Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі «мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы ерте жастағЫ



бет5/8
Дата27.12.2016
өлшемі1,46 Mb.
#5420
1   2   3   4   5   6   7   8

КҮН ТӘРТІБІНІҢ ҮЛГІСІ



Үйде

Ұйқыдан ояну, таңертеңгі шаралар

6.30-7 30

Мектепке дейінгі ұйымда

Балаларды қабылдау, тексеру, ойындар, ертеңгілік гимнастика

7.00-8.00

Таңғы ас

8.00-8.00

Ойындар, ұйымдастырылған оқу іс-әрекетіне дайындық

8.30-9.00

Шағын топпен ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті

9.00-9.15

9.15-9.30




Серуенге дайындық

9.30-9.50

Серуен

9.50-11.30

Серуеннен оралу, гигиеналық шаралар

11.30-11.50

Түскі ас

11.50-12.30

Күндізгі ұйқы

12.30-15.00

Ұйқыдан ояну, сауықтыру шаралары

15.00-15.30

Бесін ас

15.30-16.00

Шағын топпен ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті

16.00-16.50

Серуендеу, қимылды ойындар

16.50-17.40

Серуеннен оралу

17.40--18.00

Кешкі ас

18.00-18.20

Балалардың үйге қайтуы

18.20-19.00

Үйде

Серуен

19.00-19.50

Сабырлы ойындар, гигиеналық шаралар

19.50-20.20

Түнгі ұйқы

20.20-6.30 (7.30)


«ДЕНСАУЛЫҚ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: дене шынықтыру жаттығуларын меңгеруге саналы қатынасын, салауатты өмір салты әдеттерін қалыптастыру.

«Денсаулық» білім беру саласының базалық мазмұны:

- ұйымдастырылатын оқу іс-әрекеті – дене шынықтыру;

- балалардың өмірін ұйымдастыру мен тәрбиелеу арқылы – өздігінен қозғалу әрекеті, мәдени-гигиеналық дағдылар, салауатты өмір салты мен сауықтыру-шынықтыру шаралары ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асады.


Дене шынықтыру

Мақсаты: балалардың дене сапасы мен қозғалу дағдыларының негізгі қимылдарын дамыту.

Міндеттері:

1. Балалардың денсаулығын сақтау мен нығайтуды жалғастыру, шамадан тыс шаршаудың алдын алу. Баланың балабақшада және отбасында физиологиялық және психикалық жай-күйінің қолайлы болуын қамтамасыз ету.

2. Дене шынықтыру сабағында және ертеңгілік жаттығуларды орындау барысында негізгі қимылдарды жетілдіру.

3. Ересек адамның көрсетуімен дене жаттығуларын орындауға үйрету.



Мазмұны:

Қол, дене, аяққа арналған жалпы дамыту жаттығулары: ересектердің көрсетуі мен ауызша айтуына сәйкес дене жаттығуларын орындау, гимнастикалық атрибуттарды (жалауша, шар, сақина, гантель және т.б.) қолдануға үйрету.

Негізгі қимылдар: бір уақытта үш негізгі қимылдарды орындау ұсынылады.

Жүру және жүгіру. Топқа бөлініп және бүкіл топпен, жұптасып, шеңбер бойымен, қол ұстасып, қарқынды өзгерте отырып, жүгірумен алмастырып және керісінше (тәрбиешінің соңынан), бағытты өзгертіп, шашырап, заттарды айналып өтіп, алға қарай қырындап жүру. Аяқтың ұшымен жүру. Жіптен, қырлы бөренеден, кубиктен аттап жүру.

Топқа бөлініп және бүкіл топпен түзу бағытта, әр түрлі бағытта (бірін-бірі итермей), бірінің соңынан бірі, бір қатармен тәрбиешінің соңынан жүгіру.

Доғадан, орындықпен, жолмен нысанаға дейін Еңбектеу.

Ауданы 50х50 см, биіктігі 10 см мінбеге, саты-баспалдаққа, гимнастикалық қабырғаға өрмелеу.

50-60 см арақшықтыққа доптарды (диаметрі 10-15 см) екі қолмен бастан асыра және кеуде тұсынан лақтыру. Тәрбиеші лақтырған допты қағып алу.

Кішкентай доптарды, қапшықтарды 50 см арақашықтықта орналасқан нысанға дәлдеп лақтыру.

Бір орында және алға жылжи отырып қос аяқтап секіру.

Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:

- ересектердің ауызша айтуы немесе көрсетуімен дене жаттығуларын орындауды;

- гимнастикалық атрибуттарды (жалауша, шарлар, сақина, гантель және т.б.) қолдануды;

- топқа бөлініп және бүкіл топпен жұптасып, шеңбер бойымен, қол ұстасып, қарқынды өзгерте отырып, жүгірумен алмастырып және керісінше жүруді, аяқтың ұшымен, жіптен, қырлы бөренеден, кубиктен аттап жүруді;

- топқа бөлініп және бүкіл топпен түзу бағытта, әр түрлі бағытта, бірінің соңынан бірі, бір қатармен тәрбиешінің соңынан жүгіруді;

- доғадан, орындықпен, жолмен нысанаға дейін төрт тағандап еңбектей білуді;

- саты-баспалдаққа, гимнастикалық қабырғаға өрмелеуді;

- допты екі қолмен бастан асыра және кеуде тұсынан, алысқа лақтыру, тәрбиешінің лақтырған добын қағып алуды;

- кішкентай доптарды, қапшықтарды дәлдеп лақтыруды;

- бір орында және алға жылжи отырып қос аяқтап секіруді білуі тиіс.
Балалар өмірін ұйымдастыру және тәрбиелеу

Мақсаты: тұрмыстағы мәдени-гигиеналық дағдыларды және өзіне-өзі қызмет ету дағыларын тәрбиелеу, салауатты өмір салтына жағдай туғызу.

Міндеттері:

1. Қимылды ойындар мен шынықтыру шараларын қолдана отырып, бала денсаулығын нығайту.

2. Тазалық пен ұқыптылыққа қанағаттану сезімін тәрбиелеу, ересектердің нұсқауларына зейінді болуға үйрету.

Мазмұны:

Мәдени-гигиеналық дағдылар

Қолды дұрыс жууға (көбіктенгенше сабындау), құрғатып сүртуге, өз бетімен сүлгісін алып, қайта ілуге, таза және ұқыпты тамақтануға; қасық, кесе, сүлгіні дұрыс және орынды қолдануға және тамақтану кезінде аузын жауып жеуге үйрету.

Тамақтанғаннан кейін ауыз қуысын сумен шайқауды үйрету.

Өздігінен киіну және шешіну дағдыларын қалыптастыру. 2 жас 3-4 айдан бастап балалар өздігінен және белгіленген тәртіп бойынша түймесіз киімдерін, аяқ киімдерін киіп және шешіп, түймелей және бауларын байлап, шеше білулері қажет, ал 2,5 жастан кейін өздері түймелерді ағытып, қайта түймелей алады, бәтеңкесінің бауын байлап, қайта шеше алады, белгіленген тәртіппен киімдерді ұқыпты бүктеп, аяқ киімдерін орнына қояды. Балаларға өздерінің жеке заттарын: сүлгі, беторамал, тарақ, ауыз шаятын ыдысты қолдану керек екенін түсіндіру. Өздігінен (ескертусіз) мұрнын сүрту, қолының, бетінің ластығын, киіміндегі олқылықты байқау, серуеннен келген соң аяқты сүрту, кіре беріс жерге аяқ киімін шешу; ретке келтіріп ұстау – еденде жатқан затты жоғары көтеріп қою, ойнап болған соң ойыншықты орнына жинау және т.б.



Өздігінен қозғалу белсенділігі

Балаларды кеңістікте орын ауыстыруын қамтамасыз ететін қимылдарды жетілдіруге, жүру кезінде орнықты қалыпты сақтай білуге, ептілік көрсетуге мүмкіндік туғызу. Қозғалыс бағытын сақтауға, өз қимылдарын басқа балалардың қимылдарымен үйлестіруге үйрету. Әрекет жағдайына лайықты әрекет етуге үйрету. Балалардың дербес ойынында қимыл белсенділігін реттеуге мүмкіндік беретін жағдай туғызу.

Ересектер мен құрдастарына еліктей отырып, өздеріне таныс ертегі кейіпкерлерінің бейнесі мен қимылдарын жасайды.

Салауатты өмір салты және сауықтыру-шынықтыру шаралары

Балаларды шынықтыру таңертеңгілік серуен кезінде ультракүлгін сәуленің әсерінен ауа, су процедураларының үйлесімділігімен қамтамасыз етіледі. Жергілікті және жалпы процедуралар қолданылады.

Баланы шынықтыру қолайлы физиологиялық және психикалық жағдайда ғана жүргізіледі. Балалар жылдың салқын мезгілінде, ауа температурасы 15°С болғанда, 3-4 қабат киіммен далаға шығып, серуендей алады.

Ауа ваннасы бала күніне бірнеше рет киінгенде жүргізіледі, ұзақтығы 2-3 минуттан 6-10 минутқа дейін. Ауа және сумен шынықтыру алдыңғы топта жүргізілгендей түрде өтеді.

Сумен шынықтыруда бала ұсақ тастары бар ваннада жүреді. Су температурасы +34°С, +35°С-тан +23°С, +22°С-қа дейін әр үш күн сайын 2 градусқа төмендетіліп отырады. Басқа процедураларда су температурасы +30°С градустан +18°С, +16°С-қа дейін біртіндеп төмендейді.

Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:

- кеңістікте орнын ауыстырып жүру кезінде орнықты қалыпты сақтауды;

- қозғалыс бағытын сақтап, өз қимылдарын басқа балалардың қимылдарымен үйлестіруді;

- қолды дұрыс жууды (көбіктенгенше сабындау), құрғатып сүртуді;

- өздігінен сүлгісін алып, қайта ілуді;

- өздігінен ұқыпты тамақтануды;

- қасық, кесе, сүлгілерді дұрыс және орынды қолдануды;

- тамақтану кезінде аузын жауып жеуді;

- әрбір тамақтанғаннан кейін ауыз қуысын сумен шаюды;

- өздігінен киіну және шешінуді, аяқ киімдерін киіп және шешіп, киімдерін түймесін ағыту, қайта түймелеу және бәтеңкесінің бауын байлап, шешуді;

- белгіленген тәртіппен киімдерді ұқыпты бүктеп, аяқ киімдерін орнына қоюды;

- өздерінің жеке заттарын: сүлгі, беторамал, тарақ, ауыз шаятын ыдысты қолдануды;

- өздігінен (ескертусіз) мұрнын сүрту, қолының, бетінің ластығын, киіміндегі олқылықты байқауды, серуеннен келген соң аяқты сүртуді, кіре беріс жерге аяқ киімін шешуді білуі тиіс.


«ҚАТЫНАС» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: балалардың тілдік қатынас жасау дағдыларын, әдеби шығармалар мен халық ауыз әдебиеті шығармаларына қызығушылықтарын дамыту.

«Қатынас» білім беру саласының базалық мазмұны:

- тіл дамыту;

- көркем әдебиет;

- қоршаған ортамен таныстыру ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінде жүзеге асады.
Тіл дамыту

Мақсаты: балалардың жалпыға ортақ зат есім, етістік, үстеу, сын есім және қосымшалармен пассив және белсенді сөздіктерін кеңейту, тілдің грамматикалық құрылымын, дыбыстық мәдениетті, байланыстырып сөйлеуді қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Баланың өз айналасындағы адамдарды көрнекіліксіз түсіну қабілеттілігін дамытуды жалғастыру, пассив сөздікті кеңейту.

2. Балалардың өзіндік тілін жандандыру, белсенді сөздікті қалыптастыру.

3. Балаға түсінікті сөйлей білуін мадақтау, сөздегі дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету, сөйлеу интоннациясын қалыптастыру.

4. Сөйлемді қолдануға, оны грамматикалық жағынан дұрыс құруға үйрету.

Мазмұны

Тілдің дыбыстық мәдениеті

Балаларды ана тіліндегі дыбыстар мен сөздерді анық айтуға үйрету, дауыс аппаратын дамыту.

Бала тілінің түсінікті, анық, асықпай, жеткілікті дауыста айтылуын қадағалау керек. Балалардың назарын дыбыстарды, сөздерді, сөйлемді анық айтуға, сөйлеу қарқыны, дауыс күші мен биіктігіне аудару. Бала айналасындағы адамдардың сөзін естуге және тыңдауға, түрлі дыбыстарды, дауыстың қаттылығы мен айтылу жылдамдығын ажырата білуді үйренуі керек.

Бұрын меңгерген буындағы, сөздегі дыбыстарды: дауысты дыбыстар (а, у, и, о) мен айтылуы қарапайым дауыссыз дыбыстардың (м, п, б, ф, в) дұрыс айтылуын анықтау және бекіту.

Қатаң, ұяң, үнді дыбыстарды дұрыс айтуға үйрету.

Түрлі дауыс жоғарылығымен, қарқынымен, биіктігімен дыбыстарға еліктеушілікке (бақ-бақ, тық-тық, з-з-з) жаттықтыру. Балалардың дыбысты анық айтып қана қоймай, сөйлеу тілінің екпіні мен ырғағын сақтауына талпыну.

Дыбыстар мен сөздерді сөз тіркестерінде бекітуді ары қарай жалғастыру. Сөйлемдегі сөздерді анық айтуға үйрету.

Сөздік қорын қалыптастыру

Баланың сөздік қорын молайту және жандандыру. 2 жастағы баланың сөздік қоры орта есеппен 250-280 сөзді құрайды. 3 жасқа қарағанда сөздік қор 3-3,5 есе артады. Өзінің киімдерін атауға үйрету – мойынорағыш, кеудеше, пальто, қолғап, жейде, көйлек, кофта, камзол, шалбар, шұлық. Бас киім – бөрік, орамал. Аяқ киім – бәтеңке, етік, туфли. Ыдыс-аяқ – шыныаяқ, табақ, қасық, шайнек, қазан, құмыра, кесе. Тамақтың аттарын дұрыс атау: сорпа, ботқа, шырын, кеспе, бауырсақ; азық-түлік: сүзбе, сүт, ірімшік, қаймақ, айран, қымыз, балық, ет, жұмыртқа, күріш, картоп, макарон, бұршақ, қарақұмық. Сөйлемде зат есіммен (доп, мысық, ыдыс) бірге әрекетті білдіретін (доп домалады, мысық ұйықтап жатыр, ыдыс сынды) сын есімді қолдануларын жетілдіру. Сын есімді қолдана отырып, затты сипаттау (үлкен үй, жақсы бала). Ересек адам өз сөзінде сөз таптарының барлық түрін қолданып, үлгі көрсете білуі керек.

Балаларда отбасында және балабақшада тілдік қарым-қатынас жасауға қажеттілікті тудыру. Ересектерге өтініш жасауға және сұрақ қоюға ынталандыру. Балалардың сөйлеу тілін дамыту: тілдік қатынастың әр түріне қатыстыру (ересектермен және құрдастарымен әңгімелесуін қолдау, сұраққа жауап беруге, сұрақ қоя білуге үйрету); тек бүгін көргендерін айтып қана қоймай, сонымен бірге жақында көшеде, учаскеде, музыка залында және т.б. жерде көргендерін екі-үш сөйлеммен айтып беруге үйрету.

Белсенді сөздікте заттардың сапасы және олармен әрекет жасаудың атауларын бекіту. Тілдегі жинақтық зат есімдерді, тілдің жалпылау қызметін меңгеруге көмектесу.

Балаларға күнделікті әрекетте ыдыс-аяқ, киім, жиһаздарды, түрлі сөз табын, заттардың белгілерін, жануарлар мен олардың төлдері, көкөніс, жеміс, өсімдік, еңбек әрекеттерін білдіретін сөздерді қолданып, жауап беретіндей сұрақтар қою. Заттар туралы қойылатын сұрақтар қарапайым болады: «Бұл кім?», «Бұл не?» (қозы, орындық) және күрделірек «Не жүгірді?» (ит), «Мысық қайда ұйықтайды?» (кілем үстінде).

Тілдің грамматикалық құрылымы

Тәрбиешінің сөйлеуін түсінуге, қарапайым сұрақтарға жауап беруге үйретуді жалғастыру.

Балаларды зат есімнің көпше түрін пайдалануға, сын есімді өткен шақ түрінде зат есіммен және етістікпен үйлестіруге, сөз тіркестерінде сөздің жалғауына (сын есім + зат есім, зат есім + етістік) назар аударуға үйрету.

Сөз қосымшаларын қолдана білуге үйрету. Дауыс екпіні көмегімен мақсатты жеткізе білу (баяндау, іздену, сұрақ қою және т.б.). 2,5 жастағы балалар құрамы үш сөзден көп сөйлемдерді айтады, ал 3 жаста өз сөзінде күрделі сөйлемдерді қолданады.

Үш жастың соңына қарай бала тілдің барлық грамматикалық түрін, құрылымдарын қолдану, бағыныңқы құрмалас сөйлем, бірнеше сөйлемнен тұратын әңгіме құрастыру.

Байланыстырып сөйлеу

Заттар мен құбылыстардың маңыздысын бақылауға, қарастыруға, бөліп көрсетуге, олардың арасындағы қатынасты орнатуға, сөзбен белгілеуге үйрету.

Диалогты (кейінірек монологты сөйлеу), байланыстырып сөйлеу дағдыларын дамыту.

Тәрбиешінің бүкіл топқа бағытталған сөзін балалардың мұқият тыңдауына назар аудару. Ересектермен және құрдастарымен тілдік қатынас жасауды дамыту.

Балаларды ертегі айтуға белсенді қатысуға үйрету: бір-екі сөзбен немесе тіркесті толық айту, әңгімеге қатысу, сұраққа жауап беруге үйрету.

Балалардың пікір білдіруін мадақтау, түсініксіз жерін түсіндіру, бөліктерді анықтау және балалардың барлық сұрақтарына жауап беру. Сөз мағынасын кеңейте отырып (балаға түсінікті етіп), қарапайым пікір айта білуге үйрету.

Жыл соңында суреттегі бейне жайлы, серуен кезінде көргендері туралы 2-4 сөйлеммен айтып беруге, сөзінде жақын арада болған оқиғаны айтып беруге, осы шақтағы сөйлемдерді қолдануға, болашақты қарапайым түрде бағдарлай білуін көрсетуге үйрету.

Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:

- ана тіліндегі дыбыстар мен сөздерді асықпай, анық айтуды;

- айналасындағы адамдардың сөзін естуді және тыңдауды, түрлі дыбыстарды, дауыстың қаттылығы мен айтылу жылдамдығын ажыратуды, тәрбиешінің қарапайым сұрақтарына жауап беруді;

- белсенді сөздікте барлық сөз таптарын пайдалануды;

- құрамы үш сөзден тұратын сөйлемді айтуды, өз сөзінде күрделі сөйлемдер қолдануды;

- заттар мен құбылыстардың маңыздысын бөліп көрсетуді, олардың арасындағы қатынас орнатуды, сөзбен белгілеуді;

- көргендері жайлы 2-4 сөйлеммен айта білуі тиіс.


Көркем әдебиет

Мақсаты: көркемсөзге деген сүйіспеншілігін, қызығушылығын тәрбиелеу, шығармалардың мазмұнын түсінуге көмектесу.

Міндеттері:

1. Балаларды тақпақтарды, ертегілер мен әңгімелерді қабылдауға, әрекеттің дамуын қадағалап, мазмұнын түсінуге үйрету.

2. Тілдің эмоционалды мәнерлілігін дамыту, балаларды тақпақтарды айтуға, кітаптағы суреттерді қарауға, суреттері жайлы айта білуге үйрету.

3. Тәрбиешінің қарапайым сұрақтарына жауап бере білуді дамыту.



Мазмұны:

Балаларды жыл бойы қазақ және басқа халықтардың қарапайым мазмұнды ертегілерімен, фольклормен, қазақ және басқа халықтардың балалар шығармаларымен жазушыларымен, жазушы-классиктерімен таныстыру.

Ертегі, әңгіме, күлдіргі тақпақтарды зейін қойып, алаңдамай, құрдастарымен тыңдауға, мазмұны бойынша сұрақтарға жауап бере білуге тәрбиелеу. Балаларды өздеріне таныс күлдіргі тақпақтарды, қысқа өлең жолдарын асықпай, анық қайталауға ынталандыру.

Балалардың көркем сөзді біртұтас қабылдауын қалыптастыру: эмоционалды елгезектік, балалар әдебиеті шығармаларының мазмұны мен кейіпкерлерін түсіну. Ертегідегі, қысқа әңгімедегі оқиғаларда, шығармаларда жаңа кейіпкерлердің пайда болуын байқау, драмалық жағдайларда кейіпкерлерге жаны ашу, өзіне таныс кейіпкерлермен кездескенде қуана білуді бекіту.

Айналасындағы адамдардың сөзін көрнекіліксіз тыңдау қабілетін дамытуды жалғастыру, тұрмыстық («Айжан мысық тауып алды») немесе ертегі («Назгүлдің құсы ұшып кете жаздады», «Қыңыр мысық табанын күйдіріп алды») тақырыптарына байланысты әңгімелер тыңдау.

Шығарма мазмұнына эмоционалды түрде үн қата білу, түрлі дауыс екпінін байқай білу қабілеттілігі, болған жағдайға жанашырлық білдіру, кейіпкерлер бейнесіне (тауық, әтеш, мысық) ене білу қабілеттерін дамыту. Өздеріне таныс шығармалардағы қарапайым сюжеттерді ойнап көрсете білуге үйрету.

Кітаптағы суреттерді қарап, олардың мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беруге үйрету.

Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:

- ертегі, әңгіме, күлдіргі тақпақтарды зейін қойып, алаңдамай, құрдастарымен тыңдауды, мазмұны бойынша сұрақтарға жауап беруді;

- ертегідегі, қысқа мазмұнды әңгімедегі болып жатқан оқиғаларды, шығармаларда жаңа кейіпкерлердің пайда болуы мен олардың қарым-қатынасын байқауды;

- драмалық оқиға кейіпкерлеріне жанашырлық білдіруді, өзіне таныс кейіпкерлермен кездескенде қуануды;

- таныс шығармалардағы қарапайым сюжеттерді ойнап көрсетуді;

- кітаптағы суреттерді қарап, олардың мазмұны бойынша сұрақтарға жауап бере білуі тиіс.

Қоршаған ортамен таныстыру

Мақсаты: баланың қоршаған ортада бағдарлануға үйрету, ересектердің айтқан сөзін түсінуін, көрнекі-әрекетті ойлау және тілді пайымдаудың қарапайым түрлерін дамыту.

Міндеттері:

1. Қоршаған ортаны баланың тілі мен ойлауын қалыптастыратын, сөздік қорын жандандырып, толықтыратын, байланыстырып сөйлеуін дамытатын, дыбыстауды қалыптастыратын, қоршаған орта туралы тілді пайымдаудың қарапайым түрлерімен таныстыратын маңызды құрал ретінде қолдану.

2. Барлық балаға арналған тәрбиешінің сөзін тыңдауды және түсінуді, заттарды бақылау мен суреттер қарау кезінде мұқият болуды дамыту.

3. Балаларды тәрбиешінің айтқанын дұрыс қайталауға: заттардың аттары, қимыл-әрекеттер, түстер; бұл сөздерді өз сөзінде қолдана білуге үйрету.



Мазмұны:

Баланың қоршаған ортада бағдарлана білуін кеңейту негізінде сөздік қорын жандандыру мен тілді түсінулерін дамыту. Табиғат құбылыстары мен алуан түрлі заттар туралы алғашқы түсініктерін дамыту, заттар және құбылыстар арасындағы қарапайым байланыстарды орната білуді қалыптастыру, балаларды көрнекіліксіз қоршаған ортадағы адамдардың тілін түсінуге үйрету.

Балаларды педагогтің ауызша сөзбен көрсетуі бойынша: заттарды түстеріне, өлшемдеріне қарай тауып әкелуге («Қызыл кубикті алып кел», «Кішкентай қонжыққа ән айтып берші»), олардың орналасқан жерін ажыратуға («Ойыншық жоғары сөреде (биікте) тұр», «Жанына қой», адамдардың әрекеттері мен жануарлардың қимылына еліктеуге («Суды қалай құятынын көрсет», «Қонжыққа ұқсап жүр»).

Балалардың сөздік қорын:

- транспорт құралдары (машина, автобус), автомобиль бөліктері (кабина, рөл, дөңгелек), өсімдіктер (ағаш, шөп, гүл), жемістер (алма, алмұрт), көкөністер (сәбіз, қызанақ, қияр), үй жануарлары (қой, ешкі, тауық) мен олардың төлдерінің аттарын білдіретін зат есімдермен;

- кейбір еңбек әрекеттерін (жуу, сүрту, үтіктеу, емдеу), өзара қарым-қатынасты (беру, көмектесу, жаны ашу) білдіретін етістікпен;

- заттардың көлемін, түсін, дәмін (үлкен, қысқа, қызыл, көк, тәтті, ащы) білдіретін сын есіммен;

- үстеумен (қазір, жақын, алыс, төмен, жоғары, жылдам, баяу, қараңғы) молайту.

Балаларды осы сөздерді қолдануға үйрету.

Балаларды суреттің мазмұны бойынша, серуенде көргендері туралы тәрбиешінің қойған сұрақтарына жауап беруге, тақпақтар айтуға, салынған суреттер туралы әңгімелеуге, кітаптағы суреттерді қарауға, ол жайында (екі-үш сөйлеммен) әңгімелеуге үйрету.

Суреттегі үй жануарлары (қой, сиыр, тауық және т.б.) мен оның төлдерін (қой — қозы, сиыр — бұзау, тауық — балапан) танып, атауға үйрету. Өсімдіктерді (шөп, ағаш, гүл) ажыратып, дұрыс атауға және гүлдің, шөптің, жапырақтарының түсін атауға, сыртқы түріне қарай ажыратуға, кейбір жемістер мен көкөністердің (сәбіз, қияр, алма, алмұрт және т.б.) дәміне қарай атауға үйрету. Балаларды отбасындағы, балабақшадағы, көшедегі ересек адамдардың кейбір еңбек әрекеттерімен таныстырып, оларды атау (күтуші ыдыс-аяқтарды жуып, сүртеді, анам киім тігеді, кір жуады, үтіктейді, аспазшы асханада ас әзірлейді, дәрігер балаларды емдейді, шашатаразшы шаш үлгісін жасайды, жүргізуші көлік жүргізеді және т.б.).

Айналадағы кейбір транспорт түрлерін (жеңіл және жүк автомобильдері, автобус, трамвай, троллейбус) сыртқы түріне қарап және бөлшектерін (кабина, рөл, дөңгелек, терезе, есік) ажырату.

Тәрбиеші балалармен бірге объектіні қарап, заттың бөлшектерінің (бөліктерінің) (отыратын орындықтың аяқтары, арқасы) атауларын, кейбір қасиеттерін (түс, мөлшер, түр) анықтайды, заттардың маңызы туралы сұрайды. Балалар өзінің, жақын адамдарының аты-жөнін, тәрбиешісін, тәрбиешінің көмекшісінің аты және әкесінің атымен атай білу керек; тұрмыстық заттарды білдіретін сөздерді дұрыс қолдану (киім, жиһаз, ыдыс-аяқ, ойыншықтар) және олардың қолданылуын (төсекте ұйықтайды, үстел басында тамақтанады және сабаққа дайындалады, шкаф пен сөреде — кітаптар мен ойыншықтар орналасады, тостағанға қымыз, шыныаяққа сүт, шай құяды, қасықпен тамақ ішеді) білу керек.

Балалардың заттардың санын (біреу, көп, аз, бір-бірден), олардың кеңістікте орналасуын (биік — аласа, алыс — жақын, астында, үстінде, жанында), қозғалу бағыттарын (алға — артқа) сипаттай білуді жетілдіру. Өз тілінде үстеу мен сын есімді үйлестіріп қолдану.

Балалар жылдың соңында бағдарлама материалдарын меңгеру нәтижесінде:

- педагогтің ауызша көрсетуі бойынша: заттарды түстеріне, өлшемдеріне қарай тауып, олардың орналасқан жерін ажыратуды;

- транспорт құралдары, автомобиль бөліктері, өсімдіктер, жемістер, көкөністер, үй жануарлары және олардың төлдерінің аттарын білдіретін зат есімді қолдануды;

- кейбір еңбек әрекеттерін білдіретін етістікті, заттың көлемін, түсін, дәмін білдіретін сын есімді, үстеуді қолдануды;

- сурет мазмұны бойынша, серуенде көргендері жайлы тәрбиешінің қойған сұрақтарына жауап бере білуді;

- суреттегі үй жануарлары мен оның төлдерін танып, атай білу, өсімдіктерді ажыратып, дұрыс атау, гүлдің, шөптің, жапырақтардың түсін атап, сыртқы түріне қарай ажыратып, кейбір жемістер мен көкөністердің дәміне қарай атай білу, отбасындағы, балабақшадағы, көшедегі ересектердің кейбір еңбек әрекеттерін атауды;

- айналадағы кейбір транспорт түрлерін сыртқы түріне қарап және бөлшектерін ажыратуды;

- өзінің, жақын адамдарының аты-жөнін, тәрбиешісін, тәрбиешінің көмекшісін атымен және әкесінің атымен атай білуі тиіс.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет