Қазақстан орта ғасырлар тарихы пәннің жұмыс бағдарламасының жинағы



бет41/196
Дата05.02.2022
өлшемі4,39 Mb.
#19428
түріЖұмыс бағдарламасы
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   196
1.20-шы жылдардағы республика ауыл шаруашылығындағы жағдай.1921-1922 жылдарда патша өкіметінің жер мәселесіндегі отарлау саясатының зардапты мұраларын жойған Қазакстан Түркістандағы аграрлық реформалардың жергілікті ұлт еңбекшілері, сондай-ақ қоныс аударған еңбекші шаруалар үшін елеулі маңызы болды. Ол көшпелі және жартылай көшпелі ауылдардағы кедейлердің салықтан босатылып, жеңілдіктер алуына жол ашты. Сонымен бірге оларда ұжымдандыру алғашқы қарапайым түрлері: сауда-саттық жасау, жабдықтау, несиені пайдалану, кейде мәдени ағарту жұмысстарының басын біріктіретін қарапайым кооперативтендіруді дамытуға жол салды.
Мемлекеттік кооперативтік сауда жүйесін құрумен бірге даласында сауда құрылысының жаңа мазмұнымен байытылған ескі түрлері: жәрмеңкелер, сауда керуендері болды. Міне, осының нәтижесінде 1923 жылы баяуырақ болса да, ауыл шаруашылығы өндіргіш күштерінің өрлеуі басталды. Ауыл шаруашылығын машиналар және құралдармен, тұқымдық астықпен жабдықтау жақсарды. Мал саны да өсті. Ауыл шаруашылығын қалпына келтіруде кооперацияның рөлі артты.
1924 жылы сәуірде РКФСР үкіметі Қазақ АКСР- інің көшпелі және отырықшылыққа көшкен халықтарын жерге орналастыру туралы жарлық шығарды. Жерге орналастыруға байланысты барлық шығынды мемлекет өз мойнына алды. Отырықшыланған шаруашылықтарға салық жөнінен жеңілдіктер берілді. Ауыл кедейлері мен шаруаларына қаржылай көмек беру ұйымдастырылып, оның көлемі 1,5 млн. сомға өсті. Осы жылдың қазан айында ұжымдастырылған шаруашылықтардың жалпы саны 794-ке жетіп, оның 96-сы Коммуна, 456-сы ауылшаруашылық артелі, 242-і жай серіктестіктер болды. Ал 20-жылдар аяғында Қазақстанда 1250 мындай жеке шаруа қожалықтары колхоздарға ұйымдасты. Мемлекет техника және қаражат беріп, еңбекші шаруаларға жеңілдіктер жасап, колхоздарға көмек көрсетуге пейіл қылды. Бірақ көп жерлерде бұл шаралар тиісті нәтиже берген жоқ. Бұл кезде республикада совхоздар мен МТС-тар құрыла бастады. Бұлар шаруалардың ұжымдандыру мәселесін шешуге көмектесуге тиіс еді.
Аграрлық саясатты іске асыру барысында ірі байлардың, "жартылай феодалдардың" ең әуелі малын, сосын еңбек құралын, одан кейін олардың тұратын үйлерін тартып алып, жер аударып жіберу бағыты алынды. 1927 ж. желтоқсанында Республика өкіметінің жоғарғы буындарында ірі-ірі байлар шаруашылығын тәркіге салу жөніндегі заң жобасын әзірлеу үшін комиссия құрылды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды. Оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмақов, Ғ. Тоқжанов, О. Жандосов т. б. кірді. 1928 ж. 27 тамызында Орталық Атқару Комитеті мен Республика Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілісінде тәркілеу жөніндегі Заң жобасы қабылданып, жарлық қаулы түріндегі құжатқа айналды. Республика округтерінде тәркілеуді өткізу жөніндегі өкілдер тағайындалды. Ауыл-ауылға тікелей мыңнан астам өкіл жіберілді, демеу комиссияларында 4700 адам жұмыс істеді.
Қаулыға сәйкес Қазақстан бойынша көшпелі аудандарда 400-ден аса малы бар ірі қараға шаққанда 700 шаруашылықты, жартылай көшпелі аудандарда 300 және отрықшы аудандарда 150 шарушылықты төркіге салу белгіленді. Бұл науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды. Науқанның қорытындысы бойынша іс жүзінде 696 шаруашылық тәркіге салынды, олардың 619-ы тұрған округінен тыс жерлерге айдалды. Тәркіленгендерден ірі қараға шаққанда 145 мындай мал және ауыл шаруашылық саймандары тартып алынды.
Қазақ байларын тәркілеу барысында заңға қайшы көптеген бұрмалаушылықтар орын алды. Кейбір жерлерде 300-400 қаралы қойы бар, орта қолды дәулетті шаруалар шаруашылықтары орынсыз тәркіге ұшырады. Ал қайсыбір жерлерде туысқан жанұяларының малдары қосылып жазылып, оларда төркіге жатты.
20-шы жылдардың аяғында көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды отырықшыландыруға бағытталған Шаралар іске асырылды. Мұның өзі бастапқыда кейбір жеңілдіктер беру (құрал-сайман, күш-көлік, қарыз қаржы беру, екі жылға астық, ет тапсырудан құтқару) арқылы бірте-бірте жүргізілетін болып белгіленгенмен, шынтуайтқа келгенде, күштеп отырықшыландыру әдісі белең алды. Көптеген жерлерде көшпелі шаруашылықтар бір жерге иіріліп, киіз үйлерден көшесі бар қалашықтар құрылды. 10-15 күннен кейін ондағы адамдар жан-жаққа ешкімді тындамай қашуға, көшуге мәжбүр болды. 1930-31 жылдарда осындай зорлап отырықшыландыру зобалаңына ұшыраған мал шаруашылығымен айналысатын 25 ауданнан 35 мыңнан астам шаруашылықтар республикадан тыс жерлерге көшіп кетті. Маңғыстау ауданы (Батыс Қазақстан) халқының 50 пайызы Қарақалпаққа, Түркіменияға, Ресейге көшіп кетіп оралмады. Ондағы малдың саны 65 пайызға азайды. Тек Батыс Қазақстан облысы бойынша - 82,2, республика бойынша - 51,8 пайызға қысқарды. Жалпы Қазақстан бойынша 1931 жылдың тамыз айына дейін 281 мыңнан астам шаруа қожалықтары республикадан тыс жерлерге көшіп кетті. Ал бұл көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтар жаңа экономикалық саясатты іске асыру барысында өздерінің малдарының санын көбейтіп, қалаларға ет, жүн, т.б. шығарып сатып, жағдайларын біраз түзеп алған болатын.
Сонымен 20-жылдардың аяғына қарай қазақ даласындағы ірі өзгерістерге: халық шаруашылығын қалпына келтіруге, өнеркәсіп орындарын салып, кәсіпорындардың, жолдың кең жүйесін дамытуға себепші болған жаңа экономикалық саясаттың әрекетін тежеп, әміршіл-әкімшіл басқару әдісіне көшуге біржола бетбұрыс жасалды. НЭП жылдарында Орташаланып калған ауқатты шаруалар, қаладағы жағдайын біраз түзеп алған қолөнершілер мен қызметкерлер енді жат таптың өкілі есебінде қудалауға алына бастады. Саясаттағы солақайлық етек ала берді. Халықты ызғарымен ықтырып, тұманымен тұншықтырып, отына күйдіріп Сталин бастаған әміршіл-әкімшіл басқару жүйесінің қызыл шоқтай тарғылданған күні туып келе жатты.
2.Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жане оның зардаптары. 1932-1933 жылдардағы аштық. 20-шы жылдардың басында қабылданған жаңа экономикалық саясат бойынша шаруаларды ұжымдастыру, халықтың материалдық әл-ауқаты мен мәдени дәрежесін көтеру сияқты күрделі мәселелер шешіледі деп есептелінді. Шаруалар кооперациясы мемлекеттік қысым күшімен емес, экономикалық тиімділік шарттарын сөзсіз орындау арқылы жүзеге асатын шаралар ретінде қаралды. Жаңа экономикалық саясаттың алғашқы жылдардағы тәжірибесі оның мүмкін екенін дәйектеп берді.
Алайда, 20-шы жылдардың екінші жартысында жаңа экономикалық саясат негізінде қалыптасқан шынайы бағыт түбірінен өзгерді. Басты міндет - ең зәру көкейкесті мақсат индустрияландыруды қызу қарқынмен жүргізу деп жар салынды. Индустрияландыру қам-қарекетін қамтамасыз ететін қорды жинауды шаруалар қауымын тікелей және жанамалап экспроприяциялау есебінен жүргізу көзделді. Атап айтқанда, бұл мақсат мемлекеттендірілген колхоз жүйесін жасау, яғни шаруаларды ұжымдастыруды жаппай өткізу арқылы іске асырылды. Сөйтіп, 20-шы жылдардың аяқ шенінде бүкіл елдегі сияқты Қазақстанда да колхоздастыру науқаны басталды. Бұл шараның іске асырылуына шаруалардың тілегі мен ықыласы себеп болған жоқ, ол жоғарыдан берілген әмір, нұсқаулар негізінде жүргізілді. Қазақстанда колхоздастыруды 1932 жылдың көктеміне қарай аяқтау белгіленді. Шаруаларды күштеп ұжымдастырудың арқасында республикада колхоздар саны қауырт өсіп 1927 жылы 1072 болса, 1928 жылы - 2354, ал 1929 жылы - 4876-ға жетті. Бұлар колхоздастыру саясатын жүргізудегі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін құрылған жасанды шаруашылықтар еді. Оларды құру барысында небір сұмдык зорлыққа, күштеуге жол берілді. Ол тұста қабылданған бірнеше қаулы-қарарлардың заңдылығын тексеру барысында Қазақстан Республикасы Жоғары Кенесінің Төралқа комиссиясының 1992 жылғы желтоқсанындағы қорытындылары жарияланды. Онда келтірілген деректер мен мағлұматтар колхоздастырудың қандай әдістермен жүргізілгені жөнінде толық түсінік береді.
Колхоздастырудың 1929 жылдың орта шенінен басталғаны белгілі. Оның құлаш жаюы Сталиннің сол жылғы 7 қарашадағы "Правда" газетінде "Ұлы бетбұрыс" деп аталатын мақаласының шығуымен тұспа-тұс келді. Мұның алдында кулактарға шабуыл жөніндегі нұсқаулар негізінде Қазақстанда байлардың шаруашылықтарын тәркілеу аяқ-талған болатын. Енді жана экономикалық саясат негізінде жүргізілген шаруаларды кооперациялау ісі мемлекет бағыттап отырған күшпен ұжымдастыру шарасына орын берді. Ал, бұл шара шаруа қауымының игілігін ойлаудан тумады, тек индустрияландыру процесін қамтамасыз ету мақсатын қана көздеді. Сөйтіп, 20-30 жж. жаңа экономикалык саясатын дамыту бағыты тұйықталып тасталды. Ондаған жылдар бойына экономика мен қоғамдық саяси өмірде тек "күштеу" шарасының рухы үстемдік етті.
Бұл жағдай ауыл шаруашылығына қасіретті зардабын тигізді. Селодағы саясаттың ең басты шарты - әміршіл-әкімшіл террорға сүйенген экономикалық емес жарлықтар, шаруалар қауымын кооперациялау идеясын жаманатты қылып қоймай, оның пайдалы жақтарын да құртып жіберді. «Ұлы бетбұрыс» селолық құрылымдарды қатігез қаталдықпен аяусыз қиратып, қоғамның болашақта туатын проблемаларын біртіндеп әзірлей бастады.
Колхоздастыру барысында жүргізілген ауыл шаруашылығы өнімдері оның ішінде астықты күштеп дайындау шаруалардың күн көрісіне, көңіл-күйіне мейілінше кері әсер еткен, оларды кеңес өкіметін жек керуге итермелеген екінші бір үлкен шара болды. Ауылдарда мал саны өсіріліп көрсетіліп, алынатын еттің, жүннің көлемі белгілі есептен асып түсті. Салғыртты орындау үшін шаруалар қыс ішінде қой қырқуға мәжбүр болды. Мұның өзі қойлардың жаппай қырылуына соқтырды. Егіспен айналыспайтын шаруашылықтардан астық талап етілді. Салғыртты орындамаған қожалықтар сотқа тартылды. 1928-1929 жылдары осындай айыпқа ұшыраған 34 мың ауыл-село адамдары сотталды. Мұның өзі ауыл адамдарын қорқыту үшін де істелінді.
Колхоздастыру осындай ауыр жағдайда басталды да, оны басқару әкімшілік, зорлық, күштеу әдістерімен жүргізілді. Егер 1928 жылы Қазақстанда колхозға барлық шаруашылықтардың екі пайызы ғана кірсе, 1931 жылдың күзінде шаруаларды 70-тен 100 пайызға дейін колхоздастырған аудандардың саны 78-ге жетті. Бұл тұста өлкеде 122 аудан болатын. Шаруаларды ұжымдастыру көзінде ауыл-селоларда бай-кулактарды тап ретінде жою шаралары іске асырылды. Жергілікті орындарға жеткізілген нұскау бойынша жойы-луға тиісті бай-кулак шаңырактары барлық шаруашылықтың жалпы санының 3-5 пайызынан аспауы керек деп ескертілді. Бірақ, осыған қарамастан әміршіл-әкімшіл жүйенің асыра сілтеу әрекетімен тәркіге салынғандар саны кез келген жерде ең жоғарғы көрсеткішке жеткізілді. Нәтижесінде тек 1930-1931 жж. республикадан тыс жерге бай-кулак деп "жер аударылып" жіберілген шаруалар саны 6765 адамға жетті. Ондаған мың шаруалар тұрған округтерінен республика ішінде басқа жерлерге көшірілді.
Ұжымдастыру мен отырықшыландыруды жүргізу үшін Қазақстан өлкелік партия комитеті жергілікті белсенділермен бірге кәсіпорындардан сегіз мың жұмысшыны тартты. Мұның үстіне республикаға Мәскеуден, Иваново-Вознесенскіден, Харьковтан, Ленинградтан партияның шақыруымен 1204 «жиырма бесмыңыншы» келді. Бірақ бұлардың өздері қазақ жерінде отырықшыланудың мәні мен механизмін жете түсінбеді. Көптеген әкімшілер үшін бұл шартараптан жүздеген шаруашылықты бір жерге жинау болды. Мұндай топтаудың салдарынан шаруалар мал өрісінен, су мен шөп іздеп, жайылым ауыстырып отыру мүмкіндігінен айырылды.
Әміршіл-әкімшіл жүйенің нұсқауымен Қазақстанның барлық аймақтарында ұжымдастыру егіншілік шаруашылықтарында да қандай қарқынмен жүргізілсе, мал өсіретін шаруашылыктарда да ол сондай қарқынмен жүргізілсін деп талап етілді. Ойластырылмай алынған шешімнің зиянды қайтарымы өзін көп күттірген жоқ.
Колдағы малды қоғамдастыру нәтижесінде колхоз фермалары құрылды. Кейбір жерлерде алып коммуналар ұйымдастырылып, олар өте көп шарушылықты біріктірді. Соның нәтижесінде фермаларға жиналған қисапсыз мал күтімнің кемдігінен, шөптің, жайылымның жетпеуінен қырылды. Колхозға кірмеген жеке шаруашылықтарда мал ұстауға ықылас болған жоқ. Сөйтіп, 1928-32 жылдар аралығында республикада ірі қара 6 млн. 509 мыңнан 965 мыңға, қой 18 млн. 566 мыңнан 1 млн. 386 мыңға, жылқы 3 млн. 516 мыңнан 316 мыңға, түйе 1 млн. 42 мыңнан 63 мыңға азайып кетті. Қазақстанның осы жылдары одақ бойынша тауарлы астық өндіруден үлес салмағы 9 пайыздан 3 пайызға кеміді. Халықтың тұрмысы нашарлап, қайыршылануы күшейді. Мұның өзі шаруалар бұқарасының наразылығын туғызбай қойған жоқ. 1929-1931 жылдарда шаруалардың 372 көтерілісі болып, оған 80 мындай адам қатысты. Созақ, Шемонаиха, Бұқтырма, Ырғыз, Қазалы, Қармақшы, Самар, Абыралы, Биен-Ақсу, Шыңғыстау, Бөрібаев, Қастек, Балқаш, Шұбартау, Маңғыстау т.б. жерлердегі шаруалар көтерілісі аяусыз басылып, оған қатысқандардан 5551 адам сотталды, олардың 883-і атылды. Жалпы алғанда күштеп ұжымдастыру көзінде Қазақстанда 100 мыңнан астам адам жазаланды.
Көшпелі қазақ мал шаруашылықтарын күштеп отрықшыландыру және ұжымдастыру Қазақстан экономикасын құлдыратып төмен түсіріп жіберді. Республика экономикасының құлдырап төмендеуі 1932-1933 жылдардағы қуаңшылықпен тұстас келді. Осындай елді арылмас сорға душар еткен қолдан жасалған қастандық пен табиғаттың рақымсыздығынан осы екі жылда республикада аштықтан өте көп адам қырылып, қазақ елі орны толмас қайғы мен қазаға ұшырады: 2 млн. 200 мың адамынан, яғни қазақ ұлтының 49 пайызынан айырылды. Республикада тұратын басқа халықтар да сан жағынан кеміді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   196




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет