Әдебиет: Қазақ халқының философиялық мұрасы. Қазақ этикасы мен эстетикасы. Т. 12. – Астана: Аударма, 2007.
АБЫРОЙ – адамның рухани сапасын, құндылықтық тұғырын анық- тайтын, оның әлеуметтік ортаға және қоғамның жеке адамға моральдық қатынасын бейнелейтін этикалық категория. А. жеке тұлғаның өзінің өзіне деген талғампаздығы мен талапкерлігі негізделетін, өзіндік сананың бақылау формасы. А. ар-ұжданнан бастау алып, адамның қоғам алдындағы өз борышы мен жауапкершілігін саналы түрде түсінуінің бір тәсілі. Жеке адамды құрмет тұтып қадірлеу, сыйлау, оның құқығын, ерік-бостандығын мойындау және т. б. талаптардан тұратын жеке тұлғаның А-ы оған деген қоршаған әлеуметтік орта мен жалпы қоғамдық-әлеуметтік қатынас арқылы көрініс табады және сол арқылы реттеліп отырады, яғни қоғамның адамға және адамның қоғамға деген қатынасын білдіреді. А. адамның қоғамдық бітім-болмысын, бейнесін, беделін танытады. Бұл жағдайда А. жеке тұлғаның әлеуметтік және моральдық бостандығының маңызды жағы болып табылады. А. адамға ғана тән сапалық қасиет. А. адамның бойына туа бітетін немесе біреуден сыйға алатын нәрсе емес. Сондықтан А. жүре қалыптасатын моральдық процесс және адамның саналы ғұмырынан бас- тап өмірінің соңына дейін созылатын шексіз үдеріс.