Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты» шжқ рмк


Дүние жүзі елдерінің қазіргі көлік жүйесі



бет36/71
Дата19.06.2020
өлшемі207,23 Kb.
#74016
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   71
Байланысты:
лекция

Дүние жүзі елдерінің қазіргі көлік жүйесі. Дүние жүзі елдері мен аймақтарында көлік жүйесінің арақатынасы әр түрлі. Өнеркәсібі дамыған мемлекеттердің көлік жүйесі құрылымы өте күрделі және онда көліктің барлық түрлері кездеседі. Көлік жүйесінің жоғары деңгейде дамуы, әсіресе АҚШ, Франция, Жапония, Ұлыбритания елдерінде байқалады. Дүниежүзілік жүк айналымының 85%-ы осы елдердің үлесіне тиеді. Батыс Еуропа елдеріне теміржолдағы жүк тасымалының 25%-ы, теңіз көлігі мен құбыр көлігі тасымалының 35%-ы тиесілі.

Дамушы елдердің көлік жүйесі шаруашылықтың аумақтық құрылымын көрсетеді. Мұндай жолдар көбіне елдің минералды шикізат өндіретін аймақтарымен байланыстырады. Сонымен бірге плантациялық шаруашылықтар және портты қалалармен байланыстыру рөлін де атқарады. Өнеркәсібі дамыған елдерге қарағанда мұнда көлік жүйесінің техникалық деңгейі төмен.Дүниежүзілік көлік түрлері дамуының жарқын көрінісі ретінде контейнерлік көлік жүйесінің қалыптасуын айтуға болады. Қазірдің өзінде маңызды жүктердің 40%-дан астамы контейнерлік әдіспен тасымалданады. Дүниежүзілік “контейнерлік көпірлерді” теңіз көлігі, теміржол тізбегі мен автомобиль, теміржол комбинациялары қалыптастырады.

Теңіз және өзен көлігі. Дүниежүзілік көлік жүйесі ішіндегі ең арзаны болып, теңіз көлігі саналады. Дүниежүзілік жүк тасымалының 62%-ы осы су көлігіне тиеді және ол бүкіл халықаралық елдер арасындағы тасымалдың 80%-ын қамтиды.Дүниежүзілік теңіз сауда флотындағы кемелердің жалпы құрамының 1/3 бөлігі өнеркәсібі дамыған елдердің туы астында тіркелген. Оның 1/3-і Батыстың кеме жүзу компанияларына жатады (олар «ыңғайлы тулар» астында), 1/5-і дамушы елдерге, ал қалғандары постсоциалистік елдер үлесінде. Дүниежүзілік теңіз сауда флотының жетекші елдері: Либерия, Панама, Жапония, Грекия, АҚШ, Кипр, Қытай. «Ыңғайлы тулар» астындағы елдер (Либерия, Панама, Сингапур, Кипр, т.б.) жүк тасымалының өзіндік құнын 3 есеге жуық арзан тасиды. Негізгі теңіз жолдары: Атлант, Тынық және Үнді мұхиттар. Тек Атлант мұхитына дүниежүзілік жүк тасымалының 50%-ға жуығы тиесілі. Бірақ кейінгі жылдары жүк тасымалы Тынық мұхитта да қарқынды дамып келеді (Жапония және Жаңа индустриалды елдер).

Теңіз жүк тасымалында бірінші орынды мұнай және мұнай өнімдері алады. Олардың үлесіне 1 млрд т жүк тасымалы тиеді. Ірі жүк ағыны Парсы шығанағында қалыптасады да, ол Батыс Еуропаға, Жапонияға, АҚШ-қа бағытталады. Сонымен қатар көмір тасу құрғақ жүктер арасында бірінші орынды алады.Темір кенін теңіз көлігімен тасымалдау жылына 340 млн т-ға жетті. Оны негізгі экспорттаушы елдер – Бразилия және Австралия.Дүние жүзі бойынша астық тасымалдауда теңіз көлігінің маңызы зор (жылына 250 млн т-ға жуық). Тасымалданған астық көлемінің жартысына жуығы дамушы елдерге жөнелтілді. Дүниежүзілік ірі порттар (жүк айналымы бойынша): Сингапур, Роттердам (Нидерланд), Шанхай (Қытай), Нагоя, Йокогама, Тиба, Кобе (Жапония) т.б.

Батыс Еуропаның ірі порттары халықаралық маңызы бар “теңіз қақпасы” болып саналады. Мысалы, дүние жүзіндегі ең ірі порттардың бірі Роттердам дүниежүзілік жүк айналымының 2/3-ін құраса, одан әрі ішкі өзендер (негізінен, Рейн өзенімен), каналдар арқылы құрлықтың басқа да елдеріне тасымалданады. Теңіз тасымалында бұғаздардың маңызы өте зор. Олар: Ла-Манш, Гибралтар, Малакка, Ормуз, Босфор және теңіз каналдары (Суэц, Панама, Киль). Дүние жүзіндегі жүк тасымалының ең күрделі аймағы – Ла-Манш арқылы тәулігіне 500 кеме өтсе, ең ірі Суэц каналынан жылына 18 мың кеме (тәулігіне 50 кеме) өтеді.Кейбір елдерде теңіз көлігімен қатар өзен көлігінің де маңызы зор. Ірі кеме жүзетін каналдар мен өзен жолдарына: Жағалаулық канал (АҚШ), Ұлы канал (Қытай), Волга – Балтық су жолы (Ресей), Рейн – Майн – Дунай су жолы жатады.

Теміржол көлігі құрлықтық көліктердің ішіндегі ең маңыздысы. Дүние жүзіндегі теміржол желілерінің ұзындығы – 1,2 млн км. Ең ұзын теміржол АҚШ-тың үлесіне тиесілі (240 мың км). Одан кейінгі орындарда – Канада (90 мың км) және Ресей (86 мың км).

Батыс Еуропада теміржол желілерінің тығыздығы өте жоғары (Бельгияда 100 км2 аумаққа 100 км теміржолдан келеді). Дамушы елдерде теміржол желісінің жиілігі экономикасы дамыған елдерге қарағанда әлдеқайда төмен. Көптеген теміржолдар бір-бірімен байланыспаған. Нәтижесінде, елдер мен аудандар арасында тұрақты қатынас жоқ. ХХ ғасырдың соңында жоғары жылдамдықтағы теміржол желілері көбейіп келеді. Мұндай теміржолдарға Париж – Лион, Рим – Флоренция, Токайдо мегаполисінен бастап, бүкіл Жапония аралдары арқылы өтетін теміржол желілері жатады.Электрлендірілген теміржол Ресейде жақсы дамыған (ұзындығы жағынан дүние жүзі бойынша бірінші орынды алады). АҚШ-та теміржолдардағы бүкіл жұмыстың 90%-ын тепловоздар орындайды. Жапония мен Батыс Еуропа елдерінде электр күшімен істейтін теміржолдардың үлесі 50%-ды құрайды (Швейцарияда – 100%).

Автомобиль көлігі. Қазіргі кезде дүние жүзінде автомобиль жолы өте тез дамып келеді. Оның жалпы ұзындығы – 24 млн км. Соған байланысты көліктің жолаушы тасымалындағы рөлі артуда. Автомобиль көлігі дүние жүзіндегі жолаушы тасымалының 80%-ын қамтиды, сонымен бірге орта және жақын қашықтықтағы жүк тасымалында (өте қысқа жол арқылы жеткізудегі) маңызы зор. Дүние жүзіндегі автомобиль паркі 0,5 млрд автомобильді құрайды. Бұлардың 80%-ы экономикасы дамыған елдердің үлесінде.Жүк және жолаушы тасымалында трансконтиненттік магистральдардың маңызы зор. Белгілі шосселік жолдарға Сахара (Африка) арқылы өтетін жол, Атлант мұхиты мен Тынық мұхитты жалғастыратын АҚШ-тағы және АҚШ пен Канада аралығындағы автомобиль магистральдары жатады. Сонымен қатар Солтүстік және Оңтүстік Американы жалғастыратын Панамерикалық шоссе Транамазоналық шоссемен байланысқан. Экономикасы дамыған елдерде жүк тасуда автомобиль көлігінің маңызы зор. АҚШ пен ГФР-де ел ішіндегі бүкіл тасылатын жүктің 25%-ы, Ұлыбританияда 80%-ы көліктің осы түрінің үлесінде. Дамушы елдерде автомобиль көлігінің үлесіне ел ішіндегі жүк тасымалының 1/3-і тиесілі.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   71




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет