылы өлер шағында сұхбат құрысқанда, Төкең небәрі 37, ал Қазыбек – 35 жаста болады. Сонда бұлардың егде тартқан адам сияқты мүсіндері Астана қаласында, Жоғарғы соттың ғимаратының алдында тұруы қисынға келе қоймайды. Жазушы әріптесіміз Жарылқасын Боранбай осы мәселені өзінің «Әйтеке әлемі» мақаласында жеріне жеткізе діттеген.

Балалық шақтағы әсер ғұмырбойы қаз-қалпында сақталады, дейді бұдан әрі автор, «Менің елім Қазақстан» деп аталатын балаларға арналған энциклопедиядағы жазуға сенсек, «Кіші жүздің биі Әйтеке би Бәйбекұлы 1682-1766 жылдар арасында өмір сүріпті. Ал «Жалын» баспасынан 1993 жылы 300 мың данамен басылып шыққан Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы жазды дейтін «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабы былай дейді: «Астанасын Асыға орнатқан (Ясса-Түркістан қаласы) Тәуке өзіне ақылшы етіп Арыстың Ақ тұқымы Айтықты алған. Айтық (Әйтеке би) алғашқы екеуінен кіші болған. Ол Төледен төрт, Қазыбектен екі жас кіші болатын, бірақ ол аз жасап 56 жасында дүниеден өтті».

Бұған қарағанда Әйтеке би 1667 жылы дүниеге келгені көрініп тұр. Бұл қазіргі таңда халыққа кеңінен танымал кітап, Әйтеке бидің қашан өлгенін де көрсете кетеді: «Әбілқайырдың өлімі және осылай болуы біреудің қолынан өлері хақ еді. Ұлу жылы (1748 жылы) Барақтың оны өлтіргенінен қазақ елі құлағдар болғанда, оған ешкімнің де жаны ашыды деп айту қиын еді. Соның бір мысалы тұрғысында Айтықпен (Әйтеке би) кездесуімді айтсам болады. Кіші жүз Құндақұл қарияның асына тышқан жылы Айтық Аға келген екен. Сонда онымен ақтық рет кездестім. Ол демікпе ауруына (астма) шалдыққан екен» [4].

Біз автордың «Әйтеке би әлемі толған жұмбақтан тұрады десек, көп қателесе қоймаймыз» деген сөзіне ден қойдық. Мысалы «Әйтеке» есімінің өзі көкірекке көп ой салатын көрінеді. Әйтеке би бабамыздың бір емес, жанама 4 есім болғаны байқалады. Халыққа кеңінен тараған «Әйтеке» есімі, негізінен құрметке құрылыпты. Дұрысы «Әй+теке» емес, «Айт-еке!». Мұндағы «Айт» белгілі бір есімнің бірінші буыны да, «еке» жалғауы құрмет белгісін білдіретін сөз. Мысалы Абайды – Әбеке деген сияқты. Сонда бірінші буын – Аб, екінші буын – ай болмақшы. Ауызекі тілдің заңдылығы осылай дейді. Демек, қазақ халқы, көпшілік қауым Әйтеке биді: «Сөзді Айт-екең айтсын» дегеннен Әйтекені құлаққа әбден сіңірген деуге болады [5, 121-бет].

Ендігі жерде «Айт» буыны бастауыш ретінде қайдан пайда болды дегенге келсек, кейбір деректер, материалдар Әйтеке биді кейде Айтықби деп те атайды. Мысалы: «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында «Айтық» деп атайды. Мақала авторы көптеген кітаптарды ақтара отырып, Әйтеке бидің азан шақырып қойған атының «Айтмұхаммед» екенін білген. Ал енді қазаққа жалпы «Мұхаммед» сөзімен жалғастырылған, қосақталынған үлкен кісілердің аттарының түгелдей ауыстырылғанын, өзгертілгенін, ғұмырының соңында мүлдем дерлік ұмытылғанының куәсі болып келеміз. Тарихта Мұхаммед-Қанапия деген сәби дүниеге келді, ол Шоқан болып өмірден өтті. Әжесі оны пайғамбардың атымен атамай, «Шоқақтап жүрген Шоқаным» дей-дей ақыры солай боп кетіпті. Мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаев халық аузында «Димаш» аталды. Теледидардан Генсек Брежневтің «Димаш Ахмедович» деп тұрғанын өз көзімізбен талай көрдік. Тіпті қазақ басқа Пайғамбар – Ибраһимнің атын алған ұлы ақынды «Абай» атандырды. Осы тұрғыдан алғанда Құран Кәрім ашып қойған «Аймұхаммедті» жөргекке орағандар, бесікке салғанда «Аймұхаммед» демей, бірінші буыннан бөліп алып, «Айтығым» дегені байқалады. Кейіннен осы «Айтық» деген қысқарған, әрі еркелеткен мағына беретін сөз Айтықби боп көптің есінде қалғаны айдан анық болып тұр. Ендігі жерде Айтықтың жеңгелері де қарап отырмай, оған қазақы ғұрыппен «Қара жігіт» деп ат та таңғаны байқалады. Көптеген аңыз әңгімелерде Әйтеке бидің «Қаражігіт» боп жүретіні де сондықтан болар дейміз, деп топшылайды әріптесіміз. «Әйтеке би» зерттеу мақаласында Әбіш Кекілбай: «Бұл арада Алшын Қаражігіт би деп отырған адамның өзі – Әйтеке. Оны тұстастары «Қаражігіт» деп те атаған. Көне жазба нұсқаларда «Айтық би» деп те жазылады» деп дәйектейді [5 б, 123].

Сөзді түйіндесек, Мәшһүр-Жүсіптің «Даналарға» дейтін өлеңі бар. Онда ол былай дейді:

Қазыбек, Әйтекедей көсем өткен,

Әлдибек, Айтбай, Майлы шешен өткен.

Жолы үлкен, жасы кіші Төле бидің,

Әйтеке, Қаз дауысты Қазыбектен!

Бұл әңгімені Төле би өзі туралы толғауында да растаған сыңай танытады. Міне, қараңыз:

Әз Тәукенің кезінде,

Қазақтан туған асылдар.

Өнеге болар ұрпаққа,

Әйтеке мен Қазыбек.

Әділдік айтқан ер еді,

Терезем тең боп солармен

Елімнің биік төрінен

Орын алған Төле едім...

Ал енді үшеуінің қарым-қатынасы қалай болды десек, оған «Төле бидің тарихы» дастанындағы мына сөздер соған куә болатындай:

Әйтеке дау келсе,

Қазыбекке жіберіп.

Ұрмай айтып Қазыбек,

Төле биге итеріп.

Олардан жұмыс қалмайды,

Үшеуінің басы бірікпей,

Ердің құны тұрмайды!

Осылардың бәрі олардың жасы шамалас екенін көрсетеді. Осылардың бәрі олардың бір-бірінен аса қашық жерде өмір сүрмегенін көрсетеді. Мысалы, бірі Өзбекстанда, Нұратада, екіншісі Арқада, үшіншісі Алатау қойнауында дегендей. Ал, олар жасаған жиын көбіне Түркістан маңындағы Күлтөбе, Қарақорым, Сайрамдағы Мәртөбе сияқты жерлерде өткені де белгілі. Бұған қарағанда Төле би өмірге келді делінетін 1663 жылда аз-кем қателік бардай көрінеді. «Жолы үлкендік – жасы үлкендікпен» де алмастырылғандай... Әрине халық айтса қалып айтпайды дегендей, аңыз-әңгімелердің бірі Төле биді олардан үлкен етіп көрсететіні тағы да бар... Ал біздің санамызға сиятыны – бұл даналардың қаз-қатар өмір сүргені, сұхбат құрғаны, жастары да шамалас болса керек.

Иә, жоғарыда айтып кеткеніміздей, Әйтеке би үш жүзге озық, алғыр және терең ақылымен, тапқыр да ділмәр шешендігімен, әділ және түзу билігімен белгілі болған қоғам қайраткері. Қазақ халқының қайғысына қайғырған, қуанышына қуанған, соғыста қолына қару алып алғы шепте жүрген жауынгер ұйымдастырушы. Әйтеке Күлтөбедегі үш жүздің құрылтайына қатысқанда 25 жас шамасында екен деп шегелейді шежіреші қарттар. Шынында да үш бидің кішісі Әйтеке болған. Билер тарихында қазақтың Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің орны ерекше. Бұл үшеуін өз дәуірінде елін, жерін шапқыншы жаудан қорғап қалуда, елдің, халықтың бірлігін, ынтымағын сақтауда, адамгершілік, парасаттылық, ата-баба намысын, дәстүр-салтын сақтауға зор еңбек сіңірген хандарға ақыл-кеңес берген билердің биі, ұлыстың ұлы биі, бас би, ата би, баба би, көсем би деп қадір тұтамыз. Қазақ халқының бұл үш биі ел басына күн туған қиыншылық кезде де, билер кеңесі кезінде де, ел жиналған айт, ас, той тұсында да, жер дауы, жесір дауы, құн дауы көтерілген жерде де, бірге бас қосып ел тағдырын бірге шешісіп келген. Кейде екі би бір шешімге келе алмай қалғанда, үшіншісі ортадан билік айтып дауды тындырып отырған.

Әйтеке билікті мақал-нақылмен мәнерлеп айтатын, дауды әділ шешіп кесек-кесек сөйлейтін өте әділетті, білгір би болған. Сондықтан да ол аға би атанып Кіші жүз елін ұзақ жылдар басқарған. Тәуке ханның Төле би, Қазыбек би сияқты кеңесші бас билерінің бірі, «Жеті жарғы» заңын жасасқан азамат. Әйтеке дана би ғана емес, ұлттық мақтанышымыз, қазақтың жүз жылда бір туар арысы, артына өшпес із қалдырған адал перзенті. Өз халқына, ел-жұртына адал еңбек еткен, оның іргелі ел болуын жатпай-тұрмай ойлаған мұндай тұлғалар арғы-бергі тарихымызда өте аз. Әйтеке сонысымен де ұлы адам. Оның есімі қазақ даласының көгінде желбіреп тұрған аспан түсті туымыздай, әр қазаққа қымбат, әр адамға қасиетті есім.

1680 жылы Салқам Жәңгірдің жасы үлкен балалары Уәлі мен Бақыны емес, кішісі Тәукені хан етіп сайлауға қазақ халқының бетке ұстарлары: Әнет баба, Соқыр Абыз, Едіге, Майлы, Төле, Қазыбек, қарақалпақ Сасық, құрама Мұхаммед, қырғыз Қоқым, билермен бірге Әйтеке би де айрықша ат салысты. Тәуке таққа отырғаннан кейін алғаш рет ресми түрде айрықша құқықты «Хан кеңесі» сайланды. Әйтеке Кіші жүз жұртының атынан осы кеңестің мүшеі болды. Осы кезде бұрынғы «Қасым салған қасқа жолдың» «Есім салған ескі жолдың» заман өзгерісіне орай кейбір тұстарының ескеруіне байланысты жаңа заң үлгілерін жасау қажеттігі туды. Тәуке хан және жоғарыда аталған билердің қатысуымен 1684 жылы «Жеті жарғы» қабылданды. Күні бүгінге дейін негізі сақталып отырған ежелгі Солон заңымен (б.з.б. 7-6 ғ.) терезесі тең бұл заңның бытыраңқы елдің басын біріктіруге, жұртымыздың әл-ауқатының артуына, ата-дәстүрлеріміздің сақталуына, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі зор болды. «Жеті жарғыға» Әйтекенің ұсынған баптарының ішінде екеуі ғана белгілі. Ол – «Сүйек құны», «Өнер құны».

Бұл баптардың пайда болуына өмірде орын алған нақты оқиға себеп болған. 1685 жылы Әлі сұлтан мен қарапайым халық арасындағы бір жанжал үлкен дауға айналып кете жаздайды. Әлі сұлтанның есерсоқ баласы бір кедейдің сұлу, ақын, әнші-домбырашы қызына дегеніме көнбедің деп әбден өшігіп алады. Бүркіт ұстап, құс салатын аңшылығы бар екен. Дегеніне көнбейтініне көзі жеткен жігіт бір күні қып-қызыл орамал тартып, үйден ұзай бергенде, бүркітін шүйітіп, қастандық жасайды. Бүркіт қыздың басын мылжалап өлтіреді, шынған ағайындары төреден құн сұрайды. Әлі сұлтан оларды маңына жолатпай, барған билерді ит қосып қуып жібереді. Ақыры, ел арасы «төрежақ», «қаражақ» болып екіге жарыла бастайды. Ең соңында құн сұраушылар жағы Әйтекеге келіп өтініш жасайды. Әйтеке қасына сіргелі батыры Қазыбекұлы Жабайды, байбақты батыры Шоланды ілестіріп Әлі сұлтанға барады. Әйтекенің айбарынан ығысатын Әлісұлтан амалсыз құн төлеуге келіседі. Алайда Әйтеке қыз құнына қосымша оның өнерлі екенін айтып, «өнер құнын» және қыздың жоқтаушыларын келеке қылып, сүйек сындырғаны үшін «сүйек құнын» төлеуді талап етеді. Бұл екі құнның әрқайсысы негізгі құнның жартысына тең екен. Сөйтіп Әйтекенің қаһарынан қаймыққан Әлі сұлтан толық екі құн төлеуге мәжбүр болады. Бұл Әйтекенің ата дәстүр-салтына жетіктігімен бірге өнерге, өнерлі адамға айрықша құрметін көрсетеді.

Әйтеке шешендігімен, «қара қылды қақ жарған» әділдігімен бірге жоңғарлармен болған ұрыстарда қол бастаған батыр да. 1685 жылы Нұрата маңына шабуыл жасаған Қалдан-Бошақтының он мың жасағына Нұрата, Қыз бибі, Ақтау, Тамды, Кенимех төңірегіндегі алшындар мен қарақалпақтардан және құрамалардан жиналған бес мың қол әскерімен Әйтеке қарсы аттанады. Ол әуелі Қалдан-Бошақтының өз әкесінен емес, есігінде жүрген қытай құлдан туғанын бетіне басып жерге қаратады. Ізінше жан алып – жан берген соғыс басталады да, бір күнге созылады. Келесі күні Әйтекеге Самарқаннан, Бұқарадан қалың әскер көмекке келе жатыр деген қауесетті естіп, Қалдан-Бошақты негізгі жасағы қалған Сайрам төңірегіне шегініп кетеді. Сол жылы Сайрам талқандалып, жыл сайын Күлтөбеде өтіп жүрген «Хан кеңесі» болмай қалады. Бұдан кейінгі қазақ жиыны Қарақұмда және Тәуке хан ордасын тіккен Түркістан маңында болғаны тарихтан мәлім.

Қазақ сахарасына көз тіккен көрші елдерден қауіптенген Әйтеке би 1698-1699 жылдары Түркістанда өткен үлкен екі жиында мынадай ұсыныс жасайды: Ресеймен, Қытаймен не басқа бір елдермен одақ жасаудың ешбір қисыны жоқ. Олардың көксегені терезесі тең одақ емес, қазақтарды қайткенде де бодан елге айналдыру. Қазақ жұрты әлі де іргесі мықты ел бола алады. Өйткені қарамағындағы қарақалпақтармен құрамаларды есептемегенде, әлі өз жұртынан сексен мыңдық қол жинай алады. Шекара аймақтарында әскери соғыс әдістеріне үйретілген жасақтар ұстайық. Шекараға таяу ауылдарды ішкі бетке кішірейік. Мал-мүлікті аямайық. Ресейден, Қытайдан, Хиуадан және Бұқара мен Түріктерден қару-жарақты ептеп сатып алайық. Әскери әдістерге әбден жетілген тұрақты жасақ ұстау үшін керекті қаражатты төрелерден, сұлтандардан, ауқатты адамдардан жинайық... Бүкіл қазақ жасағы бір қолбасшыға бағынсын. Қолбасшы Ресей, Қытай, Түрік не Еуропаның әскери өнері жетік бір елінде оқытылсын. Ол өзі шешен, адам болсын. Ол тек «Хан кеңесіне» ғана бағынатын және айрықша құқты адам болсын. Қолбасшы қарадан шыққан адам болсын. Өйткені төре арасы тату емес, қай-қайсысы да хандық жолында қарабастарын ойлаудан әрі аса алмайды дейді.

Бір жағынан Қытай, бір жағынан жоңғар, енді бір жағынан орыс-казак жерін торлап, шекараға әскерлерін шоғырландырылған қиын күндерде Әйтеке би Төле бимен, Қазыбек бимен біріге отырып, елді, жерді қорғауға белсене араласады. Мәртөбе мен Күлтөбеде күнде жиын кезінде алты алашты аузына қаратқан сол үшеудің біреуі – орақ ауыз, от тілді Әйтеке би ел басына терістік шығыстан қара бұлт үйіріліп келе жатқан қарсаңда бір мақсатта тізе ажыратпай талай жыл бірге күрескен серіктерін тастап, дертті болып, ата жұртына – Нұрата тауына оралады. Ол дерт Алланың жіберген ауруы емес, «Тура би туғанына жақпайды» деп, ел тағдырына қатысты мәселеде бет пен беделге қарамай турасын тіліп, айтқан бидің сөзін кек тұтқан сұлтандардың қастығы еді. Ата жұртқа келер алдында Төле би, Қазыбек би секілді үзеңгілес серіктеріне сәлем ретінде жолдаған ұзақ толғанысында Әйтеке би: «Елінен айырылған ер бақытсыз, жерінен айырылған ел бақытсыз. Құдайым ондай күнді маған көрсетпегей!» деген екен. Елім деген ердің тілегі ақ қой қашанда. Көкірегі даңғыл дана би өзі тілегенінде елінің «ақтабан шұбырындыға» ұшырағанын көрмей, бұ жарық дүниемен хош айтысты. Ел ішіндегі бірі орға, бірі сорға тартқан алауыздық солардың ісі дейді. Әйтекенің бұл ұсыныстары Төле, Қазыбек секілді ел басқарған билер тарапынан қолдау тапқанымен, сұлтандар мен төрелер, әскерге жиналатын мол шығынды ауырсынған байлар қарсы шығып, түрлі себептер айтылып, ақырында қабылданбайды.

Ел аузында Әйтеке айтқан билік, шешендік сөздер, толғаулар, баталар көп сақталған. Ол туралы аңыз әңгімелер мен жырлар да жеткілікті. Соның бірі авторы беймәлім, «Әйтеке би» деген ұзақ дастан. Биді «айыр тілді Әйтеке» деп атаған. Әйтеке қайтыс болғаннан кейін Нұрата тауы маңын мекендеген төртқара ауылдарының көпшілігі Сыр бойына көшіп кеткен. Әйтекенің тікелей өзінен тарайтын алтыншы-жетінші ұрпақтары мен аталастары Қызылорда, Ақтөбе облыстарында, бірқатары Өзбекстан Республикасының Науи облысындағы Нұрата ауданында тұрады. Ақтөбе облысының бұрынғы Қарабұтақ және Комсомол аудандары біріктіріліп, қазір Әйтеке ауданы деп аталады [6].

В.А. Моисеев «Джунгарское ханство и казахи ХVІІ-ХVІІІ вв.» деген кітабында: «Нұралы сұлтан әкесі Әбілқайырды өлтірген Барақты құрамында ұлы жүз Төле би, Кіші жүз Әйтеке би, Шөмекеден Жалған би, Шеткілерден Сырлыбай мен Баба би, Ысықтан Көбек мырза кірген билер сотына тартты, сот Барақты ақтады» [7] – деп жазады. В.А.Моисеев бұл деректерді Ш.Уәлихановтың 1985 жылы шыққан 5 томдығының 4-томынан, 88-ші беттегі деректен алдым деп көрсетеді. Шоқан Уәлиханов болса онда былай деген: «Мәселен Орта жүздің аса күшті билеушілерінің бірі Барақ сұлтан былай дейді: «Төрт биге, атап айтқанда, Кіші Орданың Алшын Төртқарасының Қаратоқасына, Қаракесегінің Қожанабы мен Мәмбет аталығына, Орта жүздің бағаналы – Найманның Өтебайына өз атынан сәлем жолдап, егер солай Әбілқайырды өлтіргенің теріс болса, басымның еркін соларға беремін» – дейді.

Дәл сол 1748 жылдың қазан айының 2-сінде Әбілқайырдың орнына Бопай бәйбішенің аулына баласы Нұралы ақ киізге салынып хан көтерілген Кіші жүздің үлкен жиынында Әйтеке аты аталмайды. Дәл осы кезеңде Батыр сұлтанды да өз жақтастары хан сайлап жатқанда, соларды арасынан Әйтеке бидің екі баласы – Жалтыр мен Қонысбайдың аттары тарихта таңбаланып қалады. Жалтыр мен Қонысбай есімі 1931 жылы қазақ даласына келген Тевкелев күнделігінде де ұшырасады. Бірақ Әйтеке би туралы айтылмайды. Ал енді Әйтеке бидің 1644 жылы дүниеге келді деушілер, оны мүмкіндігінше Самарқан қаласындағы аса ірі құрылыстарды жүргізген қолбасы Жалаңтөс Баһадүрмен барынша байланыстырғысы келеді. Жалаңтөс 1576 жылы Сырдың Аралға құяр сағасында дүниеге келіп, 1656 жылы дүниеден өтеді. Осыған орай 1644 жылы дүниеге келген Әйтеке би Жалаңтөстің қолында 12 жыл ғұмыр сүреді делінген. Бұндай пайымға келушілер, Алшындар 1700 жылдары Әйтеке би өлген соң Нұрата тауынан түп көтеріліп, Сыр бойына қайта көшкен, ана қорымдар сол күні ұмытылған деп те дәйектейді. Әйтеке би жайында сүбелі зерттеу еңбек жазған Әбіш Кекілбай: «Ел арасында Әйтеке Шу, Сарысу жағында қалды, Келес бойында қалды деген еміс-еміс хабарлар тегін тарап жүрмесе керек. Бәлкім, балалары Сейітқұл, Жалаңтөс, Ақшалардың қастарына жерленуі де ықтимал» дейді [1]. Жалпы тарихта салыстыра отырып тексеру әдісі көбірек қолданылатынына бұл жарқын мысал.

«1680 жылы Қазыбек би үш жасқа толғанда кейінде Әз Тәуке атанған Тәуке қазақ хандығының тағына отырып еді» [6] дейді жазушы Софы Сматай. Бұған қарағанда 1980 жылдары енді ғана 13 жасқа келген Қаз дауысты Қазыбек атақты «Жеті Жарғыны» жазыса алмайды емес пе?! Кемінде тағы 10 жылдай өтуі керек... Ал енді 1690-шы жылдары Мәртөбеде бас қосу біржолата тоқталған болатын. Демек, олар Күлтөбеге баруы тиіс! Төле би болса Тәуке таққа отыратын 1680 жылы небәрі 17 жаста екен. Демек, 13 жасар Қазыбек, 17 жасар Төле Тәукені хан сайлайтын шырғалаңға қатыса алмайды. Хандық қақпақылға негізінен Сылқым Жәңгірдің екі ұлы – Уәлибақы мен қалмақ әйелден туған Тәуке тартысқа түседі. Тәуке жеңіп, Уәлибақы Үргенішке, қайын жұртына – Қайып ханға кетеді. Тарих дөңгелегінің тағы бір айналасында Тәукеден тараған ұрпақ елді «Ақтабан шұбырындыға ұшыратады. Үргенішке жеткен Уәлибақыдан атақты Абылай туады. Ол жаугершілік үшін «Қанішер Абылай» атанады. Қанішер Абылайдан Көркем Уәли туады. Көркем Уәлиден 1711 жылы Әбілмансұр дүниеге келеді. Әбілмансұр 1731 жылы болған шайқаста атасы «Қанішер Абылайдың» әруағын шақырып, Шарышқа қарсы ұмтылады. Айқас соңында бала ноян аталас бауыры Әбілмәмбет ханның құшағынан бір-ақ шығады. Әбілмәмбет хан болса, баяғы өз атасы Әз Тәуке мен әкесі бір, шешесі бөлек, бәйбішеден туған Уәлибақының Үргеншіке өкпелеп кеткенінен хабардарлығы ілініп, кешегі Әбілмансұр – Сабалақты өз орнына хандыққа ұсынады. Бірақ ибалы да көреген, бір Шарыштың басын шаптым екен деп дүйім елді дәргейіне қарата алмасын білген Әбілмансұр – Абылай ағасы Әбілмәмбеттің қолтығында жүре тұруды өзі қалап алады. Ол 25 жасында 1736 жылы Орта жүзге сұлтандыққа бекітіледі. 1739 жылы бас хан Әбілмәмбеттің қасына еріп Орскі қаласына барады. Абылайдың алғаш хатқа түсуі осы 1739 жылға Орскі сапары... Жалпы қазақ елінің Әз Тәукенің тұсында ептеп ес жиюы 1708 жылдарға сәйкес келеді. Дәл осы жылдары Хан Кеңесі Бөгенбай мен Әбілқайыр бастаған 30 мыңдық қолды Еділ-Жайықтан бері өткен казак-орыстарға аттандырады. Атақты «Қарақұм» кеңесі шақырылады. Қолдағы бар деректер «Жеті Жарғы» дәл осы кездері жазылғандығы байқалады. Бұл кезеңде Төле 47-ге, Қазыбек 45-ке келеді. Ал Әйтеке тірі болса, әрине жұрт жабыла жазып жатқандай 1644 жылы дүниеге келген болса, 66 жастан асып қалады.

Бізге Төле би мен Қаз дауысты Қазыбек бидің туған, қайтыс болған жылдары белгілі, сонда солардан Әйтекенің 20 жастай үлкен болуы мүмкін бе?! Осы жас айырмашылығы олар өзара сұхбаттасқанда неге білінбейді?! Жиырма жас үлкен адамды қазақ дәстүрімен «аға» деп құрметтемеуші ме еді?! Неге осы үш биден қалған алтын мұраларда бұл дәстүр сақталынбаған? Қай кездері болсын, Төле би үлкен көрінеді, соның алдына барады. Егер біз анық 1644 жылы Әйтекенің дүниеге келген күні деп белгілесек, онда ол атақты «Жеті Жарғыны» жазуға қатыспай қалуы мүмкін... яғни оған ғұмыры жетпейді. Сонда не істеуге болады?!

Жалпы Әйтеке би туралы толымды әңгіме айтқан әлемде бір-ақ шығарма бар, ол атақты Қожаберген жырау жырлаған «Елім-ай» дастаны. Бұл шығарманың аса бір құндылығы абыз қарт Мәшһүр-Жүсіп Көпеев және академик Манаш Қозыбаев толық мойындаған, сол жырдан жарытымды жауап тапқан [9]. «Елім-ай» дастанын қазақтың аса ғұлама шежіресі Шәкәрім Құдайбердиев жоғары бағалаған. Бұл ғажап туынды әлі толық зерттелінбеген. Бұл шығарма бір сәттік оқиғаның желісін емес, қазақ-қалмақ қырғынының тұтас картинасын беруді мақсат тұтқан шығарма. Ауыз әдебиетіне тән түрлі оқиға, ой алмасулары, әрине, біреулердің күмәнмен қарауына жол ашатыны анық, әйтсе де анықтап зер салған, оның үстіне жыраулық поэзияның шарты мен заңдылықтарын, оның бір мезгілде алып панорамалық және өмірбаяндық нұсқаға, тіпті әндік элементтердің араласуынан тұратынын білгені, зерделеуі жөн. Бұл ұлы шығармада көптеген фактілер, заңдылықтар, аксиомалық тұжырымдар кездеседі. Сол себепті бұл туындыны бір ғана дастанның аясында қарастыру, басқа шығармалармен салыстырмау, сондай-ақ ондағы фактілерді шындықтың шырайымен шендестірмеу, құр көкіректік, өзімбілермендік болмақшы. Әуелі Қожаберген жырау Толыбайұлының өмірінде болғаны анық! Екіншіден, оның «Елім-ай» дастаны, сондай-ақ «Елім-ай» әнін шығаруы айдай ақиқатқа жатады. Үшіншіден, оның «Елім-ай» дастанында айтқандары, сөз қозғаған мәселелері де сол уақыттың шындығымен үндеседі. Рас, оның синхрондық құрылысы біршама батысқа, оқиғалар тізбегі бірінің үстіне бірі шыққан, ойдың тығыз байланысы әлсіреген, бірді айтып отырып екіншіге ауыса салатындай көрінеді. Бұл бірақ шығарманың құнын жоймайды, қайта арттырады. Өйткені оны бергі айтушылар, бізге жеткізушілер жасаған. Шығарманың құрылуы, тілдік құрам, баяндау тәсілі сөз жоқ батыр, жырау, би, ақылгөй, елдің жай-жапсырын жақсы білетін, мінезі сырбаз адамды көзге елестетеді. Ол тіпті өзінің қос ұлынан қалай айрылып қалғанын да жасырмайды. Жырда сол кезгі оптимистік ой, аса биік рух байқалады. Ғажабы сол, соншама аласапыранда, «Ақтабан шұбырындыда» есін жоғалтпайды. Бүгін бұлар жеңілген, ертең оларды тәубесіне түсіретіндей қалыппен әңгіме қозғайды. Шығарма қай кезгі оқиғаны суреттейді?! Ол, сөз жоқ, 1723-1724 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» арналған. Дәлел керек пе, мінекей...

Бар болсаң, ісімізді онда, Құдай,

Қазақты қан майданда қолда, Құдай!

Әз Тәуке өлгеннен соң быт-шыт болдық,

Қазақтың басын қосар көсем болмай...

Ал әрбір тарихтан хабары бар адам әз Тәукенің 1718 жылы дүниеден өткенін білуі тиіс қой дейміз. Әз Тәуке өлісімен тақ таласы басталады. Тәукенің орнына Батыр болады, бірақ бір мезгілде Әбілқайыр Кіші жүзді бөліп алады. Қайып, Сәмеке, Әбілмәмбет Ортар жүзге қарайлайды. «Елім-ай» дастаны бұл қиын жағдайды былай деп суреттейді:

Сәмеке, Қайып, Болат сұм,

Соңына елді ерте алмай

Қонтайшыға сатылып,

Елдің сырын ашқан күн.

Шығырмақ күнім түн болды,

Хан мен сұлтан жын болды.

Сәмеке, Қайып, Болаттың

Сатқындығы шын болды.

Әбілмәмбет солқылдақ

Ал балшықтай борпылдақ

Келіспейді ерлермен,

Қабандарша қорсылдап.

Жауларға қарсы тұрды Алшын қолы,

Кесілді еріксізден қалмақ жолы.

Аймақкөл жағасына жетсек-дағы,

Келмеді Әбілқайыр жиын тобы.

Көп тостық Әбілқайыр келеді деп,

Тосыннан жауға соққы береді деп.

Алайда негізгі қол көрінбеді,

Қорықтық халық түгел өледі деп...

Қамданып жасақ жиып, тігіп шатыр,

Қолбасшы Әбілқайыр қайда жатыр!

Сәмеке, Әбілқайыр, Қайып, Болат,

Көмегі қазақтарға болмады ақыр!

Аласапыран оқиғаның ішінде жүрген Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында: «Алайда негізгі қол көрінбеді, Қолбасшы Әбілқайыр қайда жатыр?!» деп сұрауының өзі-ақ 1723-1724 жылғы қанды қырғында Әбілқайырдың негізгі қолдың бас қолбасшысы екенін тайға таңба басқандай баяндап береді. Атақты дастанда мұнан бөлек Әйтеке бидің атынан айтылатын мынандай жыр жолдары бар:

Төреден Әйтеке би безін деді,

Келді ғой көсем болар кезің деді.

Қазақты батыр, көсем басқармаса,

Быт-шыт қылар жау қалмақ сезін деді.

Хан, сұлтан, төре күні өткен деді,

Олардан ақыл, айла кеткен деді.

Қазағым, өзіңді-өзің тұтас ел қып,

Басқарар енді уақыт жеткен деді.

Ақылды болсын батыр көсем деді.

Басқарса қазақ болар есен деді.

Көрші елмен татуласып, тіл табысар,

Тағы да болсын өзі шешен деді.

Осындай көптен көсем ізде деді,

Хандарды шеттетуді көзде деді.

Қазақты төре бастап көгертер деп,

Малтаңды би мен бектер езбе деді.

Үш жүзден үш ақылшы болсын деді,

Қазаққа бақ пен дәулет қонсын деді.

Сайланған көсемдердің кемеңгер боп,

Қазақтың болашағын шолсын деді.

Бұл сөзді би мен бектер ұға алмады,

Бас қосып дұрыс кеңес құра алмады.

Үш жүздің шонжарлары төре жақ боп,

Ортадан батыр, көсем шыға алмады.

Өткен күн ойлағанмен қайта оралмас,

Бақыт құс ұшып кеткен қайта қонбас.

Өсиетін Әйтекенің естеріне ап,

Қазыбек, Төле, Ақсуат шайқады бас.

Қазыбек, Төле, Ақсуат шешен жорға,

Қиналды ақыл таппай осы жолда.

Сайланды әскер басы Әбілқайыр,

Өзінше ел билігін алып қолға.

...Өткен жыл Әйтеке би дүниеден өтті,

Келгенде елу алты жасқа ажал жетті.

Бағыну бір көсемге дұрыс қой! – деп,

Боларын бір апаттың болжап айтты.

Ал енді, ағайындар-ау, 1723-1724 жылдардағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» артық қазақ үшін «апат» болуы мүмкін бе?!

Әрбір есі бүтін, өзін-өзі сыйлайтын азамат Әйтеке бидің орнында болса, сол әлгі бүгінгі тілмен айтқанда хан, сұлтандарға «оппозиция» боларлықтай сөздерді 1700 жылы да, одан ертерек те, тіпті 1710 жылы да айта алмайды. Өйткені Әз Тәуке атанған хан тірі. Ол айтқызбайды... айтқыза да алмайды...

Бұндай ащы сөздерді Әйтеке би 1718 жыл менен тек 1722 жылдар аралығында ғана ауызға сала алады, болмаса жағын айырып жібереді. Дәл осы сөздерден кейін хан, сұлтандар 1722 жылдары қайтыс болған Әйтеке бидің жерлеуін өз дәрежесінде өткізбегені өзінен-өзі түсінікті болады. Тағы бір оқып көрелік:

Төреден Әйтеке би безін деді,

Келді ғой көсем болар кезің деді.

Қазақты батыр, көсем басқармаса,

Быт-шыт қылар жау қалмақ сезін деді.

Тағы да қайталап айтамыз, Әйтеке би бұндай сөздерді Әз Тәуке барда айта алмайды. Жыр тіпті Әйтеке бидің орнына кім келгеніне:

Жас биі Кіші жүздің Малайсары,

Ол дағы ақыл-айла таба алмады – деп анықтама бере кетеді.

Осы фактілердің бәрі жиылып келіп, Әйтеке би 1666 жылы дүниеге келіп, ұлы аласапыран «Ақтабан шұбырындыға» бір жыл қалғанда дүниеден 56 жасында өткенін паш етеді. Ал енді оның есімінің, туған-өлген жылының, жатқан жерінің ізім-ғайым жоғалғанын тек үш нәрсемен, біріншісі – хан, сұлтандармен өмірінің соңында тату-тәтті тұрмағанынан, жерлеу рәсімінің үш жүздің басы қосылған көлемде өтпегенінен, екіншіден, ол жақтан жерден ағайын-жұрттың ауып кеткенінен, үшіншісі, 1723-1724 жылы ел басына түскен зұлматтың әсерінен деп білген ақылға жөн. Сол себепті Әбіш Кекілбайдың Шу бойы, Сарысу, қарт Қаратау, Келес, Нұрата тауларында жатуы мүмкін дегеніне ден қоюға болатындығын айтпақпыз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: әділ сөздің алдаспаны Әйтеке би – Ел басқарушы би. Қазақ қоғамындағы феодализмді нығайту бағытында маңызды рөл атқарған «Жеті жарғы» заңдар жинағын жасауға қатысқан, ресми түрде хан кеңесшісі болған ол орталықтандырылған біртұтас қазақ хандығын құру жолында белсене атсалысты. Төле және Қазыбек билермен бірге Тәуке ханнан Абылайға дейін қазақ мемлекеттігінің эстафетасын алып өткен секілді. Қазақ елінің үш жүзінің бірлікте, тату өмір сүруінің қамын ойлаған қамқоршы болды. Өзін дана, әділ би, аузы дуалы шешен, ішкі және халықаралық күрделі мәселелерді шешуде төреші, жоңғар басқыншыларына табанды қарсылық көрсетуді ұйымдастыру жолында үлкен үлес қосқан озық ойлы қайраткер ретінде таныта білді [6].

Әдебиеттер тізімі


1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы «Егемен Қазақстан» № 11(28235) 18.01.2014 ж.

2. Казахстан. Национальная энциклопедия в 5 томах. - Т. 1 (А-В) / гл. ред. Б. Аяган. - Алматы: Главная редакция «Қазақ энциклопедиясы», 2004. – 127 с.

3. «Менің елім Қазақстан» балаларға арналған энциклопедия.

4. Шапырашты Қазыбек бек Тауасарұлы, «Түп-тұқияннан өзіме шейін», «Жалын» баспасы, 1993 ж.

5. Әбіш Кекілбай. «Әйтеке би» зерттеу мақаласы («Үш Пайғамбар» кітабында А., 1992.).

6. Дереккөзі: http://bilimkozy.idhost.kz/172-yteke-bi-1683-1722.html

7. Моисеев В.А., Джунгарское ханство и казахи XVII-XVIII вв., Алматы: Ғылым баспасы, 194-бет.

8. Қожаберген жырау Толыбайұлы, Елім-ай (жырлар жинағы), Петропавл қаласы, 2000. -140 б.

9. Дереккөзі: http://www.zharar.com/kz/shygarma/2323-ayteke.html © www.zharar.com




Каталог: wp-content -> uploads -> 2012
2012 -> Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова жоспар
2012 -> Әлия Молдағұлова Нұрмұхамедқызы (шын есімі Ілия) Қаһарман қазақ қызы
2012 -> М.Ә. Хасен төле би әлібекұлы
2012 -> Альберт эйнштейн
2012 -> Л. Г. Матвеенкова
2012 -> Абылай хан
2012 -> Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі
2012 -> Ыбырай Алтынсарин Мақсаты: ақынның өмірі мен
2012 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі
2012 -> Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу