ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ ҚОРЫНЫҢ ҚАРАЖАТЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ МЕН ПАЙДАЛАНУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Саидова Ж.Б.
Ф-20-1к тобының студенті
Кадырова А.Н.
э.ғ.м., аға оқытушы
Қазтұтынуодағы Қарағанды Университеті
Қарағанды қ-сы, Қазақстан Республикасы
Аннотация. Бұл мақалада Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын пайдалану және оның жұмыс істеуі, оның жинақтау мен тұрақтандыру функцияларын орындауы, Қор қызметінің басым бағыттары айқындалады.
Түйінді сөздер: Ұлттық қор, қаржылық активтер, тұрақтандыру қоры, шикізат секторындағы ұйымдар, республикалық бюджет, жергілікті бюджет, ресми трансферттер.
Қазақстан экономикасының жағдайы негізінен табиғи ресурстар секторындағы жағдаймен анықталады. Республикалық бюджет кірістерінің табиғи ресурстарға қалыптасқан тәуелділігі мемлекеттің алдына Қазақстанның болашағына қатысты бірқатар сұрақтарды қойып отыр. Біріншіден, бұл табиғи ресурстарды олардың орны толмастығына байланысты пайдалануды дұрыс жоспарлау мәселесі. Екіншіден, бұл мемлекеттік кірістер мен шығыстар көлемінің табиғи ресурстарға әлемдік бағаның күрт және күтпеген секірулеріне тәуелділігін азайту мәселесі.
Сол себепті Ұлттық қордың негізгі мақсаты елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, қаржы қаражатын жинақтау және болашақ ұрпақ үшін экономиканың қолайсыз сыртқы факторлардың әсеріне тәуелділігін төмендету болып табылады
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын құру кезінде басқа әлем елдердегі барлық ұқсас қорлардың тәжірибесі зерделеніп, 2000 жылдың 23 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың №402 Жарлығымен құрылды.
Жарлықта мыналар қарастырылған:
1. Ұлттық қордың активтері Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі шотына шоғырландырылады;
2. Қордың активтерін басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады;
3. Қорды пайдаланудың көлемі мен бағыттарын Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсыныстары негізінде анықтайды;
4. Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын қорды қалыптастыру және пайдалану туралы жылдық есепті Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуіне ұсынады.
Ұлттық қорды қалыптастыру мен пайдалануды реттеу мақсатында 2001 жылғы 29 қаңтарда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының кейбір мәселелері туралы» Жарлығы қабылдады [1].
Жарлықпен қоса Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану қағидалары бекітілді, онда Ұлттық қордың мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ функциялары, сонымен қатар оны басқару жөніндегі мемлекеттік органдардың құқықтары мен міндеттері одан әрі тұжырымдалды.
Осы Жарлыққа сәйкес Қор Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіндегі шотында шоғырланған қаржы активтерінің, материалдық емес активтерді қоспағанда, жиынтығы болып табылады.
Ұлттық қор жинақтау (сақтық) және тұрақтандырушы функцияларын жүзеге асырады. Жинақтау (сақтық) функциясы материалдық емес активтерді қоспағанда, өзге мүліктерді және қаржы активтерін жинақтауды қамтамасыз етеді. Тұрақтандырушы функциясы республикалық және жергілікті бюджеттердің шикізат ресурстарына, әлемдік бағалар конъюнктурасына тәуелділігін азайтуға бағытталған.
Қор қаражаттарының түсуі мен оны жұмсау ұлттық және шетел валюталарымен жүргізіледі. Ал Қор операциялары бойынша есеп пен есептілік тек ұлттық валютамен жүзеге асырылады [2, 76 б.].
Ұлттық қордың қаражаты 2019 жылғы 31 желтоқсандағы жағдаймен салыстырғанда 5,2%-ға өсіп, 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 28,2 трлн. теңгені құрады. Соңғы үш жылда Ұлттық қордың ресурстары 3,1 трлн. теңгеге өскенін байқаймыз (Сурет 1).
Сурет 1- Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты
2020 жылы Ұлттық қорға – 1 423 267 870 теңге түсті, оның 1 400 987 515 мың теңгесі мұнай секторы ұйымдарынан түсетін тікелей салықтар есебінен (жергілікті бюджеттерге есептелген салықтарды қоспағанда) құралды.
Ұлттық қорға мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдердің жалпы көлемінде 60,86% заңды тұлғалардан түсетін корпоративтік табыс салығына (30,69%) және өнімді бөлу бойынша Қазақстан Республикасының үлесіне (30,17%) келеді; Пайдалы қазбаларды өндіру салығы – 18,94%, экспорттық рента салығы – 11,45%, үстеме пайда салығы – 6,82%, өнімді бөлу шарты бойынша жұмыс істейтін жер қойнауын пайдаланушының қосымша төлемі және мұнай секторы ұйымдарынан жер қойнауын пайдаланудың баламалы салығы – 1,79%.
Сонымен қатар, 2020 жылға арналған мұнай саласындағы ұйымдардың бекітілген тізбесінен (155 ұйым) Ұлттық қорға тікелей салықты тек 111 ұйым төлегенін және де олардан түсетін түсімдер 2019 жылмен салыстырғанда 1 456 548 330 мың теңгеге немесе 49%-ға азайғанын айта кеткен жөн. Мұнай секторындағы ұйымдардан түсетін салық түсімдерінің төмендеуі негізінен әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуіне байланысты болды.
Алынған мұнай түсімдерін Қазақстан түрлі қаржы құралдарына, негізінен тұрақты валютадағы активтерге инвестициялайды. Ұлттық қордың валюталық активтерінің жалпы құны 2021 жылдың басында доллармен шаққанда 58,74 миллиард долларды, ал теңгедегі активтердің құны (негізінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік облигациялары) доллармен шаққанда небәрі 1,65 миллиард долларды құрады.
Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрылымы 2021 жылдың басында мынадай болды: дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларына $33,3 млрд (56,8%), дамушы елдердің мемлекеттік облигацияларына $1,68 млрд (2,87%) инвестицияланды. 2020 жылы акцияға $14,57 млрд (24,8%), ал ақша нарығының құралдарына $4,26 млрд (7,25%) салынды. Ұлттық қор 2020 жылы алтынға инвестициялар көлемін 2019 жылмен салыстырғанда 2,4 есе ұлғайтып, $2,4 млрд (4,09%) инвестициялады. Ұлттық қор валюталық активтерден тұрақтандыру және жинақ портфельдерін қалыптастырады.
Ұлттық қор әр түрлі валюталық активтердің жинақ және тұрақтандыру портфельдерін басқарады (яғни кіріс алу мақсатында активтерді сатып алады және сатады). Тұрақтандыру портфелі Ұлттық қорға, мысалы, экономикалық дағдарыс немесе шикізат нарықтарының қолайсыз конъюнктурасы жағдайында тез сатуға болатын, өтімділігі жоғары және сенімділігі жоғары қаржы құралдары (ақша қаражаты және ақша нарығының құралдары сияқты) есебінен өз салымдары өтімділігінің жеткілікті деңгейін тұрақты ұстап тұруға мүмкіндік береді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың тұрақтандыру қоржыны құрылымындағы ақша қаражатының үштен екісі (67,03%) болды.
Жинақ портфелі тәуекел деңгейі жеткілікті төмен болған кезде тұрақты табыс алу үшін Ұлттық қордың қаражатын ұзақ мерзімді бағалы қағаздарға жеткілікті ұзақ мерзімге инвестициялауға мүмкіндік береді. Жинақ портфеліндегі ең көп үлес (65,14%) тіркелген кірісі бар бағалы қағаздарға, яғни жоғары сенімділіктің, жеткілікті жоғары өтімділіктің және жақсы кірістіліктің оңтайлы үйлесімін білдіретін облигацияларға тиесілі болды. Бұл ретте портфель қаражатының 26,91% облигациялар бойынша кірістілікке қарағанда неғұрлым жоғары кірістілік алу мақсатында акцияларға инвестицияланды және бұл стратегия 2020 жылы өзін жеткілікті дәрежеде ақтады. Сондай-ақ жинақ портфелі қаражатының 4,4%-ы алтынға инвестицияланғанын атап өту маңызды, бұл Ұлттық қордың ұзақ мерзімді салымдарының жоғары сенімділігін қамтамасыз етеді, өйткені әлемдік резервтік валюталардың ешқайсысы, оның ішінде АҚШ доллары бағамдардың күрт ауытқуынан қорғалмайды.
Елдік арақатынаста 2020 жылы Ұлттық қордың жинақ портфелінің валюталық активтерінің ең көп бөлігі (жартысына жуығы) АҚШ-қа және тағы 13%-ы еуро аймағына кіретін Еуропа елдерінің бағалы қағаздарына (яғни негізінен Батыс Еуропа елдерінің активтеріне) тиесілі болды. Бұл қағаздар негізінен осы елдердің мемлекеттік облигацияларымен, сондай-ақ жоғары сенімді эмитенттердің акцияларымен ұсынылған. Жапон эмитенттерінің активтеріне жинақ портфелінің 7,4%-дан астамы, ал 2020 жылы Еуроодақтан шыққан Ұлыбританияның қаржы құралдарына портфельдің 6,4%-ға жуығы тиесілі болды.
2020 жылы Ұлттық қор тағы да «қауіпсіздік жастығы» рөлін атқарды. Коронавирустық пандемия салдарымен күресу үшін Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 2,07 трлн теңгеге ұлғайып, 4,77 трлн теңгеге жетті, егер де ағымдағы жылы мұнай бағасының төмендеуі салдарынан Ұлттық қорға түскен түсімдер небәрі 1,4 трлн теңгені құрағанын ескерсек.
2020 жылдың қорытындылары бойынша Қазақстанның Ұлттық қорының долларлық баламадағы тұрақтандыру портфелінің нарықтық құны $4,25 млрд құрады, ал жинақ портфелі $54,48 млрд-қа жетті, Ұлттық қор портфельдерінің жалпы кірістілігі 2020 жылдың қорытындылары бойынша 7,57%-ды құрады, ал активтерді басқарудан алынған инвестициялық кіріс $4,157 млрд-ты құрады, бұл өте жоғары нәтиже.
Дегенмен, ұзақ мерзімді перспективада тиімді макроэкономикалық нәтижелерге қол жеткізу үшін бұл қадамдар жеткіліксіз болып көрінеді. Мысалы, жыл сайынғы кепілдендірілген трансферт тек қана республикалық бюджетті тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылады, ал макроэкономикалық ынталандыру функциясы тек жанама түрде жүзеге асырылады (оны бөлу және пайдалану тетігі мүлдем анық емес). Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасы Ұлттық қорын ұлттық дамудың ұзақ мерзімді мақсаттарына ішінара қайта бағдарлауды мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүзеге асыру маңызды болып көрінеді.
Ең алдымен, Сантьяго қағидаттарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын құрылымдық тұрғыдан Тұрақтандыру қорына (болашақ ұрпақтар қоры) және Даму қорына бөлген жөн, олардың әрқайсысы өз алдына мемлекеттік қаржы активтерін инвестициялау және сақтау үлгілеріне бағдарланады.
Бірқатар әлеуетті тәуекелдерге, соның ішінде сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерінің өсуіне және Қор қаражатының бір бөлігін мақсатсыз пайдалануға байланысты тәуекелдерге қарамастан, бұл мемлекеттің теңгерімді даму саясатын жүргізу және экономиканың нақты секторын әртараптандыру мүмкіндігін айтарлықтай кеңейтіп, ал алдағы уақытта мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және т.б қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Тұрақтандыру қоры халықаралық борыштық және валюталық құралдардың жоғары өтімді әртараптандырылған портфельдеріндегі консервативті инвестициялық үлгіні пайдалана отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының ағымдағы жинақтау және ішінара зарарсыздандыру функцияларын орындауды жалғастыруға арналатын болады.
Даму Қорының қызметі тек шағын және орта бизнесті, инновациялық өндірістерді қолдауға, яғни басқа даму институттарына, бірінші кезекте «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорына жүктелген басқа да функцияларға бағытталмауы керек. Сыртқы қарыз нарықтарынан, ең алдымен халықаралық даму институттарынан (Дүниежүзілік банк, АДБ, ИДБ және т.б.) жеңілдетілген несиелендіруді тарту мүмкіндіктері болған жағдайда, қаржылық өтелмейтін жобаларды (автомобиль жолдары және т.б.) іске асыру үшін Даму Қоры ресурстарын пайдалану кезінде қайта сақтандыру тәсілін ұстану керек. Қалыптасқан тәуекелдерге байланысты Даму қоры жоғары табысты алу мүмкіндігіне қарамастан, мемлекеттік қаражатты тұрақсыз алыпсатарлық позицияларға (металлдар, мұнай фьючерстері) инвестицияламауы керек. Бұл жылжымайтын мүлік операцияларына да қатысты.
Даму қорының қызметінен алынған инвестициялық кіріс Қазақстан Республикасының сыртқы мемлекеттік борышын төлеуге және оған қызмет көрсетуге немесе нысаналы трансферттер ретінде мемлекеттік бюджетке әлеуетті түрде пайдаланылуы мүмкін.
Транспаренттiлiктi арттыру, тұрақты аудиттердi жүргiзу, Даму қорының қызметiнде түсінікті және ашық «бенчмаркинг» жүйесін құру – бұл қаражатты мақсатсыз пайдалануды болдырмау және инвестициялық нәтижелерге жалпы мониторингті күшейту үшін қажет шаралар. Атап айтқанда, ақпараттың ашықтық дәрежесі орындалған операциялардың кіріс/шығыстарының жалпы балансы, резервтік жинақтардың түсуі, инвестициялық объектілердің егжей-тегжейлі құрылымы мен бағалы қағаздар портфелінің және т.б. сияқты аспектілерді қамтуы керек.
Ұсынылып отырған шаралар негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының жұмыс істеуінде жинақталған тәжірибе болашақта елдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуының міндеттерін ескере отырып, стратегиялық жинақтаудың неғұрлым теңгерімді жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Әдебиеттер тізімі:
1. «Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығы //www.akorda.kz.
2. Сембеков А.К., Серикова Г.С., Айтбек С.К., Танашева А.Б., Игликова Д.Д. Қаржыға кіріспе: оқу құралы.-Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті. Қарағанды, 2017.-216б.
3. «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы 2020 жылға арналған есепті бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығының жобасы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 7 маусымдағы No 384 қаулысы.
Достарыңызбен бөлісу: |