Жыраулар поэзиясындағы «туған жер» концептінің көркемдік бейнелеу жолдары Жыраулар поэзиясы – халқымыздың тарихында қайталанбас, айрықша орны бар, рухани-әлеуметтік маңызы орасан зор, қыр-сырлары әлі күнге толық айқындалып болмаған қызықты да күрделі құбылыс. Аттары әйгілі Сыпыра, Асанқайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Үмбетей, Бұқар жырау, т.б. қазақ халқының жоғын жоқтап, қайғысына ортақтасып, елі мен жеріне адал болған жандар. Жыраулар поэзиясы ұлттық болмысымыздың қалыптасуында аса қуатты ықпалдылығымен ерекшеленді. Мемлекетті басқарған хандардан бастап, балаға тәлім-тәрбие беретін эстетикалық есті дүниелер қалдырды. Қазақ халқы сөз өнерін киелі санайды. «Сөз – сүйектен, таяқ еттен өтеді» дейді дана халқымыз.Өмірден ерте кеткен ақын, профессор А.Егеубай жыраулар поэзиясының қазақ ұлтының рухани қалыптасуына жасаған ықпалы туралы: «Жыраулар толғаған адамшылық, имандылық, қаһармандық, жігерлілік һәм жайсаңдық жаңа қалыптаса бастаған қазақ ұлысының рухани келбетін кестелеуі тиіс еді. Солай болды да. Қазақ елінің ажары мен жан дүниесі сол шығармалардан танылды. Білім-білік, ақиқат, тіл, жаратылыс жайлы толғамдар да сол арнада желі тартты. Ежелгі түркі дүниесінің бар болмысы мен арман-мүддесі бір кезеңде қазақтың классикалық мәдениеті арқылы жаңғыра көрінді. Жыраулар дәуірінің ішкі мәніне үңілсек, төрт-бес ғасыр бойына тұтастай құбылыс ретінде дамыған әлеуетті әлеуметтік-көркемдік ұлы самғау бұрын-соңды болмаған еді. Ол поэзияда, елдік құрылыста, тұрмыста материалдық һәм рухани мәдениетте бірдей айқын мүсінделді», – дейді. Жыраулар поэзиясы – дербес мемлекеттік дәрежеде өмір сүрген Қазақ хандығы атты дәуірдің әдеби мұрасы. Көрнекті ғалым-жазушы М.Мағауиннің айтуынша: «Қазақ халқының жалпы түркілік ортақ этнос құрамынан бөлініп, дербес Орда құрған хандық заманы төрт ғасырға жуық ұзақ дәуірге созылды». Ол тағы бірде «ХV–ХVІІІ ғасырларда жасалған әдебиет ел мүддесін, жұрт мұратын бірінші орынға қойды. Өзіндік түр тауып, айқын ұлттық сипатта қалыптасты. Алаштың жайсаң жанын, өр рухын бедерлей таңбалап, келер ұрпақ үшін ешқашан ескірмес үлгілер тудырды. Көркемдік танымның асқар биігіне көтеріліп, әлемдік өредегі ұлы шығармалар қалдырды», дейді. Яғни, жыраулар поэзиясы – қазақ сөз өнерінің әлемдік классикалық шығармалар шоғырына қосылатын біздің ұлттық рухани қазынамыз. Жыраулар поэзиясының атасы, абызы Асан Қайғы болатын. Оның толғауларынан Қазақ хандығының құрылу дәуірінің тарихи белгілерін көреміз. Ғалым Б.Кенжебаев: «Асан Қайғының шығармалары өз тұсының айнасы, ол өз дәуіріндегі қазақ халқының мұңын, тілегін көрсетеді», деп жазған еді.
Асан Қайғы – халқының бірлігін, мемлекеттің тұтастығын сақтаған жырау.
Оған төмендегі толғау мысал болады:
«…Қырында киік жайлаған,
Суында балық ойнаған,
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын,
Жемде кеңес қылмадың,
Жемнен де елді көшірдің.
Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң, тойынды.
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің».
Асан Қайғының, Қазтуғанның, Доспамбеттің, Шалкиіздің, Жиембеттің, Марғасқаның, Ақтамбердінің, Тәтіқараның, Үмбетейдің, Бұқардың толғауларында қазақтың ата мекендері шығармалардың тақырыптық-идеялық, көркемдік-стильдік әртүрлі ерекшеліктеріне орай жырланады. Жыраулар поэзиясындағы жер-су атауларының ішінде Алтын Орда дәуіріндегі қазақ халқының иеленген мекендері сағынышпен, қимастық сезіммен жырланады. Атап айтқанда, Еділ, Жайық, Сырдария, Қара Ертіс өзендері, Азау (Азов) теңізі, Түркістан, Ташкент қалалары, т.б. мекендер жыр арқауының негізін құрайды.
Бүгінгі таңда жыраулар поэзиясының көркемдік ерекшелігі мен құндылығы – Тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақ елінің өскін ұрпақтарын еліне, жеріне, Тәуелсіз Қазақстанына деген сүйіспеншілігі мен отансүйгіштік сезімін оятып қалыптастырады. Қазақ елінің мемлекеттілігін, ежелгі ата жұртын мәңгілік мақтанышпен, асқақ сезіммен жырлау – жыраулар поэзиясында қалыптасқан ұлттық болмысымыздың нақты көрінісі.
Қазақ хандығының мемлекеттік құрылуы дәуірінде өмір сүрген көркем сөз шеберлері – қазақ әдебиетіндегі жыраулар поэзиясының қалыптасуында Доспамбет пен Шалкиіз жыраулардың алатын орны ерекше. Доспамбет жырау поэзиясында атамекенді сүю, ардақтау, отаншылдық-патриоттық рух өте басым.
«Бетегелі Сарыарқаның
бойында,
Соғысып өлген өкінбес!» деп, одан соң:
«… Айналайын Ақ Жайық,
Ат салмай өтер күн қайда?!
… Кетбұғадай билерден
Кеңес сұрар күн қайда?!» дейді.
Еділдің бойын ен жайлап,
Шалғынға бие біз байлап,
Орындықтай қара сабадан
Бозбаламен күліп-ойнап,
Қымыз ішер күн қайда?!»
дейді.
Доспамбет жыраулар поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, жорықшы, батыр жырау болған. Қазақ хандығы дәуірінде мемлекет мүддесін жоғары ұстанған ақын, елінің бірлігін, тұтастығын жырлаған.
Жыраулар – Қазақ хандығы мемлекетіндегі қазақ халқының әрбір азаматының асыл сапаны иеленуін, сол жақсылықты ұрпақтарға жалғастыруын мұрат тұтқан қайраткерлер. Жеке адамдардың қасиеттері арқылы халықтың, оның ұрпақтарының өнегелі тұлға, үлгілі әулет құрайтындығын жыр жолдарында айғақтайды.
Шалкиіз жырау дүниеде тұрақты, мәңгілік ештеңе де жоқ, әлем бір қалыпта тұрмайды, бәрі өткінші деген пікірді уағыздайды. Жырау әрбір адам ақырын жүріп анық басуы тиіс, асқанға бір тосқан болатынын да еске салады.
Жыраулар қазақ халқының ертеңгі болашағы, балалардың да татулықпен, бірлікпен қалыптасып өсуін жырлайды. Жастайынан ауызбіршілікпен, достықпен қалыптасып өскен жас ұрпақтың халқын баянды бақытқа жеткізгені – тарихта дәлелденген ақиқат.
Ақтамбердінің қазақтың жаңа жас буынына арналған тәрбиелік өсиетінің осындай тағылымды жақтары бүгінгі Қазақ елінің өскін ұрпақтарына үлгі-өнеге болмақ.
«Балаларға өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке», дейді ақылман Ақтамберді.
Ақтамбердінің жырлап кеткен өсиет сөздері бүгінгі таңда өзіндік құндылығымен ерекшелене түседі. Бүгінгі жаһандану дәуірінде тәуелсіздігіне қол жеткізген Қазақ елі үшін бірлігін сақтауға, мемлекеттілігінің тұтастығын қамтамасыз етуге жыраулар поэзиясының беретін тәлім-тәрбиелік жақтары ұшан теңіз.
Пайдаланылғанəдебиеттер: 1. Назарбаев Н.Ə. Тарих толқынында. – Алматы, 2003.
2. Тəжібаев Ə. Жылдар. Ойлар. – Алматы, 1976.
3. Досмұхамедұлы Х. Таңдамалы. – Алматы, 1998.
4. Ысмайылов Е. Ақындар. – Алматы, 1956.
5. Бес ғасыр жырлайды. Том 1. – Алматы, 1984.