V бөлім. ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҮДЕРІСТЕГІ ТӘРБИЕ ӘДІСТЕРІ МЕН ТӘСІЛДЕРІ
Жоспар:
5.1.Тәрбие әдістері жайында түсінік.
5.2.Тәрбие әдістерінің жіктелуі.
5.3. Оқушының жағымды тәжірибесі мен мәдени деңгейін қалыптастыру әдістері.
Негізгі түсініктер: тәрбие әдісі, тәрбие тәсілі, тәрбие әдістерінің ерекшеліктері.
Тәрбие әдістері жайында түсінік
Педагогикада әдістер жүйесі туралы әр түрлі пікірлер орын алып келді. Ертеректе шыққан педагогика оқулығында «Әдіс дегеніміз - тәрбиешінің баланың бойына тұрақты моральдық көзқарастар мен адамгершілік сезімдерді, дағдыларды сіңірудің құралы деген анықтама беріп келді. Бұл жерде әдіс де-генді тәрбие құралы» деген мағынаның синонимі ретінде алынып отыр.
Әдіс деген сөз гректің «metodos» деген сөзінен шыққан. Метод деген ұғым белгілі ақиқатқа, шындыққа, мақсатқа жетудің жолдары деген мағынаны білдіреді. Ал, кейінгі шыққан оқу құралдарында тәрбие әдістерін тәрбиенің тәсілдерімен, оқушының бойына белгілі бір қасиеттерді сіңірудің жолдарымен бірлікте алып қарастырады. Ең алдымен адамның жеке бас қасиеті мен қабілеті іс-әрекет барысында қалыптасады. Бұл қарым-қатынасты да қалыптастыруға қатысты. Мысалы, оқушының айналамен қарым-қатынасы арқылы өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Ал ол қоғамдық іс-әрекетке қатысу арқылы туындайды. Сондықтан оқушы білім мен тәрбие алуы үшін оны оқу мен қоғамдық іс-әрекетке белсенділікпен араласуын қарастыру қажет.
Тәрбие әдісі бұл мектеп тәжірибесінде тәрбиеге қойылатын мақсаттарға қол жеткізу үшін пайдаланылатын жол. Тәсілдер – тәрбиелеу саласына, еркіне, сезіміне, іс-әрекетіне әсер ету шаралары. Тәрбие тәсілі – жалпы әдістің бөлігі, жеке дара әрекет (әсер ету), нақты іс. Тәсілдер-бұл тәрбиешінің қойылған мақсатқа тез жетуі үшін тәрбиеленушімен бірге салатын соқпақ жол деуге болады. Егер оны басқа тәрбиешілер де пайдалана бастаса, біртіндеп ол үлкен соқпақ жолға-әдіске айналады. Тәрбие әдістері мен тәсілдері бірімен-бірі тығыз байланысты.
Педагогикалық үдерісте баланың еңбексүйгіштік сезімі қалыптасады. Мұның бәрі педагогтардан оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырып жүргізудің әдістері мен тәсілдерін жақсы меңгеруін және оны тәжірибеде түрлендіріп қолдана білуін талап етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |