СИНКРЕТИЗМ (грек. synkretіsmos – біріктіру) – «жігі ашылмаған»,
«біте қайнасқан» деген сөз тіркестерінің синонимі болып табылатын бұл ұғым қандай да болмасын құбылыстың жетілмеген, дамымаған, өзара жіктеле қоймаған бастапқы күйін білдіреді. Бұл ұғым көбінде алғашқы қауымдық немесе архаикалық мәдени кезеңге байланысты көп қолданылады. Өйткені дәл сол мәдени кезеңде мәдениет салаларының жіктелінбеген, дербестелінбегендігін байқаймыз. С-нің мәнін миф,
мифо-логиялық сана өте жақсы анықтайды. Мифтердегі субъект-объектілік қатынастардың жоқтығы, жеке тұлғалық бастаманың көрінбеуі, адамның өзін айналасын қоршаған әлемнен бөліп-жарып қарамауы және т. б. С. көріністері болып табылады. Архаикалық мәдениеттегі ғылымдардың, өнер түрлері мен наным-сенімдердің жіктелінбеген бастапқы біртұтастық күйі – архаикалық мәдениеттің синкреттік сипатын танытады. Сондықтан да мәдениет тарихында зерттеушілер «алғашқы қауымдық С.» деген үлкен кезеңді айқындайды. Адамзат дамуының бұл сатысында қоғамдық өмір өзінің іріктелмегендігімен, біртұтастығымен, бір-бірімен етене тығыз байланыстылығымен сипатталады. Сол мәдени кезеңнің адамдарының дүниетанымындағы С. көріністерін алғашқы наным-сенім түрлерінен: фетишизм, анимизм, тотемизм және т. б. айқын көруге болады. Қазірде бұл терминмен эстетика, өнертану, мәдениеттану саласында әртүрлі өнер түрлерінің элементтерінің бірлестігі айқындалады.
СКЕПТИЦИЗМ (гр. skeptikos – қарастырушы, зерттеуші, сынаушы)
– объективтік шындықты танып-білу мүмкіндігіне шүбә келтіретін филос. концепция. С-нің ақыры агностицизмге және нигилизмге әкеледі. С. қоғам дамуының барысындағы бұрынғы қоғамдық идеалдардың ескіріп, жаңалары әлі күш ала қоймаған кезеңдерде белең алады. Филос. доктрина ретінде С. антикалық қоғамның тоқырауы тұсында (б.з.б. IV ғ.) бұрынғы филос. жүйелерге реакция түрінде пайда болды. Бұл жүйелер бір-бірімен қайшылыққа түсе отырып сезімдік дүниені ақылгөйлік пайымдар көмегімен түсіндіруге әрекеттенді. Пирронның, Аркесилайдың, Карнеадтың, Энесидемнің, Секст Эмпириктің ілімдерінде С. барынша айқын көрінді. Софистер дәстүрлерінде еліктей отырып, алғашқы скептиктер адамның тану қабілетінің салыстырмалылығын формальды дәлелсіздігін және оның әртүрлі шарттарға өмір жағдайларында, сезім орындарының күйін, дәстүрлер мен әдеттерге және т. б. байланыстылығын баса айтты. Жалпы қабылданған және дәлелденген білімнің мүмкіндігіне шүбә келтіру С-нің этикалық негізі болды. Антикалық скептиктер философияның негізгі көздеген мақсаты болып табылатын жан тыныштығына жету үшін жаңсақ пікірлер айтудан сақ болу керектігін уағыздады. Алайда, олардың өздері талқылаудан бас тартқан жоқ, қайта ақылгөйлік филос. догмаларды сынап, әрі С. пайдасын көздеген жайттар (тропалар деп аталатын) ұсынып, шығармалар жазды. Дегенмен де, С. ортағасырлық идеологияның догматизмін текке шығаруда елеулі рөл атқарды. Монтеньнің, Шарронның, Бейльдің және т. б. еңбектерінде теологиялық аргументтерге шүбә жасалды жеке материализмнің қанат жаюына негіз қаланды. Екінші жағының Паскальдің, Юмның, Канттың және т. б. С-і зерде мүмкініктеріне шек қойып, діни сенімге орын берді. Қазіргі философияда С-нің дәстүрлі аргументтерін позитивизм
өзінше қабылдап, тікелей тәжірибе жасау арқылы тексерілмейтін болжамдарды, тұжырымдауды, пікірлерді жоққа шығарады. С. философияда таным элементі ретінде мойындалғанмен (күдік, өзара сын және т. б.), филос. концепция деңгейіне дейін абсолюттендірілмейді.
Достарыңызбен бөлісу: |