3.Орыс және шетелдік тарихнама XYIII – XIX ғ. басы. Қазақ қоғамын басқарудың дәстүрлі институттары тарихы қай кезеңде де зерттеушілердің назарын өзіне аударған. Дегенмен, олар тиянақты зерттелді, бар материалдар жинақталды деу қиын. XVIII-ХІХ ғасырлардағы қазақ тарихына қатысты деректер қазақ даласының тарихына көңіл аударған алғашқы зерттеушілердің назарына түскен. Бұған П.И.Рычков, И.И.Неплюев, И.Г.Андреев, Е.К.Мейендорф, А.И.Левшин, В.В.Вельяминов-Зернов, И.Ф.Бларамберг еңбектері куә .
1771 жылы Жоңғарияға қарай қашқан Еділ қалмақтарын қуған арнайы жасақталған әскери қосынының офицері П.И.Рычковтың күнделігінде алғашқы қазақ тархандары арғын Жәнібек пен тама Есет туралы, олардың қазақ-орыс қатынастарындағы елшілік қызметтері туралы мәліметтер келтірілсе, И.Г.Андреевтің еңбегінде патша үкіметінің бекініс маңындағы халықтарды өз саясаттарын қолдауға тарту үшін жылына 1000 рубль қаржы бөлгендігі, соның ішінде Құлсары тархан мен Құлеке батырларға 100 рубльден ақшалай сыйақы беріп тұрғандығы туралы деректер бар.
Зерттеуші Е.К.Мейендорфтың Орынбордан Бұхарға барған сапарында жинаған материалдарының жазбасы Кіші жүз өңіріндегі қазақ тархандары Жүсіп Сырымұлы, Жоламан Тіленшіұлы, Жәнібек тарханның немересі Мұса Дәуітбайұлы т.б. тархандар қызметі туралы біраз деректер қалдыруымен құнды. Әскери санақшы И.Ф.Бларамберг Тіленшіұлы Жоламан тархан туралы деректер қалдырған.
Қазақ тарихын зерттеген орыс зерттеушілерінің арасында В.В.Вельяминов-Зернов тархандық институт мәселелерін арнайы зерттеуімен ерекшеленеді. Ол XVIII ғасырдағы башқұрт қоғамындағы тархандық институт тарихына қатысты зерттеу жүргізді.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында патша үкіметі шенеуніктері мен әскерилеріне арнайы тапсырмамен отарланушы аймақ тарихын жаздыра бастады. Ондай еңбектер қатарына Л.Мейер, И.И.Крафт, В.Н.Витевский, А.И.Добросмыслов зерттеулерін қосуға болады.
Қазақ тарихына қатысты жаңа зерттеулер легі кеңестік биліктің орнауы кезеңінде дүниеге келді. Бастапқы кезеңде жазылған Х.Досмұхамедұлы, Г.Галузо, Т.Шонанұлы, К.Кемеңгерұлы еңбектері біраз мәселені жаңартты. Х.Досмұхамедұлы еңбегінде тарихи тұлғалардың арғы аталарына байланысты деректер сараланса, К.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы еңбектерінде патша үкіметінің қазақ даласындағы отаршылдық саясатындағы қазақ жеріне қатысты мәселесі тыңғылықты талданады. Қазақ тархандарына патша үкіметінің жер мен жайылым, тоғайларды пайдаланғаны үшін алым-салық төлемейтін құқықтық пәрменділік берулеріндегі саяси ұстанымдарын талдауға қажетті мәліметтермен құнды.
Кеңестік үкімет билігі орныққаннан кейінгі 1920-1940 жылдар аралығында қазақ тарихына XVIII ғасыр мен ХІХ ғасырдың 60 жылдарына дейін өмір сүрген қазақ батыр билерінің саяси-қоғамдық қызметтері туралы жаңа деректер айналысқа түсе бастады. Бұл бағытта А.Ф.Рязанов, А.П.Чулошников, М.Тынышбаев, С.Асфендияров еңбектерін атап өтемі. А.Ф.Рязанов еңбегінде Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысын зерттеуде тарихи тұлғалар қызметіне қатысты мәліметтерді мұрағат деректерімен толықтырды. Дегенмен, автор А.И.Добросмыслов, А.И.Левшин пікірлерін қайталап, Сырым батырды қазақтың дәстүрлі хандық басқару институтына қарсы хандық билікті жоюдағы реформатор етіп көрсетпекші болды. Ал, А.П.Чулошников қазақ-башқұрт қатынастары тарихын зерттеп, 1755-1756 жылдардағы башқұрттардың ұлт-азаттық қозғалысы кезеңіндегі патша үкіметінің отаршылдық саясатын сынға алды. Ол И.И.Неплюевтің башқұрт-қазақтарды араздастыруының құйтырқы айлаларына назар аударып, зерттеуде тама Есет тархан қазасына қатысты 1757 жылғы бұйрық туралы деректі алға тартады. С.Асфендияров қазақ-башқұрт сынды бауырлас халықтардың патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы көтерілу себептерінің ахуалын ашып көрсетті. Сонымен қатар, оның башқұрт тархандарының қазақ жеріндегі Есет тархандар бастаған жетірудың батырларымен біріккен жасақтар құрған келісімдері туралы тарихи деректері біз үшін ерекше маңызды.
Кеңестік кезеңде Е.Б.Бекмаханов, М.П.Вяткин зерттеулері де жарық көрді Тіленші Бөкенбайұлы тархан қатысқан ұлт-азаттық қозғалыс туралы бастап қалам тартқанымен, кейіннен ол туралы зерттеулер көп уақыт бойы іркіліп қалды. Еңбекте қазақ қоғамындағы сұлтандар институты жүйесінің түпкілікті өзгеріске ұшырағандығының себеп-салдары көрсетілді. Е.Б.Бекмаханов патша үкіметінің қазақ билік жүйесін жою барысындағы саясатын, ішкі қарым-қатынасты шиеленістірудің айла-амалдарын дәл анықтады.
Ал, М.Вяткин ХVІІІ ғасырдағы Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуына айрықша мән берді. Соның ішінде ол Сырым тархан бастаған ұлт-азаттық қозғалысты мұрағат деректері негізінде зерттеп, азаттық үшін күрескен батырдың тарихын жаңа белеске көтерді.