6-тарау. МҮГЕДЕК БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ
31-бап. Мүгедек баланың толымды өмiрге құқықтары
1. Мүгедек баланың қоғам өмiрiне белсене араласуына ықпал ететiн өз қадiр-қасиетiн қамтамасыз ету жағдайындағы толымды өмiрге денi сау балалармен бiрдей құқығы бар.
2. Мүгедек бала өзiнiң дене бiтiмiне, ақыл-ес қабiлетiне және тiлегiне сай бiлiм алуға, қызмет түрi мен кәсiптi таңдауға, шығармашылық және қоғамдық қызметтерге қатысуға құқылы.
3. Ақыл-есiнiң немесе дене бiтiмiнiң дамуында кемiстiгi бар балаларды қоса алғанда, мүгедек балалар мамандандырылған балалар ұйымдарында медициналық-әлеуметтiк көмек алуға құқылы.
32-бап. Мүгедек баланы жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттiк кепiлдiктер
1. Мемлекеттiк органдар және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары мүгедек баланың денсаулық жағдайын, қажеттерi мен мүмкiндiктерiн ескере отырып, оны оқыту, кәсiптiк даярлау, лайықты жұмыс тауып беру және жұмысқа орналастыру үшiн қажеттi жағдайлар жасауға мiндеттi.
2. Мүгедек балалардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету, оларды кәсiби даярлау мен қайта даярлауды ұйымдастыру жөнiндегi қызметтi жеке жүзеге асыратын және заңды тұлғалар үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен жеңiлдiктер белгiленуi мүмкiн.
33-бап. Мүгедек балаларға мемлекеттiк көмек
1. Мемлекет мүгедек балаларды қолдауға бағытталған медициналық, құқықтық, әлеуметтiк-экономикалық шаралар кешенiн жүзеге асырады.
2. Мүгедек балаларға көрсетiлетiн мемлекеттiк көмек Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Мүгедек балаларды тәрбиелеушi және оларды күтiп-бағуды жүзеге асырушы ата-аналардың және басқа да заңды өкiлдердiң мемлекеттiк көмек алуға құқығы бар.
7-тарау. БАЛА ЖӘНЕ ҚОҒАМ
34-бап. Ұлттық және әлемдiк мәдениетке баулу
1. Мемлекет балалардың Қазақстан халқының тарихымен, дәстүрлерiмен, рухани қазыналарымен және әлемдiк мәдениет жетiстiктерiмен танысуына мүмкiндiк жасайды.
2. Мемлекет балалардың шығармашылық және ғылыми қабiлетiн дамыту үшiн ұйымдар құруды, кино және бейнефильмдер, теледидар және радио хабарларын шығаруды, балаларға арналған газеттер, журналдар, кiтаптар басып шығаруды көтермелейдi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен оларға қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi.
3. Порнографияны, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты дәрiптейтiн, адамның қадiр-қасиетiн қорлайтын, балаларға зиянды әсер ететiн және құқық бұзушылыққа ықпал ететiн бұқаралық ақпарат құралдарын, әдебиеттi, ойын-сауық және басқа iс-шараларды пайдалану заң бойынша қудаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |