2. Ағымдағы жағдайды талдау
Қазақстанда цифрландыру курсын дамыту «электрондық үкіметті», «Ақпараттық Қазақстан-2020» қалыптастыру, дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалармен берілді.
Бүгінде елімізде цифрландырудың драйвері 2022 жылға дейінгі іске асыру мерзімімен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы болып табылады. Мемлекеттік бағдарлама бес негізгі бағыт бойынша іске асырылады: «Экономика салаларын цифрландыру», «Цифрлық мемлекетке көшу», «Цифрлық Жібек жолын іске асыру» , «Адами капиталды дамыту» , «Инновациялық экожүйені құру».
Жетістіктердің ішінде: халықтың 99%-ы интернетпен қамтылған, мемлекеттік қызметтердің 90% - дан астамы онлайн қолжетімді, Индустрия 4.0 элементтерін пайдаланатын ірі және орта кәсіпорындардың үлесі 5%-ды құрады, инфокоммуникациялық инфрақұрылым кеңейтілді және келесі буын 5G мобильді байланысы тестіленуде, электрондық коммерция үлесі 2020 жылы 2.7%-дан 9.7%-ға дейін өсті, криптовалюталарды өңдеу бойынша цифрлық фермалар құрылды, модельдік фабрикалар мен зияткерлік кен орындарын құру бойынша жұмыс жалғасуда.
Қазақстанның адами капитал индексі 1-ден 0,63-ке тең және БҰҰ рейтингіне сәйкес 2019 жылы Қазақстан 51-орында тұр. Қазіргі уақытта Қазақстанда цифрлық сауаттылық деңгейі (базалық) 80%-дан астамды құрайды.
Қазақстандағы телекоммуникациялық инфрақұрылым индексі 1-ден 0,5668-ге тең және оны одан әрі дамыту қажеттілігін көрсетеді. Speedtest Global Index мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан мобильді интернет жылдамдығы бойынша 138 елдің арасында 95-ші орынды иеленеді, сондай-ақ тіркелген кең жолақты интернет жылдамдығы бойынша 174 елдің арасында 65-ші орынды иеленуді жалғастыруда.
Мемлекеттердің киберқауіпсіздік деңгейін бағалайтын Жаһандық киберқауіпсіздік индексінің есебіне сәйкес, Қазақстан 2018 жылы бір жылда бірден 43-ші орынға, 83-ші орыннан 40-шы орынға көтерілді. ТМД елдері арасында Қазақстан Ресейден кейін екінші орын алды. Дегенмен, осы көрсеткішті жақсарту бойынша жұмысты жалғастыру және мемлекеттік, сондай-ақ жеке салада ақпараттық қауіпсіздік стандарттарын арттыру жолымен дербес деректерді қорғау жөніндегі шараларды нығайту қажет.
Тиімді цифрлық үкіметті дамытудағы маңызды индикатор Doing Business рейтингісінде көрсетілген бизнесті дамыту деңгейі болып табылады, онда Қазақстан 190 елдің ішінде 25-ші орынға ие.
Бұдан басқа, инновациялық экожүйенің бірқатар элементтері құрылды: «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері, «Назарбаев Университеті» ДБҰ жұмыс істейді, «Astana Hub» АТ-стартаптардың халықаралық технопаркі іске қосылды.
2020 жылдың соңында технопарктер, инкубаторлар және үдеткіштер қолдайтын IT-стартаптардың саны 500-ге жетті. Ал нарықтағы жұмыс істеп тұрған АТ-компаниялардың жалпы саны 7 мыңнан асты. 2019 жылы АТ-компаниялар төлеген салық сомасы 89 млрд.теңгені құрады.
Ресми статистикаға сәйкес АКТ-нарығының көлемі 2 383 млрд. теңгеге дейін ұлғайды, елдің ЖІӨ-нің жалпы көлемінде АКТ-нарығының тауарларын (қызметтерін) өндіру және өткізу көлемінің үлесі 3,3%-ға тең.
ЖҚҚ АКТ-саласының ағымдағы бағаларында 2019 жылы 1 450 млрд.теңге болды, АКТ-нарығындағы сандық жұмыспен қамту 155 719 адамды құрады, осылайша еңбек өнімділігі 9,3 млн. теңгені құрады.
Сонымен қатар, Қазақстандық АТ-компаниялар халықаралық нарыққа белсенді шығып, қызметтер мен тауарларды экспорттай бастады. Тек 2020 жылдың өзінде тауарлар мен қызметтер экспорты шамамен 73,6 млн. АҚШ долларын құрады. АТ-қызметтерінің экспорты 24 млн.астам АҚШ долларын құрады, онда қызметтер экспортының 50%-дан астамы Еуропа елдері мен АҚШ-қа тиесілі. Сондай-ақ, экспорт елдері жылдан жылға өзгеретінін атап өткен жөн.
АКТ-саласына тартылған инвестицияларға келетін болсақ – стартаптарға тартылған инвестициялар көлемі 2020 жылы жоспарланған сомадан асып, 31 388 млрд.теңгені құрады, АКТ-саласының негізгі капиталына инвестициялар көлемі 2019 жылы98 212 млн.теңгеге тең.
Соңғы 5 жылда кәсіпорындардағы АКТ шығындарының динамикасы тұтастай тұрақсыз. 2019 жылы ҚР-да АКТ-ға жұмсалатын жалпы шығындар 337,7 млрд. теңгені құрады, оның ішінде 37,6 млрд. теңге – мемлекеттік басқару ұйымдарының шығындары. Негізгі үлесті АТ байланысты бөгде ұйымдар мен мамандардың қызметтерін төлеуге арналған шығындар – 121,7 млрд. теңге, сондай-ақ лицензиялық келісім негізінде пайдаланылатын бағдарламалық құралдарды сатып алуға арналған шығындар-55,7 млрд. теңге алатын шығындар құрылымына назар аудару қажет.
Сондай-ақ, АКТ-ны дамыту мен пайдалануға байланысты қызметкерлерді оқытуға жұмсалатын шығындардың 2,1-ден 8,1 млрд. теңгеге дейін айтарлықтай өсуін және ұйым ішінде бағдарламалық қамтылымды дербес әзірлеуге жұмсалатын шығындардың 13,1 млрд. теңгеге дейін өсуін атап өту қажет.
Бүгінгі әлемде цифрландыруды дамыту экономика, мемлекеттік басқару және қоғамдық өмір салаларының жұмыс істеуінің бұрын қалыптасқан барлық тетіктері мен қағидаттарын өзгертеді.
Бүгінде Қазақстан өз алдына экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен арылу міндетін қойып отыр және барлық күш-жігерін жаңа, перспективалы салаларды құру мен ілгерілетуге бағыттайды.
Технологиялық тәуелсіздікті қамтамасыз ету және меншікті «hardware» өнімдерін дамыту үшін қолданыстағы электроника өндірушілерінің өнімдерін сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету және электрондық өнеркәсіп өнімдерінің тізіліміне енгізу, сондай-ақ саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тиісті кешенді жоспарын әзірлеу арқылы отандық электрондық өнеркәсіпті дамыту үшін негіз қаланды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда электрондық өнеркәсіп саласында 60-қа жуық кәсіпорын бар. Өнімнің соңғы түрлері игерілді, олар: баспа платалары, телекоммуникациялық жабдықтар, суды, жылуды және электрді есептейтін электрондық аспаптар және деректерді сымсыз беруге арналған модульдер; компьютерлік техника мен бейнекамераларды, радиостанцияларды құрастыру, медициналық жабдықтар және т.б. 2020 жылы пандемия кезеңінде отандық өндірушілерге өз өнімдерін мектептерге жеткізуге мүмкіндік беру есебінен компьютерлік техниканың өнеркәсіптік құрастыру өндірісінің көлемі 2.5 есеге ұлғайды.
АТ-кадрларын даярлауды 116 ЖОО-ның 84-і жүзеге асырады. Жыл сайын IT-мамандарды даярлау үшін ЖОО-ларға 8000-9000 білім гранттары бөлінеді. 2018-2020 жылдары шығарылған АТ мамандарының саны – 30 604. Бұл ретте, сарапшылар мен нарық қатысушыларының бағалауы бойынша түлектердің 30%-дан аспайтын бөлігі негізгі қызметі бойынша мансап құру үшін қажетті дағдыларға ие.
Сын-қатерлер мен жаһандық трендтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің цифрлық инфрақұрылымы мен архитектурасын жетілдіру, байланыс пен интернет сапасын арттыру қажеттігін көрсетті. Азаматтар мен бизнестің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, цифрлық сервистерді құру қажеттілігі артып келеді, бұл азаматтар мен мемлекеттің өзара іс-қимыл процестері мен тәсілдерін толық қайта қарастыруды талап етеді.
Бірлі-жарым іс-шараларды орындау, мысалы, бизнес-процестерді трансформациялау сияқты тұтас тәсілдемеге қарағанда, үлкен басымдыққа ие болатын тәуекелдер бар. Осы іс-әрекеттердің салдары басқа АЖ-ға деректерді тура жіберу үшін мүмкіндіктері жоқ тар бағытталған ақпараттық жүйелерді құру болып табылады. Мемлекеттік органдардың функцияларын, міндеттері мен ақпараттық жүйелерін біріздендіру, олардың қайталануын болдырмау мақсатында, сондай-ақ үкімет архитектурасының нысаналы «көрінісін» көрсету мүмкіндігімен мемлекеттік органдардың АТ-архитектурасын дамыту талап етіледі. Шешімдер қабылдаудың data-driven қағидаттарына көшу үшін өзекті деректерді жинауды қамтамасыз ету, салалық деректерді цифрлық есепке алуды жүргізу аса маңызды.
Кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау және толыққанды цифрлық экономиканы қалыптастыру адами ресурстарды дамыту стратегиясын қайта қарастыруды талап етеді. Трансформациялау процестерін басқару үшін жаңа құзыреттер, өнімдерді жасау үшін АТ және инженерлік мамандардың көбірек саны және цифрлық трансформация мен Индустрия 4.0. көшу шеңберінде енгізілетін жаңа құралдармен және техникамен жұмыс істеу үшін жұмысшы мамандарды қайта даярлау талап етіледі.
Жүргізілген есепке сәйкес Қазақстан Республикасында экономиканың түрлі салалары үшін АКТ-мамандарға ағымдағы қажеттілік 30 мыңнан астам адамды құрайды. Қазіргі уақытта шығарылатын АКТ-мамандарының саны кадр нарығының жыл сайынғы қажеттілігін өтемейді. Заманауи электронды құрылғыларды жобалау және әзірлеу саласында практикалық дағдылары мен теориялық білімі бар мамандарда кадр тапшылығы байқалады. Бұл проблема, ең алдымен, «Мектеп – колледж – ЖОО – Кәсіпорын» жүйесінде маманның интеграцияланған оқытуының болмауына байланысты.
Цифрлық экономиканы кешенді дамыту және сенімгерлік ортаны құру үшін тараптардың құқықтары мен жауапкершілігін қорғауды, инновациялар үшін жағдайлар жасауды қамтамасыз ететін заманауи реттеу талап етіледі. Бүгінгі таңда цифрлық трансформацияның, реттеуші құмсалғыштың ұғымдық аппаратын реттейтін, реинжинирингілеу жүргізетін және мемлекеттік сектор мен тұтастай саланың цифрлық жетілуін бағалайтын, сондай-ақ деректерді басқаратын, зияткерлік меншік құқықтарын қорғайтын нормалар жоқ.
Шетелдік нарықтарға экспорттау кезіндегі кедергілер басқа проблема болып табылады:
- Қазақстандық АТ-компаниялардың өнімдеріне шетелдік тұтынушылардың сенім деңгейінің төмендігі;
- экспорттық нарықтарда жылжыту мен сатудың жоғары құны;
- шетелдік қаржыландыруды тартудың күрделілігі;
- экспорттық нарықтардағы бәсекеге қабілеттіліктің төмендігі.
Көптеген IT шешімдері/өнімдері мен қызметтері негізінен жаһандық нарыққа емес, жергілікті бағытқа бағытталған. Осыған байланысты, шешімді немесе қызметті әзірлеушілер кешенді диагностика жүргізіп, осы өнімнің қажеттілігін анықтай алатын және сүйемелдеу қызметтерін көрсететін институтты немесе алаңды қарастыру қажет.
Халықаралық нарыққа шығу көптеген кәсіпкерлер үшін өте ұзақ және күрделі болып көрінеді. Өзекті ақпараттың жеткіліксіздігі, шешілмеуі, тәжірибенің жетіспеуі және өз компаниясының мүмкіндіктерін объективті бағалай алмауы шетелдік серіктестермен ынтымақтастықтан бас тартуға себеп болады.
Өзге де проблемалар көптеген шетелдік компаниялардың Қазақстан аумағында негізінен сату бөлімдерін орналастыруы болып табылады. Қазақстандық нарық шағын сыйымдылығымен және жоғары білікті кадрлардың жетіспеушілігімен байланысты ТМД елдері ауқымында да өте тартымды нарық болып табылмайды. Процестердің бюрократиялануының жоғары деңгейіне байланысты шетелдік инвестицияларды тартудағы қиындық.
Қазіргі уақытта Astana Hub өңірлік ойыншыларды (инкубаторлар, технопарктер, акселераторлар) дамыту бойынша бағдарлама әзірледі.
Бұл ретте Astana Hub бағдарламасы аясында біріктіруші шатырлы бренд және үйлестіру орталығы болып табылады. Өтінімдерді қабылдау қорытындысы бойынша 3 өңірлік технопарк іріктеліп алынды, оларға Astana Hub үлгісі бойынша инфрақұрылымды дамыту әдістемесі берілетін болады.
2025 жылға қарай еліміздің 16 өңірін қамту жоспарланып отыр. Өңірлік ойыншылардың толыққанды дамуы үшін жергілікті атқарушы органдарға өңірлерде ат ахуалын жақсарту үшін жергілікті технопарктер құру және дамыту қажет.
Шетелдік ұйымдар мен мемлекеттік органдардың экспорты, масштабтау шарттары, тәуекелдері, ықтимал гранттары және (немесе) жобаларды қаржыландыруы туралы тиісті ақпаратты, Халықаралық технологиялық іс-шараларды, қазақстандық стартаптар мен ат-компанияларды масштабтау үшін тартымды шетелдік нарықтар туралы талдамалық материалдарды және осы елдердің салық саясатын, сондай-ақ басқа да қажетті ақпаратты ұсыну бойынша «бір терезенің» болмауы.
Пандемия кезеңінде квазимемлекеттік және мемлекеттік сектордағы сатып алу проблемалары күрделене түсті. Бұдан басқа, ірі жер қойнауын пайдаланушылар үшін сатып алудың басым бөлігін шетелдік сатушылар құрайды.
Yellow Pages Rules қағидаттарын сақтамау, мемлекет қатысатын ұйымдар бизнес қатысатын қызметпен айналыспауы тиіс. Жеке секторға бәсекелестік тудыратын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда АТ бөлімшелері немесе еншілес кәсіпорындар көп. Көптеген компаниялар акционерлік қоғам түрінде құрылған және қызметкерлердің жалақысын мемлекет реттемейді, бұл еңбек нарығының бұрмалануына және қызып кетуіне әкеледі – нарықтық емес жалақы, жеке сектордағы ресурстарды қаржыландыру.
Пандемия цифрлық трансформацияны жеделдетіп қана қоймай, соған байланысты стратегиялық сын-қатерлер мен қауіптерді ушықтырды. Өздерінің цифрлық платформалары жоқ елдер басқа адамдардың сандық шешімдеріне ақпараттық, саяси, экономикалық тәуелділікке түсу қаупін тудырады.
Технологияның, компоненттердің және мамандардың импортына тәуелділіктің артуына байланысты бәсекеге қабілеттіліктің жоғалуы. Ал ұлттық экономикадағы мемлекеттік сектордың Үстемдігі сыртқы және ішкі нарықтардағы экономикалық қызмет субъектілері арасында шектеулі бәсекелестікке әкеледі, бұл қазақстандық кәсіпорындардың жалпы бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.
Осылайша, электрондық өнеркәсіп саласындағы шетелдік шешімдерге импортқа тәуелділіктің жоғары болуына және саланы мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіз шараларына байланысты отандық жоғары оқу орындары мен кәсіпорындардың өздерінің ғылыми-өндірістік базасын дамытуға мүдделілігі нашар екені байқалады. Сонымен қатар, саланың ерекшелігі ҒЗТКЖ-ға жоғары шығындарды талап етеді, оның қаражаты кәсіпорындарда жеткіліксіз.
Қазақстандағы байланыс инфрақұрылымына ұзақ мерзімді және ауқымды инвестициялардан кейін жеке сектордың инвестициялық әлеуеті өз шегіне жақындап келеді, өйткені жергілікті нарықтың әлеуеті осындай өршіл инфрақұрылымды құруға арналған инвестициялық және пайдалану шығыстарын жабу үшін жеткіліксіз болатыны анық.
Бұл шарттардың болмауы тұтастай алғанда елдің цифрландырылуын тежейді. Осыған байланысты Тұжырымдаманың міндеттері көрсетілген проблемаларды еңсеру болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |