Әдебиет: Мәдени-философиялық энциклопедия / Құраст. Т. Ғабитов, А. Құлсариева, Ә. Әлімжанова және т. б. – Алматы, 2007.
СЕКУЛЯРИЗАЦИЯ (лат. saecularіs – діни емес, кәдімгі өмір тіршілігі; зайырлы) – бастапқыда діни ұйымдардың жеке меншігінің, яғни шіркеулік жерлердің және мүліктердің мемлекет тарапына өту үдерісін білдіретін ұғым ретінде пайдаланылып келді. Осы аталған мағынасында С. көне уақыттан бастап орын алған болатын, өйткені дін иелері мен діни ұйымдардың шектен тыс пайда тауып, баюы көптеген зайырлы билік иелеріне жағымсыз болып көрінетін. Мыс., Көне Мысырда Аменхотеп ІV перғауын (фараон) тұсында осындай үдерістер орын алған. XІX ғ-дың соңынан бастап батыс әлеуметтануында С. жалпы қоғамның діни және шіркеулік институттардың құрсауынан босануы деп түсіндіріледі. Яғни С.-діни институттардың әлеуметтік функцияларын шектеу, шіркеудің мемлекеттен шеттетілуі, білім беру жүйесін шіркеуден ажырату, ақыр аяғында осы шаралардың нә- тижесінде діни көзқарастарды қоғамдық санадан ығыстырып, оның орнын ғылыми дүниетаныммен толықтыруды айтады. С.-ның мағыналық синонимі десакрализация (сөзбе сөз аударсақ – қасиеттен айыру, қасиетсіздендіру).
Достарыңызбен бөлісу: |