47-9-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы 1. Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын олардың алдын ала болу нәтижелері бойынша есептерін ескере отырып дайындайды. 2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына: уәкілетті мемлекеттік органдарға алдын ала болуға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жағдайларын жақсарту және азаптаудың және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын iс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұсынымдар; Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар да енгізіледі. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына өткен жылғы алдын ала болу жөніндегі қаржылық есеп қоса беріледі. 3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі және оны Үйлестіру кеңесі бекіткен күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің интернет-ресурсында орналастырылады. Ескерту. Заң 47-9-баппен толықтырылды - ҚР 02.07.2013 № 111-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары алдын ала болу барысында адамның жеке өмірі туралы өздеріне белгілі болған мәліметтерді осы адамның келісуінсіз жария етуге құқылы емес. 2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала болу барысында адамның жеке өмірі туралы өздеріне белгілі болған мәліметтерді осы адамның келісуінсіз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады. Ескерту. Заң 47-10-баппен толықтырылды - ҚР 02.07.2013 № 111-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).