Философия – ғылымы адамзат мәдениетінің қайталанбас әрі ерекше құбылысы. Философияны мақсатты түрде оқу – ойлау мәдениетінің өсуіне, өзіндік сананың қалыптасуына, дүниежүзілік мәдениет пен өркениеттің байлықтарын тұрақты және жүйелі игеруге, табиғат, қоғам болмысының даму заңдылықтарын түсінуге, мамандықты саналы таңдап, жетілдіруге жетелейді.
Философия деген не? Дүниеде ол қашан пайда болды? Қалай дамыды? Философия бұдан бірнеше мың жыл бұрын Қытайда, Үнді елінде, Египетте, Вавилонда пайда болды. Бұдан 2500 жыл бұрын (б.з.д. V ғасыр шамасында) Афин қаласындағы грек демократиясында классикалық түрге ие болып, ерекше білім ретінде қалыптасты.
Дүние қалай жаратылған, бастамасы қайда? Ол мәңгілік пе? Адам дегеніміз не, оның дүниедегі орны қандай? Ақиқат пен жалғанның ара салмағы неде? Өмір сүрудің мәні бар ма? Адам өмірінің мәні неде? Адам баласы қалай пайда болды? Қозғалыс мәңгі ме, әлде уақытша ма? Адам мен жануарлар өмірі және олардың қатынасы қалай? Олардың өмір сүру ортасы деген не? Осындай «мәңгілік» сұрақтарға жауап іздеу – философияның міндеті. Екіншіден, адамның дүниеге қарым-қатынасы сан-қилы. Осыған сәйкес адамның көзқарасы да әртүрлі. Олардың себебін біліп, ажырата білу де керек. «Дүниеге көзқарас» термині ғылым тіліне, күнделікті сөзге терең енді. Ол алғашқы рет XVIII ғ. неміс философиясы мен мәдениетінде (Кант, Фихте, Гете) кездеседі, адамға тән, оны іштей реттеп отыратын, рухани құрылымды белгілейді. Дүниеге көзқарасты анықтаудың ең жақын әдісі – білім мен құндылық қатынасты байланыстыру. Мазмұны тұрғысынан, ол адамның дүниеге және сол дүниедегі адамның орнына қатысты көзқарас, тұтастыққа ие болған жүйе. Байқау, сезу және ойлау арқылы да пайда болатыны білімге байланысты.
Білім дегеніміз – объективті, біздің санамызға, іс-әрекетімізге тәуелсіз өтіп жатқан заттар мен құбылыстардың, қатынастардың құрылымы мен заңдылықтары, басқалармен байланысы туралы деректер жиынтығы саналса, құндылық адамдардың, олардың әртүрлі дәрежедегі топтардың (отбасы, еңбек ұжымы, тұрғындар қауымы, ұлт, халық, адамзат, т. б.) тарихи даму сұранысына сай сол заттар мен құбылыстарды бағалауы, өз іс-әрекеттеріне қатыстыруы немесе ескермеуі. Осы ретте дүниеге көзқарас әрқашан объективтік білім мен субъективтік құндылықтың бірлігі болып табылады. Олар бір-бірімен қайшылыққа келіп, бірін-бірі жетелеп, дүниеге көзқарасты тереңдете түседі, оның ғылыми объективті бастауын кеңейтіп отырады. Сондықтан білім деңгейіне байланыстырып, дүниеге деген көзқарастың дәрежелерін ажыратуға болады.
Астрономияда – аспан әлеміндегі денелердің құрылымы мен қозғалысы зерттелсе, – математика, есептеу саласы, геометрия – математиканың бір тарауы ретінде үшбұрыш, текше, квадрат, геометриялық дене, шар, пирамидаларды, натурфилософия – табиғатты зерттеу ілімі ретінде теориялық көзқарастар жүйесін қалыптастырады. Көрінген білімде әртүрлі дәрежедегі бағалау белгісі болғандықтан, бейнелейтін затқа байланысты ғылыми, діни, философиялық, әдептілік, саяси, экономикалық, т.б. көзқарастар ажыратылады.
Саналы адам шамамен 50 мың жыл бұрын пайда болды деп есептеледі. Олай болса адамдар көзқарасы осыдан бастап, әрқилы қалыптаса бастады.
Көзқарастың түрлері: Жай немесе қарапайым көзқарас, күнделікті өмір қажетінен туған білім мен құндылықтар жиынтығы.
Теориялық көзқарас – белгілі бір тәртіпке келтірілген, жүйеге салынған көзқарас.
Ғылыми-теориялық көзқарас; дін – теориялық, бірақ ғылыми емес.
Философияны ғылым ретінде қарағанда, одан дүниетанымдық, теориялық, әдістемелік (жалпы ғылым әдісі немесе жеке ғылымдардың әдісі туралы) мазмұндарды ажыратуға болады. Олар табиғатты, қоғамды, адам санасын тұтас бір құбылыс ретінде алып, бәріне ортақ жалпы заңдылықтарды ашып, объективтік шындық жөнінде негізгі қағидалар жүйесін қалыптастырады. Болып жатқан белгілі бір жағдайларды жаңаша танып байқау, белгілі тәртіпте ұғынуды ұсынады.
Көзқарас – әр түрде әр адамда өзінше қалыптасады. Былайша айтқанда, (прогрессивтік, реакциондық кертартпалық), консервативтік, интернационалдық, патриоттық, гуманистік (адамгершілік), ғылыми-сипаттарда көрініс береді.