HTML тілінің бастапқы берілген символдық мәтінді белгілейтін командалары белгі немесе тәг (tag) деп аталады. Тәг символдар тізбегінен тұрады. Кез келген тәг “кіші” (<) символынан басталады да, “үлкен“ (>) символымен аяқталады. Осындай қос символ тізбегі бұрыштық жақшалар деп те аталады. Ашылатын бұрыштық жақшадан соң команда аты болып табылатын ағылшын тіліндегі түйінді сөз – тәг орналасады.
HTML тіліндегі әрбір тәг бір арнаулы қызмет атқарады. Тәгтің ағылшын тіліндегі аты оның қызметімен сәйкес келеді. Олардың жазылуында әріптер регистрі ешбір рөл атқармайды, бас әріпті де, кіші әріптерді де қатар қолдана беруге рұқсат етілген. Бірақ тәг атауларын мәтіннен айыру мақсатында оларды бас әріппен жазу қалыптасқан.
HTML тілінің бір тәгі әдетте құжаттың белгілі бір бөлігіне, мысалы бір абзацқа ғана әсер етеді. Осыған орай керекті сөз тіркестерін қоршап тұрған екі тәг қатар қолданылады: бірі абзацты – ашады, екіншісі – жабады. Ашатын тәг белгілі бір әсер ету ісін бастайды, ал жабатын тәг – сол әсерді аяқтайды. Жабу тәгтері қиғаш сызық символымен (/) басталуы тиіс.
Кейбір тәгтер өз жазылу орнына ғана әсерін тигізеді. Мұндайда жабу тәгі қажет болмай қалады да, тек жалқы тәг жазылады (мысалы, сызық жүргізу). Егер қате кетіп, тәг ретінде HTML тілінде қолданылмайтын түйінді сөз жазылып кетсе, онда оның ешбір әсері болмайды.
Броузер-программа арқылы құжат экранда көрсетілген шақта тәгтердің өздері бейнеленбей, тек керекті мәтін немесе суреттер көрініп, тәгтердің сол құжат мәтініне тигізетін әсері ғана білініп тұрады.