49-бап. Баланың мiнез-құлқына әсер етудің ерекшелiктерi Ата-анасы және басқа да заңды өкілдері ата-аналық құқықтарын жүзеге асырған кезде баланың дене және психикалық денсаулығына, оның имандылық дамуына зиян келтiруге құқылы емес. Баланы тәрбиелеу тәсiлдерiнде баланың адамдық қадiр-қасиетiне менсiнбей, қатал, дөрекi қарау, оны қорлау немесе қанау болмауға тиiс. 10-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР 50-бап. Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершілік 1. Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады. 2. Ата-аналардың (олардың орнындағы адамдардың) міндеттерін орындаудан жалтаруы, сондай-ақ міндеттерін тиісінше орындамауы, ата-ананың перзентханадағы (оның бөлiмшесiндегі) немесе балаларды емдеу мекемесiндегi баласынан бас тартуы, балаларды қадағалаусыз қалдыруы, оларға қатыгездiкпен қарауы, оларды қанауы ата-аналық құқықтарынан айыруға немесе оларды ата-аналардың орнындағы адамдардан шектеуге әкеп соғады. Баланы алып қойған кезден бастап балаға арналған жәрдемақы төлеу, сондай-ақ өзге де төлемдер соттың шешiмi бойынша тоқтатылады. 3. Ата-ана (олардың орнындағы адамдар) балаларға арналған жәрдемақыларды және өзге де төлемдердi мақсатсыз пайдаланған жағдайда, егер бұл баланың мүдделерiне елеулi нұқсан келтiрсе, әлеуметтiк қорғау органдары, қорғаншы және қамқоршы органдар, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялар немесе прокурор бала мүдделерiне орай оған негiзсiз жұмсалған қаражатты өтеу туралы талап қояды. Сот арқылы өндiрiлген қаражат баланың банк шотына аударылады. 4. Ата-аналық құқықтарынан айырылған ата-ана ата-аналық құқықтарынан айырылуына қатысты балаларға алименттер төлеу жөнiндегi мiндеттерден босатылмайды. Ескерту. 50-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2009.07.11. № 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.