Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі «мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың



бет2/18
Дата25.12.2016
өлшемі3,81 Mb.
#5304
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

ЕКІНШІ КІШІ ТОП

(3-тен 4 жасқа дейін)


Балалардың жас ерекшеліктеріне сипаттама

Үш жас – бұл сәбидің мектепке дейінгі кезеңге кіретін шағы. Осы кезеңде баланың дене дамуының негізгі көрсеткіштері мынадай: бойы 96±4,3 см, салмағы 12,5+1 кг, кеуде қуысының көлемі 51,7+1,9 см, бас шеңбері 48 см, сүт тістерінің саны 20. Үш жасар баланың бас сүйегінің көлемі ересек адамның бас сүйегінің 80%-ын құрайды. Төрт жасар бала омыртқасының физиологиялық ойыстары тұрақсыз, сүйектері мен буындарының пішіндері қолайсыз әсерлерден оңай майысуларға ұшырайды.

3-4 жастағы баланың есте сақтауы еріксіз сипатқа ие. Материал енгізілген әрекетке байланысты есте сақталады. Бұл жастағы баланың ойлауы сапалы өзгешелігімен ерекшеленеді: оған қиял мен шынайылықты ажырату қиынға соғады. Оған анимистік түсініктер тән: барлық қоршаған нәрселер өзі сияқты ойлау және сезу қабілеті бар деп есептейді. Нысандарды қарай отырып, әдетте, ол заттың барынша ашық белгілеріне назар аударады.

3-4 жастағы жас кезеңінде мазмұнды-рөлдік ойын баланың жалпы психикалық, интеллектуалдық және тұлғалық дамуы үшін барынша жағымды жағдайлар құратын жетекші іс-әрекеті болып табылады. Бұл кезең тіл дамыту үшін де тиімді болып табылады, өйткені бала тілге, оның дыбыстық және мағыналық жағына жоғары сезімталдықты иеленеді.

Мектеп жасына дейінгі жас кезеңіндегі балалар ересектермен қарым-қатынас жасауға бастамашыл, көптеген сұрақтар қояды. Кішігірім таныс ертегілерді әңгімелейді, танымдық қызығушылықтар көрсетеді. Баланың ересектермен қатынас жасаудағы қанағаттандырылмаған мұқтаждығы олардың арасындағы эмоционалды оқшаулануға алып келеді. Өмірінің төртінші жылына қарай бала үшін,құрбысы бәрінен бұрын тәжірибелік іс-әрекетке қатысушы болып қалады.

3-4 жаста баланың өзін-өзі бағалауы жоғары болады, бұл ол үшін толығымен заңды, өйткені әлдекім оның тұлғалық қасиеттерін жағымсыз бағалаған жағдайларда «тұлғалық» қорғаныстың өзіндік үлгідегі тетігі болып табылады.

3 жастан 4 жасқа дейінгі жас кезеңінде сенсорлық үрдістердің сапалық жаңа қасиеттері қалыптастырылады: фонематикалық естуі, түр-түсті ажыратуы, көру өткірлігі, заттардың пішіндердің қабылдауы, әлемді сезінуі жетілдіріледі. Затпен әрекеттесуден кейін бала онымен көру арқылы қабылдау негізінде танысуға кіріседі.

3-4 жастағы баланың сенсорлық үдерістерін дамытуда сөйлеу жетекші мәнге ие. Балалардың сөйлеу тілін заттардың белгілерімен, олардың арасындағы қатынаспен белгілейтін сөздермен байыту ойша қабылдауға мүмкіндік береді.

Кіші мектепке дейінгі жастағы балада кеңістік, уақыт, сан туралы қарапайым ұғым-түсініктер қалыптаса бастайды.

3-4 жас кезеңінде бала табиғат құбылыстары мен олардың салдарлары арасындағы қарапайым байланыстарды ойша қорыта бастайды. Тек ол ғана емес, барлық басқа да жанды тіршілік иелері тамаққа мұқтаждықты, суға қажеттілікті бастан кешіретіндігін ұғынады. 3-4 жастағы балаларда конструкциялау әлі ойынмен бірлескен түрде көрінеді. Әр түрлі материалдармен сараптама жасай отырып, балалар бірте-бірте олардың конструктивтік қасиеттерін де таниды.

4 жасқа қарай балалар көркем мәтінді эмоциялы және біртұтас қабылдайды. Оның ұғынуы тек сөйлеумен ғана емес, заттық және ойындық іс-әрекетінен де көрініс береді.

Бала үшін бейнелеу әрекеті – бұл ол жасайтын бейнелер. Бұл бейнелер тікелей, жарқын, фольклорды еске түсіреді.

Мүсіндеу, жапсыру, сурет салу үдерістері бұл бейнелерге «ену» кезеңі, бұл кезеңде жағындылар, сызықтар мен пішіндер баланың көз алдында жандана түседі. Сызықтарды, пішіндерді, түр-түс таңбасын, жағындыларды пайдалана отырып балалар қарапайым оқиғаларды бере алады.

Бұл кезеңде балалардың көпшілігі үшін музыкаға эмоциялы сергектіктің жоғары деңгейі тән болып келеді, бұл осы мәселені музыкалық әрекетпен айналысуға айрықша ұнамды етеді.

3 жастан бастап қызығушылықтың айқын және ойша қорытылған көріністері орын алады, бұл кезеңде бала өзінің еркі бар жеке адам екендігін сезіне бастайды. Ми қызметі, психикалық функциялар қарқынды дамуды жалғастырады, мінез-құлқында өзгерістер пайда болады.

3 жастағы бала – шаршамайтын қайраткер, ол желімдеуге, жабыстыруға, сурет салуға даяр, дегенмен ұзақ әңгімелерді, түсіндірулерді қабылдай алмайды.



Балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру

Кіші мектепке дейінгі жастағы балаларды тәрбиелеудің басты міндеті – балалардың эмоционалды-жағымды өзін-өзі сезінуін қамтамасыз ету, балалардың дербестік танытуын мадақтау және қолдау, заттық-танымдық, ересектер әрекетімен бірлескен сезімдік тәжірибенің жинақталуы.

Кіші мектепке дейінгі жас кезеңі дене және психикалық дамудың жоғары қарқындылығымен сипатталады. Тәрбиешінің міндеті – дербестікке ұмтылуға қолдау көрсету, баланың дұрыс емес іс-әрекетін сынауға, оның өзіндік жеке күшіне деген сеніміне күмән келтіруге оның баяу және қолайсыз іс-әрекеттері себебіне шыдамайтындығын айтуға болмайды. Әрбір балаға өз жетістіктерінің артқандығын байқауға, іс-әрекетіндегі сәттілікті бастан кешіру, қуанышын сезінуге көмектесу қажет.

Кіші мектепке дейінгі жастағы балалар – бұл алғашқы кезекте бақылаушылар емес «қайраткерлер». Сондықтан баланың балабақшада болуы оның әртүрлі іс-әрекеттерге қатысуға мүмкіндігі болатындай етіп ұйымдастырылады. Кіші мектеп жасына дейінгі балалардың эмоционалды қаныққан және әралуан үлгідегі іс-әрекеті барлық тәрбие міндеттерін шешу үшін негіз болып табылады.

Ұйымдастырылған оқу қызметі «Денсаулық», «Таным», «Қатынас», «Шығармашылық», «Әлеумет» білім беру салаларын кіріктіріру арқылы іске асырылады.

ІІ кіші топтағы ұйымдастырылған оқу қызметі ұзақтығы 10-15 минуттан тұратын аптасына 12 сағатты (соның ішінде вариативтік компонент- 1 сағат) құрайды.



«Денсаулық» білім беру саласы

Денсаулықтың маңызды факторына дене белсенділігі жатады. Кішкентай балаға жүру мен жүгіруден басқа секіру, өрмелеу ойындары, яғни күш жұмсаумен байланысты қозғалыстарды орындау қажет және пайдалы. Балалардың қозғалу белсенділігін ұйымдастыра отырып, тәрбиеші әрекеттердің түрлерін ауыстыруға мән беріп, белсенділік пен демалысты реттейді. Балалардың дене тәрбиесінің негізін ойын әдіс-тәсілдері құрайды.

Бұл жаста бағытты өзгерте отырып, тапсырмаларды орындау, тізені жоғары көтеріп аяқтың ұшымен жүру енгізіледі (тоқтау; отыру; терезеге, қабырғаға, педагогқа бетімен бұрылу).

Әрбір жаттығудың ұзақтығы жылдың басында 5 секундтан, аяғында -10 секундтан артпау керек. Балаларда берілген қарқынды сақтай отырып, бір-біріне соқтығыспай, жүгіру білігін қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Бұған тікелей педагогтың қатысуымен, сондай ақ көру бағдарын қолдану жолымен жетеді.

Жүгіру ұзақтығын бірте-бірте арттыру қажет. Сондай ақ оқу жылының басында баяу қарқында үздіксіз жүгіру 20-30 сек. бойы жалғаса алады, жылдың аяғында ол 1 мин. дейін жетеді. Жылдың ортасында 10 м. қашықтыққа жылдам қарқында жүгіру беріледі. Жүгіруді өткізе отырып, тәрбиеші ойын тәсілдерін қолданады («Қол шатыр астына жаңбырдан тығыламыз», «Айгүлге қонаққа барамыз» және т.б.).

Екінші кіші топта биіктіктен секіруге үйрету (15-20 см.) енгізіледі. Оқу дайындық жаттығуларынан басталады: отырып тұру, орнында екі аяғымен секіру, жартылай отыру.

Орнынан биікке секіру күрделенеді. Балаларды сызық, жіп, 4-6 қатарлас сызық арқылы, заттар арқылы секіруге үйретеді. Аталған жастағы балаларды доппен қимылдауға үйретуді жалғастыру.Педагог балаларды бірте –бірте 1 м дейін артатын, 70 см ара қашықтықта допты лақтыруға үйретеді. Балалар өздеріне ыңғайлы әдістермен допты ұстайды, екінші кіші топтағы балалар үшін орындауға қиын, допты кеудесіне қыспай, қолдың буындарымен допты ұстауды талап ету.Сонымен қатар балаларды допты жоғарыға, еденге тастауға, қағып алуға үйрету. Балаларды допты ұстауға ыңғайлы болу үшін, өте жоғары лақтырмауға, бірақ жоғарыға тік лақтыруға үйрету.

Ертеңгілік гимнастика өткізу кезінде және «Дене шынықтыру» ұйымдастырылған оқу қызметінің кіріспе бөлімінде жалпы дамытушы жаттығулар орындалады.

Кіші топтағы ертеңгілік гимнастика өткізудің негізгі әдістері- жаттығуларды түсіндірумен педагогтың көрсетуі және балалармен бір уақытта орындау, көзбен бағдарлану, жасы бойынша сап жаттығуларын орындауға тапсырма беру.

Кешен 5-6 рет қайталанатын 5-6 жаттығудан тұрады. 3-4 жастағы балалар үшін жаттығулар кешеніне имитациялық жаттығулар және оқу құралдарымен жаттығулар (сылдырмақ, жалауша, доп, кубиктер) кіреді.

Жаттығуларды орындау үшін балалар шеңберге тұрады (бұдан әрі шашырап тұруға болады).Көбінесе бірінен кейін бірі жүреді, жұптасып жүреді, қолдарынан ұстап, шеңбер бойынша жүреді. Жүгіру ұзақтығы 10 сек дейін және түрлі тапсырмалармен өткізіледі:бағытты өзгерте (алғашқы және соңғы), шашырап, аяғының ұшымен.Бұл жаста орындықта отырып, еденде, арқасымен жатып бастапқы қалыптағы жаттығулар қолданылады. Жалпы дамытушы жаттығулар келесідей реттілікпен: иық белдеуінің бұлшық еті мен қолға, кеуде мен аяққа арналып беріледі. Ертеңгілік гимнастика тыныс алуды қалпына келтіретін жаттығуларды орындап жүрумен, аз қимылды ойынмен аяқталады.

Жүруде, жүгіруде, жаттығуларда денеге күш түсуді балалардың шаршау сыртқы белгілерін бақылай отырып (ентігу, беттің бозарыңқылығы және оның қызаруы, үйлесімділіктің бұзылуы) реттеуге болады.



«Коммуникация» білім беру саласы

Бұл жас еліктеу мен дыбыстық еліктеуге, басқалардың сөйлеуін меңгеруге ұмтылумен; сөздікті қарқынды толықтыру, ересектердің сұрақтарын есту, түсіну және жауап беру қабілетімен ерекшеленеді. Алайда, бала толыққанды қатынасқа, әңгімелесушімен сұхбатқа түсуге әлі дайын емес; өз сөйлеуінің грамматикалық құрылымын меңгеру енді басталады.

Бұл жастағы балалар көркем сөзге жоғары эмоциялық ықыласпен, баяндалған оқиғаларды уайымдау қабілетімен, сюжет барысын толқумен қадағалаумен ерекшеленеді. Сондай-ақ, 3-4 жаста балада жоғары танымдық белсенділік байқалады, ой-өрісін кеңейтуге тырысады, өзін қоршаған орта аясынан шығуға ұмтылады. Жануарлар, табиғат құбылыстары, балалар туралы шығармалар, ойын және тұрмыстық жағдаяттарды баяндау оған қоршаған әлемді ашып тануға мүмкіндік береді.

«Таным» білім беру саласы

Кіші мектеп жасына дейінгі балалардың ерекшелігі бақылау арқылы қоршаған орта түсінуі болып табылады. Қоршаған ортамен танысу үдерісі балалардың өз тәжірибесін түсіндіру дағдысын қалыптастыру негізінде құрылу қажет. Себебі, баланың өмір тәжірибесі аз болғандықтан, ол әлемді өзіне таныс объект ретінде өзімен салыстырып таниды. Баланы нақты оны қоршаған қазіргі жағдаймен жалпылама өзара байланысты көрсету керек.

Бағдарлама балаларда математикалық ұғымдар мен түсініктерді қалыптастыруға бағытталған және төменгі бағыттардан тұрады:

- сан;


- шама;

- геометриялық пішіндер;

- кеңістікті бағдалау;

- уақытты бағдалау.

Екінші кіші топта балаларда табиғат құбылыстарына деген қызығушылыққа тәрбиелеу, өсімдіктер мен жануарларға сүйіспеншілік және ұқыпты қарау жалғасады, талдау мен қорытынды жасау білігін қалыптастырады.Бақылау барысында маусымға байланысты табиғатта болатын өзгерістерді байқауға үйретеді.

ҰОҚ балалар өсімдіктер (ағаштар, гүлдеп тұрған шөптер мен бөлме өсімдіктері), жабайы және үй жануарлары туралы қарапайым ұғымдарды біледі; балаларда қоршаған табиғаттың сұлулығын көру мен байқау, оның байлығын сақтау білігіне тәрбиелейді.

ҰОҚ сәбилермен табиғатта табиғат бұрышын мекендеушілермен, үй жануарларын бақылау көп орын алады. Тәрбиеші балаларға жануарлардың сыртқы түрі мен жануарлар мінез-құлқының ерекшеліктерін, қарапайым өзара байланыс пен өзара тәуелділікті түсінуге көмектеседі.

Табиғат бұрышында шағын тікбұрышты аквариум балықтарымен болу керек.Бақылау барысында балалар балықтардың сыртқы түрімен ( сопақ кеудесімен, басы, құйрығы, жүзу қанаттарымен) олардың қозғалыстарымен (суда жүзеді) танысады.

Тотықұсты бақылауға болады.Тәрбиеші тоты құстың сыртқы түрімен мінез-құлық ерекшеліктерімен (ұшады, екі аяғымен секіреді, дәнді шоқып жейді, су ішеді) таныстырады.Тордағы құсты балалар бақылап, негізгі күту ережелерімен танысу үшін топқа 1-2 аптаға орналастыруға болады.

Жыл бойы жануарларға бақылау жасалады. Жазда және көктемде үй жануарларын бақылау ұйымдастырылады: тауық балапандары, қояндар, үй жануарлары төлдері (бұзау, лақ).

Көктемде балаларды жерге тұқым және пияз отырғызуға қатыстыру.Сонымен қатар балаларды көктемде тұқым мен пияз отырғызудың негізгі ережелерімен таныстырып қана қоймай, өсімдіктерді күту бойынша негізгі талаптармен таныстырады.Табиғат бұрышына, 8-10 түптен (бегония, қынагүл, фиалка) көп емес күй талғамайтын өсімдіктерді орналастыру. Жыл бойы балалар бөлме өсімдіктерінің 2-3 түрімен таныстыру қажет.

«Шығармашылық» білім беру саласы

Ұйымдастырылған оқу қызметі балада әсер мен сезімді қолдану арқылы көркем-эстетикалық талғам қалыптастыруға бағытталған. Жұмыс тәсілдері мен материалдармен танысу үлгі бойынша жұмысты орындаудан басталады (менің поезыма ұқсас); түрлендіру үлгісі бойынша (жапырақтармен әшекейлеу қажет алма); белгілі шарт үлгісі бойынша (осындай үйге ұқсас, бірақ биік мұнарасымен), өз кезегінде балаларды оймен жұмысқа дайындайды.

Жұмыс дайындамалармен жүргізіледі (жапсыруда – дайын дөңгелектер, шаршылар, үшбұрыштар), табиғи материалмен жұмыс енгізіледі. Балалар дайын жұмысқа дейін жеткіліксіз элементтерді қосып, табиғи материалдың ерекшеліктерін байқауға үйренеді (саңырауқұлақ: басы – талшын, аяғы – ермексаз; құс: денесі – бүршік немесе талшын, бас, қанаттары, табандары – ермексаз).

Материалдар қасиеттері мен жұмыс техникасымен таныстыру кезеңінде педагог қадаммен көрсетіп және балалармен бірге жұмысты орындайды. Егер бала таныс пішіндерден жұмысты орындаған жағдайда толық көрсету қажет емес (әр түрлі мөлшерлердегі шарлардан домалақ қуыршақты мүсіндеу – шарлар мүсіндеу техникасымен балалар таныс). Бұл жағдайда балалар меңгерген тәсілдерді өз беттерімен қолдануы керек, алайда өз бетінше жұмысқа дейін оның талдауын жүргізу, бөліктердің бекітілу тізбегі мен жолын көрсету қажет. Көрсету жұмыстарын ересек адамдар немесе қажетті техниканы меңгерген балалар жүргізе алады.

Осы жас кезеңінде әлемнің жан-жақтылығы мен оның мазмұнды ерекшелігі туралы түсінік беру үшін педагог балаларды гүл өсіру, композиция, эстетикалық мәнмәтін негіздерімен таныстырады, бейнелеу қызметінің қажетті технологиялық тәсілдерімен қамтамасыз етеді.

«Әлеумет» білім беру саласы

Осы жастағы балалардың әлеуметтік мәдениет негіздерін, қоршаған әлемге қатынасы мен жағымды тәртіпке қабілеттілігін қалыптастыру қажет.

Оқу жылы ішінде әрекеттердің барлық түрлері арқылы балаларды өз аттарын, ата-аналарының аттарын, жанұяның басқа мүшелерінің аттарын, өз туысқандары туралы айтуды үйрету. Жанұя мүшелеріне мейіріммен қарауға және құрметтеуге тәрбиелеу. Үлкен адамдар мен құрбылармен қарым-қатынас ережелерін сақтауға үйрету: үлкен адамды аты-жөнімен атау, құрбысын атымен атау, бір-бірін тыңдау, бір-біріне кедергі жасамай жанында ойнау, басқа адамға қамқорлық көрсету. Үлкендер баланың жетістіктеріне қуанып, сәтсіздіктер жағдайында көмек беретінін түсіндіре отырып, балалардың еңбек тапсырмаларына қызығушылығын арттыру, өз жанұясына, балабақшасына, туған еліне, туған үйіне сүйіспеншілік сезімін ояту, баланы өзін сыйлауға, өзінің адамгершілігін сезінуге қолдау көрсету. Балабақшадағы тәртіп ережелерімен таныстыру.

Ойын әрекетін ұйымдастыру

Кіші мектеп жасында ойындар заттық және есте сақтауды дамыту мен жетілдіруге, қабылдау, ойлау және т.б. қызмет етеді.

3-4 жастағы балалар ойындарына басшылық жасау кезінде тәрбиеші баланың 4 жасында белсенді болып, олардың әрекеті күрделі және сан алуан болатындығын білу қажет. Аталған жастағы балаларда «Мен өзім» деген сенімділік артады, бірақ балалар зейін қоя бермейді, олар тез жалығып кетеді. Жұмбақ элементтерін қолданса, ойынның қызықтылығы өседі: әсем қорапшада не жатыр, есікті кім қақты, перденің артында аспапта кім ойнайды және т.б.Балаларға таныс ойындардың мазмұнына ойлануды қажет ететін жаңа, күрделі тапсырмалар енгізілсе ойын қызықты өтеді.Сондықтан да ойындарды түрлі нұсқада бірте-бірте күрделендіріп өткізу ұсынылады.

Еңбек әрекетін ұйымдастыру

4 жастағы балаларда іс-әрекет мақсаттылығы мен белсенділігі артады, қозғалыс түрліше және үйлесімді болады.Балалар мақсатын жоспарлай іс-әрекет ету білігін меңгереді, бірақ аса зейін қоймағандықтан тез жалығып кетеді және бір істен екінші іске ауысады.

Кіші топтарда негізгі міндет өзін-өзі тәрбиелеу, еңбекті құрметтеу болып табылады.

Өзіне-өзі қызмет көрсету

4 жастағы балалардың еңбек әрекетінде өзіне – өзі қызмет ету үлкен орын алады. Балаларды шамасы келетін жұмыстарға қатысу қажеттілігін қалыптастыру, үлкендердің еңбек әрекетіне деген қызығушылығын тәрбиелеуге ықпал ету. Балаларға бала күтуші, аула сыпырушы, аспазшы, медбике туралы қарапайым түсінік беру, үлкендердің жұмысты адал атқаруына назар аудару керек (барлығы үшін, ұқыпты, жылдам жұмыс істейді). Бақылау үрдісінде үлкендердің еңбек іс-әрекетіне (бала күтуші шүберекті суға салды, сықты, сөрелерді сүртті, тағы сықты және т.б. ) балалардың назар аударуын қадағалау керек, жұмыста қолданылатын материалдарды және жабдықтарды қарау керек.Еңбектің соңғы нәтижесіне (бала күтуші сөрені сүртті, ол таза болды) ерекше назар аудару керек. Балаларда әрбір нақты еңбек үдерісі негізінде адамдардың қажеттіліктері жатқандығы туралы түсінік қалыптасады.



Шаруашылық-тұрмыстық еңбек

Аталған топтағы шараушылық-тұрмыстық еңбек балалардың қарапайым тапсырмаларды орындауынан тұрады. Еңбектің мазмұны күрделі емес- бұл алғашқы кезеңде балалар ересектермен бірігіп орындайтын жеке іс-әрекеттер. Мысалы, балалар аула сыпырушымен жапырақтар жинайды, бала күтушімен сөрелерді, орындықтарды сүртеді.Олардың еңбегі мардымсыз болса да, онда қаншалықты ұжымдық еңбектің бастамасынан тұратындығын және үлкендердің еңбегіне құрметпен және ұқыптылықпен қарап тәрбиелеуге ықпал етеді.



Табиғат бұрышындағы еңбек

Табиғат бұрышындағы өсімдіктер мен жануарларға таңертеңгі уақытта күтім жасауда тәрбиеші балаларға өзінің не істеп жатқандығын көрсетеді және оларды шамасы келетін жұмыстарға не үшін тартатындығын түсіндіреді. Балалар өсімдіктерді суара алады, ірі жапырақтардың шаңын сүртеді. Мерзіммен 2 аптада 1 рет балаларды қатыстырып, аквариумдағы суды жиі ауыстыру керек.Балаларға бақылау ыңғайлы болу үшін оларды жартылай шеңбермен отырғызу керек.Оларға ыдыспен су құюға ұсыныс жасауға болады.

Табиғат бұрышына балалармен пияз және сәндік өсімдіктердің ірі тұқымдарын отырғызуды өткізу ұсынылады.

Табиғаттағы еңбек

Күзде ересек балалармен бақшадағы жеміс-жидектерді жинауды бақылауды, бүлдіршіндердің кейбір тапсырмаларды (мысалы, тәрбиешінің көмегімен жердегі құрғақ жапырақтарды жинау, оларды үлкен ойыншық жүк машиналарына тиеу және көрсетілген орынға апару) орындауын ұйымдастырған жөн.Егерде тәрбиешінің өзін шынымен жұмыс қызықтырса, балаларда оған көмектесуге деген ынта пайда болады.

Көктем басталысымен ағаштар мен бұтақтарды кесуді, гүлдер отырғызуды, бақшаны қайта қазуды бақылауды өткізу керек.

Бұл балаларда табиғаттағы еңбекке деген қызығушылық, оларда өздері отырғызу және егуге деген ынта пайда болуына көмектеседі. Топтың учаскісінде балалардың қатысуымен бақша отырғызу керек. Балалар тәрбиешінің жерді үлкен күрекпен қазып, атыз және сүрлеу жасап жатқандығын бақылайды.

Сонымен қатар балаларды гүл өсімдіктерінің ірі тұқымдарын отырғызуға жұмылдырады.

Өсімдіктерді күту бойынша барлық жұмыстарды бүлдіршіндердің қатысуымен, оларды шамасы келетін жұмыстарға қатыстырумен өткізу керек.

Тәрбиеші өзінің не істеп жатқандығын балаларға түсіндіре отырып арам шөпті шабуды, қопсытуды,құнарландыруды өзі орындайды.


ОРТАҢҒЫ ТОП

(4 жастан 5 жасқа дейін)


4 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға сипаттама

Өмірінің 4-жылында баланың дене дамуы: бойының орташа өсуі жылына 5 см-ді, дене салмағы — 1,5 кг-ды құрайды. Төрт жастағы ұлдардың бойы — 100,3 см. Бесінші жылға қарай ол шамамен 7,0 см-ге артады. Төрт жастағы қыздардың бойының өсуі — 99,7 см, бесінші жылы — 106,1 см. Топтағы ұлдар мен қыздардың дене салмағы 4 жылға қарай 15,9 және 15,4 кг, ал 5 жаста — 17,8 және 17,5 кг. Аталған жаста баладағы омыртқалардың түрлі бөліктерінің көлемінің арақатысы ересектердегі сияқты қалыптаса бастайды, бірақ омыртқалардың өсуі есейген шаққа дейін жалғасады.

Бұл жаста баланың зейіні тұрақты бола бастайды, өз еркімен есте сақтау қабілеті пайда болады, қабылдау, қиялдау жетіледі, көркем-бейнелік ойлаудың жоғары түрлері дамиды: талқылай білу, ойша тұжырымдар құру, жіктеу қабілеті жетіледі. Түрлі ақпараттар, ойлар мен талқылауларды табыстау тәсілі ретінде сөйлеудің маңыздылығы артады. Әңгіме практикалық бақылау мен эксперименттеумен қатар балалардың дүниетанымын кеңейтудің тиімді тәсілі болады. Бұрын соңды болмаған жаңа қабілет пайда болады: ойдан шығарылған кейіпкермен бірге мазасыздану, яғни балаларға басқа адамдардың ішкі өмірі қолжетімді болады.

Балалар ересектерге олармен қарым-қатынасты қолдауға бағытталған көптеген сұрақтар қояды. 4-5 жастағы балалардың сұрақтары мен хабарламалары заттар мен құбылыстар арасындағы байланысты анықтауға және түсінгенін ересектерге көрсетуге бағытталады.

Ересектерге деген сенімділік қатынасы және оның эмоциялық жағдайын сезіну қабілетінің қажеттілігі дамиды. Ересектермен қарым-қатынастың жаңа түрі - танымдық тақырыптарға қатынас пайда болады және дамиды. Баланың ересектермен қарым-қатынасына қажеттіліктің қанағаттандырылмауы олардың арасындағы эмоционалдық жатырқаушылыққа апарады. Ол түрлі жағдайларда байқалады: біреулері тұйықталып қалады, біреулері мазасызданып, сәл нәрсеге жылауға дайын тұрады; кейбіреулерінде теріс әрекет, агрессия байқатады.

Балаларда құрбыларымен қарым-қатынасқа қажеттілік кенет артатын болады. Бірлескен ойындар негізінде балалар қоғамы пайда болады, бала құрбыларының ортасында өзінің орнын сезіне бастайды. Коммуникативтік біліктіліктер дамиды: ілтипатпен амандасады және қоштасады, басқаны өз есімімен атайды.

Баланың ересектермен және құрбыларымен қарым-қатынасы өзінің «Менін» сезінуге мүмкіндік береді. Қарым-қатынаста ғана «Мен» бейнесі құрылады. Ересектер және құрбылары балаға ізгі тілекпен қарайтын тәрбиелеудің жағымды жағдайы кезінде оның мақұлдауға, оң бағаға, мойындауға деген қажеттілігі қанағаттандырылады. Қарым-қатынастың теріс тәжірибесі агрессияға, өзіне-өзі сенімсіздікке, тұйықтыққа әкеледі.

Жасы өскен сайын балада өзінің сөздері мен қылықтарына, сонымен бірге қызметтің әр түріндегі (ойын, бейнелеу, музыкалық, театралдық және т.б.) жеке мүмкіндіктері мен жетістіктеріне балама бағалау дамиды.

Бес жасқа қарай өзіндік қарым-қатынас жүйесі, топтық ынтымақтастыққа сыни бағалар қалыптасады, балада достар пайда болады.

5 жастағы бала ұзақ әңгімелерді, түсіндірмелерді қабылдайды, себебі бұл балада белгілік-символикалық функция (әріптерге, цифрларға қызығушылық) пайда болады.



Баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру

Бағдарламаны іске асыру және игеру бойынша ересектер мен балалар әрекеті білім беру үдерісін ұйымдасырудың екі басты үлгісінде жүзеге асырылады:

-ересектер мен балалардың бірлескен әрекеті;

-балалардың дербес әрекеті.

Бірінші үлгі аясында білім беру міндеттерін шешу - ересектер мен балалардың бірлескен әрекеті ұйымдастырылған оқу қызметі түрінде де, режимдік сәттер барысында жүзеге асырылатын білім беру іс-әрекеті түрінде де іске асырылады. Ұйымдастырылған оқу қызметі әрекеттердің әртүрлі түрлерін кіріктіру арқылы жүзеге асырылады.

Дамытушы білім беретін жағдаяттардың барлық түрлері ойын түрінде өткізіледі немесе ойындық тәсілдер мен әрекеттерден құрылады. Орта жастағы мектепке дейінгі тәрбиеленушінің көрнекі-бейнелі ойлауының ерекшелігіне қарап, оның көрнекі, ойын және практикалық әдістеріне мән беріледі, педагогтың сөзі көрнекіліктің түрлері және балалардың практикалық қызметімен бірге жүреді.

Балалардың өз бетінше ойын әрекеті тәрбиешінің бақылауында болады, ол балаларды бағыттайды, ал кейде ойындарға тікелей қатысады. Жалығып кетуге жол бермей түрлі қимылдағы ойындарды мақсатты кезектестіріп, тәрбиеленушілерді ойынның бір түрінен екінші түріне уақтылы ауыстырып отыру керек. Тәрбиешінің міндеті-вариативті ойын әрекетіне сәйкес заттық-дамытушы орта: түрлі бейнелі ойыншықтар, алмастырушы- заттық, ойын шығармашылығына материалдар, ойын жабдықтарын тиімді орналастыру арқылы мүмкіндіктер құру.

Кішкентай бала үшін жақын қоршаған заттар қызығушылықтың қайнар көзі және әлемді танудың бірінші сатысы болып табылады, сондықтан баланың сезімдік тәжірибесі белсенді түрде жинақталатын толықтырылған заттық орта құру қажет. Ортаңғы топтағы ойыншықтар мен заттардың қасиеттері өте бай және алуан түрлі, қызығушылық пен белсенділікке ынталандырады.

Ойын, бейнелеу, музыкалық, театрлық-орындаушы әрекеттерде шығармашылық қабілеттерді дамытуға көп көңіл бөлінеді.

Тәрбиешінің балаларға деген мұқият, мейірімді қарым-қатынасы, олардың танымдық белсенділігін қолдай білуі және өзіндігін дамыту, түрлі әрекеттерді ұйымдастыру балабақшаның ортаңғы тобындағы балаларды дұрыс тәрбиелеу мен толыққанды дамытудың негізін құрайды.



Тәрбие мен оқыту мазмұны және күтілетін нәтижелер

4 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқыту олардың дене, ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық дамуына, денсаулығын нығайтуға, білім, білік және дағды негіздерін қалыптастыруға бағытталған.

Ортаңғы топта ұйымдастырылған оқу қызметі аптасына 14 сағатты құрайды (соның ішінде 2 сағат вариативті компонентті құрайды), 15-20 минуттан Үлгілік оқу жоспарына сәйкес өткізіледі.

Аталған жастағы балалардың мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын меңгеруі білім беру салаларын кіріктіру және заттық-дамытушы ортамен қамтамасыз ету жолымен жүзеге асырылады.

Балалардың өз іс-әрекетін жоспарлауы, белгілі бір ойды құрып, жүзеге асыра білуі жетілдіріледі, әрекеттің мақсатын, оған жету тәсілдерін ойластырады.

Дидактикалық, қимылды және бірлескен сюжетті-рөлді ойындар ерекше маңызға ие болады. Ойын барысында балалардың танымдық процестері, мінез-құлық дағдылары қалыптасады, байқағыштығы дамиды, ережелерге бағына алады.

Топта заттық-кеңістіктік орта балалардың шағын топтармен ұйымдастырылған оқу қызметін және ойнау мүмкіндіктерін ескере отырып ұйымдастырылады. Құрал-жабдықтар, ойыншықтар балалардың еркін қозғалуына кедергі келтірмейтіндей орналастырылады. Баланың ойланып, қиялдауы үшін уақытша оңашалану орнын қарастыру қажет.

Тәрбиешінің міндеті- балаларға қолайлы жағдай жасау, белсенді қимыл әрекетін ұйымдастыру, балалардың шаршауын болдырмау үшін әртүрлі белсенді әрекеттерді демалыспен ауыстырып отыру.



«Денсаулық» білім беру саласы

Балалар қимылдардың нәтижесіне, олардың дұрыс орындалуына қызығушылық танытады, табиғилық, жеңілдік, ырғақтық қалыптасады. Балалардың қимылдарға деген қажеттілігі қимылды ойындарда, дербес қимыл белсенділігінде, арнайы ұйымдастырылған оқу қызметінде жүзеге асырылады.

Осы жастағы балаларды түрлі негізгі қимыл түрлерін орындауға жаттықтырады. 4-5 жастағы бала ағзасы қызметінің мүмкіндіктері жалпыланған түрдегі негізгі қимылдарды меңгеру үшін ғана шынайы алғышарттарды қалыптастырып қана қоймайды, сондай-ақ қимылдардың жеке элементтерін бөліп көрсетуді (бағыты, жылдамдығы), орындалған әрекеттердің реттілігін талдауды және қабылдауды қалыптастырады. Сондықтан баладан қимылдарды орындаудың (сапасын) арнайы техникасын талап етуге болады, өмірлік маңызды дене сапаларын: жылдамдық, күш, ептілікті дамытады.

Дене сапалары (жылдамдық, күш, ептілік және т.б.) бір-бірімен байланысты және балаларды негізгі қимылдардың кез-келген түріне-секіруге, тепе-теңдік сақтауға, лақтыруға, өрмелеуге үйретуде жетілдіріледі.

Секірулер қысқа уақыттық болғанымен, бұлшық еттерге күшті салмақ түсіреді, жылдамдықты дамытады, өзінің күшін жинақтауға үйретеді. Тепе-теңдік сақтау жаттығуларының ерекшелігі кеңістікте дене қалпын жылдам ауыстыру,музыкалық сүйемелдеуге сәйкес түрлі қарқында таныс әртүрлі дене жаттығуларын орындау болып табылады.

Таңертеңгі жаттығу 6-8 минут өткізіледі. Жалпы дамытушы жаттығулардың саны-7, олар 7 рет қайталанады. Жүгірудің ұзақтығы- 20 сек. Балалар жүрумен 3 рет ауыстыра отырып, үздіксіз 8 рет секіреді. Жалпы дамытушы жаттығулар үшін ұсақ дене шынықтыру жабдықтары қолданылуы мүмкін: жалаушалар,текшелер, құрсаулар, доптар.

Жалпы дамытушы жаттығулардың бастапқы кешендерін үйреткенде жаттығуларды орындаудың келесі реті қолданылады: көрсету және түсіндіру (түсіндіру кезінде санау қаолданылмайды), бастапқы қалыпта тұру, содан кейін белгілі бағытта жаттығуларды орындауға нұсқаулар (оңға-солға, төмен-жоғары және т.б.) беріледі.

Егер таныс жаттығу болса, келесі реттілік ұсынылады:

1.жаттығудың атауы;

2.бастапқы қалыпта тұру;

3. орындау бағыты.

Ортаңғы топта таңертеңгі жаттығуды өткізуде тәрбиешінің көрсетуі, алдын-ала дайындаған баланың жартылай көрсетуі, сондай-ақ саптағы жаттығуларды орындағанда бұйрықтар қолданылады.



«Коммуникация» білім беру саласы

4-5 жастағы балалардың сөйлеуін дамыту үшін сөздік қорын белсенді кеңейту, тілдің грамматикалық құрылымын, шығармашылық сөйлеу әрекетін қалыптастыру тән болып келеді.

«Коммуникация» білім беру саласы «Драма» ұйымдастырылған оқу қызметімен толықтырылды. Осы топта тәрбиешінің әрекеті балалардың театр өнеріне және сахнаның мәнерлілік құралдарын белсенді меңгеруіне қызығушылықтарын дамытуға бағытталған. Ол үшін тәрбиеші балаларды театр өнерінің әртүрлерімен таныстыруды кеңейтеді, саусақ театры жұмысының тәсілдерімен (көлемді және саусақ) таныстырады, балалардың көлемді ойыншықтармен және жазық пішіндермен қолдану білігін жетілдіреді.

Саусақ кейіпкерлерін қолдану күрделі емес, сондықтан педагогқа бірнеше рет көрсету жеткілікті, балалар олармен жұмыс ерекшеліктерін жылдам меңгеріп алады.

4-5 жастағы бала үстел үсті театрының әртүрін меңгереді, қуыршақтармен әрекеттер жаңа мазмұнмен толықтырылады (ағаш негізге бекітілген қуыршақтар).

Театрландырылған іс-әрекет желілі-рөлді ойынмен және оның түрлерімен тығыз байланысты.

Ортаңғы топ балаларымен театрландырылған іс-әрекеттің ерекшелігі баланың біртіндеп «өзі үшін» ойыннан, кейіпкердің жағдайы, көңіл-күйі, эмоциясы үйлесетін, тұтастай бейненің көрсетілуіне бағдарланған ойынға ауысуында болып табылады.

Басында педагог әрекет өтетін орынды (орман, алаңқай және т.б.) көркемдеп суреттейді және балаларға жекелеген жолдарын айтқызып, шығарманы оқып береді, мәтінді айтқанда тыныс алуын басқара білуге, түрлі эмоцияларды білдіруде дауыс ырғағын келтіруге үйретеді. Содан кейін болып жатқан оқиғалардың реттілігін анықтайды. Рөлдерді бөлгеннен кейін кейіпкерлердің сыртқы келбеті, мінез-құлқы бойынша қиялдауға ынталандырады.

Жүргізушінің рөлін және балалар қойылымын басқаруды ересек өзі іске асырады. Жүргізушінің рөліне немесе ұйымдастырушы етіп көңілді қуыршақ Айгүлді қолдануға болады. Айгүл (ересек адам қолына қуыршақ ұстайды) балалардан театрландырылған ойынға не дайындау керектігін, рөлдерге кімді таңдайтындарын сұрайды.

Балалардың сахнаның мәнерлілік құралдарын ойдағыдай меңгеруі және бейнені беру тәсілдерін іздестіруде дербестігін дамыту үшін, тәрбиеші балаларға келесі үлгідегі ойын-жаттығуларды ұсынады:

-«Ойыншықты Түлкі, Қоян кейіпкерлердің атынан сұра»;

-«Сені кім шақырғанын тап»;

-«Күшікті, марғауды сипашы, олар жаңбырдың астында қалып қойды»;

-«Таңдануды, ашуды дауысыңмен жеткіз».

Арнайы шығармашылық тапсырмаларды орындаумен бірге, екінші жарты жылдықта балаларға сүйікті ойыншықтарымен болып жатқан қысқа ертегілерді, оқиғаларды ойластыруды ұсынуға болады. Басында тәрбиеші балаларды оқиғалар қайда, қашан өтіп жатқанын, кейіпкерлермен не болып жатқанын,оқиға немен аяқталатынын әңгімелеп беруге үйретеді. Мазмұнын дамыту үшін жетекші сұрақтармен бағыттап отыру қажет. Балалар осындай құрастыру үдерісін жылдам меңгереді.

Тәрбиеші балаларды бейнеге енгізу үшін атрибуттарды өздері дайындауға («Шығармашылықпен кіріктіру») қатыстырады. Түс үлгісінен алшақ болу (мысалы, егер ашулы болса- сұр немесе қара түс, ал мейірімді болса- ашық немесе қызыл түс және т.с.) маңызды. Балалар атрибуттарды өлшейді және олармен қойылымның мәтініне сәйкес әрекет етеді.

Спектакльдің барысында ескерту жасауға, әрекеттерін түзетуге болмайды. Спектакль аяқталғаннан соң қатысушыларды атау (мысалы, «рөлдерді орындағандар Марат Ибраев!!!!»).

Қойылымнан кейін барлық реквизиті мен декорациясы сақталады және балалардың дербес әрекетінде қолданылады.



«Таным» білім беру саласы

Ортаңғы топтағы балалардың ашық бейнеленген қасиеттері мен сапаларынан (түс, пішін, шама және т.б.) біртіндеп аса күрделі байланыстар мен қарым-қатынастардың мәндік сипаттамалары негізіндегі алғашқы ұғымдарын (ойыншықтар, киім, аяқ киім және т.б.), яғни қоршаған орта туралы білімдерін кеңейту міндеті шешіледі. Балаларды заттардың құрылымдық ерекшеліктерін қарастыруға; түрлі іс-әрекеттерде (ойын, еңбек, бейнелеу әрекеті т.б.) пайдаланылатын қарапайым сенсорлық талдау әдістерін қолдануға үйрету. Заттық әлемге ұқыпты қарым-қатынасқа тәрбиелеуде балаға өзінің пікірін, болжамын дәл және айқын жеткізу үшін соған сәйкес сөздікті меңгеруі тиіс.

Әртүрлі түсті, өлшемді заттардың жиынтығы туралы түсініктерін қалыптастыру. Бұл заттардың тең немесе тең еместігін жұптарын салыстыру негізінде анықтау.

Аталған жас тобындағы балаларды табиғатқа сүйіспеншілікке, өсімдіктер мен жануарларға ұқыпты қатынасқа тәрбиелеу жалғастырылады. Табиғат құбылыстарын бақылау негізінде балаларды қарапайым байланыстар мен тәуелділікті орнатуға (күн суытты, су қатып қалды, мұзға айналды және т.б.) үйретеді. Табиғаттағы маусымдық өзгерістер, жыл мезгілдері туралы нақты түсініктерін қалыптастыру жалғастырылады.

Балаларды өсімдіктер әлемімен таныстыру жұмысы көкөністер, жемістер, жеміс-жидек дақылдары; өсімдіктердің тіршілігіне қажетті жағдайлар (жарық, жылу,топырақ) туралы жалпы түсініктерін қалыптастыруға бағытталған.

Балалардың үй жануарлары және олардың төлдері, кейбір жабайы жануарлардың табиғи жағдайлардағы тіршілігі туралы білімдері кеңейтіледі.

Жыл бойы табиғат бұрышы балаларды ұйымдастырылған оқу қызметінде таныстыратын жаңа өсімдіктермен және жануарлармен толықтырылады.

Әрдайым аквариумдегі балықтарға бақылау жүргізіліп отырады.

Балалардың бөлме өсімдіктері туралы білімдері байытылады. Тәрбиеші табиғат бұрышына басқа өсімдіктерден сабақтарының құрылысы, жапырақтарының көлемі және пішіні бойынша ерекшеленетін 2 жаңа өсімдікті орналастырады. Бұл балаларға өсімдіктерді көлемі, пішіні және жапырақтарының түсі, сабақтарының құрылысы бойынша салыстыруды үйретуге мүмкіндік береді.

Көктемде үй жануарлары мен олардың төлдерін бақылауға арналған ұйымдастырылған оқу қызметі өткізіледі. Тәрбиеші балаларды жануарлардың және олардың төлдерінің әрекетімен, сыртқы түрінің ерекшеліктерімен таныстырады. Бақылау ұйымдастыруға мүмкіндік болмаса, үй жануарлары туралы суреттерді қолдануға болады.

Балаларды жабайы жануарлармен таныстырғанда: «Тиіндер», «Қояндар», «Кірпілер» бейнеленген суреттерді қолданады. Тәрбиешінің сұрақтары балалардың назарын жануарлардың сыртқы түрін қарастыруға бағыттауы тиіс. Тәрбиеші аңдардың қайда тіршілік ететіні, қалай қимыл жасайтыны, немен қоректенетіні, жауларынан қалай қорғанатыны туралы айтып береді.

Осы топта табиғатқа экскурсияға дайындықты талап ететін ҰОҚ өткізіледі.

Табиғатқа экскурсияға барғанда балалардың зейіндерінің тұрақсыздығы, олардың тез шаршайтыныны ескерілуі керек. Сондықтан экскурсия барысында бақылауды балалардың практикалық әрекетімен, мысалы ойынмен (құммен, сумен), табиғи материалдарды жинаумен байланыстыру кажет.

Балаларды табиғатпен таныстыру жұмысы ұйымдастырылған оқу қызметінен тыс уақытта да , серуенде жүзеге асырылады.

Серуен барысында күннің суытуына байланысты көбелектер мен қоңыздар көрінбейтінін, құстардың азаятынын, олардың дауыстары естілмейтінін көрсетеді. Егер мүмкіндік болса, кейбір құстардың топталып, жылы жаққа ұшатынын бақылату; көктемде бұл құстардың қайтадан туған жерге оралатындырын түсіндіру.

Қыс мезгілінде тәрбиеші балалардың назарын күннің көзі сәулесін аз шашатынына, күннің суытқанына, қардың жиі жаууына, күшті,суық желдің соғуына аударады.

Көктем мезгілінде серуенге шыққанда балалардың күннің көзі сәулесін төккенде күн жылынатыны; күннің көзінің жылуымен қар мен мұз еритіні, жылғалардан су ағатыны, жасыл шөп, көктемнің алғашқы гүлдері өсіп шығатыны туралы білімдері кеңейтіледі.

Көбелектерді, қоңыздарды және құмырсқаларды бақылау жалғастырылады, бақылау барысында балалар қоңыздардың жүре алатынын және ұшатынын; көбелектердің ұшатынын, гүлдерге қонып, олардың тәтті шырынын ішетінін; құмырсқалар орманның қорғаушысы екендігін меңгереді.



«Шығармашылық» білім беру саласы

Аталған жас тобының балалары өз әлемін ашуға және ересектердің өміріне араласуға деген қажеттілігінің жоғарылығымен ерекшеленеді.Педагог балаға бейнелеу өнері негізінде техниканы меңгеру арқылы пәндік шығармашылық ортаны модельдеуге көмектеседі.

Балалар қарапайым көшірмесін жасаудан (үлгі бойынша жұмыс) белгілі бір шарты және ойлауы бойынша тапсырмаларды орындауға ауысады. Өзінің жеке жұмыстарын ортақ композицияға біріктіруді үйренеді.

Педагог әр әрекетті (қадамдық) көрсетуден бас тартуы қажет. Алдымен жасалатын жұмысқа толық талдау жүргізіп, таныс емес кезеңдерін ғана ішінара көрсетуі мүмкін. Содан кейін балалар тапсырманы дербес орындайды. Тек бейтаныс әрекеттер, жұмыстың әрбір кезеңі балаларға егжей-тегжейлі көрсетіледі.


«Әлеумет» білім беру саласы

Ортаңғы топта балалардың әлеуметке ену тәжірибесін дамыту бойынша ойындар мен жаттығулар жүргізіледі. Олар саналы қарым – қатынасты, мектеп жасына дейінгі балалардың жеке тұлға болып қалыптасуында кездесетін қиындықтарын түзетудің алғышарттарын қалыптастыруға ыпал етеді. Баланың субъективті тәжірибесін жинақтау тәрбиешінің арнайы ұйымдастырылған: практикалық және вербальді жағдайларға қатысуы арқылы жүзеге асырылады. Практикалық жоспар жағдайы балаларды тікелей нақты өмірлік мәселелерді шешуге, қоршаған ортаға, өзіне белсенді түрде қызығушылық танытуды, ересектер мен құрдастарына қамқорлық, мейірімділік және әділдік қарым-қатынасты қамтиды. Барлық жағдайда тәрбиешінің міндеті – балаларды эмоционалды түрде қызықтыру, әр баланың әлеуетін ашу, айналасындағыларға қуаныш, қанағаттану сезімін беретін іс-әрекет нәтижесіне зейін аударту.

Практикалық жоспар жағдаяттарына балалардың түрлі эмоционалдық жай- күйлері мен сезімдерін және бағалауын білдіретін арнайы қабылдауға бағдарланған жағдаяттар да енеді. Мұндай жағдайларда балалар еліктеушілік, театрлық ойындарға қатысады драматизация ойындары барысында олар әр түрлі эмоциялық жай-күйін беруге үйренеді, туындаған мән-жайлардан шығу.

Балалар негізгі және жасанды эмоцияны таниды, әрбір адамның бірегейлік (оның өзіне тән ерекшелігі, талғамы, қызығушылығы және т. б) қасиетін ашады, жыныстар (ұл, қыз) және адамдар арасындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды табады, олардың әртүрлі сезімдерде болуы мүмкін екендігін: қуаныш, реніш, достық, қорқыныш және т.б. біледі. Қауіпсіздік ережелері мен нормаларын сақтайды, табиғатқа қамқорлық көрсетеді.

Бала жоғарыда аталған дағдылар мен біліктерді экология негіздері, қоршаған ортамен таныстыру, көркем әдебиет ұйымдастырылған оқу қызметінде, режимдік сәттер барысында ойын және еңбек іс-әрекетінде меңгереді.

Ойын әрекетін ұйымдастыру

Мектепке дейінгі ортаңғы топта балалар ойында топтарға бірігеді, рөлдік ойындар пайда болады.



Мазмұндық-рөлдік ойындар

Жаңа мазмұнды ойындар тәрбешінің ерекше назарын талап етеді. Бір жағынан, балалардың ойынға қызығушылығын қолдау, екінші жағынан- олардың қарым-қатынастарын бағыттап отыру маңызды.

Осы жастағы балалар - 6-7 адамнан жеке ұнатуы негізінде шағын топтарға біріккен, бірлескен ойындарды жақсы көреді.

Мектеп жасына дейінгі балаларда рөлдерді өздері бөлу білігін қалыптастыруда мүмкіндіктерін, қызығушылықтары мен тілектерін ескерудің мынадай тәсілдері тиімді: әр баланың жағымды қасиеттерін басқа балалардың алдында көрсетуі, оның ұсынысын қолдау, сондай-ақ балалар рөлді орындауда жауапкершілік сезімін, мейірімділікті, қайырымдылықты, елгезектілікті танытатын практикалық жағдаяттарды құру.

Егер бір рөлге бірнеше бала таласса, тәрбиеші барлығының өтінішін мүмкіндігіне қарай қанағаттандыру үшін көмекке келеді.

Ойынның даму ерекшелігіне қарай ортаңғы топта басшылық ету әдістері балаларды әсерлермен байытуға, елімізде болып жатқан оқиғалар туралы білімдермен, ересектердің ұжымдық еңбегінің қоғамдық мәнімен, олардың өз ісіне адал қатынасына бағытталуы тиіс,



Қимылды ойындар

Қимылды ойын негізінен ұйымдастырылған оқу қызметінде (ҰОҚ) өткізіледі және балалардың бұрын меңгерген қимылдарын құрайды. Бір ойын ҰОҚ қайталануы мүмкін. Тәрбиеші балалардың қызығушылықтарын қолдау үшін ойынға кейбір өзгерістерді, толықтыруларды (мазмұнына, ережелеріне, қимылдарына, құралдарға) енгізе алады. Балаларды бірлесіп белгіге сәйкес әрекет етуге, бастаушының рөлін орындауға, ережені сақтауға үйрету.



Дидактикалық ойындар

4 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға зейіннің тұрақтылығы, есте сақтаудың ырықтылығы, көру, есту, сипап сезу арқылы қабылдау тән болып келеді. Балалар заттардың күрделі пішіндерін ажырата бастайды. Олардың сөздік қоры кеңейіп, ойлауы дамиды. Балалар заттарды тек сыртқы белгілеріне қарай топтастыра білуді меңгеріп қана қоймай, сапасы, қолданысы бойынша, таныс құбылыстардағы қарапайым себептік байланыстарды орнатады.

Тәрбиеші осы жас ерекшеліктерін ескере отырып, заттардың қасиеттері,олардың қолданысы туралы балалардың білімдерін нақтылайтын дидактикалық ойындарды іріктейді.

Еңбек әрекетін ұйымдастыру

Өзіне - өзі қызмет көрсету

Өзіне өзі қызмет көрсету бойынша еңбек әрекеттерін орындауға ынталандыру балалардың әрекеттерін бағалау, оның жетістіктерін колдау болып табылады. Осы жастағы балаларда өзінің білетінін құрдасына үйретуге талпыныс пайда болады. Тәрбиеші осы ерекшелікті мейірімділік, өзара көмек дағдыларын тәрбиелеуде қолдануы тиіс.



Шаруашылық-тұрмыстық еңбек

Ортаңғы топта шаруашылық-тұрмыстық еңбектің мазмұны күрделенеді. Егер кіші топта балалар жекелеген еңбек әрекеттерін орындаса, енді олар тұтастай еңбек процесін(ойыншықтарды жуады, қуыршақтың киімдерін жуады және т.б.) меңгереді.

Мектеп жасына дейінгі балалардың шаруашылық-тұрмыстық еңбегін таңертеңгі және кешкі уақыттарда, серуенде, оларды топ бөлмесінде және аулада тазалықты сақтауға үйрете отырып, ұйымдастыруға болады. Үнемі балаларға жасалған жұмыс өзіне ғана қажет еместігін, сондай-ақ оның құрдастары, сәбилер, ересектер үшін қажет екендігін түсіндіріп отыру. Бұл тағы да қоғамдық еңбектің мәнін түсінуге мүмкіндік береді.

Табиғат бұрышындағы еңбек

Жыл бойы балалар тәрбиешінің күнделікті тапсырмаларын орындап, бөлме өсімдіктеріне және табиғат бұрышындағы жануарларға күтім жасауға қатысады. Тәрбиеші балаларды табиғат бұрышындағы еңбекке тарта отырып, оларға енбек әрекеттерін түсіндіруі тиіс: «мен алдымен тордағы құстың жемсалғышы мен су құятын ыдысын аламын, оларды жуамын, таза жем саламын, таза су құямын. Тұғырықты аламын, оны жылы сумен жуамын, шүберекпен сүртемін. Міне біз тордың ішін тазаладық».

Балалар табиғат бұрышында болып жатқан өзгерістерді бақылауға үйрену үшін, олармен бірге табиғат бұрышын жиі қарастырып отыру керек.

Еңбек барысында балалардың назарын өсімдіктердің сыртқы түрінің ерекшеліктеріне, жануарлардың мінез-құлқына аударып, оларды бақылауға үйретеді. Осының барлығы бақылағыштықты дамытуға, өсімдіктер мен жануарларға қамқорлық қатынасты тәрбиелеуге ықпал етеді.



Табиғаттағы еңбек

Оқу жылының басында ортаңғы топтың балаларын балабақша қызметкерлерінің өсімдіктер мен жануарларға күтім жасау еңбегімен таныстыру.

Күзде ересектердің ағаштар мен гүлдерге қалай күтім жасайтынын (құрғақ түскен ағаштарды жинайды, жас ағаштар мен бұталарды отырғызады, гүлдердің тұқымдарын жинайды) көрсетеді.

Қыста балалар ауладағы құстарды қоректендіреді. Еңбектің бұл түрін күн сайын өткізу, балалардың қыс мезгілінде осы жұмыстың маңыздылығы мен қажеттілігін түсінуіне және қанатты достарға мейірімділік қатынасқа үйренуі үшін қажет.

Көктемде бақша мен гүлзардың жерін қайта қазуды, ағаштар мен бұталарды қиюды, саябаққа жас ағаштарды отырғызуды бақылайды.

Жазда балалар көкөністерге күтім жасауға қатысулары тиіс. Тәрбиеші арам шөптерді отау, жерді қопсыту, көкөністерді құнарландыруды өзі жүргізеді, ал балалар жұлынған арам шөптерді тасиды, жүйектердің арасына құм төгеді, өнімді жинайды. Оларды тұқымды себуде және отырғызуда, құрал-жабдықтарға ұқыптылықпен қарауды үйрету.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет