Клиникалық бейнесі. Науқас адам соңғы кезде ұмытшақтық, селқостық пайда болғанын, жұмысқа қабілеті төмендегенін айтып, ұйқышыл және тоңғақ болып кеткеніне шағымданады. Ол тез шаршайды, тамаққа тәбеті төмендейді, науқастардың кейбіреуінде дауысы өзгереді. Олар толық, баяу қимылды, селқос келеді. Беті ісініп, домбығады, көзінің шарасы кішірейеді. Кейде аяқ – қол сусінділеніп, ісінеді. Терісі боз, сипағанда құрғақ, қалың және салқын екендігі сезіледі. Шынтақ пен тізе тұсінің терісі ерекше қабыршақтанып тұрады. Шашы, қасы түсіп, тырнақтары жұқарып, сынғыш келеді. Орталық жүйке жүйесінің қызметінің зақымдануына байланысты науқаста ұмытшақтық, ұйқышылдық, селқостық білінеді. Шетті жүйке жүйесінің өзгеруінен аяқ – қолы сырқырайды, бұлшық еттері ісінеді, аяғы ауырлап, жүруі қиындайды. Тыныс алу жолдарының шырышты қабаты сусінділене ісініп, науқастың дауысы өзгереді. Гипотиреозға тән белгілердің бірі – жүректің жиырылу қабілеті нашарлағандықтан жүрек соғуының сиреуі. Нәтижесінде тамырларға айдалатын қанның көлемі кеміп, бүкіл ағзада қан ағысы баяулайды. Жүрек ұлғайып, соғу дыбысы бәсеңдейді. Тамырдың соғуы әлсізденеді. Гипотиреозбен ауыратын науқастардың ас қорыту мүшелеріде зақымдалады. Науқастың тілі ісініп, ұлғаяды, оның жиегінде тістердің ізі болуы мүмкін. Науқастың тістері үгіліп, сынғыш келеді. Ас қорыту жолының шырышты қабықтары ісініп, сөл бөлу қабілеті төмендейді, ішкен ас баяу қорытылып, нашар сіңіріледі. Аспен сіңірілетін темір мөлшері азайып, қан аздық дамиды. Бүйректе қан айналымы нашарлап, зәрдің сүзілуі бұзылады. Әйел адамдардың етеккірі азайып, сирейді. Сырқат асқынған кезде етеккірі мүлде тоқтап, бедеу болып қалады. Ер адамдар белсіздікке ұшырайды.
Достарыңызбен бөлісу: |