ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БIЛIМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛIГI
«МЕНІҢ МАМАНДЫҚТЫ ТАҢДАУДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫМ»
(Мамандық таңдау бағытындағы 9 сынып оқушыларына арналған психологиялық жетелеу құралы)
Құрастырушы Кумаржанова К.А.
Ахмер орта мектебінің ұстаз-психологы
Өскемен, 2011
КІРІСПЕ
Мектеп оқушыларының мамандық таңдауда дұрыс бағыт алу мәселесі мектептің психологиялық қызмет аясында жүргізілетін аса жауапты да маңызды жұмыстарының бірі болып отыр. Бала үшін болашақ мамандықты таңдау өмірлік жолын дұрыс таңдаумен бірдей. Өкінішке орай, біз, балалардың таңдауының ақылмен емес, біреудің сөзіне ере отырып, немесе ата-анасының ықпалымен «қай жерге оқуға түсу оңай» деген көзқарастармен болып жатқанын байқаймыз. Ақпараттың көптігі де, өзін-өзі танудың әліппесі де, оларды қалай пайдалану керектігін білмегендіктен түкке жарамсыз болып қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Басқаша айтқанда, бүгінгі күні жасөспірімдердің өзін-өзі тану арқылы мамандық таңдауда дұрыс бағыт алуы және оған бейімделу мәселесі туындауда. Яғни, мамандық таңдауда оқушыға өз ақыл ойымен, дұрыс шешім қабылдау үшін психолог маманның көмегі керек. Осы мақсатты іске асыру барысында төмендегі бағдарламаны 4 негізге сүйеніп құрап отырмыз:
Мамандықты ақыл таразысына сала отырып таңдау үшін өмір жолына дұрыс бағыт керек. Ал өмір жолын таңдау жеке бастың ерекшеліктеріне, яғни өзін-өзі терең тану арқылы ғана іске асады.
Мамандықтың адам өміріне немесе оның өмір сүру стиліне әсер етуі туралы балалармен әңгімелесе отырып «Біз қалай өмір сүргіміз келеді?» деген сұраққа жауап беруіміз керек. Бұл сұраққа жауап табу үшін жасөспірімге өзінің ерекшеліктерін білу, өзін-өзі танып түсіну, өз тілегінің бұл өмірдегі талаптарға қайшы келмеуін анықтау үшін «өзін тану» бағытында ұзақ жолды жүріп өтуі шарт. Тек сонан кейін барып «сол» өмірді құру барысында қандай мамандықты таңдау керектігін шешеміз. Сонда ғана мамандықты таңдау нақтылы, әсерлі бола алады.
Осы бағыттағы жұмыстарды іске асыру үшін өзін-өзі тану тақырыбын мамандық туралы тақырыппен байланыстырамыз.
Бейімделу негізінде өзін жеке адам ретінде түсіну.
«Қажет, істей аламын, керек» деген мамандық таңдау алгоритмдерінің ішінен «қажеттілікті» жоғары қоямыз. «Ия, мен саясатшы бола алмаймын. Себебі, менің өзіме деген сенімділігім аз, бірақ қажет болса мен бойымдағы осы қасиетті дамыта аламын»,-деген мысалдан біз қажеттіліктің жеке тұлға негізін қалайтынын байқаймыз. Ендеше, жеке тұлға аймағындағы жұмысқа сүйене отырып, сол арқылы тұлғаның мінезін, икемділігін т.с.с жеке басының ерекшеліктерін дамытуына ықпал ету арқылы бейімделудің әсерін арттырамыз.
Осы бағыттағы жұмысты іске асыру үшін жеке тұлға, адамгершілік құндылықтар аумағында жұмыстар жүргізілуі шарт.
Мамандық туралы ақпараттарды терең және бейімдей оқыту тәсілдерін пайдалану оқушының екі ойлы болып, қобалжуын басады. Оқушыға әр мамандықтың ішкі ерекшеліктеріне үңіліп, оның салаларын талдап, әр қырынан қарап көрсету арқылы оның «сыртқы әдемі қабынан» көлеңкелі жақтарын да айыра алатындай жағдай жасау керек.
Осы бағыттағы жұмысты іске асыру үшін жоспарда шығармашылық тапсырмаларға, талдауларға, схема, модельдерге мамандық салаларын талдауда ойын - жаттығуларын қосу қажет.
Таңдауды белсенді жүзеге асыру. Мамандық таңдаудың, өмір жолын таңдаудың, арман мен қиялдан өзгешелігі сол, оны іс жүзінде жүзеге асыру қажет.
Жасөспірім «мен кіммін, қандаймын, мен не істей аламын, не істей алмаймын, мен үшін өмірде не маңызды?» деген жағдаяттарды «тұлғаның» деңгейінен қарай отыра оның «идеалдан» және «қажеттіліктен» айырмашылығын түсініп, өз таңдауын жасауы керек. «Өз өміріңді алдыңа мақсат қоя құр, немесе өмір ағысымен жүзе бер». Таңдау жасалып, мақсат көзделгеннен кейін оған жету жоспарлары жасалып, іске асыруға белсене кірісу керек.
Осы бағытта біліктілікті белсенді жүзеге арттыру үшін жеке тұлғаны дамыту бағдарламасы бойынша «Алға мақсат қойып, соған ұмтылуды жоспарлау» сияқты тренингтерді пайдаланамыз. Белсенділікті арттырудың тағы бір әдісі мамандық таңдау барысындағы «күнделікті» жүргізу болып табылады.(ТІРКЕМЕ 1)
Бағдарлама 11 психотехникалық сабақ ретінде ұсынылып отыр. Бұл нұсқаны мұғалімдердің өткізу мүмкіншіліктері ескерілген, сондықтан топтық немесе ұжымдық атмосфераны ұйымдастыру, позитивті (оң) және негативті (кері-теріс) байланыстар, релаксациялық әдістемелер ашылып жазылмаған. Ал егер мектеп психологы жүргізетін болса онда бұл сәттерді міндетті түрде өткіземіз. Көрсетілген сәттерді қосып өткізген жағдайда сабақтардың саны артады.
Сабақты жұмасына бір рет 90 минуттан өткіземіз (немесе 2рет 45 минуттан).
Бағдарламада 5 негізгі блок бойынша жұмыстар жүргізіледі:
Өзін-өзі тануды дамыту (1-3 - сабақтар).
Жеке тұлға қасиеттерін тану, арттыру (4-6 – сабақтар).
Мамандықтар туралы ақпараттармен терең таныса отырып ішкі ерекшеліктерін айыра білуге икемделу (3,5 -11 -сабақтар).
Мақсат қойып оған ұмтылтуға баулу (6-8 – сабақтар).
Белсенділіктерін арттыру (6 -11 сабақтар).
«МЕНІҢ МАМАНДЫҚТЫ ТАҢДАУДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМЫМ»
Мамандық таңдаудың алдын алу бағытындағы 9 - сынып оқушыларымен жүргізілетін бейімделу жұмысына психологиялық жетелеу жоспары
Құрастырушы: Өскемен қаласындағы Ахмер орта мектебінің психологы Кумаржанова Кенжегуль Алиповна
Мақсаты:
Оқушылардың мамандық таңдауда өзін - өзі тану арқылы, дұрыс бағыт алып, бейімделуіне психологиялық көмек көрсету
Міндеттері :
Мамандық таңдаудың алдын алатын алғашқы баспалдақтан, оқушылардың болашақ өмір жолдарының «оң» басталуына ықпал ету мақсатында - өзін-өзі тануды дамыту;
Мамандықты жеке бас ерекшеліктерімен байланыстыра таңдауға көмектесу;
Заман талабына сай икемділікті дамыту - әлеуметтік ортадағы өзгерістерге тез бейімделуіне ықпал ету;
Мақсат қойып , оған ұмтылуға баулу, белсенділікті арттыру.
Күтілетін әсер.
Мамандық таңдаудың алғашқы баспалдағында өзін-өзі танып, икемділіктерін дамытып, болашақ мамандыққа дұрыс бетбұрыс алып, соған қарай бейімделген, уақыт-заман талаптарына тез үйренетін, өзгенің пікірін сыйлайтын, құзіретті жеке тұлға қалыптастыруға ықпал ету.
Тиімділік критерийлері.
Жоспарланып отырылған жұмыстың басында және соңында бағдарламаның әсерін анықтау мақсатымен балалардың өзі туралы және қоршаған адамдар туралы көзқарастарының өзгергенін, жеке тұлға ретінде адамгершілік құндылықтары жоғары сатыға көтерілгенін анықтайтын, мамандықтың ішкі ерекшеліктерін саралай алу үшін байқау диагностикалары өткізілуі шарт:
А.М.Прихожан модификациялаған Дембо Рубинштейннің
«Өзін бағалау» шкаласы;
Р.С. Немовтың «Жекеленген диагностикалық сауалнама - ЖДС» сы; (ТІРКЕМЕ 3)
Ризапкинаның «Ақыл-ой түрлерінің даму деңгейін» байқайтын тесті;
Рокич әдістемесі «Адамгершілік құндылықтарының бағытталу барысы»
«Субъективті бақылау деңгейі - СБД»);
«Аяқталмаған сөйлем», «Менің әлемім» әдістемелері;
Әдістеме «Қызығушылық картасы» (ТІРКЕМЕ 2)
шығармашылық жұмыстар жасау;
анкеталау;
Мазмұнын ашып көрсету.
САБАҚ
Мақсаты: 1.Алғашқы диагностикалық жұмыстар өткізу арқылы өзін-өзі бағалау деңгейлерін байқау.
2.Мамандық түрлерінің адам өміріне әсерін түсіндіру,
Құралдар: Бала санына байланысты А3 жеке беттері, қалам, қарындаш, фломастерлер, ватман, жеке жұмыс дәптерлері .
Барысы:
1. Диагностикалық байқауды өткізу: Д.Рубинштеин «Өзін өзі бағалау шкаласы», «Адамгершілік құндылықтарының бағытталу барысы» Рокич әдістемесі (ЦО), «Субъективті бақылау деңгейі» (УСК)
2. Жалпы мамандық түрлері туралы әңгімелесу. Оқушылар білетін мамандықтардың тізімі құрылады. «Мамандық» , «Кәсіп» ұғымдарына жеке жеке тоқталып, әрқайсысына түсініктеме береміз. Оқушылардың жауап беру барысында мына сұрақтар қамтылуы мүмкін:
Мамандықты меңгеру үшін не қажет?
Мамандықты таңдауда нені ескеру керек?
Бұл мамандықты қай жерде оқып, меңгеруге болады? т.б сұрақтар ортаға салынып талқыланады.
3. Мамандық түрлері туралы әңгімелескеннен кейін, әр мамандықтың адамның өміріне қалай әсер ететінін және қандай рөл атқаратынын айқындап көрсетеміз. Ол үшін әр оқушы өзіне жақсы таныс бір мамандықты алып , оның адам өміріне «оң» және «теріс» әсерін сызбалы түрде көрсетіп беру тапсырылады. Модель қаңқасын көрсетеміз, мысалы:
мағыналы
пайдалы
бақытты жарқын
қатыгез азапты
мәнді
Жеке моделдерден қорытындылай келе, ватман қағазына ортақ бір оң әсерлі модель жасалады. Бірақ оқушылардың шығармашылығына шектеу қоймау керек.
«Ендеше сол адам өмірінің мәнді, мағыналы, пайдалы, бақытты, жарқын болуы үшін қандай мамандықты және қалай таңдауымыз керек?» деген сұраққа жауап іздей отырып , әркім тағы да өз сызбасын сызады. Бұл жерде өте көп нұсқалар пайда болады. Ол нұсқалар түрлерін тақтаға бекіту арқылы біз бір – біріне ұқсамайтын көптеген схема түрлерін аламыз. Қорытындылай келе, оқушылар мамандықтың адам өміріне қалай әсер ететінін, және қандай рөл атқаратынын сезіне отырып, өз модельдеріндегідей жарқын өмір сүру үшін мамандықтардың қыр, сырын білу және адамның өзін-өзі тани келе, сәйкестендіре, бейімделе таңдау керектігіне жетелеп әкелеміз.
САБАҚ
Мақсаты: Өзін-өзі тануды дамыту, өзгенің пікірін сыйлап түсіне білуге баулу, өз құндылықтарын арттыру. Мамандықтың салаларымен танысу.
Керекті құралдар: А3 жеке беттері, қалам, қарындаш, фломастерлер, бор.
Барысы:
1. «Мен кіммін, қандаймын?» жаттығуы орындалады. Әрбір оқушы «Мен кіммін, қандаймын?» деген сұраққа 20 пікір жазу керек. Берілетін уақыт 10 минут. Оқушылардың пікірлері міндетті түрде талқылануы тиіс.
2. Балалардан 5 минут уақыттың ішінде «Қуаныш дегеніміз не?» деген сұраққа пікірлер жазылып, немесе суретін салып беруін сұраймыз. Жұмыстар жиналып «сиқырлы сандыққа» салынады. Басқа да осы тақырыптардағы суреттер қорымен қосып аралыстырамыз. Бір-бірлеп алынып балаларға таратылады. Оқушылардың назарын «қуанышты» әркім әрқалай түсініп, әртүрлі елестететіне аударамыз. Біраз талдаудан кейін бір затты әркімнің әрқилы түсінетіндігі, елестететіндігі туралы қорытынды жасаймыз. Соңынан тапсырманы орындау жеңіл болды ма, жоқ па соған талдау жасалады. Әр адамның ерекше, қайталанбас екенін, әр адамның орнын ешкім толтыра да, ауыстыра да алмайтынын тұжырымдай келе, басқалардың пікірлерін тыңдап, сыйлау керектігі айтылады.
3.«Біз екеуіміз ұқсаспыз, әртүрліміз» жаттығуында оқушылар жұпқа бөлініп жұмыс жүргізеді. Дәптерде екі бағанға өзін жанындағы жұбымен салыстыра отырып (біріншісінде ұқсастық, екіншісінде айырмашылық) бойларындағы ерекшеліктерін жазып беруін сұраймыз. Тапсырма орындалып, талқыланған соң аталған ерекшеліктерді тақтаға физиологиялық, психологиялық топтарға жинақтап талдаймыз.
4. «Менің күн бетіндегі бейнем» жаттығуы: әркім басқаларды күн сәулесіндей өзіне тартатын өз бойындағы жақсы, жағымды қасиеттердің тізімін жасайды немесе сәуле бойына жазады. Бұл жаттығу оқушының өз құндылығын түсінуге, арттыруға әсер етеді.
5. Немовтың «ЖДС» диагностикалық байқауын өткізе отырып, қорытындысы бойынша мамандықтың түрлерінің «адам - адам», «адам – техника», «адам – белгілер жүйесі», «адам - көркемдік бейне» болып бөлінетіндігін, оның қайсысына бейімділігі бар екенін байқау.
3 САБАҚ
Мақсаты: Өзін-өзі тануды, басқалардың сезіміне сыйластықпен қарауға баулу, дамытуды жалғастыру, адамгершілік құндылықтарын арттыру.
Мамандықтың «Адам – белгі жүйесі» саласына шолу, осы салада қажетті адам қасиеттеріне талдау жасау.
Керекті құралдар: жеке жұмыс дәптерлері.
Барысы:
1. Өткен кездесудегі «Қуаныш» суреттерін, сипаттауларды есімізге түсіре отырып «кімнің жұмыстары дұрыс болды, кімдікі дұрыс болмады деп айта аламыз ба?» деген сұраққа талдау жасалады. Біздің бір-бірімізге ұқсайтынымыз, айырмашылықтарымыз туралы айта келе, «біреуді түсіне білу үшін бізге не кедергі? және не көмектеседі?» деген сұраққа жауап береміз.
Сонымен бірге төмендегі сұрақтарды талқылауға болады :
Біреудің сезіміне деген сыйластық көзқарас деген не?
Неге біз біреуге деген нақты сезімімізді басқалай айтуға уағыздамауымыз керек?
2. «Мен неге біреудің сыйлауына тұратын адаммын?» деген сұраққа жауапты күннің келбетінде толықтыру. Күн сәулелерінің көп болуына тырысу керектігін ескерту.
3.«Мүсін» жаттығуы. Топ екіге бөлінеді, оларға өзін сыйлауға тұратын қасиеті бар және ондай қасиеті жоқ екі «мүсінді» жасап беру тапсырмасы қойылады. Бір адамды қалған топ мүшелері жоғарыда аталып өткен қасиеттер бойынша мимика, жест арқылы «мүсіндейді». Экскурсия жетекшісі сайланып, екінші топтың «экскурсанттарына» неге осындай «мүсін соққандары» түсіндіріледі. Ал «экскурсанттар» онымен келісуі немесе келіспеуі мүмкін, олар өз түзетулерін енгізе алады.
4. Тапсырма «Өз өміріңде болған 6 оқиғаны есіңе түсір, «Ол сенің өз құндылығыңды жоғарылатуға әсер етті ме, әлде төмендетті ме, немесе сен үшін ол жағдайдың ешқандай әсері болмады ма?» деген сұраққа жауап табу тапсырылады.
5. Мамандықтың «Адам – белгі жүйесі» саласына шолу жасалады, балама-жақын түрлерімен танысу, оған қажетті адамның қасиеттерін талдау.
4 САБАҚ
Мақсаты: МЕН концепциясынан мағлұмат алу, түсініктерін кеңейту, өзін өзі тануды дамытуды жалғастыру, өз құндылықтарын арттыру.
Керекті құралдар: : жеке жұмыс дәптерлері, кісі басына А 4 форматты қағаз.
Барысы:
МЕН концепциясын 3 тұрғыдан сипаттау:
МЕН нағыз;
МЕН кіршіксіз;
МЕН басқалардың көзімен;
Оқушылар алдымен өздерінің «портреттерін» осы 3 тұрғыдан (3бағанда) жасайды, сонан кейін өз дәптерін оңға жылжытып, сол жақтағы көршісінің дәптерін алып, көршісіне жазады. Қайтадан кері қайтқан соң талдау жасалады:
Өзің туралы нені жазу қиын болды? Қай жағдайда?
Басқаның көзқарасымен келісесің бе? Нені өзгерткің келеді?
Басқа адамға жазғанда өзіңді қалай сезіндің? Неден қиналдың? Неге қиналдың?
Қорытындылай келе «Өзіңді жеке адам ретінде дұрыс қабылдай алдың ба? Өзгені жеке адам ретінде қабылдай алу үшін нені ескеруіміз керек?» деген сұрақтарға жауап іздей отыра өзгенің ерекшеліктерін ескеріп, өзгенің сезім, шешімдерін сыйлай білуіміз керектігін және өз сезімдеріңнің де өзгеден ерекше екендігін, көп сәйкес бола бермейтіндігін тұжырымдаймыз.
1.«Менің футболкам» атты жаттығуды жасау: өз жеке басыңның ерекшеліктерін білдіретін қасиеттеріңді футболка бетіне сурет немесе логотип арқылы көрсету. «Сиқырлы сандыққа» салынып, араластырылып, бір-бірден шығарып иесін табуға әрекеттенеміз. Бойынан дұрыс қасиет таба алмағандарға көптеп бір-бір жақсы қасиетін айту арқылы көмек жасаймыз.
2. Тапсырма: «Сөйлемдерді аяқта»
«Мен өзімді бақытты сезінетін кездерім .... ...болады»
«Жаман сезімдер ...............кезде болады»
« Мен неге ...................екенімді түсіне алмаймын»
«Менің өмірім бақыттырақ болар еді егер.......»
«Мен өз бойымдағы ең негізгі, өзгерткім келетіні..............»
3. «Менің әлемім» атты жаттығу орындалады: А 4 форматты қағаз таратылады. Осы беттің ортасына әркім өз ғаламшарын салады, «мен» деп ортасына жазады. Содан кейін өз ғаламшарынан басқа ғаламшарларға сызықтар жүргізіледі:
Менің сүйікті ісім.......
Менің сүйікті түсім....
Менің сүйікті жануарым.....
Менің сүйікті жолдасым.....
Менің сүйікті дыбысым.....
Менің сүйікті иісім......
Менің сүйікті ойыным.....
Менің сүйікті киімім.....
Менің сүйікті әуенім.....
Менің сүйікті жыл уақытым.....
Менің ең жақсы көріп істейтін ісім....
Менің ең жақсы көріп баратын жерім.....
Менің сүйікті әншім немесе тобым.....
Менің сүйікті кейіпкерлерім.....
Мен өз бойымда ...... деген икемділіктің бар екенін сезінем.
Мені ең көп таңдандыратын адамым.....
Өте жақсы ...... істей аламын
Мен ..... істейтініме сенімдімін.
Мен өзіме сенімдімін, өйткені........
Бұл «жұлдызды карта» әркімнің қайталанбастай ерекшеленетін мүмкіндіктерінің мол екенін көрсетеді және барлығымызға ортақ нәрсені де көрсете алады. Сондықтан да біз бір-бірімізге керекпіз және әр адам оның қасындағыларға көңілді, қуанышты болу үшін жағдай жасай отыра жетістіктерге жетуге болады.
5 САБАҚ
Мақсаты: өз өміріндегі оқиғаларға адамның өзінің қаншалықты әсер ететіндігін түсіне білу, бақылау қабілітін дамыту, икемділік ерекшеліктерін байқау.
Мамандықтың «Адам – техника» саласына шолу, осы салада қажетті адам қасиеттеріне талдау жасау.
Құрал жабдықтар: жеке жұмыс дәптерлері, А 4 беттері.
Барысы:
Жаттығулар
«Менің өмірім»: жасөспірімдер өз өмірлік тәжірибелеріне көз жүгіртіп, өз өміріндегі оқиғаларды қаншалықты реттеп, бағыттай алатындығын бағалайды;
«СБД» тестінің қорытындысымен жұмыс - өз бақылау локусыңа тағы бір көзқарас;
- «Ақыл шайқасулары»: «Мамандық елінде» тақырыбы бойынша «Адам – техника» саласымен танысу, талдау.
2. Тақырып бойынша рефлексия.
3. Шығармашылық жұмыс «Мен таңдайтын мамандық» моделін жасау.
6 САБАҚ
Мақсаты: Табысқа жету жолдарын саралап, ондағы «ұмтылыстың» маңыздылығын көрсету.
Маманық түрлерімен таныстыруды жалғастыру: «Адам –адам».
Құрал жабдықтар: жеке жұмыс дәптерлері, ватман, фломастерлер.
Барысы:
1. Топтық жұмыс - «Табысқа жету кластерлері» жаттығуы: оқушылар үш-төрт топқа бөлініп, оларға «өмірдегі табыс» дегеннің не екені, оған қалай жетуге болатындығын көрсете алатындай схема салу тапсырылады. 15-20 минуттық талдаудан кейін әр топ өз схемасын көрсетіп, оны түсіндірулері керек. Тақырыпты барлықтары ортаға салып, талдау ұйымдастырылады (талдау әлбетте «табысты» болуда адамның көптеген қасиеттері маңызды екенін, бірақ ол қасиеттердің ұмтылыссыз іске аспайтындығы» туралы қорытындыға келіп тіреледі).
Ендеше алға мақсат қойып, оған ұмтылуға үйренейік. Ол үшін бүгін төмендегідей жаттығу – релаксация орындаймыз:
Денемізді бос ұстап, орындыққа еркін жайғасамыз. Көзімізді жұмамыз (баяу әуен қосылады), өз болашағымызды көз алдымызға елестетеміз. «Болашақтағы өмірімнің қандай болуын армандай отыра оны қандай түсте, қандай иісте, қандай жерде екенін елестете отырып, маңайымда қандай адамдар, кімдер болатындығын да ойластырамын. Болашақ өмірімнің тек қана оң, дұрыс, нәтижелі жақтарын жоспарлаймын. Барынша ашық, жағымды, тиімді, өзгелерге зиян шектірмейтін, «экологиялы» таза болуына ұмтыламын (музыка баяулап барып өшіріледі)». Енді көздеріңді ашып «болашақ» өмірлеріңнің елесін жазбаша суреттейік, немесе суретке салып бейнелейік (10-15 минут). Ол үшін болашақта кім болғың келеді? Қандай болғың келеді? Қай жерде өмір сүргің келеді? Немен айналысқың келеді? Не иеленгің келеді? деген тізімнен баста. Ойыңды жинақтап, 10-15 минут бойында қарындашыңды жұмыс істеткіз. Өзіңді «патшадай» сезініп қиялдарыңа ерік бер, ешқандай шектеу қойма. Қорыта келе, неге қол жеткізгің келеді. Соны жаза отырып мынандай ережелерді сақта:
Өз арманыңды тек қана оң, позитивті терминдермен ғана жаз;
Нақтысын жаз: өзіңе қалай көрінетіндігін, мақсатыңа жеткенде нені, қалай сезінетініңді, не болатынын анық көз алдыңа келтіруге тырыс; Ұстап көр, түсін, иісін сезініп көр. Неғұрлым сезімге бай болса соғұрлым сенің миың оны іске асыруға ұйымдастырады.
Қорытындысын айқын елестет, мақсатыңа жеткенде не болады, өзіңді қалай сезінесің, жалпы ұмтылғаныңа қолыңды жеткіздің бе, жоқ па оны неге қарап білуге болады?
Мақсатты, оған жету жолдарын тек қана өзіңе байланыстылығын ескере құрастыр. Біреу істеп береді деп арқаланба, өз ұмтылысың тек қане өзіңнен шыққан, өзіңе тиесілі, тек қана сенікі болуға тиіс.
Болашаққа өз мақсатыңды проекциялай отырып, бүгінгі ұмтылысыңның салдары басқаға зардап шеккізбей ме ойлан: қорытындысы өзіңе де өзгеге де пайдалы, «экологиялы» таза, зиянсыз болуға тиіс.
Келесі кезеңде болашақ өмірлеріңнің өзің ойлағандай болуы үшін, оған ұмтылудағы жақын және алыс мақсаттарын қоюымыз керек. Ең түпкі мақсатқа жету үшін «алшақ» және «жақын» (5-6 жылға), «ең жақын»(3-4 жылға) уақыттық перспективалары ойластырылады.
3. Жаттығу «МЕН өз өмірімнің режиссеры, сценаристі және басты рольде ойнаушысымын». Басты рольде ойнаушының портреті немесе автопортрет – фильмге эскиз ретінде жасалады (ТІРКЕМЕ 1).
7 САБАҚ
Мақсаты: «Алыс» және «жақын» мақсаттарды қойып, оған жету жолдарын ойластыру, ұмтылуға баулу.
Мамандықтармен танысуды жалғастыру: «Адам – көркем образ».
Құрал жабдықтар: жеке жұмыс дәптерлері.
Барысы: 1. Алдыңғы жұмыстарды, автопортретті қарап отырып қай уақыт кестесінде жұмыс жасап отырғанымызды айқындаймыз. Оған алыс, жақын перпективалық мақсаттар ойланып, оған жету жолдарын «қадамдап» ойластырамыз. Алғашқы және соңғы қадамды ойластыру өте маңызды.
Келесі кезеңде осы жазылғандардың ішінен, осы жылға ең маңызды 4 мақсат таңдап алып жазамыз. Оның сізге маңызды екеніне сенімдісіз бе? Егер сіз оның маңызды екенін анық білетін болсаңыз, сіз оған қалай жету керектігін таба аласыз. 4 басты, негізгі мақсатыңыздан құралған тізім дайын болған соң жоғарыда айтылып кеткен ережелерге сәйкестігін қараймыз, түзету керек болса түзетеміз.
Енді мақсатқа жету үшін сенің бойыңда қандай қорлар бар соның тізімін жасаңыз. Ол сенің мінезіңнің бір ерекшеліктері болуы мүмкін, немесе қолдайтын достарың, немесе қаржы қоры, білім деңгейің, бойыңдағы энергияң, тіпіт уақыт қоры болар ма екен т. с.с.
Осыдан кейін өміріңізде табысқа жеткен кездеріңізді есіңізге түсіріңіз, оның маңызды болуы міндетті емес. Ол кез келген жағдайда болуы мүмкін: сабақта жақсы жауап бергеніңізден бастап достарыңмен өткізген кешке дейін. Сол кезде сіз жоғарыда аталып өткен қандай қорды барынша тиімді пайдаландыңыз?
Сондай 3-5 болған оқиғаларды есіңізге түсіріңіз. Сол кезде не істеп едіңіз, қандай бойыңыздағы қасиетті, қор түрін, мүмкіндікті пайдаландыңыз дәптеріңізге жазыңыз.
Осыдан кейін, мақсатқа жету үшін сіз қандай адам болуыңыз керек еді соны сипаттаңыз.
Мүмкін сізге жинақы, тәртіпті болу керек пе еді, әлде керісінше еркін, ойыңа келгенін тоқтамай істей сала алатындай болу керек пе еді. Мүмкін сіз өз уақытыңызды дұрыс пайдаланып, өз - өзіңізді бағалауыңызды жоғарылатып үйренгіңіз келетін шығар? Өз тұлғаңыз туралы ойланып, кем дегенде бір бетке сол туралы толтырып жазыңыз.
Тапсырма орындалған соң дәл қазір сіздің ұмтылысыңызға, мақсатқа жетуіңізге не кедергі жасайды? соны бірнеше тезиспен ғана құрастырыңыз. Нақтылы не кедергі? Не сізді шектейді? Мүмкін сіз уақытыңызды дұрыс жоспарлай алмайтын шығарсыз. Немесе жоспар бар, бірақ оған кірісе алмай жүрсіз бе? Мүмкін сіз бірден көп жұмыс істейтін шығарсыз, немесе керісінше, бір ғана іске шоғырланып, қалғандарын жіберіп алып жүрген шығарсыз. Мүмкін сіз «ештеңе шықпайды» деп қорғанатын шығарсыз.
Әр адамда ондайлық шектеулер болатын шығар, бірақ біз сол шектеуден құтыла алатынымызды мойындасақ біз шынында да одан құтыламыз.
Осы кезеңде біз бағанағы таңдап алынған 4 мақсатымыздың әрқайсысына жету үшін қадамды жоспар жасауымыз керек. Түпкі мақсаттан бастап бүгінгі күнге дейін не істейтінімізді әр қадам ретінде жазамыз. Тіпті дәл бүгін не істеуіміз керектігіне дейін қарастырайық. Д.Карнеги айтпақшы «Өміріңде істей алатынның бәрін, тек қана бүгін істей аласың». Ендеше осыдан бастауға болады: түпкі мақсатыңды ойлап алып , оған жету үшін ең бірінші не істеуім керек,- деген сұраққа жауап іздей отырып, қадамды жоспар жасаймыз.
Қадамды жоспардың дұрыс болатынына сеніміңіз аз болса, сіздің иеленгелі отырған барлық мақсатыңызға не кедергі екенін өзіңізден қайталап сұраңыз. Жағадайды өзгерту үшін «бүгіннен» жұмыс жасау мүмкін шығар. Осы мәселені (бүгіннен) шеше отырып негізгі мақсатқа жақындайсыз.
Сөйтіп ең негізгі алғашқы қадам жасалды. Сіз өзіңізге не керек екенін нақты білесіз: сіз оны түпкі мақсаттан бастап бастапқы әрекеттеріне дейін сипаттап шықтыңыз; жеке тұлғаңыздың қай жақтары мақсатқа жетуге көмектесетінін, қайсысы кедергі жасайтынын анықтадыңыз.
Келесі қадамның мақсаты – табысқа жетудің өз стратегиясын жасау:
Жетістікке жеткен адам моделін жасау. Ақылын тыңдау;
өзіңнің жоғарғы бір жетістікке жеткен кезіңді еске түсіру, релаксация жаттығуы; (72-бет, 6)
өзіңнің ең тамаша (кіршіксіз) күніңді ойша суреттеу;
ең жақын, ең жақсы, сенімді (кіршіксіз) қоршаған ортаңды ойша суреттеу;
Мамандықтың түрлерімен таныстыруды жалғастыру.
8 САБАҚ
Мақсаты: Белсенділікті арттыру, шығармашылықты, таңдаған мамандығына қажетті қасиеттерді дамыту.
Құрал жабдықтар: жеке жұмыс дәптерлері, «күнделік» бастау.
Барысы: 1.Қазіргі жағдайды («Кіммін, қандаймын, не істей аламын, не істей алмаймын, өмірде мен үшін не маңызды?» т.с.с.-тұлға құрылымдарындағы барлық деңгейлерді) айқындап анықтағаннан кейін, бұл жағдайдың идеалды жағдайдан, «керек»тен айырмашылығын түсінген соң, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Өз өмірімізді қойған мақсатымызға байланысты құрамыз ба, жоқ «ағыспен» жүре береміз бе? Таңдау жасалып, мақсат қойылғаннан кейін, оны орындау барысына қадамдар белгіленгеннен кейін, оны іске асыруға кірісеміз. Ол әртүрлі міндеттерді шешуден басталады, мысалы: «кикілжің жағдайларды шешіп үйрену» үшін тренингтерге бару, немесе көркем әдебиеттерді оқу, сынып ішіндегі кикілжіңдерді шешуге қатысу т.с.с. Біздің жағдайда бұл бағытта жұмысты іске асыру үшін «күнделік»пен жұмыс бастаймыз.
«Мамандық таңдау барысындағы күнделік»-ті.(ТІРКЕМЕ 1) жүргізу арқылы жасөспірімнің белсенділігін арттырып, мамандық түрлері туралы білімін толықтыруға көмек жасай отырып, оған қажетті қасиеттерді дамытуға әсер етеміз.
2. Тапсырма: күнделіктің бірінші бетінде «өмір жолындағы мақсатым, таңдайтын мамандығым, оған қол жеткізудегі міндеттерім» деген жолдарды толтырамыз. Екінші бетіндегі «болашақ маманның автопортретін» салу немесе жазу тапсырмасын орындау. Үшінші бетіндегі бүгінгі «автопортретті» салу немесе жазу. Төртінші бетте «менің бойымдағы қорларым», бесінші бетте «кедергі жасайтын жағымсыз қасиеттер, алтыншы бетте онымен күресу жолдары, жетінші бетте «таңдаған мамандығымның қосымша түрлері және ішкі ерекшеліктері», оған қажетті қасиеттер. Оларды дамыту жолдары жазылып, ары қарайғы толтыру тренингтердің аяғына дейін оқушының өзіне тапсырылады. Тренинг аяғында күнделік жыйналып портфолиоға салынады.
3. Әдістеме «Қызығушылық картасы» .(ТІРКЕМЕ 2) 40-50 минут.
9 САБАҚ
Мақсаты: жасөспірімдерге еңбек адамның, қоғамның құндылықтары екенін сезініп, түсінуге көмектесу;
Кейбір мамандықтардың ерекшеліктерімен спецификалық (өзіндік) сәттерін сезіну.
Құрал жабдықтар: жеке жұмыс дәптерлері, «күнделік» .
Барысы:
1. Күнделікпен жұмысты бақылау. Бағдар беріп алға ұмтылуға түрткі жасау.
2. Профориентациялық ойын «Басқа планетадан келген қонақтар» (45 минут, 49-бет, 9) немесе Ойын жаттығу «Сыйлық»
Мақсаты: Оқушылардың кейбір мамандықтардың өзіндік ерекшеліктері мен спецификалық ерекшеіктерін түсіне білуіне әсер ету (30-40минут).
Ойын шеңбер ішінде өткізіледі.
Ережелері: Біздің ортақ бір досымыз бар деп елестетейік (кейінірек кім екенін анықтаймыз). Ол досымыз бізді туған күніне шақырады, бармай қоюға болмайды, міндетті түрде бару керек. 30 секундтың ішінде әрқайсымыз қандай сыйлық апаратынымызды ойластырып табуымыз керек. Ол үшін 3-шартты орындау маңызды: 1- сыйлық оның мамандығын білдіре алатындай болу керек (қандай мамандық екенін төменірек анықтаймыз); 2-сыйлықтың бір ерекшелігі болуы шарт (қарапайым емес, көңілді, досымыз сондай ерекше сыйлықтарды жақсы көретін, қалжың түсінетін адам болсын делік); 3-сыйлықтың бағасын қалтамыз көтере алатындай болуы керек.
Топпен жүргізуші досымыздың кім екенін, ер адам ба, әлде әйел адам ба, шамамен неше жаста, және міндетті түрде оның мамандығын анықтап келісеміз.
Әркім өз сыйлығын ойластыру үшін 30 секунд уақыт беріледі.
Сонан кейін кезекпен сыйлықтарымызды атаймыз. Жүргізуші анықтаушы сұрақтар беріп отырады. Мысалы:
- Досыңның мамандығына сыйлығыңның қанша қатысы бар?
- Сыйлығыңның бағасы қанша? Т.с.с
Мұндай сұрақтар қатысып отырғандардың сыйлықты таңдауда жауапкершілігін, белсенділігін арттырады. Өзінің нұсқасын негіздей отырып ойыншы оның мамандығының ерекшеліктерімен салыстыруға мәжбүр бола отырып аталған мамандықтың қызықты элементтерінің ашылуына әсер етеді.
Ойын соңында кімнің сыйлығы қызығырақ болды , сол анықталады.
3. Күнделікпен жұмыс: Бүгінгі кездесуден алған әсерлеріңді, мамандық таңдауда қандайда бір жаңа түсініктер алғанымызды жазайық (5минут)
4. Әсерлілік критерилерін анықтау мақсатымен диагностикалық байқауларды қайталау:
.М.Прихожан модификациялаған Дембо Рубенштейннің «Өзіңді бағала» шкаласы;
Рокич әдістемесі «Адамгершілік құндылықтарының бағытталу барысы»;
«Субъективті бақылау деңгейі - СБД»;
10 САБАҚ
Мақсаты: беделділікті арттыру, маманданған еңбек туралы білімдерін өзектеу (актуализациялау), кеңейту;
Мамандық өрісіндегі «еңбек» түсініктерін жоғарылату.
Құрал жабдықтар: жеке жұмыс дәптерлері, «күнделік» .
Барысы : « ...әрпіне мамандық» жаттығу ойыны (5-15 минут).
Мақсаты: «маманданған еңбек әлемі» танымын кеңейту, бар білімдерін белсенді ету (5-15 минут).
Ойын тәртібі: Дөңгелектеніп отырамыз. Қазір бір әріп аталады. Бізідің міндетіміз - сол аталған әріптен басталатын көп мамандық түрлерін білетінімізді дәлелдеу. Шеңбердің бойымен әрқайсымыз бір-бір мамандықты атаймыз.
Жүргізуші бірінші әріпті атайды, ойыншылар кезекпен сол әріпке мамандық түрін тауып айтады. Егер көпшілікке танылмайтын мамандық болса, жүргізуші не туралы айтылғанын анықтап айтуды өтінеді. Егер ойыншы түсіндіре алмаса, мамандық аталмаған болып есептеледі де келесі ойыншыға кезек беріледі.
Сонымен қатар ойынға қатысушылардың мамандық түрін айна қатесіз атау талап етілмейді, өйткені бүгінде мамандықтың барлық түрін түгел қамтыған анықтама кітаптар жоқ. Бұл жерде оқушылардың мамандандырылған еңбектің жуықталған түрлерін айтып, сұрақтарға жауап бергені маңызды.
Жүргізуші 5-7 әріптен көп ұсынбауы керек, өйткені ойын қызықсыз болып кетеді. Ойынды қарапайым маманықтың түрлері жеңіл кездесетін м, н, о, әріптерінен бастаған жөн, кейіннен күрделірек ч, ц, я әріптеріне көшуге болады.
Бұл ойынның жүргізу барысында балалардың мамандық түрлері туралы түсініктерін әдейілеп емес, қосалқы түрде түзете отыратын мүмкіндіктері бар.
«Ең –ең...» ойыны (15-30 минут).
Мақсаты:оқушылардың мамандандырылған еңбек туралы танымдарын кеңейту(15-30минут).
Ойын тәртібі: Шеңбер құрып отырамыз. Қазір сендерге мамандықтардың ерекше бір мінездемелері беріледі, ал сендер оларды кезекпен қандай мамандыққа жататынын айтасыңдар.
Мамандық мінездемелері беріледі. Қатысушылар кезекпен, шеңбер бойымен өздерінің ұқсатқан мамандық болжамдарын айтады. Егер біреулері сенімсіздеу нұсқалар атайтын болса дәлдігін анықтау үшін сұрақтар қойылады.
Ойын ары қарай осы бағытпен жалғасады. Барлығы 5-7 мінездемеден аспауы керек.
3. Күнделікпен жұмыс: Бүгінгі тренингтің пайдасы болдыма? Қандай?
4. Әсерлілік критерилерін анықтау мақсатымен диагностикалық байқауларды қайталау:
- Немовтың «Жекеленген диагностикалық тексеруі - ЖДТ» сы;
- Ризапкинаның «Ақыл-ой түрлерінің даму деңгейін» байқайтын тесті;
11 САБАҚ
Мақсаты: Әр еңбек түрлерінен ортақ қасиеттерді тауып көрсете алуды дамыту; Мамандық стереотиптерін айыра білуге баулу;
топтық жұмысқа икемшіліктерін арттыру;
өз жұмыстарының қорытындыларына бақылау көзқарас;
Құрал жабдықтар: жеке жұмыс дәптерлері, «күнделік», жеке беттер.
Барысы: 1. Ойын жаттығу «Мамандықтар тізілімі»;
Мақсаты: Әр еңбек түрлерінен ортақ қасиеттерді тауып көрсете алуды дамыту; (10-15 минут).
Ойын тәртібі: Біз қазір шеңбер бойымен мамандықтар «тізілімін құрамыз». Мен бірінші бастайын, мысалы «металлург», ал келесе адам осы мамандыққа жақын бір мамандық түрін атауы керек, мысалы, «аспазшы». Келесі ойыншы осы аспазшы мамандығына жақын бір мамандықты атайды т.с.с.
Маңыздысы осы аталған мамандықтардың ұқсастығы неде екенін түсіндіре алуда, мысалы металлургте, аспазшыда отпен, пешпен, жоғарғы температурада жұмыс істейді.
Жүргізуші ойын барысында анықтама сұрақтар қояды: «сіздің мамандығыңыздың аталып өткен мамандықпен қандай ұқсастығы бар?» Аталған мамандықтардың байланысының бар жоқтығын топ шешеді.
Талдау: Талдау барысында көптеген мамандықтардың ішінде бір – біріне ұқсас жерлерін көптеп табуға болатындығына оқушылардың назарын аударамыз. Мысалы, тізілім басында металмен жұмыс істейтін мамандықтар аталса, ортасында автокөлікпен байланысты, ал аяғында – балетпен байланысты болып жалғаса береді.(Сондайлық мысал: метллург – аспазшы – ет шабушы – слесарь (Темір кеседі) – автослесарь – такси жүргізуші – эстрада әртісі (ол да көп сөйлеп көңіл аулайды) – драмтеатр әртісі – балет әртісі т.с.с.)
Осындай әр түрлі мамандықтардың арасындағы күтпеген байланыстар бір ғана мамандықты таңдаумен шектелмеуге шақырады. «Ең-ең деген (тек бір ғана мамандықта!)» таңдауың одан бергі, қолың жететін мамандықтада болуы мүмкіндігін пайдалануға болатындығын айқындайды.
Ойынды екі реттен артық өткізбеген жөн. Егер оқушылар күлкілі немесе көңілді ұқсастықтар тауып жатса, олардың шығармашылықтарын ойынның жақсы өткендігінің көрсеткіші деп қараңыз.
Ойын жаттығу «Өмірдің бір күні...»;
Мақсаты: Мамандықтың айырмашылықтарын, ерекшеліктерін сезіну деңгейін арттыру. (15-25 минут). Шеңбер құрып отырамыз. Жүргізуші ойыншылармен бірге қай мамандықты қарайтынымызды анықтап алады. Мысалы: фотомодель.
Ойын тәртібі: Қазір біз барлығымыздың күшімізбен фотомодель маманының бір күнін сыйпаттайтын әңгіме құрастырамыз. Ол тек қана зат есімнен болуға тиіс. Мысалы, мұғалімнің бір күнін сыйпаттасақ былай болар еді: қоңырау – таңертеңгілік ас – сабақ – екілік алатындар – сұрақ – жауап – үштік – мұғалімдер бөлмесі – директор – ұрсыс – сабақ – бестк алушылар – қоңырау – үй – төсек.
Бұл ойында біз фотомодель жұмысын қаншалықты білетінімізді көре аламыз. Және топпен шығармашылық жұмыс жасай алатын икемшілігімізді байқаймыз.
Ойынның маңызды тәртібі ол ойыншы өз зат есімін атамас бұрын, оған дейінгі алдыңғыларын түгел қайталауы тиіс. Сонда ған біздің әңгімеміз бүтін бір шығарма бола алады. Айтқан адамға зейін сала қарап отырса сөзді нақтылы адаммен байланыстыра есте жақсы сақтауға болады.
Егер ойыншылар аз (6-8 адам) болса, екі реттен өткізуге болады, онда әркімге екі зат есімнен атауға тура келеді.
Талдау:Жүргізуші қатысушылардан бүтін бір әңгіме шықты ма жоқ па?, ешкімнің зат есімі әңгімені бұзбады ма? - деген сұрақтар қояды. Егер әңгіме түсініксіз болса ойыншылардың біреуінен өз сөзімен әңгіменің не туралы болғанын, қандай оқиғалардың болғанын айтып беруін өтінеміз. Сол сияқты оның қаншалықты шынайы және аталып отырған мамандыққа лайықты екенін талдауға болады. Ойынды екі реттен артық өткізбеген жөн.
2. Күнделікпен жұмыс.
3. Байқаулар қорытындысымен жұмыстар.
4. Рефлексия.
ҚОРЫТЫНДЫ
Бағдарламаның 9-сынып оқушыларына арналуы осы кезеңдегі жас өспірімдердің жас ерекшелігімен тығыз байланысты. Біріншіден–сензитивті кезең, екіншіден - осы кезеңде балалар «Мен» концепсиясына көп қызығушылықта болады, үшіншіден балалар профильдік пәндерді таңдау қарсаңында тұрғандықтан мәселе өзекті болып есептеледі.
Барлық төменде беріліп отырылған психотехникалардың маңызды элементтері болып ментальдық деңгейде «ойналынғанның» бәрін қағаз бетінде түртіп отыру есептеледі – олар: қандай да бір жазулар, схемалар, модельдер, суреттер, күнделік жүргізу. Осылардың позитивті «оң» болуы, «экологиялы» таза болуы кездесу барысында ережелер арқылы ескеріледі. Максуель Мольцтың (6) айтуы бойынша позитивті оң мақсатқа ұмтылу – бақытты өмірдің кілті : «Жоғарыда айтылғандай, адам – ылғый да бір мақсатқа ұмтылуда жүретін пенде; Оның іс-әрекеті мақсатқа бағытталса өмірі жайлы, қарапайым болмақ. Бақытты сезіну жайлы, қарапайым өмір сүрудің нышаны. Адам мақсаты айқындала ұмтылыс жасаған кезде өзін неғұрлым бақытты сезінеді»(98-бет, 6).
Жалпы «жасөспірімдердің психологиясы» ХХ ғасырдың бірінші жартысында өзінің тарихи бастауын күнделік жазбаларын оқудан бастағаны белгілі. Олардың мазмұндарын саралай отырып психологтар оны жүргізудің психотехникалық маңызына көп көңіл бөлмеген. Қиялдың шарықтап дамуына үлкен дамытушы күшті дәл осы ойыңды, қиялыңды, жоспарыңды қағаз бетінде бекіту береді. Сондықтанда бағдарламада осы негізге сүйенген көптеген психотехникаларды пайдалану қаралып отыр (жұмыс дәптерлерін жүргізу, схемалар, модельдер жасау, суреттер салу, күнделік жүргізу) олар оқушылардың белсенділігін арттыруғада әсерін тигізеді.
Бүгінде мамандық таңдау – бала үшін аса маңызды әрі жауапты істердің бірі және психолог, ата-ана тарапынан міндетті түрде көмекті қажет етеді. Ол адамға тән ойлану процесстері, мәдениет және оның құндылықтар контексінде қаралатын, өмірден, әлеуметтік ортадан өз орнын табудағы бүгінгі әрекеті болып саналады.
Егер адам өз-өзін еркін сезініп, өзін өзі тұлға ретінде талдай алатын болса; мақсат қойып оған жету құралдарымен қамти алатын болса; жағдайды саралап оны өз қызығушылығымен салыстыра алса; ақпараттармен жұмыс жасап оны білімге және таңдауына айналдыра алса – бұл өзіне не керек екенін білетін құзіретті тұлғаның қалыптасқанын білдіреді. Ендеше ұсынылып отырған бағдарлама мектеп жұмысындағы педагог- психологтарға және сынып жетекшілеріне тұлғаны қалыптастыру барысында өз көмегін тигізеді деген ойдамыз.
Глоссарий – сөздік
Әсер
|
эффект
|
Адамгершілік құндылықтарының бағытталу барысы
|
Ценностные ориентации (ЦО)
|
Актуалды, өзекті
|
актуальная
|
Ақыл шайқастары
|
мозговой штурм
|
Бағдарлама
|
программа
|
Басым мақсаттарым
|
Мои приоритеты
|
Белсенділік
|
активность
|
Бейімдей оқыту
|
Профилизация обучения
|
Болашақтағы жетістік
|
перспектива
|
Диагностика
|
Диагностика
|
Жекеленген диагностикалық сауалнама
|
Диференцированный диагностическии опросник (ДДО)
|
Жеке тұлға
|
личность
|
Жетелеу
|
сопровождение
|
құзіреттілік
|
компетентность
|
құндылық
|
ценность
|
Мамандық
|
профессия
|
Мамандыққа бағдар
|
профориентация
|
Мамандыққа бағытталған ойын, профориентациялық ойын
|
Профориентационная игра
|
Мақсат қою
|
целеполагание
|
Мен концепциясы
|
Я концепция
|
МЕН - кіршіксіз
|
Я - идеальный
|
МЕН – нағыз
|
Я - натуральный
|
МЕН - басқалардың көзімен
|
Я - глазами других
|
Ментальды деңгейде
|
На ментальном уровне
|
Модель, үлгі
|
модель
|
өзін бағалау
|
Самооценка (СО)
|
Өзіндік ерекшеліктері
|
специфика
|
Икемділік, қабілеттілік
|
Способность
|
Психотехника
|
Психотехника
|
Өзін өзі дамыту
|
Саморазвитие
|
Релаксация, бойды босаңсыту
|
Релаксация
|
Рефлексия, өткенге көз жүгірту, талдау.
|
Рефлексия
|
Стереотип
|
Стереотип
|
Субъективті бақылау деңгейі (СБД)
|
Уровень субъективного контроля (УСК)
|
Табыс
|
успех
|
Түзету
|
коррекция
|
Уақыт аралық жетістік
|
Временная перспектива
|
Оң бағыт
|
Позитивное направление
|
Элемент, құрам бөліктері
|
Элемент
|
Достарыңызбен бөлісу: |