ә) Жөнсіз бәсекелестік
Тауар өндірушінің, қызмет көрсетушінің нарықтағы өз үлесін ұлғайту мақсатында шығарған
өнімінің қасиеттері жəне сапасы туралы жалған мəліметтер беруі, жарнамалық ақпараттарды
əдейі бұрмалап көрсетуі, бəсекелестерінің тауарына қатысты олардың жақсы аты мен беделін
кемсітетін жалған мəліметтер таратуы
–
жөнсіз бəсекелестік шеңберіндегі харам тəсіл. Бұл
нарықтың өзге қатысушыларын қиянат жасау жолымен тықсырту болғандықтан, харам саналады.
Мұндай бейбастақтыққа тыйым салынбаса, нарықты əділетсіздікпен жаулап алуға, соңы
монополиялауға əкеп соқтырады.
Бəсекелестің фирмалық атауын, таңбалануын, тауар белгісін, сондай-ақ жарнама
материалдарын, фирмалық орамды көшірмелеу арқылы тұтынушыларды шатастыру да жөнсіз
бəсекелестікке мысал. Расында, тауарды маркаға (эталонға) айналдыруға, нарыққа шығаруға,
жарнамалауға қыруар қаржы шығын қылған өндіруші немесе өткізушінің еңбегін көлденең
жолдан пайдаланып кету, тұтынушыларды алдау дұрыс емес.
Бəсекелестер арасында бағаны өздері реттеп, нарықты бөліп алу, жаңадан қосылған
кəсіпкерлерді нарықтан шығарып жіберу немесе олардың қызметін мүлдем тоқтатуға мəжбүрлеу
туралы мəмілеге келушілік те Исламның мораль қағидаларына, кəсіпкерлік этикасына қайшы.
Мұндай қияңқы қылықты мұсылман адам былай тұрсын, басқа дін өкілдеріне де жасауға
болмайды. Сондай-ақ, нарықта монополиялық жағдайды иемденген алпауыт бизнес өкілдері
бағаны қалауынша шарықтатып жіберуі бұрыс іс. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса»
деп, дегеніне салып, өзім білемдікке бару, таңдау еркі жоқ тұтынушылардың құқығын аяқасты
еткендік болады. Тауардың, қызметтің сапасын, тұтынушылық қасиетін шындыққа сай
жарнамалаған жөн. Алайда, тауар сапасы туралы жалған мəліметтерге, алдауға құралған
жарнамалық ақпараттарға тыйым салынады.
Заң шеңберінде жасалған кəсіпкерлік қызмет дінмен құпталған амал. Кəсіпкерлікпен
айналысқан кісі халықтың пайдасын көксесе, мемлекеттің мүддесін ойласа, тап бір ғибадат
жасағандай сауапқа кенеледі.
Байқағанымыздай, дініміз сауда-экономикалық қатынастарда да, қоғамдық қатынастарда да
«басқаға нұқсан келтірмеу» қағидасын берік ұстанады. Мүминге тапсырылған өмірлік маңызды
іс басқа адамның мүддесіне қайшы келетін, құқығын бұзатын іс-қимыл жасамау, бұған əрдайым
ыждағаттылық таныту. Бірақ, əлеумет көбінесе мұны елеусіз қалдыруда. Олардың елемей, естен
шығарғандары Аллаһтың назарынан таса қалмайды. Оның əділетті құзырында күнəнің
маңыздысы, маңызды емесі, кісі ақысының үлкен-кішісі жоқ. Олай болса, кісі ақысына барынша
сақ болайық, ағайын!
|