Этиологиясымен патогенезі. Қант сусамырының басты себебі ұйқы безіндегі В – торшалары зақымдалып, олардың инсулин бөлу қызметінің нашарлауы болып табылады. В – торшаларының қызметі көбіне жұқпа немесе психикалық жарақаттан кейін бұзылады. Кейде ұйқы безі қабынғанда немесе бездегі қан айналысы бұзылғанда дамиды. Бұл аурумен науқастардың көбінде осы ауруға тұқым қуалайтын бейімділік байқалады. Зат алмасу дәрісіне басқа да іш сөлденіс бездерінің гормондары әсер етеді. Олар қандағы глюкозаның мөлшерін жоғарылатады. Бұл жағдайда инсулиннің мөлшері жеткілікті болғанның өзінде, көмірсулардың ыдырауы және сіңуі қиындайды. Сырқаттың дамуына әсер ететін мәнбірлерге семіздік, ұйқы безінің улы заттар мен улануы, ұзақ уақыт көмірсулар алмасуына әсер ететін дәрілерді қолдану және т.б. жатады. Осы айтып кеткен себептердің әсерінен қанда инсулиннің мөлшері азайып, көмірсулардың ажырауы және олардың торшаларға сіңуі, глюкозадан гликогеннің, майлы заттардың түзілуі бұзылады. Сондықтан қанда глюкоза көбейеді. Бүйректің өзекшелерінде қайта қанға сіңірілмегендіктен глюкоза зәрмен бөлінеді. Қант сусамырында көмірсулардың ыдырауы бұзылғандықтан денедегі әрбір мүшенің құрамына кіретін, әр торшаның тіршілігіне қажет ақуыздың түзілуі төмендейді. Көмірсу дәрісінің бұзылуымен қатар майлы заттардың алмасуы да бұзылады. Қанда майлы қышқылдар түзілуі баяулайды, ал бос майлы қышқылдар көбейеді. Бауырдың құрамында болатын гликоген аз түзілгендіктен, оның орнына бауыр торшаларына қандағы майлы заттар тұнады. Бауырда оттегінің қатысуымен жүретін зат алмасуы бәсеңдейді. Нәтижесінде қанда түгел ыдырап үлгермеген ацитон және басқа қышқыл заттар (В - оксимайқышқылдары) көбейіп, қанның қышқыл – негіздік тепе – теңдігі қышқылдыққа (ацидозға) ауысады. Сонымен қатар қант сусамырында ағзадағы электролиттер мен су алмасуы өзгереді. Зәрмен бөлініп шыққан глюкоза зәрдің қысымын жоғарылатады да, бүйрек өзекшелері арқылы судың қайта сіңуі тежеледі, шығарылатын зәрдің мөлшері көбейеді. Зәр көп бөлінгендіктен ағза сусызданады, науқас шөлдеп судыкөп ішеді. Осы бұзылыстардың әсерінен барлық ағзалар зақымданады. Әсіресе қан тамырлары өзгеріп, қан айналысы бұзылып, жүректе, көздің торлы қабығында, бүйректе, жүйке жүйесінде дистрофия дамып, ағзалардың қызметі нашарлайды.