8.2 Марфуға Айтхожа
«Жыр аққуы» атанған, қазақтың белгілі ақыны Марфуға Айтхожа 1936 жылы 25 тамызда Құлжа қаласында (ҚХР) дүниеге келген. Атасы Айтхожа топжарған шешен, суырыпсалма ақын, ел сыйлаған би кісі болған. Қазақ елінің басына қаралы күн туған кезде бұл кісі алғашқы құрбандардың бірі болған екен. Ол кісіні «Итжеккенге» айдаған. Ал өз әкесі Ғали арабша, орысша сауаты бар білімді, жан-жақты зиялы адам болған. Ол кісіні де сол жылдары «Қарағаш» мектебінен Алматыға сексен адаммен бірге айдап әкелген екен. Бес баласы аштан өліп, түрмеден қашып, зайыбы Бифатима «Иіруден» қашып, Қытай жерінде табысып, қыздары Марфуға дүниеге келеді.
Ақынның балалық шағы қаймағы бұзылмаған, тұнығы шайқалмаған, халқымыздың салт-санасын қаз-қалпында сақтаған ортада өтеді. 1956 жылы Құлжадағы қыздар гимназиясын бітіреді. 1958 жылы атамекенге оралған.
1965 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін, 1971 жылы Мәскеудегі жоғары әдеби курсты бітірген. 1961-1969 жж. «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде әдеби қызметкер болып істеген. 60-жылдардан бүгінгі күнге дейін жиырма бес жыр жинағы шыққан. Алғашқы өлеңдер жинағы «Балқұрақ» деген атпен 1962 жылы жарияланған. Кейіннен әр жылдары «Шыңдағы жазу», «Жастық шақ», «Аққуым менің», «Қаракөз айым», «Баянжүрек», «Көзімнің қарасы», «Ақ бесігім», «Жарқыра, менің жұлдызым», «Қыран жеткен», «Таңдамалы», «Сағыныш сазы», «Жапырақ сілкінген кеш», «Аңсау», «Аққу жүрек», орыс тілінде «Утверждение», «Голубые голуби», «Струна степей», «Горсть земли», «Украшение коня», «Летние росы» өлеңдер жинақтары жарық көрді. Бірқатар шығармалары болгар, поляк, венгр, чех, парсы т.б. тілдерге аударылған.
2002 жылы «Аңсау» атты жыр жинағына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді. «Құрмет белгісі», «Парасат» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Достарыңызбен бөлісу: |