Дiн – орынсыз адасу. Адамның басқа өмiр сүру ортасы бар деуге ешбiр негiз жоқ. Ешқандай басқа әлемнiң бар болуы мүмкiн емес. Құрбандық шалу, ақылға сыймайтын әрекет. Бiздiң жақындарымыз үшiн ешқандай тамақтың қажетi жоқ, өйткенi қайтыс болған соң, дене құрылымы шiридi. Құдайға және о дүниеге сену, бұл мектеп өкiлдерiнiң пiкiрiнше, ақылдың кемдiгi, әлсiздiгi, жүрексiздiгiнiң белгiсi деп санайды.
Чарвактардың этикалық концепциясының негiзi – гедонизм (hedone – рахаттану). Тiршiлiктiң қызығын көрiп өмiр сүру қажет, ажал қадалып келiп тұрғанда ешкiмнiң одан құтылу мүмкіндігі жоқ, ол бәрiбiр алып тынады. Олар адамның мақсаты – байлық пен рахат өмiр сүру деп санады. Бұл теория, осылайша, адамды эгоизмге баулып, тiршiлiктiң қызығын қалауыңша көр деп насихаттайды.
Олардың iлiмiн бағалауда олардың дiн мен ескi философияны сынап, Веданың ақиқатқа сыймайтын қайшылықты iлiмiнiң абыройын төгуде көп еңбек еттi деп айта аламыз. Бұл философияда бiржақты көзқарас болды. Танымда интеллект пен ақыл-ойдың рөлiн жоққа шығарды. Сондықтан, көзқарас тұрғысынан абстракты, жалпы идеяларға сүйенiп, субъективизмдi тудырады. Сезiмдiк мүше әр адамға тән болғандықтан, әр адамның өз ақиқаты болады деп санады. Бұл бiржақтылықтың нәтижесiнде, олар жоғарғы әдептiлiк мақсаты мен құндылықты жоққа шығарады. Кейбiр маңызды кемшiлiктерiне қарамай, бұл бағыт Үндi философиясының ары қарай дамуына мүмкiндiк бердi.
Жайнизм – идеалистiк философия және этикалық iлiм, б. з. б. VI-V ғғ. пайда болды. Оның негiзiн қалаушы Вардхамана, соңынан Махавира (Ұлы батыр) және Джина (жеңiмпаз – қайту туу шеңберiн жеңген). Жайнизм буддизм сияқты жанның ауысуы туралы iлiм, карма заңын, жанның мәңгiлiгiн мойындайды. Нирвана болса болмыс емес, мәңгiлiк шаттық ретiнде көрiнедi. Карма заңынан құтылудың негiзгi құралы – аскетизм. Әлем екi мәңгiлiк негiздiң өзара әркетiнен пайда болды. Жайнизмнiң пiкiрiнше тұлғаның мәнi дуалистiк: рухани (джива) және материалдық (аджива) болады. Джива мен адживаны байланыстыратын Карма. Бiрақ, карманың өзi, упанишадтағыдан ерекше, жұқа материя, ол жазалау заңы емес.
Тiршiлiктiң де, жердiң де жаны бар. Жалпы алғанда тiршiлiк мәңгi, бiрақ ол материалдық көптеген денелi жандарға бөлiнiп кетедi де, бiр денеден екiншi денеге ауысып отырады. Жанның жетiлген жағдайына өтуi үшiн өте қатаң әдептiлiк қағиданы сақтау керек. Меншiктен, кей жағдайда киiмнен безу, сонымен бiрге ахимсаны (жердегi – өмiрдiң барлық түрiнiң бiрлiгi), ұстану – қоршаған ортаға залал жасамау принципi. Құрт-құмырсқаға зияндық жасамау мақсатымен, тiптi жер өңдеуге де болмайды. Монахтар майда тiршiлiк иелерiн өлтiрмеу үшiн жүрген жерлерiн сыпырып жүредi. Олардың апатқа ұшырауынан өз өмiрiн қию артық деп санайды. Бұл аскетизмге, тiршiлiктен безуге алып келедi.
Буддизм – (санскр.– жарықтану, жарық болу). Б.з.б. VI–V ғ дiни iлiм ретiнде дүниеге келдi. Оның негiзiн салған – Сиддхартха Гаутама Будда (б.з.д. 563-483 жж). Гималайдағы Үндi алқабындағы шакья (сак сөзiнен шыққан деген болжам бар) тайпасының патша отбасында дүниеге келген. Буддизм теориялық философиядан гөрi, дiни этикаға негiзделген. Буддизмде қаталдық жоқ, сенгiң келсе сен, сенгiң келмесе сенбе. Буддизм – адам қандай әлеуметтiк сатыда тұрса да аурудан, кәрiлiктен құтыла алмайды. Тiптi құдайға арналған құрбандық та көмектесе алмайды дейдi. Азаптан құтылудың жолы – сансарадан (жанның бiр денеден екiншi денеге ауысып отыруы) толық азат болу. Будда үшiн философия – Нирванаға жету құралы. Бiрақ, нирванаға жетпей тұрып, адам «төрт игiлiктi ақиқаттың» мәнiн ұғынуы керек:
Адам өмiрi туған күнiнен, аяғына дейiн азапқа толы.
Азаптың себебi бар. Ол – қанағатсыздық, «ұдайы бола берсе» – деген құштарлық, тойымсыз әуестiк.
Азаптан босану, оның себептерiн тоқтату мүмкiндiгi бар.
Азаптан құтылудың жолыдары: өмiрдi сезiмдiк құмарлыққа арнау ретiнде қабылдамау, нәпсiден, ынтазарлықтан бас тарту, және өз жанын өзi қинау.
Осымен байланысты буддизмнiң әдептiлiк концепциясы – төзiмдiлiк пен салыстырмалылық болады. Әрине, бұл алдын ала қойылған әдептiлiктiң жалпы мiндетi емес, соңғысы - қоршаған ортаға зияндық жасамау. Бұл адам мiнез-құлқының басты принципi. Оның негiзiнде iзгiлiк сезiм қанағаттанушылыққа жеткендiк жатыр. Құштарлықтан құтылудың соңғы сатысына, сегiз әдептiлiк қағиданы бұлжытпай орындау арқылы жанды таза ұстауға тырысу қажет:
Дұрыс түсiнiк – төрт ақиқатты дұрыс түсiну;
Дұрыс сөз – өтiрiк айтпау, бiреудi басқа бiреуге жамандамау, балағат сөз айтпау;
Дұрыс ойлау – төрт ақиқатқа, өз өмiрiн өзгертуге бағытталған ерiк-жiгер;
Дұрыс жүрiп-тұру – ешқандай тiршiлiк иесіне жамандық жасамау;
Дұрыс өмiр сүру тәртiбi – адал еңбек етудi әдетке айналдыру;
Дұрыс күш-жiгер – құмарлықпен, жаман оймен күресу;
Дұрыс ой бағыты – бұл дүниенiң жалған, алдамшы, уақытша екенiн түсiну;
Дұрыс жинақтала бiлу – өз денеңдi сезiнуден, ойлаудан, түйсiнуден арылу.
Осы жолдың ең соңғы сатысына жеткен адамды архат (қадiрлi, құрметтi, сыйлы адам) деп атайды және ол нирванаға жетуi мүмкiн. Нирвана мокшаның өзгерген түрi, оның мокшадан айырмашылығы– мокша жанды азаптан о дүниеде азат етсе, нирвана – осы дүниеде азат етедi. Нирвана (санскр – дәлме-дәл – суыну, салқындау, сөну) буддизмдегi ең бiр негiзгi түсiнiк - сананың жоғарғы күйiн бiлдiредi (сансараға қарама-қарсы). Тiршiлiк иелерiнен тек адам ғана нирванаға жетiп “Будда” бола алады. Нирвана – құмарлықты басу, сонымен бiрге азаптан құтылу, бұл қайта тууды тоқтату, сансарадан, карма билiгiнен – себептiлiк шеңберiнен шығу. Нирвана – нақты өмiрдiң жоқтығы емес, оның ерекше түрi және адамның өмiр сүру тәсiлi, ол “теңiз секiлдi терең, тау шыңындай биiк, бал секiлдi тәттi, т.б”. Шын мәнiсiнде нирвананың бар екендiгiн адам тек өзiнiң тәжiрибесiнде түсiнедi.
Достарыңызбен бөлісу: |