2.2. Тәрбиенің қазіргі заманғы тұжырымдамалары мен бағдарламалары
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық
дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл –тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын»,- деп атап көрсеткендей тұлғаның рухани құндылықтарын қалыптастырудың тарихи алғы шарттары, ғұлама ғалымдардың артына қалдырған тәлімдік мұралары бүгінгі жастардың бойындағы рухани-адамгершілік құндылықтарды, білімді, білікті, тұлғаның бойындағы құнды қасиеттерді қалыптастыруға мүмкіндігінің мол екенін көре білдік.
Еліміз егемендік алғаннан кейін тәрбие мәселесіне бағытталған ғылыми зерттеу жұмыстарына аса мән берілді. «Қазақ мектептері мен мектепке дейінгі балалар мекемелеріне имандылық-эстетикалық тәрбие берудің кешенді бағдарламасы», «Қазақстан Республикасы мәдени-этикалық тұжырымдамасы», «Қазақстан Республикасы тарихи сананы қалыптастыру туралы тұжырымдамасы» т.б. құжаттар дайындалды.
Тәрбие мәселесіне байланысты тәрбие тұжырымдамасы үш рет қабылданғаны белгілі. Алғаш рет 1995 жылы ұлттық тәрбиеге негізделген тәрбие тұжырымдамасы1 қабылданып, аталған құжатқа негізделген үздіксіз білім беру жүйесіне тәрбие жүйесі құрылды. 2009 жылы 12 бағыттан тұратын «Үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы»2, 2015 жылғы «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде3» 8 бағыттан тұратын тәрбие тұжырымдамасы оқу тәрбие жүйесін жандандырды. Ұлттық негіздегі төл оқулықтар, оқу құралдары енгізіле бастады. Оқу-тәрбие жүйесінде ерекше даму үдерісі басталды.
Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің 1995 жылы қабылдаған “Тәлім-тәрбие тұжырымдамасында” отбасы, мектепке дейінгі, мектептегі тәрбиенің сындарлы жүйесі жасалды. Тұжырымдамада жас ұрпаққа имандылық, адамгершілік, еңбексүйгіштік, патриоттық, ерлік, эстетикалық тәлім-тәрбие беру мәселелері жан-жақты қамтылған. Тәлім-тәрбие тұжырымдамасында қазақ халқының жауынгерлік және ерлік тарихын, ұрпаққа ерліктің өшпес үлгісін қалдырған қас батырлардың өмір-өнегесімен таныстыру; өз жерін, елін қорғай алатын елжанды, ұлттық намысы мол жігерлі мол жігерлі азаматтар тәрбиелеу, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық ерекшеліктер, салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне пайдалануға аса мән берілген.
1991 жылы еліміз егемендік алғаннан кейін, халықтық мұраларды педагогикалық тұрғыда негіздеген профессорлар Қ.Б.Жарықбаев пен С.Қалиевтар болды. Олардың “Қазақ тәлім-тәрбиесі” атты оқу құралы, ХIҮ ғасырлық қазақ тәлімдік мұраларын жинақтаған педагогикалық Антология ұлттық педагогиканың дамуына қосқан іргелі үлес болып табылады. Аталған ғалымдар халықтық педагогиканың негізін салушы А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, т.б. еңбектеріне терең үңілмей, төте жазуды қазақ тіліне аудара отырып олардың еңбектерін бүгінгі ұрпағына табыс етумен қатар, халықтық тәрбиені ғылыми педагогикалық тұрғыда зерделеп оның теориялық және әдіснамалық негізін жасады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 2015 жылы ұсынған«Тәрбиенің негіздері» атты тұжырымдамада1болашақ қазақстандық жастар патриот, білімді, дені сау, жауапты және жігерлі, инновациялық экономика жағдайында табысты қызмет ететін, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгерген, қазақ халқының құндылықтары мен мәдениетін сіңірген, толерантты, дүниежүзіне танымал және мәртебелі, кәсіби құзыретті болады деп атап көрсетеді. Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру аясында және қазақстандық қоғамдағы заманауи әлеуметтік-мәдени трансформацияны ескере отырып әзірленген.
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері жалпыадамзаттық құндылықтардың басымдықтарын, адам өмірі мен денсаулығын, тұлғаның еркін дамуын, патриотизмге, еңбексүйгіштікке, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеуге тәрбиелеуді көздейді. «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы аясында мемлекеттік саясат, қоғамдық талаптар, отбасылық тәрбие құндылықтары және тұлғаның жеке мүддделері мен мақсаттарының теңгерімі негізінде, сондай-ақ оқу және тәрбие процестерінің өзара кіріктірілуі арқылы тәрбиенің әдіснамасын, мазмұнын жаңартуға, білім беру жүйесінің тәрбиелік әлеуетін арттыруға бағдарланған.
Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері Қазақстан Республикасының білім беру жүйесіндегі тәрбиені дамытудың келешегін, басым бағыттарын, тәрбиенің мақсаттарын, міндеттерін, бағалау өлшемдерін және механизмдерін, анықтай отырып, заманауи қоғамның ерекшеліктерін және адамзат өркениеті дамуының негізгі үрдістері ескерілген, адамға сарқылмайтын күш-қуат беретін, оның ішкі жан-дүниесін байытып, рухани әлеуетін көтеретін рухани-адамгершілік, ұлттық-мәдени құндылықтарды білім беру мен тәрбие жүйесінің ажырамас әдіснамалық тұғыры ретінде қабылдау ұстанымын қолдайды.
Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің “Тәлім-тәрбие тұжырымдамасын”1 негізге ала отырып мектептегі, балабақшадағы тәрбие жұмысын жетілдіруге арналған республика ғалымдарының бірнеше бағдарламалары жарыққа шықты. Б.Баймұратова, М.Сәтімбекова, Ә.Әмірованың басшылығымен мектепке дейінгі тәрбиеге арналған “Балбөбек” бағдарламасы тұңғыш дүниеге келді. Сондай-ақ, Жарықбаев Қ.Б., Қалиев С.Қ. “Ұлттық мәдениет тарихы”, “Қазақ мәдениетінің тарихы”, “Қазақ этнопедагогикасы” т.б., Оразаев М., Смаилова М.Ж. “Қазақ халқының салт-дәстүрлері”, С.Қ.Қалиев, С.Т.Иманбаева, С.М.Төрениязованың “Болашақ“ оқушылар ұйымының Ережесі, М.Құрсабаевтың “Атамекен”, З.Ахметованың “Кәусар бұлақ”, М.Х.Балтабаевтың “Елім-ай” т.б. бағдарламалары жоғары, орта оқу орындарындағы және мектептегі оқу-тәрбие жұмыстарын ұлттық бейнеде ұйымдастыруға үлкен ықпалын тигізді.
Сонымен қатар, тәрбиеге байланысты жекелей авторлық тұжырымдамалар. Ресей Федерациясында жеке авторлық тұжырымдамалар Е.В.Бондаревская, Н.Е.Шуркова, И.Я.Зимняя, И.М. Ильинский, Қазақстанда С.Қ.Қалиевтің, Қ.Б.Жарықбаевтың, Ж.Ж.Наурызбайдың, К.А.Оразбекованың, С.А.Ұзақбаеваның, Р.К.Төлеубекованың, С.Т.Иманбаеваның т.б. бүгінгі тәрбие үдерісін жандандыруға игі ықпал етуде. Ж.Ж.Наурызбайдың «Қазақстан Республикасы азаматтарына мәдени-этникалық бiлiм беру тұжырымдамасында»өзекті негізгі мәселе-жан-жақты мәдениеттi тұлға деп өз мәдениетiне де, өзге мәдениетке де тәнтi адам, төл мәдениеттi терең бiлу оған басқа мәдениеттерге қызығушылыққа iргетас қаласа, көп мәдениеттi бiлу өз мәдениетiн мақтан тұтуға негiз салады деген қағиданы іске асыру көзделеді.
Достарыңызбен бөлісу: |