Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі шәКӘрім атындағы семей мемлекеттік



бет7/8
Дата27.02.2020
өлшемі0,72 Mb.
#58377
1   2   3   4   5   6   7   8

Тапсырмалар, сұрақтар:

1. Мәтінді оқы.

2. Сөздік құра.

3.Мәтінге сұрақтар қойып, жазбаша жауабын дайында.

4. Уақытты анықтау белгілерін есіңе сақта.

Бақылау түрі: әңгімелеу

Әдістемелік нұсқау: Мәтінмен жұмыс жүргізу: дұрыс оқуға, айтуға жаттықтыру, таныс емес сөздердің мағынасын түсіндіру, өз беттерінше сұрақ қойғыза білуге үйрету.

Үлестірмелі материалдар: кесте

Әдебиеттер:

Ш.К.Бектұров, А.Ш.Бектұрова. Қазақ тілі. –Алматы, 2002.

Н.Оралбаева, Т.Әбдіғалиева, Б.Шалабай. Практикалық қазақ тілі. – Алматы, 1993.

Ақтанова А.С., Рахымбаева Р.Е. Қазақ тілі – Семей, 2007

25. Тақырыбы: Салалас құрмалас сөйлем. Мәтін: Қазақ билері

Құрамындағы бөліктерінің баяндауыштары тиянақты келіп, өзара тең дәрежеде байланысқан құрмалас сөйлемнің түрін салалас құрмалас сөйлем деп атаймыз. Мысалы: Бала шаба жөнелді, мен де артынан ілестім (С.Мұқанов).

Салаластың құрамындағы бөліктер бір-бірімен жалғаулықтар арқылы да, жалғаулықсыз да байланыса береді. Құрамындағы сыңарларының бір-бірімен мағыналық қатынастарына қарай салалас құрмалас сөйлем мынадай алты түрге бөлінеді: ыңғайлас салалас, түсіндірмелі, қарсылықты, себеп-салдар, талғаулы, кезектес салалас.

Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:

1.Салалас құрмалас сөйлем деген не?

2. Салалас құрмалас сөйлемнің түрлерін атаңыз.

3.Салаластың әр түріне сөйлемдер құраңыз



3-жаттығу.

Берілген сөйлемдерге синтаксистік талдау жасаңыз.

М.Әуезов жиырма жасында «Еңлік-Кебек» трагедиясын жазды. Жүсіпбек Аймауытов – қазақ романдарының негізін салушылардың бірі. Мұстафа Шоқай- Ақмешіттің перзенті. Атасы Темір қайтыс болғаннан кейін Ұлықбек 15 жасында әмірші болады. Кигіз үйдің іші төртке бөлінеді.



119-жаттығу.

Салалас құрмалас сөйлемдерді түрлеріне қарай ажыратыңыздар.

1. Мейрам көмір құдығының түбіне жеткенде, басқа бір дүниеге жеткендей болды. (Ғ.М.). 2. Күн кешкірді де, қара көлеңке тартты. (Ғ.С.). З. Ауылға көзін аларта алмай уәкілдер келеді,- ақ үйден аттанарда жымия күледі. (Ғ.Мұст.). 4. Мал етінің асылдануы сондай - майы аузыңа салдырмайды. 5. Ешкім үндемеді, өйткені бұндағы кісілердің бәрі де қарт әйелдің дауысын білетін (Ә.Н.). 6. Құлыншақ - бірде көл кісі, бірде шөл кісі (Р.Р.). 7. Жүріп келе жатып сөйлеу қиын ғой, сондықтан бұлар үндемей қалды. 8. Кешке мейрамға арналған жиналыс болатыны белгілі еді, жігіттердің қырынып алуға көңілдері кетті (Ғ.М.)

120-жаттығу. Салалас құрамалас сөйлемдерге талдау жасаңыздар.

1.Ойын осыған әкеліп берік тіреді де, сол кезде өзі не халде боларын да үлкен бір түйткілмен ойланды... (Ғ.М.). 2. Қазақ халқы - ел сұлуының бірі, қазақ жері - жер сұлуының бірі (І.Е.). 3. ... әр адамның бағасына бір ғана өлшеуіш бар: ол - өнімді адал еңбек (С.М.). 4. Ректорат мынаны еске салады: студенттерді ерте бастан ғылыми еңбек жазуға төселдіру (С.Шайм.). 5. Олардың сөздерінде бояу аз болады, бірақ тыңдаушыны еріксіз ерте жөнеледі (Қ.Жарм.). 6. Жүргіншілер кейде екіден, үштен қатарласады да, кейде жол тараған уақытта жалғыз-жалғыз шұбап кетеді (М.Ә.)



121-жаттығу. Жалғаулықсыз салалас сөйлемдерге талдау жасаңыз.

1.Бас болмақ оңай - бастамақ қиын (Мақал). 2. Біздің пойыз Қазан вокзалына келіп тоқтауы мұң-ақ екен, солдаттар қаптады да кетті (Ш.М.). З. Бұдан бірнеше күн бұрын жұрттың қозғалысында бір асығыстық бар еді, қазір ол жоқ (Ғ.М.). 4. Амантайдың дауысын естіп Асқар құшағын жазайын деп еді, Ботагөз босатпады С.М.) 5. Мына шодыр қазір кедей емес, орташа: екі пар аты, екі бричкасы, екі бұзаулы сиыры бар (Ғ.Мұст.). 6. Артында құйрық тістесе келе жатқан салт аттыға Амантай көз қырын салып еді: Темірбек екен (С.М.) 7. Біздің заманымызда не көп, сан түрлі таңғажайып мамандық көп (І.Е.).



122-жаттығу. Берілген жалғаулықты салалас сөйлемдерді түріне қарап ажыратыңыз.

1. Тоқсан - кішкене денелі адам екен, ал Ізбасты - ірі денелі кісі екен (С.М.). 2. Жай өзінен-өзі танылды да, бұдан басқа сұраулар берілген жоқ (Ғ.М.). З. Қазір ол сақалын да қырған, киімін де өзгерткен, сондықтан кескін кейпі де өзгерген (С.М.). 4. Тілеуімбеттің менсінбегені Мүсірепке де батып кеткен екен, сол себепті ол сөз аяғында бидің өзін де түйрей кетті (Ғ.М.). 5.Аса бір қысылған, басына сын түскен кезде әкесі, қалайда не түсіне кіреді, не көз алдына оқыстан елестеп, осылайша көлбеңдей береді (Ш.М.). 6. Сенде қыранның жүрегіндей жүрек бар, бірақ әлі жассың (А.Б.). 7. Аттардың дүсірлері біресе оң жағына ойысқандай болып отырды, біресе сол жағына ойысқандай болып отырады (С.С.).


Қазақ билері

Мақсаты: Қазақ билері туралы мағлұмат беру. Олардың шешендік өнері туралы мәлімет беру.
Қазақ билері
Ертеде қазақ халқында билік айту деген дәстүр болған. Билер өздерінің бір ғана сөзімен даулы мәселелерді шешкен. Олар ерте заманда осы күнгі соттың да, тергеушінің де қызметін атқарған.

Қазақ билері әділ және елге сыйлы болуға тиісті болатын. Өз әділдігімен елге танымал болған қазақтың атақты билері:

• Төле би (1663-1722 жж.),

• Қазыбек би (1667-1764 жж.),

• Әйтеке би (1683-1756 жж.).

Қазақ халқының бұл билері елді үш жүздің бірлігін сақтауға шақырды.


Төле би (1663-1722)

Төле би - қазақ халқының Коғам қайраткері, атақты шешен. Төле би Әлібекұлы 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Төле би 15 жасында билікке араласып, әділдігімен, шешендігімен елге танылады. Ол кездс қазақ пен жоңғар хандары үдайы жауласуда сді. Қазақ қауымын біріктіріп, оларды жоңғар езгісінен азат етуде ол Қабанбай батыр, Бөгенбай ба­тыр, Жөнібек батырлармен халық майданын қүрып, оны басқарды. Абылайды бүкіл қазаққа хан етіп сайлауда кеп қызмет етті.

Орта жүздің аға биі Қазыбек, Кіші жүздің биі Әйтекемен бірге Өз Тәуке ханның кеңесшісі болып, «Жеті жарғы» әдет заңын шығарды. Тәукенің Түркістан қаласын орталық етіп, қазақ, қарақалпақ, қырғыз, өзбек халықтарынан жауынгер құрып, жоңғар - ойрат шапқыншылығына қарсы тұруға істеген шараларына көмектесті. Халық оны көзі тірісінде «Қарлығаш әулие» деп атаған.

Төле би Ресей мен Ұлы жүз арасындагы қарым-қатынастарды қалыптастыруға және оны нығайтуға көп еңбек сіңірді.

Ел аузында Теле би туралы тарихи аңыздар сақталған. Оның атымен байланысты толып жатқан нақыл, мәтел сөздер, билік кесімдер халық арасында кең тараған. Төле би өзі билік еткенде Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларына ғимараттар салу ісіне де араласқан. Төле бидің есімі үш жүздің ірі-ірі тарихи оқиғаларымен байла­нысты болған.

Төле бидің денесі өзі 12 жыл билеген Ташкент қаласында жерленген. Онда Төле биге үлкен ескерткіш орнатылған. Алматыда оның атында көше бар және Астанада оған ескерткіш орнатылған.


Қазыбек би

(1667-1764)

Қазыбек би Келдібекұлы - XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақтың атақты биі. Руы - Арғын ішіндегі Қаракесек. Орта жүз-Қазыбек биді Тәуке хан тағайындаған. Ол «Жеті жарғыны» жасауға қатысқан. Қазыбек би қазақ хандарының ішкі және сыртқы саясатын едәуір ықпал жасап отырған. Ол жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болды. Қазыбек би ел арасында «Қаз дауысты Қазыбек би» атанған.

XVIII ғасырдың 40-шы жылдарында Абылай хан жоңғарлардың тұтқынына түскенде, оны босатып алуға белсене араласты. Ресейге қарайтынын білдіріп, ант еткен. Цин империясы Қазыбек биді өз жағына тарту мақсатымен елшілерімен бірге көп сыйлықтар жіберген, бірақ ол Қытай қоластына бағынуға қарсылық білдірді. Абылай ханды Цин империясымен тығыз қарым-қатынас жасамауға кеңес берді.

Сонымен, Қаз дауысты Қазыбек би - ең алдымен, асқан шешен, ақын;ескіншіден, ел басқарған, дау-жанжалды әділ шешкен әділ қазы; үшіншіден, ол — халықаралық дәрежедегі дипломат, қоғам қайраткері.

Міне, сондықтан халқымыз оған ескерткіш тұрғызып, оның атына көшелер беруде.
Әйтеке би (1683-1756)

Әйтеке би (Айтық) Бойбскүлы - Әбілқайыр ханға дейін Кіші жүзді басқарған би, қазақтың атақты билерінің бірі. Есім ханның тұсында Самарқанды басқарған Жалаңтөс батырдың немересі. Әйтеке би Кіші жүздегі Әлімұлы тайпасының Төртқара руынан шыққан. Тәуке хан тұсында қазақ хандығының аса көрнекті билерінің бірі болды. Әйтеке би «Жеті жарғыны» шығаруға зор үлес қосты.

Ол өте ақылды, шешен болған. Бір орталыққа бағынатын қазақ хандығын құруға ат салысты. Әйтеке бидің ел арасында кең тараған толғаулары, шағын әңгімелері өте көп.

Әйтеке бидің есімі бұрын халық аузында ғана айтылып жүрсе, бұл күндері оған ескерткіштер қойылып, көшелердің аты берілді.



Тапсырмалар, сұрақтар:

  1. Қазақтың қандай билерін білесіз?

  2. Билер қандай қызмет еткен?

  3. Қаз дауысты Қазыбек кім болған?

  4. Үш би туралы мәтіндерге жоспар құрыңыздар.

  5. Жоспар бойынша мәтіндерді мазмұндап, беріңіздер.

Бақылау түрі: Жоспар құру, мазмұндау

Әдістемелік нұсқау: Мәтінді оқу, тыңдау, аудару, жоспар құру. Мысалы: а) Билік айту дәстүрі туралы

ә) Төле би –қазақ халқының қоғам қайраткері, атақты шешен т.б, жоспар бойынша мазмұндау.



Үлестірмелі материалдар:

Әдебиеттер:

1. К.Бектұров, А.Ш.Бектұрова, Қазақ тілі . А.-2002.

2. З.С.Күзекова. Қазақ тілі. А.-2002

3. Г.Қ.Рысбаева. Қазақ тілі грамматикалық анықтағыш. А.-2000
26. Тақырыбы: Сабақтас құрмалас сөйлем.Мәтін: Қазақтың «Бес арысы»

Сабақтас құрмалас сөйлем – құрамындағы жай сөйлемдерінің алғашқысы тиянақсыз болып, соңғысына бағына байланысқан құрмалас сөйлемнің түрі. Сабақтас құрмаластың бірінші жай сөйлемдерін (бағыныңқы) өз алдына бөлек айтуға келмейді, өйткені ол тиянақсыз. Мысалы: Таңертеңгі тұнық ауа мұнартып, кең даланы сұлу сағым басты (Т.Абдрахманова).



Сабақтас құрмалас- бірінші сөйлемінің баяндауышы тиянақсыз болып, екінші сөйлемге бағына байланысады. Сабақтас құрмалас сөйлемдегі баяндауышы тиянақсыз болып келген бірінші сөйлемді бағыныңқы сөйлем дейді. Ал баяндауышы тиянақты болып келген екінші сөйлемді басыңқы сөйлем дейді.

Сабақтас құрмалас сөйлем мағынасына қарай 6 түрі бар:



  1. Шартты бағыныңқы

  2. Қарсылықты бағыныңқы

  3. Себеп бағыныңқы

  4. Мезгіл бағыныңқы

  5. Қимыл- сын бағыныңқы

  6. Мақсат бағыныңқы

Шартты бағыныңқы сабақтас құрмалас- бағыныңқы сөйлемі басыңқы сөйлемінің шарты болып келеді. Сұрағы: қайтсе? не етсе? қайткенде?

Қарсылықты бағыныңқы сабақтас құрмалас- бағыныңқысы басыңқы сөйлеміне қарама- қарсы болып келеді. Сұрағы: қатсе де? қайкенмен? қайткенш

2-жаттығу: Берілген мақалдардың жалғасын табыңыздар:

Олақ өзгеге сенсе...

Ер жігіт ел үшін туады...

Оқу білім бұлағы...

Асыл тастан шығады...

Ашуың келсе, қолың тарт...

124-жаттығу.

Сабақтас құрмалас сөйлемдерге талдау жасаңыздар:

1. Бірақ осы аз күннің ішінде Құнанбайдың Жігітек жерінен Бөкеншіге қоныс әперіп отырғанын айтып, Байдалы ырық бермеді (М.Ә.). 2. Жомарт кетісімен, Алма қойған жерінен дәптерді іздеді. З. Алдыңа бір қарасаң, артыңа бес қара (Мақал). 4. Ауыл осы қонысқа келіп орналасқаннан бері қарай, ол бір күн дамыл алып тыныққан емес (М.Ә.). 5. Табу болмаса, алу да болмайды (Ғ.Мұст.). 6. Жарысқа түспегені болмаса, анық ақын дейді (М.Ә.). 7. Кенжебек бүгін шахтадан әбден шаршап шыққандықтан, ол астан кейін жатып дем алды. (А.Х.). 8. Қашан басы жерге тигенше, ел жұмысын ойлайды (Ғ.С.). 9. Бүгін бірер керек кітабын алып шықсын деп, сонда әдейі ертіп апарған едім (М.Ә.).

125-жаттығу.

Сабақтас құрмалас сөйлемдерді түрлеріне қарай ажыратыңдар.

1. Жұмыстың ең ауыры осында болғандықтан, Ермек мұнда әдейі тіленіп келді (Ғ.Мұст.). 2. Жаңағы көркем бір сәтке сүйсініп езу тартқан Абайдың сол көңілді шағы айығып болғанша, қатты келе жатқан ат дүбірі естілді (М.Ә.). З. Жабай шығып кетпегенде, Игілік жігіттерді сөзге айналдырып бөгей тұрмақ еді (Ғ.М.). 4. Таң алдында бір сағат мызғығаны болмаса, Абай бұл күнді ұйқысыз өткізді (М.Ә.). 5. Мұның айтарын өзі біліп қойғандай, басқа жайды сұраған жоқ (Ғ.М.). 6.Үйлерді күртктер баспау үшін, қыстың басында ауылды және үйлерді жағалай қамыстан қалқан ұсталады (С.М.). 7. Егер Жұмабек тура осыдан бастаса, Ушаковтың зіл айтарлық себебі де болмас еді (Ғ.М.).

126-жаттығу.

Сабақтас құрмалас сөйлемдерге талдау жасаңыздар.

1. Ел ортасының өзге сөзі бір төбе болғанда, Түсіп үшін осы жай өзі бір төбе болатын (М.Ә.). 2. Егер тартуын білсе, оның екі ішекті сегіз пернесінен нелер ғажап дыбыстар шығады екен! (С.М.). З. Қимылдаған адам айып тартатындай, ешкім тырс етіп дыбыс шығармады (Ғ.М.). 4. Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын (Мақал). 5. Қол ұстату үшін, қол ұстардың алдында күйеу жақтан берілетін үлкен сыйы болады (М.Ә.). 6. Батар күннің қиғаш түскен шұғыласына шағылысып, қызғылт қия тастарға кесек-кесек біткен алтындар жарқырайды (Ғ.М.). 7. Үй тігіліп жатса, жүк жиналып жатыр (Ғ.М.).

Негізгі тапсырмалар, сұрақтар:

1. Құрмалас сөйлемнің сабақтас болуының негізгі белгісі қандай?

2.Сабақтас құрмалас сөйлемнің құрамындағы жай сөйлемдер қандай тәсілдермен байланысады?

3. Әртүрлі жасалу жолдарын пайдалана отырып, сабақтас құрмалас сөйлемдер құрыңыз.

Қазақтың «Бес арысы»

Мақсаты: Қазақтың Бес арысы жайлы мағлұмат беру

Бес арыс
Шәкәрім Құдайбердиев (1858 - 1931)

Шәкәрім Құдайбердиев 1858 жылы 11 шелдеде Шыңғыс тауы бөктерінде қазіргі Семей облысының Абай ауданында туған. Оның әкесі Құдайберді Құнанбайдың үлкен бәйбішесі Күнкеден туған, Шәкәрім олардың немересі, яғни Абайдың немере інісі. Шәкәрім 7 жасқа келгенде, 1866 жылы әкесі Құдайберды 37 жасында дүние салады да әкеден айырылған. Шәкәрім атасы Құнанбайдың тәрбиесінде болды. Абай ағасының тікелей қамқорлығын көріп өседі. Ғалымның 1905 - 1906 жылдар аралығында Меккеге барған. Шәкәрімнің Меккеге бару сапарының басты мақсаты әдеттегі қыр қазағының Құдай үйіне тәу етіп, қажы атану еместі. Ақын 1911 жылы Орынбордан екі кітабы "Түрік, қырғыз-қазақ hәм хандар шежіресі", "Мұсылмандық шарттарын" бастырып шығарса, 1912 жылы Семейде "Ярдем" баспасынан "Қазақ айнасы", "Қалқаман-Мамыр", "Жолсыз жаза" үш бірдей кітабын бастырып шығарды.



Жүсіпбек Аймауытов. (1889 - 1931)

Жан-жақты өнер иесі, романшы, драмашы, ақын, аудармашы, зерттеуші Жусіпбек Аймауытов 1889 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау атырабында туған.

Он бес он алты жасында өзі ұмтылып, үй ішінің рұқсатынсыз Павлодарға қашып барып, орысша-қазақша екі класты мектепке түседі, бір жағынан бала оқытып, қаражат таба жүріп, оқуын 1914 жылы бітіреді де, Семейдегі оқытушылар семинариясына түседі, оны 1918 жылы аяқтаған. Ж.Аймауытов Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстан кеңестерінің құрылтайына делегат, Халық ағарту комиссариатының коллегия мүшесі болады, "Қазақ тілі" , "Ақ жол" газеттерінде редактор, Шымкенттегі педагогика техникумының директоры қызметін атқарады. Ол А.С.Пушкин, Н.В.Гоголь, Л.Н.Толстой шығармаларын қазақ тіліне аударды. Аймауытов "Жан жүйесі мен өнер таңдау", "Психология", "Тәрбиеге жетекші" атты ғылыми, ғылыми-педагогикалық еңбектер жазған.

Ахмет Байтұрсынов. (1873 - 1938)

Ахмет Байтұрсынов 1873 жылы 18 қаңтарда бұрынғы Торғай облысы, Жангелдин ауданы, Сарытүбек деген жерде дүниеге келген.Ол - аса көрнекті ғалым, аудармашы, түрколог, қоғам қайраткері. Ауыл молдасынан хат таныған Ахмет 1886 - 1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныптық мектепте,1891 - 1895 жылдары Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте оқиды. Одан әрі оқуды жалғастыруға мүмкіндігі болмай, өздігінен оқып білімін жетілдіреді.1895 - 1909 жылдар арасында Ахмет Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі ауылдық, болыстық және екі сыныптық училищеде бала оқытады. 1909 жылы отаршылыққа қарсы күреске араласқаны үшін Семей түрмесіне жабылып, 1910 жылы жер аударылды. "Саяси сенімсіздігі" үшін жеті жыл бойы полициялық бақылауында болады. Патша үкіметі құлағаннан кейін, 1918 - 1919 жылдары Алаш Орда қатарында болады. 1919 жылы наурыз айында бұрынғы зиялылардың үлкен бір тобын басқарып, Кеңес үкіметі жағына өтіп, қызметін бастайды. Ол "Қырық мысал", "Маса", атты кітаптар шығарды. "Оқу құралы", "Тіл құрал", "Әліпби", құралдарының авторы.



Мағжан Жұмабаев (1893 - 1938)

1893 жылы 5 маусымда Ақмола губерниясындағы Ақмола уезінің Полуден болысында дүниеге келді. Төрт жастан бастап, Мағжан үй оқытушысы, башқұрт Ахмедтен Ақтановтан оқи бастайды. 1910 жылы Мағжан мұсылмандық жоғарғы оқу орны атақты "Медресе Ғалияға" түседі. 1912 жылы Мыржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов жетекшілігі арқасында орыс тілін үйреніп, орыс және Еуропа мәдениетімен танысып, "Қазақ" газетінде жұмыс істейді. 1913 жылы Омбыдағы оқытушылар семинариясына оқуға түседі. 1912 жылы Қазанда алғашқы "Шолпан" өлеңдер жинағы шыққан Мағжанның шығармалары 1929 жылы жаламен күйіп, абақтыға түскенге дейін үздіксіз жарияланып тұрды. Ол "Батыр Баян", "Қорқыт", "Ертек" шығармалар жазды.


Міржақып Дулатов (1885 - 1935)

Міржақып Дулатов бұрынғы Торғай облысының, Жангелдин ауданындағы Қызбел атырабында 1885 жылы 25 қарашада дүниеге келген. Әкесі Дулат ескіше оқыған, өз дәулеті өзіне жетерлік шаруасы бар, қолы шебер адам болған.Кіші баласы Міржақыпты ауыл молдасына оқуға береді. Екі жылдан кейін ол ауылдық мектепте Мұқан Тоқтабайұлы деген мұғалімнен орысша сабақ алады. Міржақып өз бетінше ізденіп, орыс тілін жете меңгереді. Орыс жазушылары шығармаларымен танысады. Петербургтен еліне оралған Міржақып ойына түйгенін, ел-жұртына айтар сөзін өлеңге айналдыра бастайды. Ол өлеңдері жеке жинақ болып Уфа қаласында 1909 жылы "Оян, қазақ!" деген атпен басылады. 1911 жылы Міржақып қазақ ауылдарын аралап, Қызылжардан Семейге жол тартады. Бірақ Семей қаласына келген бойда-ақ полицияның қолына түседі де, Семей түрмесінде бір жарым жыл отырады. Түрмеден босаған соң М.Дулатов Орынборға келеді. "Қазақ" газетін шығаруға араласады.



Тапсырмалар, сұрақтар:

  1. Қазақтың «Бес арысы» деген кімдер?

  2. Олар туралы не білесіз?

  3. «Тіл білімінің атасы» деп кімді айтамыз?

  4. Ш. Құдайбердіұлы , М. Жұмабаев өлеңдерін жаттап алыңыз.

Бақылау түрі: Сұрақ –жауап. Жаттау

Әдістемелік нұсқау: Ақын жазушылар туралы мәтіндерді оқу, аудару, сұрақтарға жауап беру, өлеңдерді жаттау.

Үлестірмелі материалдар:

  1. «Бес арыс» кітабы

  2. Мәтіндер:

  3. Сөздік

  4. Өлеңдер жинағы

Әдебиеттер:

1. К.Бектұров, А.Ш.Бектұрова, Қазақ тілі . А.-2002.

2. З.С.Күзекова. Қазақ тілі. А.-2002

3. Г.Қ.Рысбаева. Қазақ тілі грамматикалық анықтағыш. А.-2000

27. Тақырыбы Аралас құрмалас сөйлем. Мәтін: Қазақстандық Ұлы Отан соғысы батырлары
Мақсаты: Ұлы Отан соғысындағы қазақ батырлары туралы мәлімет беру, студенттерді патриотыққа, Отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Мәншүк Мәметова

(1922-1943 жж.)
Қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры.

Мәншүк (шын аты Мәнсия) Батыс Қазақстан облысының Орда ауданында дүниеге келді. Ерте жетім қалды. Алматыда тұратын ағайындарының қолында тәрбиеленді. Ұлы Отан соғысы басталғанда ол медицина институтында оқып жүрді. Ол 1942 жылы өзі сұранып майданға кетті, 21-атқыштар дивизиясында болды. Алғы шепте айқасқа түскен алғашқы күннен-ақ қаруластарын қайсарлығымен, табандылығымен, ержүрек батылдығымен қайран қалдырды. Невель қаласын қорғау кезінде Мәншүк ақырғы оғы таусылғанша жауды жер жастандырып, ерлікпен қаза тапты. Оның қасық қаны қалғанша қарысып баққан қас батырлығы мен өмірдей асқақ өлімі соғыс даласында да, "еңбек майданында" да әрбір отаншыл азаматтың жүрегінде ерлік жыры боп жаңғырып, Жеңіс жалауын тезірек желбіретуге жігерлендіре түскені хақ. Сол кезде Павлодар облысының колхозшмлары даңқы пулеметші қыздың есімін есте қалдыру құрметіне Мәншүк Мәметова атындағы танк полкін жасақтауға қажетті ақша жинады. Бертініректе әйгілі режиссер-қоюшы А. Михалков-Кончаловский "Мәншүк туралы ой" кинофильмін түсірді.



Әлия Молдағұлова

(1924-1944 жж.)
Қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының Батыры.

Әлия Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келді. Бала кезінде жетім қалып, туыстарының қолында тәрбиеленді. Оның майданнан жазған хаттарынан мәлім: ата-анасы, ағайын-туғандары ұжымдастыру науқанының алғашқы кезеңінде аштан өлді. Кішкентай Әлия Ленинг­радқа барып, соғысқа дейін сонда тұрды. 9-сыныпта оқыды (кәзір ол мектеп Әлия Молдағұлова есімінде). Бірге оқыған сыныптастарының естелігіне қарағанда, өзіне өте сенімді һәм төңірегіндегілерге талапшыл жас болған. Оны мақсаткерлік пен адалдық және адамгершіл сергектік қасиеттер басқалардан айрықша ерекшелендірген. Алыс ауылдан келе салып, бәрімен де тез тіл тауып кетті, зерделі зейінімен, білімпаз біліктілігімен түгел баурап алды.

1942 жылы Әлия өз еркімен майданға аттанып, мергендер мектебін үздік бітірді. Бірақ біраз уақытқа дейін коман­дование алғы шептегі атыс-шабыс алаңында білім-білігін іс жүзінде көрсетуге рұқсат етпеді. Бірақ жас қазақ қызы алға ұмтылды, жауға қарсы оқ жаудыруға асықты. Бір хатында ол өз құрбылары мен достары үшін фашистерден кек алуды қалайтынын жазды. Өзі оқыған қаласының құрсауда қалғаны оны қатты алаңдататынды.

Ашық шайқасқа ол 1943 жылы маусымда 2-Прибалтика майданының 26-атқыштар дивизиясы құрамында түсті. Ефрейтор шенінде өз дивизиясымен барлық ірі-ірі айқастарға қатысып, құралайды көзінен атқан нағыз мергендігімен дараланды. 1944 жылы Новосокольники стансасы маңындағы ауыр шайқаста Әлия қаһармандықпен қаза тапты. Көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бүгінде Ә.Моладғұлова есімінде республикамызда көшелер, мектептер, ұжымшарлар мен кеңшарлар, аллеялар мен бульварлар бар. Оның өшпес ерлігін өзек етіп жазылған өлең кітаптары мен роман-хикаяттар да көп. Өткен жылы Алматыда Шығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүкке көрнекті жерге ескерткіш орнатылды.



Бауыржан Момышұлы

(1910-1982 жж.)
Қазіргі Тараз облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында туған.

Жеті жылдық мектеп бітірген соң біраз уақыт мұғалім болып істейді. 1932 жылы әскер қатарына шақырылады. Міндетін өтеп, запастағы командир атағын алып ауылға оралғасын қаржы орындарында жұмыс істеген. 1936 жылы қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде қызмет еткен, взвод, рота командирі болған. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен даңқты гене­рал- майop И.В.Панфиловтың басқаруымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанған. Соғыс жылдарында батальон, полк, днвизияны басқарды.

Момышұлының әскери өмірбаянында Москва түбіндегі шайқас ерекше орын алады. Одан басқа да ерліктері аз емес. Тек 19-гвардиялық атқыштар полкінің батальон командирі ретінде Москва түбінде 27 сәтті ұрыс жүргізді. Волоколам бағытында Крюково қонысы үшін шайқаста 19-полкты басқарып, сол жерде ауыр жарақат алғанына қарамастан, күресті әрі қарай жалғастыра береді. Момышұлының осындай көптеген әскери ерлігін ескеріп, 8-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі полковник И.И.Серебряков 1942 ж. тамызда оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Бірақ бұл наградтау қағазы жоғалып кетеді.

1944 ж. шілде айында Серебряков КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумына үндеу хатында: "Жолдас Момышұлына құрмет көрсетуді... өтінемін және мұны жеткізуді өзімнің парызым деп білемін... әділдік менен осыны талап етеді", — деп жазды. Бұл да аяқсыз қалады.

Жерлесіміздің одан кейінгі ерліктері де ескерусіз қалады. Момышұлы полк командирі, кейін дивизия бастығы бола жүріп, Калинин майданында, Курляндиядағы неміс басқыншыларын талқандау операцияларына белсене қатысады.

Соғыстан кейін Совет Армиясы Бас штабының Жоғарғы әскери академиясын бітіріп (1950 ж.), сонда әскери педагогикалық қызметпен айналысты. Тактика төңірегінде оның идеяларының батыл да жаңашыл болғандығына қарамастан, 1956 жылы гвардия полковнигі Момышұлы отставкаға жіберіледі. Баукең идеалист майданында да әскери ерліктерінен еш кем емес қаһармандық іс тындырған қаламгер екені баршаға мәлім. Оның шығармаларының негізгі тақырыбы жауынгерлік мінез-құлықтың қалыптасуы, елдік пен ерлікті дәріптеу, жастарды Отан қорғауға дайын тұру рухында баулу, әскери тәлім-тәрбие болып табылады. Бауыржан Момышұлының басты шығармалары: "Офицер күнделігі", "Бір түннің оқиғасы" (1956), "Москва үшін шайқас" (1958), "Майдандағы кездесулер" (1962), т.б. Кеңес Одағының батыры И.В.Панфилов жайында "Біздің гене­рал" деген ғұмырнамалық хикаят жариялады. Ал "Ұшқан ұя" романы 1976 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Біртуар қолбасшы туралы оқырман қауымга Ә.Нұршайықов "Ақиқат пен аңыз", З.Ахметова "Шуақты күндер", Бақытжан Момышұлы "Қасымда сен барда", "Әкеге құрмет", М.Қалдыбаев "Ұмытылмас кездесулер'' атты шығармаларын ұсынса, режиссер М.Бегалиннің "Артымызда Москва" кинофильмі, В.Шацковтың МХАТ сахнасында қойылған "Волоколам тас жолы" пьесасы Момышұлының әскери өмірбаянын суреттейді. Оның соғыстағы ерлігін бейнелеген белгілі орыс жазушысы Александр Бектің "Арпалыс" повесі әлемді шарлап кетті...

Бауыржан Момышұлы әлденеше ордендермен, медальдармен марапатталды. Дүние салғаннан кейін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (1990 жылы). Сөйтіп, ұзақ жылдардан соң, соғыс және еңбек ардагерлері, ғылым мен мәдениет қайраткерлері, қалың жұртшылық талабымен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қолдауы арқасында, халқымыздың ардақты ұлы - көзі тірісінде-ақ аңызға айналып кеткен осынау даңқты жауынгер, дарқан ойлы қолбасшы турасындағы тарихи әділеттілік қалпына келтіріліп еді. Бүгінде Бауыржан батыр есімін иеленген мектептер, көшелер, елді мекендер, ұжымшарлар егеменді елдің қала-даласында көптеп кездеседі. Оңтүстік астанада ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылған, әскери мектеп-лицей бар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет