«Кеңес өкіметіне қарсы қазақ ұлтшылдарының ұйымына мені 1935 жылдың басында сол кезде Қарағанды облысының хатшысы болып істейтін Әйтеке Мусин тартты. Мен Мусинмен Алматы қаласында, 1934 жылдың басында (нағында 1933 желтоқсанында – Т.Ж.) Брайнин мен Шафироның «Қазақ буржуазиялық-ұлттық партиясының тарихы» атты баяндамасын талқылау кезінде таныстым... Сіздер тәргілеген ұлтшылдардың кеңес өкіметіне қарсы әдебиеттерін жинап, өзімнің кітапханамды жасақтадым. Мысалы мен Мусиннен 1913 жыл қазақ буржуазиялық ұлтшылдары шығарған «Айқап» журналының 13 санының тігіндісін алдым», - деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрағаттары, ҮІІ том, 41-42беттер) көрсетінді берді.
Соның нәтижесінде осы мәжілісте пікірлес болған институттың директоры Әзімбай Лекеров, Аймұхамет Мусин, Әзкен Жұмағұлов, Ізмұхан Құрамысов, Санжар Асфандияров бір іске тіркеле қосақталып, ату жазасына бұйырылды. Сол мәжілісте Санжар Асфандияров та алдыңғылардың пайымдауларын ғылыми ұстаныммен қостай сөйледі. Төраға І.Құрамысов:
«Асфандияров жолдастың сөзінің дені өткен жолғы кеңестегі сөйлеген жолдастардың қателігін қайталады. Сондықтан да біздің ең білімді тарихшыларымыздың бірі Асфандияров жолдас келесі жолы қайыра сөйлеуге дайындалуы керек деп ойлаймын. Біраз мәселеге тоқталып жатпаймын. Асфандияровта бейдиалектикалық қарама-қайшылық бар. Ол өзінің сөзін: барлық интеллигенцияны кадеттермен теңестіресіңдер деген желеумен бастады да, ал өзі барлық интеллигенцияны алашордашыларға қосақтады. Яғни, Асфандияровтың пікіріне жүгінсек, 1917 жылға дейін «Алашорда» объективті түрде прогрессивті болған, ал 1917 жылдан кейін аяқ астынан өзгеріп шыға келген... Асфандияров жолдасқа қатысты айтарым, оны «есептен шығарып тастаудың», сәл де болса басын қатерге тігудің қажеті жоқ, оны сақтай білуіміз керек. Бұл мәселе жөнінде мен де қателіктер жіберген болатынмын... Асфандияров жолдастың сөзінің әсерінен кейін: оған неге сөз бердім екен, алдыңғы шешеннен кейін жарыссөзді неге тоқтатпадым екен, – деп өкініп отырмын. Сондықтан да Асфандияров пен Федоров бұл мәселе жөнінде қайталап сөйлеуі тиіс. Ал біз олардың не дейтінін тыңдайық, оларға өз қателерін түзетуге көмектесеміз, қажет болса, ұрсып та аламыз», - деп өкініш білдірді.
Оның бұл сөзіне қарағанда А.Мусинді алдыңғы пікірінен бас тартуы үшін екінші отырысқа ырқынан тыс алып келгені байқалады.
1916 жылы 3 ақпанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Н.Бегімбетов Петроградқа барып, әскери министр генерал Поливановқа жолығып, қазақтарды әскерге алу мәселесін жеткізді. Ондағы басты мақсат: қазіргі заманның қару-жарағының тілін білмей, тұрақты әскерге тартылмай ұлттық тәуелсіздік туралы қиялдауға да болмайтын. Мұны алаштықтар: келешек ұрпақтың алдындағы парызымыз, – деп түсінді. Заманның беталысы ұлттан соны талап етті. Саналы армиясыз «сәулетті, еркін күнді» аңсаудың өзі надандық болатын. Сондықтан да «Қазақ» газетінің:
«Егерде біз теңдікке қол жеткізгіміз келсе, онда қазірден бастап тереңдеп ойламасақ болмайды. Бүгін не ексек, ертең соны орамыз», - деп жазуының астары осында.
28-29 желтоқсандағы кеңесте С.Асфандияров өзінің пікірін одан әрі тереңдетіп әрі-сәрі күйде: «Импералистік соғыс кезінде бұл зиялылар бұқараны күйреуік көңіл-күйде ұстады. Тек жалғыз Тынышбаев қана: Германияға қарсы майданда «ақ патшаны» қолдаңдар, германдықтар келсе, ауылдарыңды тонайды – деген мағынада үгіт жүргізді. Кезінде мен Тынышбаевқа: бұлай деуге қалай дәтің барады, – дегенім есімде. Анығын айтсақ, қара халық бұл майданда Түркияның жеңіп шығуын қалады. Міне, жалпы жағдай осындай болатын... Бұл қозғалыс революциялық емес, ұлттық-реформистік қозғалыс», - деген пікір білдірді.
Бұл сөздердің астарында ұлт мүддесі үшін бар өмірін арнаған алаш азаматының қайсар рухы жатыр. Қазақ тарихында зерттелмеген аса бір талмауытты тұс осы. Бұл мәселеге жанын сала кірісіп, жүздеген мың қазақты отанына қайтарып, жерге орналастырып, сол үшін басын бәйгеге тіккен адам – Мұхамеджан Тынышбаев. Түркістан генерал- губернаторына қырғынның барлық шындығын ашып айтып мәселе қойған да, уақытша үкіметтің арнайы тергеу комиссиясын құрғызған адам да – Мұхамеджан Тынышбаев. Соның нәтижесінде ұлт-азаттық көтерілісі тұсындағы жазалау отрядтарының «әскери серуені» – қанды қырғыны туралы әшкерелеуші деректер мұрағатта сақталып қалды. «Жетісу облысындағы босқын қырғыз-қазақ жайы» атты «Қазақ» газетінің 1917 жылға 6 желтоқсан күнгі санында:
«Қазақтың» 237-ші нөмірінде Қытайға босқан қырғыз-қазақтың саны 164 мың, қырылғаны 83 мың, қытайда қалғаны 12 мың деп көрсетіліп еді. Енді бұл туралы анығырақ есеп-қисап көрсетпекшіміз. Бұл төменгі көрсетілген есеп шын мөлшерінен аз болмаса, көп емес. Пішпек, Пржевал уездерінен қашқанның бәрі қырғыз, Жаркент, Алматы уездерінен қашқанның бәрі қазақ (үйсіннің албаны). Жоғарғы 44 болыс елде барлығы 47 мың 759 түтін бар, сонан қашқаны 40 мың 250 түтін, қырылғаны 95 мың 200 жан болады. Бұл есепке қарағанда бұл елдердің босқындарының жартыға таяу адамы қырылған», - деп талдау жасады.
Бұл С.Брайниннің: «Біз Бөкейхановтың Торғайда, ал Тынышбаевтың 1916 жылы Куропаткинмен бірге тәржімашы ретінде, ал нағында патшаға қарсы шыққан қалың қазақ бұқарасының жендеті ретінде Жетісуда не айтқанын жақсы білеміз. Мұның барлығын алашорданы мадақтау демей, жайдақтау демей басқаша қалай түсінуге болады? Басқаша түсіндіріп көріңдерші қане...», - деп сес көрсететін тұсы.
Әрине, мұны «басқаша түсіндіруге» әбден болатын. Ол үшін Брайниннің бөртпе бүркемесіне емес, М.Тынышбаев пен О.Шкапскийдің 1917 жылы 30 наурызда Уақытша үкіметтің Жетісудағы комиссарлары болып тағайындалысымен Петроградқа шұғыл түрде жолданған төмендегі жеделхаттары «халықтық жендеттің» қандай іс-әрекетпен шұғылданғанынан анық мағлұмат береді. Ж.Дүзбаевтің жарияланымы бойынша ұсынылып отырған бұл жеделхаттардың мазмұны онсыз да түсінікті болғандықтан да, талдап жатпаймыз:
«Халықтың болашағы бірлікте! ...Ел ішіндегі жағдай өте ауыр. Бірінші маусымда уездік комитеттердің және басқа да комиссия мүшелерімен бірге Қытайдан қайтып оралған қазақ-қырғыздардың қоныстарын аралап қайттық. Олардың ауыр тұрмысы біздің жанымызға қатты батты. Елдің үстіне ілген киімдері алба-жұлба болып тозған, балалар өте аз, олардың көпшілігі нашар тамақтанудың салдарынан рахит ауруына шалдыққан. Бойжеткен қыздар мен жас келіншектер жоқтың қасы, оларды Қытай Түркістанында нанға айырбастаған көрінеді. Киіз үй дегендері – таяққа қыстырылған алба-жұлба киіздің қиындылары, мал басы өте аз, оны да Қытай жерінде тонап алған дейді... Ең қорқыныштысы қазақ-қырғыздардың жаппай аштықтан қырыла бастауы. Қарқаралыға бара жатқанымда жол шетінде құлап өліп жатқан жиырмадан аса өлікті өз көзіммен көрдім, бірнешеуі балалардың өлігі. Орыстардың қазақ-қырғыздарға көрсеткен зорлықтары шектен шығып кетті... Түпке менің келуімнен аз бұрын, демалыста жүрген бір топ солдат бандылар қазақ-қырғыз ауылын шауып, бүкіл малын айдап әкетіпті. Ал, тоналған малды айдатқызып әкеткен үш адамды бала-шағасымен жол-жөнекей жайратып кеткен. Қылмыстылардың ізімен дереу қуғын жібердім. Бұл, өкінішке орай, жеке-дара уақиға емес... Пржевальскі уезінде үлкен дүрбелең басталды. Шаруалар егіс науқаны қызған шақта жұмыстарын тастап, ірі селоларға, қалаларға жиналып, жер-жерлерде жалда жүрген жүздеген қазақ-қырғыздарды соққыға жығып, өлімші етіп сабап кеткен.
Бұл көтерілістің шығуының басты себептерінің бірі – әйгілі қоныс аудару саясаты арқылы қазақ пен қырғыздан бірқатар шұрайлы, егістік жерлерді тартып алуда жатыр.
Социал-демократтар, меньшевиктер, халықшылдар және т.б. партиялардан осы үндеуді қолдап, қолғабыстарын тигізулерін сұраймын. Большевиктерді әдейі шақырмай отырмыз. Демагогиямен айналысып, бос сөйлеп жүргендер өзімізде де жеткілікті. Ұлы Русь, орыстар мен мұсылмандар, шалғай түкпірдегі Жетісу қырғыздарының басына ауыр іс түскен шақта бар көмегін аямай, олардың бай-манаптар езгісінен босанып, басқа да Россия халықтарымен қолтықтасып прогрестің кең жолына шығуына көмектеседі деп сенемін. 85. Уақытша үкіметтің Түркістан Комитеті мүшесі М. Тынышпаев».
Мұхамеджан Тынышбаев пен О.А.Шкапскийдің «патшаға қарсы шыққан қалың қазақ бұқарасына жасаған жендеттігі» осындай болатын. Ал «Жетісудағы өзара қырғынды тоқтатып, оларды аштықтан арашалаған О.А.Шкапскийді және онымен қоса тағы да 40 адамды большевиктер Алматының түрмесінде атып тастады. Азаматтық ұятын сақтап қалған Санжар Асфандияров қана бұл кезде «кесімді жазасын өтеу үшін» жер аударылып кеткен «жендетке» араша түсу райымен:
С.Асфандияров: «Дұрыс деректің өзін, Брайнин мен Шафироның қолдан құрастырып отырғанындай, тарихи оқиғаны дұрыс түсінуге бөгет жасайтын «деректермен» толықтырудың қандай қажеттілігі бар еді? Мысалы, 1917 жылы Тынышбаев пен Шкапский қазақ ауылын тас-талқан етті – деген жорамалды неге ұсынған? Мен де сол жылдары Жетісуда қызмет еттім, сондықтан да: «Ондай қырғынның болуы мүмкін емес, болған жоқ», - деп толық сендіре аламын. «Жетісуда қазақ-қырғызды қырып жатыр», - дегенді 1917 жылы Петроград қаласында өткен Демократиялық кеңесте әйгілі Топчыбашев айтты, бірақ ол қанқұйлы істі Шкапский емес, қоныстанушы кулактар жүзеге асырды. Ол сондай бір сұрғылт тұлға еді...
Брайнин: Алайда ол Уақытша үкіметтің комиссары болды емес пе?
Асфандияров: Қазақтарды қырып салуға Тынышбаев еш қашанда бармас еді.
Брайнин: Ол демонстрацияға шығушыларға қарсы сөйледі.
Асфандияров: Тынышбаев Қытайдағы қазақ босқындарына келмей тұра тұруды өтініп, Қытайға өзінің агенттерін жіберді (Жетісуда жаппай қырғын мен ашаршылық жүріп жатқан – Т.Ж.). Оның Жетісу кулактарының алдында тізе бүккені рас, бірақ оның қазақтарға қырғын ұйымдастырғысы келді деу – өтірік».
Иә, Брайнин мен Шафиро халық қамқоршысынан – «халықтық қасапшы мен қарақшы» жасап шығарғысы келді. Тынышбаев пен Шкапскийдің Уақытша үкіметтің алдында жанталасып жүріп мәселе қоюының нәтижесінде: 1. Он алтыншы жылғы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты жаппай қырып-жоюдың зардаптарын анықтап, жазықсыз жандарды қырып салған жазалау отрядының командирлерін жауапқа тарту үшін тергеу комиссиясын құрғызды. Бұл, сол тұстағы ең үлкен ерлік іс еді. Тергеуден сескенген қоныстанушылар мен әскери жасақтар «әскери серуеннен» бой тартып, қазақ-қырғыздың өз отанына қайтып келуіне дес берді. 2. Отанына қайтып оралған қазақтар мен қырғыздарды қоныстанушылар ата мекеніне қайтадан жолатпады. Қыстауларына қондырмады. Олардың мал-мүліктерін тартып алды. Астықтың бағасын үш жүз есеге көтере сатты. Соның нәтижесінде қазақ-қырғыз жаппай аштыққа ұшырады. М.Тынышбаевтың Жоңғар жоталарындағы босқын елдің әзірше елге қайтпай, толастай тұруын өтінуінің осындай мәні бар еді. Сондай-ақ, аштар мен баспанасыз қалғандарға және егіндік тұқым алу үшін Уақытша үкіметтен 11 миллион сомнан астам қаржы бөлгізді.
Осы кездегі саяси жағдай туралы Сұлтанбек Қожанов 1937 жылы 31 шілде күні тергеушіге берген жауабында:
«Қазан төңкерісін – мен және басқа да буржуазияшыл ұлтшылдар, соның ішінде Мұстафа Шоқаев, Серікбай Ақаев, Қоңырқожа Қожықов, Әбдірахман Оразаев бар, Түркістан өлкесінің барлық реакцияшыл буржуазияшыл-ұлтшылдарын «Кеңес өкіметін мойындамаймыз, дербес буржуазияшыл Қоқан республикасын орнатамыз!», - деген ұранмен Жалпытүркістандық төтенше құрылтайдың туының астына жидық. Осы құрылтайда премьер-министр Тынышбаев бастатқан үкімет құрылды, кейін оны Мұстафа Шоқаев ауыстырды. Қоқан республикасы Орта Азиядағы басмашылар қозғалысының негізін қалады, ол 1918 жылдың басында (–?) талқандалды», - деп (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 148-бет) көрсетті.
Мұндағы: «басмашылар қозғалысы... 1918 жылдың басында (–?) талқандалды», - деген дерек жаңсақ кеткен сияқты. Анығында мұхараммдар қозғалысы 1928 жылдың ортасына дейін ұласқан болатын. Ал 1918 жылы 4 қыркүйек күні М.Тынышбаев пен Ә.Ермеков Сібір Колчак үкіметінің қабылдауында болып, автономияның жалпы ережелерін талқылады, сонымен қатар қазақ ұлтының сеніміне ие болуы үшін Облыстық комиссарды не оның орынбасарын қазақтан тағайындауды талап етті, 5 қыркүйек күні тұтқындағы алаш көсемдерін, соның ішінде Б.Сәрсеновті түрмеден босатуды ұсынды. Бұл сапарда М.Тынышбаев пен Колчак үкіметінің арасында белгілі бір дәрежеде байланыс орнады.
«Алашорданың» Жетісудағы бөлімін басқарған М.Тынышбаев дербес «Алаш» жасағын да құрды. Оған Мұхамеджан Тынышбаев, Садық Аманжолов, Ыбырай Жайнақов, Отыншы Әлжанов, С.Ақаев, Төлембай Дүйсебаев, Н.Ниязов, Қанатхан Сыртанов, Нүсіпбек Жақыпбаев, Алдаберген Омаров, Кеңсаба Үмбетбаев,Базарбай Мәметов, Мырзақан Төлебаев, Керімбек Күдербеков, Біләл Сүлеев сынды алаш қайраткерлері Жетісу «Алаш» әскеріне жетекшілік етті. Олардың шұғыл түрде әскер құрмасқа амалы да жоқ еді. Жұмысшы-шаруа әскері дегенді «жазалау әскері» деп қабылдап, «жергілікті қоныс аударушы-большевиктер» қазақтардың жерін қазақтардан тазалауға барынша ұмтылды. Олар үшін бала да, қарт та, жауынгер де бәрібір кәдімгі «қарауыл» ғана болатын. Бұған қызыл комиссар Д.Фурмановтың өзі де кейін тосқауыл қоя алмай, өзі құрған қақпанның құрсауына өзі түскен еді.
Жетісу майданының дайындығын бақылауға келген АНТАНТА-ның өкілі Ч.Элиоттың келуіне орай шеруде көзге түскен алаш жасақтары туралы «Рабочий день» басылымы 1918 жылғы 6 қараша күнгі санында:
«Қазір құрамында 500 адамы бар қазақ жасағы Жетісуда большевиктерге қарсы соғысып жатыр. Сонымен қатар Жетісу облысында – 8 ерікті бар, Семейде – 2 мың, Оралда – 2 мың, Қостанайда – 450 жасақ бар. Таяуда сэр Элиот және Бірінші Дала корпусының командирі Матковский Семейге барып, қазақ атты әскерлері бөліміне өте риза болып қайтты. Жан саны 6 миллионға жуық, ұланғайыр жерді алып жатқан қазақтар қалыпты жағдайда 40 мың солдат шығара алады», – деп жолдады (Д.А.Аманжолова. На изломе. А.2009. стр: 225) жазды.
Міне, Шығыс «Алашорда» әскері осындай қанды майданда соғысып жатқан кезде кеңес өкіметімен келісімге келуге мәжбүр болған А.Байтұрсыновтың қызыл комиссарларға:
«Алашорданың» шығыс бөлімшесі әзірше бұл жағдайдан беймағлұм әрі олар Колчак пен атамандардың әскерінің құрсауында. Одан тез арада шыға алмайды» - деп түсініктеме беруінің астарында осындай саяси қадамдар жатты.
Жалпы «Алашорда» әскерінің майданда табанды түрде бетпе-бет соғысқан тұрақты құрамасы осы жетісулық жасақтар. Бұлар қан майданды кеше отырып, кеңес тұсында М.Тынышбаев пен О.Жандосовтың күш-қайраты нәтижесінде қысымға ұшырамай, қызыл қазақ атты әскер полкін құрды.
Ал С.Брайниннің қосалқы серігі Ш.Шафиро: «Қазақстандағы ұлттық қозғалысты мадақтау орын алып отыр ма, жоқ па? Егерде мұндай бағыт Украинада орын алып отырса, онда Қазақстанда неге болмауы тиіс?.. «Алашорда» туралы Мартыненконың кітабі ерекше орын алады. Бір кезде «Алашорданың» өмір сүргенін жоққа шығарған адамдар болған. 1923 жылы Кенжин: «Алашорданың бағдарламасы дегеніміз – Құрылтай кеңесінің депутаттарына берген тапсырыс қана», - деп жазған болатын. Әлі есімде, 1929 жылы Қызылорда қаласында Мартыненко маған жүгіріп келіп, сондай бір мәз-мәйрам күйде өзінің «Алашорданың» мөрін тапқанын айтып еді. Мөр! Енді «Алаштың» өмір сүргенін ешкімде жоққа шығара алмайды... Біз осы арада Байтұрсыновты халықтың қамын жеген азап иесі ретінде көрсеттік, ол дұрыс емес. Кейде түрмеде отырудың өзі Байтұрсынов үшін пайдалы болды... Алашорда зиялыларының халық арасында беделі өте күшті болды. Бұқараның қозғалысқа ілескені анық, бірақ бұл революциялық қозғалыс емес еді. Сондай-ақ, бұқараға алашордалықтардың ықпалы күшті болғанымен де, мұны революциялық емес деуге де келмейді. Біз өзіміздің зерттеуімізді Жетісудағы азамат соғысының тарихын жазу үшін бастағамыз, сол кезде алашордашылардың қозғалысы туралы мәселеге тап келдік те, «Алашордаға» және оның бастау көзіне арнайы зерттеу жазғымыз келді. Бар мәселе осыдан келіп шығып отыр», - деген мазмұнда екі жағын кезек-кезек қамшылады.
Қос автордың кереғар ұстанымдарын дәл аңғарған І.Құрамысов:
«Алашорда туралы үнемі айтып отыру керек, бір минутта мұны естен шығаруға болмайды... Ол туралы, ауыл тағдыры туралы айтып отыру керек... Ауылдың – малды жыртқыштарша қыруының, қозғалыстың Орта Азияға ауысуының кілті сонда... Бұл кітап бізге көп нәрсе берді. Біршама кемшіліктері мен қателіктеріне қарамастан, мәселенің батыл қойылуы – авторлардың табысы. Бұл тек қана олардың ғана емес, институттың, ұжымның – әзірше екіұшты ұжымның – Брайнин мен Шафироның табысы, қорыта айтқанда бәріміздің де жетістігіміз», - деп тұжырымдады.
Мұндағы «екіұшты – двузначного» деп астарлап отырғаны Шафироның жоғарыдағы ұстатпайтын екіұшты сөзі ғана емес, сонымен қатар «Алашорда» туралы да болса керек. Қаншалықты «қызылданып» кетсе де, ұлт тағдырына қатысты тарихи құжаттардың жариялануына «екіұштылар» да мүдделі еді. Қалай дегенмен де, отызыншы жылдардағы үкімет қайраткері сексенінші – тоқсаныншы жылдардағы идеолог ғалымнан гөрі мәселені терең түсінгені анық танылады. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда алаш қайраткерлерінің өмірі мен ұстанымы туралы салыстырмалы түрде толығырақ пікір қозғауға мүмкіндік туды. Кеңесте сөйлеушілерге, оның ішінде «екіұшты» төрағалық етіп отырған Орталық комитеттің екінші хатшысы І.Құрамысовқа да:
«Мен сендерге жайдақтатудың қандай екенін қазір көрсетемін», - деген Брайнин, айтқан уәдесінде тұрып, шынымен де І.Құрамысовқа көресіні көрсетті.
Ол өзінің Н.Тимофеевпен қосарланып жазған «Большевик Казахстана» журналының 1937 жылы қыркүйектегі санында жарияланған «Жапон – Герман барлауының ұлтшыл агенттері туралы» атты мақаласында:
«Тура дәл осы кезде (1919 жылы – Т.Ж.) оңбаған (мерзавец) және алашорданың асыранды шпионы Құлымбетов (Құрамысов деп те түсініңіз – Т.Ж.) қызыл армияның Ырғыздағы отрядына барып сіңіп алды да, оларды да сатып, ақтарға қосылып кетті», - деп «қарымтасын қалжасымен қосып» қайырып алды.
Саясатты бүркенген саяси сатқындық кеңес идеологтарының сүйікті тәсілі болды.
Жаңа экономикалық саясаттың екпінімен 1926 жылдың желтоқсанында СССР Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Түрксіб темір жолын салу туралы қаулы қабылдады. Оған «ұлы қоныстандыру идеясының кеңестік авторы» Алексей Иванович Рыков қол қойды. Үкімет тарапынан құрылған арнайы комитеттің төрағалығына РСФСР Халық Комиссариаты кеңесі төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов бекітілді. Ол дереу өзінің «өмірлік қамқоршысы» әрі «саяси дұшпаны» (өз сөзі) М.Тынышбаевты «жергілікті жағдай мен жер бедерінің білгірі, тәжірибелі инженер» ретінде қызметке шақырды. Шындығында да Орта Азия мен Қазақ даласының жер бедерін ондай білетін маман Ресейде жоқ еді. Өлкетанушы, жылы жүректі «тынышбаевшыл» Ф.Осадчийдің ғылыми айналымға түсірген хаттамасына жүгінсек, М.Тынышбаев Түрксіб құрылысында алғаш рет аэрофотосуреттерді қолданылған. Соған сүйене отырып ұзындығы 50-60 метрлік бірнеше жер асты жолдарын салуды, сондай-ақ, бір составқа «біреуі басында тартып, екеуі артынан итеріп жүруі» үшін үш паровоз тіркеуді қажет ететін Қордай асуының орынына Шоқпар жобасын ұсынады. Алматы – Қордай – Бішкек; Алматы – Шоқпар – Құланды – Бішкек жобасы талқыға түскенде М.Тынышбаев Шоқпар нұсқасын қолдап, «тескен таулардың» есебінен 26 миллион сом үнемдеуге әрі Қазақстанның 6 облысын өзара байланыстыруға ықпал етті. Оның бұл жобасы кейін «Березин жобасы» атанып кетті. Оған не амал табылсын. Бұл жобаға қарсы шыққандардың: «– Сендер бес жылда да бітіре алмайсыңдар», – деген сәуегейлігіне қарамастан, 1930 жылы 28 сәуір күні жобаланған мерзімінен 540 күн бұрын ұлы жолдың соңғы шпалы төселді. 1931 жылы 1 қаңтар күні ресми түрде пайдаланылуға берілді (Ф.Осадчий. Қазақтың тұңғыш теміржол инженері. Өркен, 1989 жыл, 12 тамыз).
Өкінішке орай үш күнге созылған бұл салтанатқа жалпы сомасы 26 миллион сомнан астам қаржыны үнемдеуге мүмкіндік берген, соның нәтижесінде мерзімнен бір жыл бұрын пайдалануға берілген жобаның авторы Мұхамеджан Тынышбаев қатыса алмады. Оның қатысуға құқығы да жоқ болатын. Өйткені «Алашорда» көсемінің кеңестік құрылыстың авторы атануының өзі «саяси қылмысқа» жататын. Сөйтіп, жоғарыдағы жоба кезінде «халық жауының қастандық әрекеті» ретінде бағаланды.
Ал мұндай «қастандық әрекеті» үшін М.Тынышбаевтың тергеуге тартылмауы мүмкін емес еді. Сондықтан да 1930 жылы 4 тамызда түрмеге қамалды.
АЛАШ ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ СМАҒҰЛ СӘДУАҚАСОВ
Арман да, аманат та орындалады екен. Тек намысты және жанкешті істерді заң мен жөнді білетін, «ақырын жүріп, анық басатын», сабырлы Сабыр Қасымов сияқты азаматтардың қиюын қиыстыра білуі қажет екен. «Қай жерде, қай сайда қалады басымыз», – деп Шәкәрім абыз айтқандай, ел үшін еңіреген ер жігіттің басы қайда қалмаған. Солардың бәрі де шаһид. Сол шаһид кеткен перзенттердің біразының рухы фани мен бақидың арасындағы ғайып кеңістігінде имансыз көшіп жүргені өкінішті. Сол имансыздық жанына қатты батқан Смахан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов ұлт көсемі, туған ағасы Әлихан Бөкейхановтың өзі киген құлақшынын Талдыбейіттегі ата қорымындағы әке зиратының ішіне лақаттап көмді. Ал иаманы үйірілмей кетендер қаншама. Кез-келген өлім қасірет емес. Бірақ Кенсары мен Әлихан, Кейкі мен Ахмет сияқты ұлттық намыстың киелі нысанасы болатын тұлғаның бірі Смағұл Сәдуақасов.
Смағұл Сәдуақасов 1933 жылы тосын да күдікті дерттен (өнеркәсіптік, яғни, кәсіби улану деген диагноз қойылған) қайтыс болған. Жерлеуге қатысқан С.Мұқановтың айтуынша, таңертең Кремльге сау кірген, кешке қарай: «Сүйегін өртеуге куәлік етіңдер», – деп суыт хабарлаған. Денесін көруге қайын атасы Әлихан Бөкейхановқа да рұқсат бермеген. Жерлеуге қатысқан Сәбит Мұқановтың жары Мариям Қожахметқызы сол бір қаза туралы:
«Естелік айтамын деп талай аруақтың құлағын шулаттық-ау деймін. Ие, Смағұл Садуақасовтың жерлеуіне қатысқанымыз бар. Мәскеуде тұрған кезіміз. Шамасы, не 32, немесе 33-жыл. Олай дейтінім, Сәбит ол кезде Қызыл Профессурада оқып жүрді. Бір күні сырттан асығыс келіп:
– Мәриәм, жинал. Смағұл Садуақасов қайтыс болыпты. Бүгін жерлеуге апарады екен, – деді.
Екеуіміз үйден шықтық. Қыстың күні болатын. Мәскеудің шет жағын толық білмеймін ғой. Трамвайға отырып, одан біраз жаяу жүріп келіп, бір үлкен кірпіш үйдің жанына тоқтадық. Әлгі үй ерекшелеу көрінді маған. «Крематорий» деген осы», – деді Сәбит. Жүрегім зырқ ете түсті. Өлген адамды өртеп жібереді екен дегенді естігенмін:
– Марқұмды неге елге апармады екен?, – деген сұрағымды Сәбит жауапсыз қалдырды.
Біраз күтіп тұрып қалдық. Маңайда көп ешкім көрінбейді. Бір кезде анадайдан жақындап келе жатқан арба көрінді. Мәйітті сол арбаға салыпты. Арыстай боп сұлап жатыр екен. Арба соңында ілби басып екі-үш адам келеді. Сәбит маған сыбырлап:
– Әлихан Бөкейханов – қайын атасы, әйелі – Лиза, анау – баласы, – деп түсіндіріп тұр.
Арба ақырын жүріп келіп есіктің көзіне тоқтады. Сәбит жақын барып амандасып, көңіл айтты. Мен шегіншектеп кейіндеу тұрдым. Бөкейханов келбетті адам екен. Үстінде етегі жер сызған, жағасын алтайы қызыл түлкіден салған қымбат тоны бар. Кескін-кейпі патшадай болып көрінді маған. Такаппар, суық жүзді.
Бір кезде мәйітті табытымен көтеріп, ішке кіргізуге ыңғайланды. Ешкім дауыс салып, үн шығарған жоқ. Әйелі Лиза – қаралы киімде. Табыттың басында үнсіз тұрып қоштасты. Қазақ ғұрпымен дауыс салмағаны маған ерсілеу көрінді. Іштен шыққан адамдар табытты ала жөнелді. Бөкейханов та, әйелі мен баласы да есіктің алдында қалып қалды. Сол кезде Сәбит тез-тез басып, үйді айналып кетті. «Бұл қайда кетті?», – деп мен аң-таңмын.
Біраздан соң келіп, көргенін айтты. Мәйіттің қалай жанғанын үлкен пештің алақандай тесігінен көріпті. Табытымен жылжытып әкеле жатып, жалынға берер сәтте мәйітті ажыратып алады екен. Сол кезде мәйітті тігінен көтеріп, қып-қызыл отқа сүңгітіп жіберетін көрінеді.
Тірлік-ай десеңші, жамбасы жерге тиген де бір медет екен ғой, – деп Сәбит екеуіміз үйге қайттық. Бар көрген-білгеніміз сол», – деп еске алады.
Имансыз көміліп, тәні күл болып өртелсе де, рухы өртелмеген азаттық рухы, күлден көтерілген сфинкс құсап, бостандықтың рухы қазақ даласына қайырылып келіп отыр. Бұл ұлттың рухы үшін қасиетті де киелі оқиға. Оның рухымен бірге ол аңсаған толық тәуелсіздік пен рухани тәуелсіздік де салтанат құратынына кәміл сенгің келеді.
Бар емеуірін танытарымыз, ол кезде Жамбыл «темір комиссар» деп мақтаған Кене – Ежов Кремльдің қауіпсіздігі саласына жауап беретін. Ал С.Сәдуақасов 1921 жылы Семей облысын Қазақстанға күшпен қосқан кезде Смағұл мен Ежов екеуінің арасынан «ала жылан» өтіп кеткен болатын. Бұрынғы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі он төрт томнан тұратын тұратын «Алашордашылардың» кеңес өкіметін құлату мақсатанда құрылған контрреволюциялық астыртын ұйымы туралы жүргізілген қылмысты іске» тартылған 72 адамның ішіндегі алаш қозғалысына тікелей қатысы бар 42 адамға қойылған сұрақтың бәрінде де – З.Уәлидиге, С.Сәдуақасовқа, Т.Рысқұловқа, С.Қожановқа қаратылған сауалдар бар. Ол жауаптардың көлемі тергеу ісінің үштен бірін қамтиды. Демек, Голощекин мен Өлкелік комитеттің кадр жөніндегі тікелей жауап беретін хатшысы Ежовтің өзі 1926-1927 жылдан бастап жалпы қазақ интеллигенциясын, соның ішінде Смағұл Сәдуақасовты түрмеге қамаудың амалын қарстырған. «Алашорда» үкіметінің мүшелері Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, М. Тынышбаевтің, Х. Досмұхамедовтің, ұлттық большевиктер Т. Рысқұловтың, С. Сәдуақасовтың, С. Қожановтың соңынан тыңшы қойылды.
Қазақ мемлекетiнiң даму бағдарын, рухани ұйтқысы мен тiрегiн анықтайтын аса жауапты саяси бетбұрыс – 1921 жылы Орынборда өткен Бүкiлқазақтық Өлкелiк кеңестiң II съезi болды. Қазақ Автономиясына қуыршақ үкiмет ретiнде ғана қарап, барлық тiзгiндi партияның билеп-төстеуiнде қалдырып, бiрте-бiрте ұлт қайраткерлерiн iс басынан аластатып, ақыр-соңында көзiн жоюды ойластырғанын ұлт өкiлдерiнiң бәрi де сездi. Партиялық тазалау, таптық тектi айыру, ұлтшылдыққа қарсы күрес науқаны тура соған бағытталып едi.
Қазақ өлкелiк партия комитетi ұлты қазақ қызметкерлердi жаппай жазалап, мемлекет аппаратынан шеттетiп, сол тұстағы аса дiлгiр әрi маңызды екi мәселе жөнiндегi пiкiр алысуларға оларды қатыстырмауды көздедi. Олар:
Достарыңызбен бөлісу: |