Мадақтау және жазалау әдістері. Мадақтау әдісі дегеніміз - тәрбиешінің баланың жағымды іс-әрекетін, мінез-құлқын көріп бағалай білуі және оны көпшілік, ұжым алдында жария етуі. Ал, бұған қарама-қарсы жазалау, баланың іс-әрекеті мен мінез-құлқындағы кедір-бұдырларды жөндеу жолындағы тәрбиешінің өз әрекеті деп түсінген абзал. Бұл әдіс баланы өз іс-әрекетіне өзі талдау жасап, өзіне-өзінің баға беруіне бағыттайды. Демек, өзін теріс іс-әрекеттен тежей білуге үйретеді. Олай болса, мадақтау немесе жазалау әдісі оқушылардың адамгершілік сана-сезімінің оянуына, дамуына ықпал етеді. Оқушыны өзіне-өзі талап қоя білуін үйретеді.
Мадақтаудың құралына мұғалімнің оңаша мақтауы, алғыс жариялауы, мақтау қағаздарымен марапаттауы, құрмет кітабына жазу, құрмет тақтасына суретін ілу, т.б. жатады.
Жазалау әдісіне мыналар жатады: мұғалімнің ескертуі, сөгіс жариялауы, педагогикалық кеңесте қарау, қиын балаларды тәрбиелейтін арнаулы мектепке жіберу. Мадақтау да, жазалау да өте нәзік тәрбиенің қатаң әдісі болғандықтан, оны байқап пайдаланған жөн.
Оқушылардың мінез-құлқына бақылау жасау, талап қою әдісі. Баланың мектептен тыс уақыттағы мінез-құлқын бақылаудың немесе еңбектің бір түрінен екінші түріне ауыстырудың тәлімдік маңызы зор. Талап қою дегеніміз – баланың іс-әрекетін белгілі бағытқа бейімдеу. Талап қою - баланың жауапкершілік сезімін ояту. Бұл әдісті іске асырудың құралы – мұғалімнің сұрауы және орынды нұсқау беруі. Бұл әдістің ерекшелігі - баланың тез іс-әрекет етуіне, оның мінез–құлқын, өзін-өзі реттеп тәртіпке келтіруге үйретеді. Ол көбінесе мұғалім мен оқушының арақатынасы дұрыс, бірін-бірі түсінген, дұрыс талап қойған кезде болатын жағдай.
Бақылау әдісі дегеніміз - баланың іс-әрекетін, мінез-құлқын, белгілі нормалар мен ережелерді орындауға ынталандыруды көздейтін әдіс. Ол белгілі тапсырмалар мен талаптарды орындауға бағытталады. Ал оны орындату құралына баланың күнделікті мінез-құлқын, іс-әрекетін, жұмысын бақылау, тапсырмалардың орындалу барысы туралы әңгімелесу, оқушының мұғалім мен жолдастарының алдында есеп беруі сияқты іс-әрекеттер жатады. Бақылау баланың іс-әрекеттерін бақылай отырып, бағыт-бағдар беруге бейімделе жүргізіледі.
Баланың бір іс-әрекет түрінен екінші іс-әрекет түріне ауысуының психологиялық негізі педагогикадан өзгеше. Бала өзі дағдыланған іс-әрекетін өзгертуге бастапқы кезде қарсылық білдіреді. Ондай балаға жаңа іс-әрекеттің пайдалы жағын жайлап түсіндіріп, ол істі атқаруға ынтасын ояту керек. Тәрбие әдісін орынды жерінде қолдану ғана оң нәтиже береді. Тәрбиенің әдіс-тәсілдерін кешенді түрде қолданғанда ғана тәрбие ісі жемісті болады.