Семинар. Тарихи поэтиканың негізгі принциптері Орындаған: Әділбаева Балғын ҚТӘ 2-курс магистранты



Дата08.02.2022
өлшемі16,78 Kb.
#119341
түріСеминар
Байланысты:
4 семинар Әділбаева Б


4 семинар. Тарихи поэтиканың негізгі принциптері


Орындаған: Әділбаева Балғын
ҚТӘ 2-курс магистранты

Поэтика әдеби шығарманың эстетикалық қуатын, оның көркемдік мәнін жалпы туындының құндылығын айқындап береді. «Поэтика – әдеби тек пен түрдің, ағымдар мен бағыттардың, стильдер мен әдістердің ерекшеліктерін зерделейді, сондай-ақ көркемдік тұтастықтың әртүрлі деңгейінің ішкі байланыс заңдылықтарын және олардың арақатынасын зерттейді. Оның өзі мақсатты зерттеу аспектісіне байланысты романтизм поэтикасы, романның поэтикасы немесе белгілі бір суреткердің шығармашылығының поэтикасы болуы ықтимал. Әдебиеттегі көркемдік құралдардың барлығы тілге қатысты екенін ескерсек, онда поэтика тілді зерттейтін көркемдік құралдар туралы ғылым болып анықталады (мысалы, көркем әдебиеттің тілі). Поэтиканың мақсаты – шығарма құндылығынан эстетикалық әсерленуді қалыптастыруға қатысатын текстегі элементтерді айқындап және оны жүйелеу. Мысалы, лирикалық өлеңдерде сюжет элементтері маңызды рөл атқармайды, ырғақ пен дыбыстың мәні зор, ал прозада керісінше [1].


Поэтиканың тарихы ежелгі грек философиясына барып тіреледі. Поэтика туралы алғашқы ой-тұжырымдарды гректің көрнекті философы Аристотель айтқан болатын. Жалпы, ежелде поэтика көркем шығарманы танудың, талдаудың бірден-бір саласы ретінде танылған. Поэтиканың өзі үшке бөлінеді: макропоэтика, микропоэтика және тарихи поэтика. Жалпы поэтика, яғни макропоэтика мәтіннің үш негізін – дыбыстық, сөздік және образдық негізін зерделейді. Дыбыстық негізіне көркем мәтіндегі ырғақ, буын, бунақ, ұйқас, өлең өлшемі, дыбыс толқыны сынды ұғымдар кіреді де, оны әдебиеттанудың өлеңтану саласы арнайы зерттеу нысанына алады, яғни поэтиканың дыбыстық негіздері өлеңтану ғылымында арнайы зерттеледі. Қазақ әдебиеттану ғылымында біз академик Зәки Ахметовтің «Өлең сөздің теориясы» атты еңбегін мысалға келтірсек болады. Онда ғалым қазақ өлеңінің өзіндік жүйесін сарапқа салып, оның өзіндік ерекшеліктерін таразылайды.
Абай өлеңдеріндегі формалық, мазмұндық жаңашылдықтарды талдайды. Ал поэтиканың сөздік негізі зерделенгенде оның лексикасы, морфологиясы мен синтаксисі алдымен назарға ілініп, мұндай ерекшеліктердің бәрін әдебиеттану ғылымының стилистика деп аталатын саласы арнайы саралайды. Әдебиеттанудағы стилистиканың тіл біліміндегі стилистикадан ерекшеленетінін ескеру керек. Жалпы поэтиканың үшінші тұғыры – образдық негізін зерттеген кезде біз көркем шығармадағы кейіпкерлер жүйесіне, мотивтер мен сюжеттерге, олардың көркем туындыдағы салмағына мән береміз. Жеке поэтикада, яғни микропоэтикада жекелеген автордың шығармашылық әлемі немесе белгілі бір көркем шығарма, я болмаса бір циклдегі әдеби туындылар арнайы талданады. Ондағы көркем уақыт пен кеңістік мәселесі, тақырыбы мен идеясы, формасы мен мазмұны т.б. сынды көркемдік компоненттердің бәрі де терең сарапталады. Ал тарихи поэтика тарихисалыстырмалы әдістің көмегімен әртүрлі мәдениетке тиесілі мұралардың табиғатын тануға талпынады. Олардың ортақ генетикалық бастаулары мен типологиялық ұқсастықтарын зерттейді. Жалпы, поэтиканың басқа да түрлерін бөліп жарып көрсеткен ғалымдар бар. Мысалы, кейбір ғалымдар нормативті поэтика, теориялық поэтика, практикалық поэтика деген секілді басқа түрлерін атап өтеді. Ал енді поэтиканың әдеби мәтін алдындағы міндеттері қандай деген сұрақ туындайды.
Әдеби поэтиканың алдында ең алдымен мынадай міндеттер тұрады:
• Көркем шығарманың құрылымын анықтау;
• Көркем әдеби шығармада қолданылған поэтикалық бірліктерге талдау жасау;
• Шығарманың жазылу сатыларын және ондағы авторлық ұстанымның ерекшеліктерін зерделеу;
• Көркем әдеби туындының жазылуындағы принциптер мен заңдылықтардың сырына үңілу [2]. Әдеби поэтика әдебиеттің теориясымен тығыз байланысты. Көркем шығарманың шынайы бағасын беру үшін ол әдебиеттану ғылымының теориялық негіздеріне сүйенеді, оның әдіс-тәсілдерін пайдаланады. Міне, осындай қасиетіне қарай поэтиканы кейде әдебиеттің теориясымен қатар атайды. Ал оны әдебиеттің тарихымен ұштастыратын тұстары да аз емес. Өйткені белгілі бір көркем туындының немесе қаламгердің шығармашылық зертханасына үңіліп, шынайы да әділ бағасын беру үшін ол кейде тарихи әдістер мен деректерге сүйенуге мәжбүр болады. Жалпы, поэтика риторика, лингвистика, стилистика, эстетика, аударматану, герменевтика, семиотика сынды басқа да филологиялық ғылым салаларымен тығыз байланысты. Эстетикалық әсерін сыйлайтын көркем мәтіндегі әрбір элементтің бағасын беру үшін ол аталған ғылыми салалардың жетістіктерін пайдалануы мүмкін. Әдебиет, сөз өнері эстетикалық құбылыс болғандықтан, оның түпөзегінде пафос жатады. Пафос грек тілінен аударғанда сезім, эмоция дегенді білдіреді.
Бұл туралы алғаш рет гректің ғұламасы Аристотель айтқан болатын. Пафос трагедиялық, қаһармандық, романтикалық, сатиралық, комедиялық, драмалық және сентименталдық сипатта қарастырылады. Көркем шығарманы көркем етіп тұрған белгілі бір элементтер болады. Оның өзегінде сезім жатыр десек, ал енді көркемдіктің өзіне тән белгі нышандары болады екен. Жалпы, көркемдік деп аталатын ұғымның өзі өте күрделі ұғымдар санатына жатады. Бір жағынан, көркемдікті өнер туындысына, оның ішінде әдебиетке тиесілі туынды ретінде қарастырса, екіншіден, ғылыми қауымның нысанына ілігуге тұратын құндылықтық мәні бар өнер туындысы ретінде де бағаланады. Бүгінде көркемдікті өлшеудің бірнеше критерийлері қалыптасып отыр. Ұзақ жылдар бойы көркемдіктің басты өлшемі ретінде бейнелілікті атайтын. Алайда соңғы жылдары көптеген зерттеушілер аталмыш пікірден бас тартты. Өйткені бейнелілік тек көркемдік сипатта ғана емес, иллюстративті немесе фактографиялық тұрғыдан да көрінуі мүмкін. Сондықтан образды туынды қай кезде де көркем өнерге қатысты бола бермеуі мүмкін [3]. Ал көркемдік мән арқалау үшін мәтінде гуманизмнің болуы, эстетикалық сезімді қанағаттандыратын не оны туғызатын әсердің болуы, өмірлік шынайылық, суреттелер дүниенің тереңдігі мен кең ауқымдылығы, жазушы қиялының кеңдігі мен ойының тереңдігі, жинақтаудың, яғни типтендірудің шебер үлгісінің болуы, сюжет құраудағы шеберлік пен кейіпкерлер болмысын сомдаудағы кәсібилік, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіндегі қалтарыс-бұлтарыстардың ашылуы мен көркем әдеби тілдің бай болуы т.б. сынды көптеген критерийлер қажет болады. Міне, осыдан да көркем әдебиет өте күрделі құбылыс болып саналады. Онда қаламгердің эстетикалық идеалдары мен құндылықтар жүйесі, ішкі тебіреністері мен сезімдері жатады. Ал осының бәрін ашып беру үшін қаламгер сөзге жүгінеді. Сөз арқылы сурет салып, оқырманның қиялын қозғайды. Жазушының шығармасы басқа өнер түрлері секілді сезім мүшелеріміз арқылы әсер етпеуі мүмкін. Көркем шығарманы қолмен ұстап, дәмін сезе алмаймыз, ол арқылы құлақ құрышымызды қандырып, көркемдігін бірден көре алмаймыз. Оны театр, кино, кескін өнері, мүсін өнері секілді өнер түрлерінен ерекшелеп тұратын да осы қасиеті [3].
Алайда көркем әдебиет өнерінің құдіреттілігі сол, оқырман көркем шығарманы оқып отырып қиялға шомып, осының бәрін өз жүрегінен өткізіп отырады. Әдеттегі басқа өнер түрлері бере алмаған эстетикалық әсерді сөз өнерінің бере алуы сондықтан. Жазушы жалпы адамзаттық құндылықтарды арқау етіп, жақсылық пен жамандықтың мәңгілік тартысын шығарма өзегіне аналдыруы мүмкін. Сол арқылы оқырман тарихи шежіре мен ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық бірегейлік пен мәдени даралықты, дәуірдің шындығы мен қоғамдық сананың шындығын тануы мүмкін. Тек бұларды ғана емес, біз осы арқылы автордың да жеке тұлғасын, оның құндылықтар жүйесін тани аламыз. Ал қаламгерлердің назарында үнемі жеке тұлғаның болмысы, оның ішкі әлемі, адамның сүйініші мен күйініші, қуанышы мен қайғысы, арманы мен аңсары басты орында тұрады [3]. Адамның тағдыры осылайша бар өнердің өзегіне айналмақ. Әдебиеттанудың зерттеу нысаны көркем мәтін болса, мәтіннің өзін әр қырынан зерделеуге болады. Мысалы, семиотиктер таңбалық сипатын қарастырса, лингвистер тілдік сипатын, ал әдебиеттанушылар көркемдігін назарда ұстайды.


Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі (Құрастырушылар: З. Ахметов, Т. Шаңбаев) Алматы: «Ана тілі», 1998. – 384 б.
2. Темирболат А. Поэтика литературы: Учебное пособие / Темирболат А.Б. – Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 168 с.
3. Әдебиет теориясы: Антология. 1-том /Джули Ривкин мен Майкл Райанның редакциясымен. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2019. – 440 бет

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет