2. 2. ДАМУ. ДИАЛЕКТИКА ІЛІМІ
Диалектика – сөзі ертедегі гректің екі – диа (екеу), лог (ұғым, мағына) сөзiнен тұрады. Диалог екеудің әңгімесі. Диалектиканың пайда болуы пiкiрталастық іс-әрекетке байланысты болды. Себебі, ертедегі гректің ақылды, шешен кісілері сенатта, сотта сөз сөйлеп жұртты өз пікіріне қарататын, диалог арқылы өз мақсатына жететiн, өзіне жақтастар таба алатын. Шындықты табудың көзі - айтыс, қарама-қарсылық пікір және сөз таластыру арқылы ақиқатқа жету. Диалектика белгілі бір процесс, ақыл-оймен дүние мәңгі қозғалыста, қимылда деп түсіндіру әдісі.
Гераклит (грецияда, б.з.б. V ғ.), дүние мәңгілік қозғалыста, қозғалмайтын нәрсе жоқ деді. Болмыс пен болмау - өзара байланыста, біріне-бірі тәуелді және біріне-бірі өтіп отырады. Бұның диалектикалық ойдың тарихына қосылған зор үлес екендігінде дау жоқ. Кратил ұдайы өзгеріп отыратын, қозғаушы күштің үзілмейтінін көрсетсе, Зенон, оның қарсы жағын, үзілетінін атап көрсетеді. Мұны Гегель: тезис – антитезис – синтез дейді.
Қайта өрлеу дәуірінде қарама-қарсылықтардың үйлесімділігі туралы диалектикалық идеяларды Николай Кузанский мен Джордано Бруно ұсынды. Жаңа дәуірде метафизиканың үстемдігіне қарамастан, Декарт өз космогониясында, Спиноза өзіне-өзі себеп болатын субстанция ілімінде диалектикалық ой үлгілерін жасады. Декарт: «Құдай дүниені жарата отырып, оған импульс немесе түркі болады, яғни сағат жөндеуші, сағаттың механизмін бұрай отырып, қозғалысты хабарлайды. Бұл пікір қоғамдық құбылыстарды талдауға қолданылмайды»1, – деген.
XVIII ғасырда француз ағартушылары Вольтер мен Руссо тарихтың даму идеясын ұсынды. Қоғамды дамытушы рухани күш немесе рухани фактор – мораль, дін және идеялар болады деп есептеді. ХІХ ғ. Маркс пен Энгельс: «Идеяны тудыратын данышпандар, қозғаушы күш – халық», – деп түсіндірді.
Диалектикалық әдіске қарама-қарсы метафизикалық ойлау әдісі бар. Бұл әдісті софистика (софизм) мен эклектика ағымдары қолданды. Софизм бір нәрсені дәлелдеп, пікір айтуға логика қағидасын бұзатын теріс тәсілдер қолданады және бұл дәлелі дұрыс секілді болып көрінетін әртүрлі айла-шараны пайдаланды. Әрине, бұл кезде объектінің ішкі болмысын, табиғатын шынайы ашпай, сыңаржақтылыққа ұрынады. Ал, эклектика (гр. Eklego- таңдаймын) - әртүрлі бағыттар немесе шындықтардың негізгі шешуші жағын айқындап алмай, түрліше қарау жолдарын принципсіз, қалай болса солай біріктіре салу.
Софистика мен эклектика метафизиканың ерекше бір түрлері болып табылады. Өйткені, екеуіне тән нәрсе: сыңаржақтылық, құбылыстардың арасындағы нақты байланыстарды елемеушілік, негізгінi ажырата білмеушілік. Оларға төменгiлер де жақын.
Достарыңызбен бөлісу: |