42-бап. Дауыс берудi өткiзу
1. Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң болса да кiрiп тұруына тыйым салынады. Бюллетеньдердi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы (таңдаушы) өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға хақылы, оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының (таңдаушының) бюллетень алғандығы жөнiнде қолы қойылады. Мыналар ондай адам болуға тиiс емес:
1) сайлау комиссиясының мүшесi;
2) жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның лауазымды адамы;
3) кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы;
4) бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлi-журналист;
5) тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген байқаушы.
2. Сайлаушы (таңдаушы) өзi дауыс беретiн кандидат тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады.
Сайлаушы саяси партиялардың атаулары бар бюллетеньде өзі жақтап дауыс беретін саяси партия атауының оң жағындағы бос шаршыға
кез келген белгi қояды.
3. Сайлаушы мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органының мүшелерін сайлаған кезде өзi дауыс беретiн кандидаттар тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады.
3-1. Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.
4. Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы (таңдаушы) дауыс беруге арналған жәшiкке салады.
5. Алып тасталды - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңымен.
Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1998.11.06 N 285, 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.
8-тарау. Дауыс беру қорытындыларын анықтау
43-бап. Сайлау учаскесiндегi (дауыс беру пунктiндегi) дауыстарды санау
1. Президенттi, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттары мен мәслихаттар депутаттарын, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау кезiнде барлық сайлау учаскелерiнде дауыстарды санау, егер сол учаскеде осы Конституциялық заңда белгiленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмеген болса, жергiлiктi уақытпен сағат жиырмада басталады. Дауыс беру уақыты өзгерген жағдайда дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн басталады.
Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беру қорытындысы анықталғанға дейiн үзіліссiз жүргiзедi, қорытындылар осы Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысатын адамдардың назарына жеткiзiлуге тиiс. Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екi сағаттан аспауға тиiс.
Дауыс беруге арналған үй-жайдағы дауыстарды санау жүргiзiлетiн столдар учаскелiк сайлау комиссиялары мүшелерiнiң iс-әрекетiн үй-жайдағы қатысушы барлық адамдардың көрiп отыруы қамтамасыз етiлетіндей етiп орналастырылады. Дауыстарды санау кезiнде қатысатын сенiм бiлдiрiлген адамдар мен байқаушылар дауыстарды санауды бюллетеньдердегi белгілердiң көрiнiп тұруы қамтамасыз етiлетiндей қашықтық пен жағдайда байқап тұрады.
Сайлау бюллетеньдерiн санау кезiнде комиссия төрағасы немесе комиссияның белгiлi бiр мүшесi қатысушыларға сайлау бюллетенiн көрсетедi және сайлаушының ерiк бiлдiруiн жариялайды.
Бұл ретте бюллетеньдер әрбiр кандидат, партиялық тiзiмiн ұсынған саяси партия бойынша және жарамсыз бюллетеньдер бойынша жеке-жеке қатталып жиналады.
2. Парламент Сенаты депутаттарын және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау кезiнде дауыстарды санау дауыс беру аяқталғаннан кейiн кiдiрiссiз басталады.
3. Дауыстарды санау әрбiр кандидат, әрбiр саяси партия бойынша жеке-жеке жүргiзiледi. Дауыс беруге арналған жәшiктердi төраға дауыс берудiң аяқталғаны туралы хабарлағаннан кейiн тиiстi сайлау комиссиясы ашуға тиiс. Дауыс беру аяқталғанға дейiн жәшiктердi ашуға тыйым салынады.
3-1. Дауыс беру аяқталған соң бюллетеньдер салынған жәшіктердi ашқанға дейiн учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша бюллетеньдер алған сайлаушылардың есебiн жүргiзедi және олардың жалпы санын анықтайды. Учаскелiк сайлау комиссиясының төрағасы не оның орнындағы комиссия мүшесi санау нәтижелерiн жария етедi және оларды дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаға енгiзедi.
Бiрiншi болып тасымалданатын сайлау жәшiктерi кезегiмен ашылады. Тасымалданатын сайлау жәшiгіндегі бюллетеньдердің саны дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру мүмкiндiгiн жасау туралы жазбаша өтiніштердiң санына сәйкес келуге тиіс. Егер тасымалданатын сайлау жәшiгiнде белгiленген үлгідегі сайлау бюллетеньдерiнің саны жазбаша өтініштердің тиісті санынан артық болып шықса, онда бұл жәшіктегі барлық сайлау бюллетеньдерi жарамсыз деп танылады. Бұл жағдайда тасымалданатын сайлау жәшігінен алынған барлық сайлау бюллетеньдерiнiң жарамсыз деп танылғаны туралы акт жасалады, онда сонымен бiрге осы тасымалданатын жәшiктiң көмегiмен дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берудi өткiзген комиссия мүшелерiнiң тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiледi. Дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшiктер ашылғаннан кейiн тұрақты жәшiктер ашылады.
4. Жәшiктердi ашардың алдында пайдаланылмаған барлық бюллетеньдердi тиiстi сайлау комиссиясы санайды және жояды. Сайлау комиссиясы сайлаушылардың тiзiмдерi бойынша:
1) учаскедегi (дауыс беру пунктiндегi) сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;
2) бюллетеньдер алған сайлаушылар (таңдаушылар) санын;
3) комиссияның әрбiр мүшесi берген бюллетеньдер санын анықтайды.
4-1. Жәшiктердi ашқаннан кейiн сайлау комиссиясы бюллетеньдердiң саны бойынша:
1) дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) жалпы санын;
2) әрбiр кандидат үшiн, әрбiр саяси партия үшiн берілген дауыстар санын;
3) жарамсыз ден танылған бюллетеньдер санын;
4) учаскелiк сайлау комиссиясы алған бюллетеньдер санын;
5) жойылған бюллетеньдер санын анықтайды.
Дауыс беруге арналған жәшiктерден алынған бюллетеньдердiң саны сайлаушылар тiзiмдерiнің және дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы өтiнiштердiң негiзiнде берiлген бюллетеньдер санынан асып кеткен жағдайда, сайлау комиссиясының әрбiр мүшесi берген бюллетеньдер саны анықталады.
5. Мынадай бюллетеньдер:
1) белгiленбеген үлгiдегi;
2) тиiстi сайлау комиссиясы мүшесiнiң қолы қойылмаған;
3) мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезiнде дауыс берудi қоспағанда, бiр кандидаттан артық, бiр саяси партиядан артық белгiленген;
4) белгi қарындашпен қойылған, түзету немесе өзге де бұрмалау iздерi бар, сондай-ақ сайлаушылардың ерiк бiлдiруiн анықтау мүмкiн емес бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.
Дауыстарды тiкелей санау кезiнде жарамсыз сайлау бюллетеньдерi дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың (таңдаушылардың) бюллетеньдерi қатарынан алып тасталады.
6. Алып тасталды - ҚР 1999.05.06 N 375 Конституциялық заңымен.
7. Келiспеушiлiк пайда болған жағдайда мәселенi учаскелiк комиссия дауыс беру жолымен шешедi. Бұл ретте шешiм комиссия мүшелерiнiң жалпы санының жартысынан астамы даусымен қабылданады.
7-1. Учаскелiк сайлау комиссиясы (Сенат депутаттарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы кезiнде аймақтық сайлау комиссиясы) сенiм бiлдiрілген адамның талабы бойынша дауыстарды қайта санауды осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген мерзiмде бiр рет қана жүргiзедi.
8. Дауыстарды санау нәтижелерiн учаскелiк сайлау комиссиясы қарап, хаттамаларға түсiредi, оларға сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Сайлау комиссиясының төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаларға учаскелiк сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.
Дауыс беру нәтижелерi туралы хаттамаларды қарындашпен және әр түстi сиялармен толтыруға, сондай-ақ оларға қандай да бiр түзетулер енгiзуге жол берiлмейдi. Бұл ретте дауыс беру нәтижелерiнiң сандық мәнi сөзбен жазылып қайталануы тиiс.
Хаттаманың көшiрмесi жалпыжұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнiң үй-жайындағы арнайы белгiленген орынға дереу iлiнедi және үй-жайда екi күн бойы тұрады.
Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезiнде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшiрмесi беріледi.
8-1. Сайлау округi бойынша сайлау нәтижелерi округтiк сайлау комиссиясының отырысында анықталады, ол отырыс орны мен уақыты туралы мәлiметтер бұқаралық ақпарат құралдарында жариялана отырып, округтік сайлау комиссиясы дауыс берiлетiн күннен кемiнде он күн бұрын айқындаған сайлау учаскелерiнiң бiрiнде өткiзiледi. Нәтижелер осы учаскеге жеткiзiлетiн учаскелiк сайлау комиссияларының хаттамалары негiзiнде анықталады.
Сайлау округi бойынша сайлау нәтижелерi туралы хаттаманың көшiрмесi жалпыжұрттың танысуы үшiн сайлау учаскесiнің үй-жайында ілінедi және үй-жайда үш күн бойы тұрады.
Осы Конституциялық заңға сәйкес, дауыстарды санау кезінде қатысқан адамның тiлегi бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, сайлау комиссиясының мөрiмен куәландырылған хаттаманың көшірмесі беріледі.
8-2. Округтік сайлау комиссиясы дауыс беру күнінен бастап бес күннен кешіктірмей сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санаудың нәтижелері туралы алдын ала жиынтық тiзiмдеме жасайды және оны жалпы жұрттың танысуы үшiн өз отырысы өткен сайлау учаскесiнiң үй-жайында iледi.
Ресми жиынтық тiзiмдеме учаскелiк сайлау комиссияларының дауыстарды санаудың нәтижелерi туралы алынған хаттамаларының негiзiнде жасалады, оған округтiк сайлау комиссиясының төрағасы мен хатшысы қол қояды және ол жалпы жұрттың танысуы үшiн iлiнедi.
9. Тиiстi жоғары тұрған сайлау комиссиясы учаскелiк сайлау комиссияларының (Сенат депутаттарын, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаған кезде аумақтық сайлау комиссияларының) хаттамаларында қателердi, сәйкессiздiктердi анықтаған болса, сондай-ақ дауысты есептеудiң дұрыстығына күмәнданатын болса, ол комиссия тиiстi учаскелiк (аумақтық) сайлау комиссиясы сайлаушыларының дауысын қайта санау туралы шешiм қабылдауға хақылы. Сайлаушылардың дауысын қайта санау жоғары тұрған сайлау комиссиясы мүшесiнiң және дауыстардың дұрыс саналмағандығы фактілерiн табыс еткен өтiнiш берушілердің қатысуымен жүргiзiледi.
Сайлау комиссиясы шешімінің негiзiнде жүзеге асырылатын дауыстарды қайта санау сайлау қорытындылары ресми жарияланғанға дейiн жүргізілуге тиiс.
Ескерту. 43-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.
44-бап. Сайлау қорытындыларын анықтау және жариялау
1. Президенттi, Парламент депутаттарын сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясы анықтайды.
2. Мәслихат депутаттарын, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау қорытындыларын аумақтық сайлау комиссиялары анықтайды.
3. Сайлау қорытындылары хаттамаға түсiрiлiп, оған сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерi қол қояды. Комиссияның төрағасы болмаған жағдайда оның орнына хаттамаға комиссия төрағасының орынбасары немесе хатшысы қол қояды.
4. Сайлау қорытындылары туралы хабарды:
1) Президентті, Парламент депутаттарын сайлау қорытындылары туралы хабарды Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;
2) мәслихаттар депутаттарын, сайлау қорытындылары туралы хабарды тиiстi аумақтық және округтік сайлау комиссиялары сайлау өткiзiлген күннен бастап жетi күннен кешiктiрмей жергiлiктi бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды;
3) мәслихаттардан басқа, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлаудың қорытындысы туралы хабарды тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы сайлау өткiзiлген күннен кейiн төрт күннен кешiктiрмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды.
5. Орталық (аумақтық) сайлау комиссиясының хабарламасында: сайлау датасы, сайлаушылар (таңдаушылар) тiзiмдерiне енгiзілген және дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы саны; сайлау округтерiнiң жалпы саны; дауысқа түскен кандидаттардың жалпы саны; дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс берген сайлаушылардың саны; сайлауға қатысқан саяси партиялардың саны; қайта дауыс беру өткізілетін әкімшілік-аумақтық бірліктер саны; тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiк бойынша Президенттiкке, Парламент Сенаты депутаттығына әрбiр кандидат үшiн, әрбiр саяси партия үшiн берiлген дауыстар саны; Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар үшін берілген дауыстар саны; сайланған Президент, Парламент Сенатының, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттары; мәслихаттардың депутаттары, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері, олардың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, атқаратын лауазымы (жұмысы), тұрғылықты жерi, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы, қай ұлтқа жататыны туралы мәлiметтер көрсетiледi.
Тиiстi округтiк сайлау комиссиясының хабарламасында: сайлаушылар тiзiмдерiне енгiзiлген және дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы саны; әрбiр кандидат үшiн берiлген дауыс саны; сайлау учаскелерi бойынша жарамсыз деп танылған бюллетеньдердiң саны; мәслихаттар депутаттығына сайланған адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы, атқаратын қызметi (жұмысы), тұрғылықты жерi, сондай-ақ кандидаттың қалауына қарай оның саяси партияға қатыстылығы, қай ұлтқа жататыны туралы мәлiметтер көрсетiледi.
Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының хабарламаларындағы деректер - сайлау округтерi бойынша, ал округтiк сайлау комиссияларының хабарламаларындағы деректер сайлау учаскелерi бойынша ұсынылады. Тиiстi сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындылары туралы тiзiмдеме нысанындағы хабарламаны дауыстарды санау аяқталғаннан және тиiстi хаттама жасалғаннан кейiн қырық сегiз сағаттан кешiктiрмей жариялайды.
6. Алып тасталды - ҚР 2006.12.22 N 208 Конституциялық заңымен.
Ескерту. 44-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44, 2006.12.22 N 208, 2007.06.19 N 268 Конституциялық заңдарымен.
45-бап. Президенттi, Парламент, мәслихаттар депутаттарын және өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін тiркеу
Тиiстi сайлау комиссиялары осы Конституциялық заң белгiлеген тәртiппен жетi күн мерзiм iшiнде олардан Конституцияға және Республика заңдарына сәйкес Президенттiң, Парламент, мәслихат депутатының және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы мүшесiнiң мәртебесiмен сыйыспайтын өз мiндеттерiн доғару туралы жазбаша өтiнiштерiн алғаннан кейiн сайланған Президенттi, Парламент, мәслихат депутаттары, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін тiркейдi.
Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.05.06 N 375 Конституциялық заңдарымен.
46-бап. Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутатының және жергiлiктi өзi-өзi басқару органдары мүшелерiнiң куәлiгi мен омырауға тағатын белгiсi
1. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезде Президентке тиiстi куәлiгi мен Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi тапсырады.
2. Орталық сайлау комиссиясы Республика Парламентi депутаттарын сайлау қорытындылары бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғаннан кейiн әрбiр депутатқа куәлiгi мен белгiленген үлгiдегi омырауға тағатын белгiсiн тапсырады.
3. Бұқаралық ақпарат құралдарында тiзiмдер жарияланғаннан кейiн тиiстi аумақтық сайлау комиссиясы:
1) мәслихаттар депутаттарына - олардың әрқайсысына мәслихат депутаттарының куәлiгiн және Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi омырауға тағатын белгiнi бередi;
2) өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелеріне - олардың әрқайсысына өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшесінің Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген үлгiдегi куәлiгiн бередi.
9-тарау. Сайлау бостандығының кепiлдiктерi
47-бап. Кандидаттар қызметiнiң сайлау науқаны барысындағы кепiлдiктерi
1. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар тiркелген күнiнен бастап сайлау қорытындысы жарияланғанға дейiн жұмыстан, әскери қызметтен және әскери жиындардан босатылуға құқылы. Кандидаттардың сайлауға қатысқан уақыты тiркелген күнге дейiн оның жұмыс iстеген мамандығы бойынша еңбек стажына есептеледi.
2. Президенттiкке, Парламент, мәслихаттар депутаттығына, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн өздерiнiң келiсiмiнсiз жұмысынан босатуға, басқа жұмысқа немесе лауазымға ауыстыруға, сондай-ақ iссапарларға жiберуге не әскери жиындарға шақыруға болмайды.
3. Қылмыс үстінде ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған жағдайлардан басқа кезде, Президенттiкке, Парламент депутаттығына кандидаттарды олар тiркелген күннен бастап және сайлау қорытындылары жарияланғанға дейiн, сондай-ақ олар Президент, Парламент депутаты ретiнде тiркелгенге дейiн Орталық сайлау комиссиясының келiсiмiнсiз ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен қолданылатын әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
Ескерту. 47-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545; 04.07.2014 № 232-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.
48-бап. Мемлекеттiк органдардың сайлау бостандығын қамтамасыз ету жөнiндегi қызметi
1. Соттар, прокуратура мен iшкi iстер органдары үшiн, сондай-ақ тұрғын үй қорын пайдалану жөнiндегi ұйымдар үшiн дауыс беру күнi мен соның қарсаңындағы күн жұмыс күнi болып табылады.
2. Iшкi iстер органдары мен тұрғын үй қорын пайдалану жөнiндегi ұйымдар сайлау комиссиялары қажет ететiн, тиiсiнше, мынадай:
1) дауыс берудi өткiзу кезiнде қоғамдық тәртiп пен сайлау бостандығын қамтамасыз ету;
2) сайлаушылар тiзiмдерiн нақтылау;
3) сайлау комиссияларының қызметiнде туындаған басқа да мәселелер жөнiнде көмек көрсетуге мiндеттi.
3. Егер сайлау комиссиясы өзiнiң атына берiлген өтiнiштi тексеру кезiнде өтiнiште көрсетiлген мән-жайларды құқық қорғау органдарының тексеруi қажет деп тапса, онда тиiстi органдар сайлау комиссиясының өтiнiшi бойынша мән-жайларды тексередi және өтiнiштi алған күннен бастап - үш күндiк мерзiмде, ал егер өтiнiш дауыс берілетiн күн алдындағы бес күнге жетпейтін уақыт ішінде не дауыс берілетін күні алынған жағдайда дереу өтiнiш бойынша шешiм шығарады.
Ескерту. 48-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.04.14 N 545, 2009.02.09 N 124-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Конституциялық заңдарымен.
49-бап. Сайлау науқаны барысындағы шешiмдер мен iс-әрекеттерге шағым беру және олардың күшiн жою
Соттар мен прокуратура органдары сайлау комиссиялары мүшелерiнiң, азаматтардың, заңда белгiленген тәртiппен тiркелген қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң дауыс берудi өткізу мәселелеріне қатысты, оның ішінде сайлау туралы заңнаманың бұзылуы туралы сайлауға дайындық және оны өткізу кезеңiнде келiп түскен арыздарын қабылдауға, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, оларды – бес күн мерзiмде, ал дауыс беру алдындағы бес күнге жетпейтiн уақыт iшiнде және дауыс беру күнi келiп түскендерiн дереу қарауға мiндеттi.
Жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару органдарының, кәсiпорындар мен ұйымдардың, олардың лауазымды адамдарының сайлау туралы заңдарды бұзатын шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне сотқа шағым жасалады.
Соттар, прокуратура органдары мен сайлау комиссиялары өз жұмысын сайлау процесi кезiнде, оның iшiнде демалыс күндерi және сайлау өтетiн күнi, шағымдарды қабылдау мен қарауды осы Конституциялық заңда белгiленген мерзiмде қамтамасыз ететіндей етiп ұйымдастырады.
Азаматтар мен ұйымдардың сайлау заңнамасын бұзушылықтар туралы өтініштерiн, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, сайлау комиссиялары шағым түскен күннен бастап бес күннiң ішінде қарайды.
Сайлау комиссиясының және оның мүшелерiнiң шешімдері мен іс-әрекеттеріне (әрекетсіздiгіне) жасалған шағымды, егер осы Конституциялық заңда өзгеше көзделмесе, жоғары тұрған комиссия шағым түскен күннен бастап үш күннiң ішінде қарайды.
Ескерту. 49-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 1999.05.06 N 375, 2004.04.14 N 545, 2005.04.15 N 44; 31.07.2015 № 340-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.
50-бап. Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңдарын бұзғаны үшін жауаптылық
1. Тұлға:
1) сайлау комиссиясының жұмысына араласқан;
2) дауыс беруге кедергi келтiрген;
3) кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;
4) дауыстарды санауға және сайлау қорытындыларын анықтауға байланысты мiндеттердi орындауға кедергi келтiрген;
5) кандидатты, саяси партияны сайлау мақсатында өзiнiң лауазымдық немесе қызмет жағдайының артықшылықтарын пайдаланған;
6) сайлау құжаттарын қолдан жасаған;
7) дауыстарды көрiнеу қате санаған;
8) сайлау нәтижелерiн көрiнеу қате айқындаған;
9) дауыс беру құпиясын бұзған;
10) Республика азаматының өз сайлау құқығын еркiн жүзеге асыруына зорлық-зомбылық жасау, алдау, қорқыту, сатып алу жолымен кедергi келтiрген жағдайда заңмен белгiленген қылмыстық жауаптылықта болады.
2. Тұлға:
1) осы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес мәлiметтердi бермеген немесе жарияламаған;
2) сайлау комиссиясының өз құзыретi шегiнде қабылдаған шешiмiн орындамаған;
3) сайлау алдындағы үгiттi кандидатты, саяси партия ұсынған партиялық тiзiмдi тiркегенге дейiн, сайлау күнi не соның алдындағы күнi жүргiзген;
4) сайлау алдындағы үгіт жүргiзу құқығына кедергi келтiрген;
5) кандидаттар, саяси партиялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер таратқан немесе олардың ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн өзге де iс-әрекеттер жасаған;
6) сайлау комиссиясы мүшелерiнiң құқықтарын бұзған;
7) азаматтардың сайлаушылар тiзiмiмен танысу құқығын бұзған;
8) сайлаушылар тiзiмдерiн жасау үшiн сайлаушылар туралы жалған мәлiметтер берген;
9) басқа адамдар үшiн дауыс беру мақсатымен азаматтарға сайлау бюллетеньдерін берген;
10) сайлауға қатысу үшін демалыс бермеген;
11) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгіт жүргiзу талаптарын бұзған;
12) анонимдi үгiт материалдарын дайындаған немесе таратқан;
13) үгiт материалдарын қасақана жойған немесе зақымдаған;
14) кандидаттарға, партиялық тiзiмдерiн ұсынған саяси партияларға олардың сайлау қорларынан тыс қаржылық (материалдық) қолдау көрсеткен;
15) кандидатты сайлау үшiн шет мемлекеттерден, ұйымдардан, азаматтардан, азаматтығы жоқ адамдардан қайырмалдық алған;
16) сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сұрау салу жүргiзудің талаптарын бұзған;
17) сайлауда кандидаттардың, саяси партиялардың сенiм бiлдiрiлген адамдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен байқаушылардың заңды қызметiне кедергi келтiрген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген әкiмшілiк және өзге де жауаптылықта болады.
3. Осы Конституциялық заңның бұзылуы анықталған кезде сайлау комиссиясы сотқа не прокуратураға жүгiнуге құқылы.
4. Кандидат, саяси партия осы Конституциялық заңның талаптарын бұзған кезде, кандидатты тiркеуден бас тарту немесе тiркеудiң күшiн жою үшiн негiз болып табылатын талаптарды қоспағанда, оларға ескертiледi, ал қайта бұзған кезде тиiстi сайлау комиссиясы кандидатты, партиялық тiзiмдi тiркеу туралы шешiмнiң күшiн жояды.
Ескерту. 50-бап жаңа редакцияда - ҚР 2004.04.14 N 545 Конституциялық заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |