Ауру ағымын төрт кезеңге бөлуге болады: жасырынды, латентті кезең (аурудың белгілері болмайды); бастапқы кезең; аурудың негізгі айқындалу кезеңі; аурудың соңғы кезеңі. Жалпы адам ағзасындағы сырқат ағымдары жедел (жіті) және созылмалы түрде болып өтеді. Аурудың ағымында ремиссия (науқас жағдайының уақытша оңалуы) және рецидив (аурудың қайталануы) білінеді. Кейбір ауруларда асқынулар дамиды. Әр ауру симптомдарменсипатталады
Симптом – аурудың негізгі клиникалық белгісі, ауру әйгіленісі. Мысалы, лоқсу, құсу асқазан ауруларында, жөтел – тыныс алу мүшелерінің ауруларында кездеседі. Симптомдар субъективтік және объективтік түрге бөлінеді. Субъективтік деп науқастың өзінің сезген сезім шағымдарын айтады, ал объективтік деп дәрігердің науқасты қарағанда анықтаған белгілерін айтады (мысалы, жүрек, бауыр көлемінің үлкеюі, қан қысымының, дене қызуының көтерілуі т.б.) Синдром деп әр патологиялық жағдайға сәйкес келетін бірнеше симптомның жиынын айтады. Мысалы, уыттану синдромына әлсіздену, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, бас айналуы, тамаққа тәбетінің тартпауы жатады. Аурудың нәтижесі жазылу, созылмалы түріне ауысу, мүгедектікке ұшырау немесе өлімге ұшырау. Ағзаның функционалдық жағдайына байланысты мүгедектік 3 топқа бөлінеді. І топ – науқас функционалдық қабілетінен толығымен айырылады. Науқас өзін-өзі күте алмайды. ІІ топ – науқас функционалдық қабілетінен жартылай айырылады, бірақ өзін-өзі күте алып, өздеріне сәйкес тұрмыс істей алады. ІІІ топ - науқас жұмыс жағдайын толығымен істей алмайды, жеңіл жұмыс жасауға рұқсат беріледі. Дерт анықтамасын сырқатқа диагноз қою үшін қолданады (қандай ауру екенін анықтау үшін).
Диагноз – аурудың анықтамасы, оны медицина терминологиясымен жазу. Диагноз болжамды, нақтылы(дифференциалды), қорытынды болады. Болжамды диагнозды науқастың шағымдарына, субъективтік, объективтік тексеру мәліметтеріне сүйеніп қояды. Дифференциалды – көп аурулардың белгілері бір біріне ұқсас келеді, сондықтан қосымша тексерістерді жүргізіп, клиникалық белгілерін салыстырып, қай ауруға тән екендігін анықтап сырқат түрін бір - бірінен ажыратады. Қорытынды диагнозды субъективтік, объективтік және қосымша тексеру нәтижелер көрсеткіші бойынша қояды. Егер науқаста бір неше ауру болса, онда ең басты және қосалқы диагноз қойылады. Диагноз қойылған соң науқасқа емханада немесе ауруханада арнаулы ем жүргізіледі. Консервативтік ем: дәрі – дәрмектермен емдеу; симптомдық ем – белгілі симптомға ғана жүргізілетін ем; алдын –алу емі. Сырқатты емдеудегі алдын алу шараларының үш түрі болады. Алғашқы (бірінші) алдын алу – ауруды болғызбау үшін көрсетілетін шаралар. Екінші алдын алу – қауіпті мәнбірлерді болдырмау, қайталанып келіп отыратын аурудың алдын алу шаралары. Мысалы, созылмалы ауруларда көктем мен күзде науқастар ауру қозбас үшін алдын алу ретінде ем алып отырады. Үшінші алдын алу (синонимі - реабилитация) – ағзаның қызметін қалпына келтіру, физиологиялық жағдайын жақсарту.