Евразия аймағында өмір сүрген көшпенділерді зерттеуге ғалымдар XVIII ғасырдан бастап қызығушылық таныта бастады. Көшпенділердің б.з.б. өмір сүрген сақ (скиф) суперэтникалық тайпаның жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттелуі, Ресей мемлекетінің славян тарихын жазуымен байланыстыруға болады. Өйткені қазіргі орыс халқының территориясында өмір сүрген ежелгі сақтар (скиф) туралы тарихи деректер антикалық авторлардың жазбаларында ғана кездеседі. Сондай-ақ орыс ғалымдары өз зерттеулерінде славяндардың генетикалық туыстығын, сол ежелгі көшпенділерден шыққанын ғылыми тұрғыдан дәлелдемек болды.
Көшпенділер мәдениеті
Көшпенділердің мәдениеті мен тарихын сараптауда көне артефактілердің маңызы зор. Таулы Алтайдағы Қатан өзенінің бойындағы қорғандардан қазба жұмыстары кезінде В.В. Радлов 1865 жылы көптеген құнды дүниелер тапты. Алтайдағы үлкен Улаған өзен өңіріндегі Пазырық шатқалында сақ (скиф) кезеңдерінен қалған әртүрлі көлемдегі бес обаны 1929 жылы М.П. Грязнов, ал 1947- 49 жылдары С.И. Руденко археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген.
Көпшенділердің артефактілерінің динамикасын зерттеуде ділін, салт-дәстүрі мен наным-сенімдерін, ғұрыптарын талдау арқылы заттық болмыстың символикасы анықталды. Ондай деректер С.И. Руденконың Таулы Алтайда табылған көне ескерткіштерінен, М.П. Грязновтың Таулы Алтай өңіріндегі Пазырық, Шібе қорғандарынан табылған материалдық заттарынан жиналған. Ежелгі көшпенділердің дүниетанымы, рухани дүниесі мен алғашқы дінінің пайда болуы артефактілер арқылы аныкталды.
Жоғарыда айтылған ғалымдардың еңбектерінде ежелгі көшпенділердің салт-дәстүрі, тілі, ділі туралы мағлұматтар жоқтың қасы. Көшпенділердің антика дәуірінен б.з.б. кезеңдермен байланысы жоқ, сондай-ақ бүгінгі күнге дейін әр дәуірдің мәдениеті өз алдына жеке қарастырылған. Көшпенділерді (б.з.б VIII — ІV ғғ.) зерттеген ғалымдар иран, парсы, грек деректеріне сүйеніп, сақтардың (скиф) қолөнері, бейнелеу өнері мен кескіндеме мәнері антика өркениетті мемлекеттердің «ықпал әсері немесе көшірмесі» деген пікірлер қалыптастырды. Скифологтардың арасында ондай пікірлердің қалыптасуына империялық идеология ықпал етті. Ресей ғалымдарының біржақты зерттеулерінің салдарынан көшпенділердің мәдениеті мен тарихы тұтас жазылған жоқ.
Көшпенділер өркениеті
Әрбір ұлттық мәдениет бос кеңістікте емес, адамдандырылған қоршаған ортада әрекет етеді. Мәдени кеңістік оқшау, мәңгіге берілген енші емес. Ол тарихи ағынның өрісі болып табылады. Мәдени кеңістіктің маңызды қасиеті — оның тылсымдық сипаты. Мысалы, «ата қоныс» ұғымы көпшелілер үшін қасиетті, ол өз жерінің тұтастығының кепілі және көршілес жатқан мекендерге де қол сұғуға болмайтындығын мойындайды. Қауымдық қатынас мекендер егемендігінен туады. Ата қоныстың әрбір жағрафиялық белгілері халық санасында киелі жерлер деп есептелінеді, яғни қоршаған орта киелі таулардан, өзен- көлдерден, аңғарлар мен төбелерден, аруақтар жататын молалардан т.б. тұрады. Олардың қасиеттілігі аңыз-әпсаналарда, жырлар мен көсемсөздерде болашақ ұрпақтарға мұра ретінде қалдырылған.
Көшпенділердің жол серігі
Енді қарастырып отырған өркениеттің кеңістікті игеру құралдарына тоқталып өтейік. Бұл жерде ең алдымен көшпелілер өміріндегі жылқының ерекше бір қызметіне назар аударған жөн. Жылқыны адам еркіне көндіру арқылы адамзат кеңістікті меңгеру ісінде үлкен қадам жасады. К.Ясперстің пікірі бойынша, тағылықтан өркениетке өтуде жер суару жүйелерін жасаумен, жазудың ашылуымен, этностардың пайда болуымен қатар жылқыны пайдалана білу адамзат үшін өте маңызды болды. Жылқыны пайдалана білу шектелген кеңістіктен бүкіл әлемді игеруге бағытталған қадам еді. Бұл әртүрлі мәдениеттердің сұхбаттасуына мүмкіндік берді. Әрине, бұл сұхбаттасу көптеген жағдайда зорлық-зомбылық арқылы жүзеге асқанын ұмытпаған да жөн.